ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕНСIНБЕЙДI

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕНСIНБЕЙДI

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕНСIНБЕЙДI
ашық дереккөзі
246

Соңғы кезде зейнетақы қорларына деген сенiм азайып барады. Оған бәлкiм, экономикалық қаржы дағдарысының салдарынан елiмiздегi белдi деген банктердiң тоқырауға ұшырағаны себеп болған шығар. Алайда, дер кезiнде әрекет еткен Үкiмет бiрқатар банк тiзгiнiн өз қарамағына алғанмен, бұл банктердiң зейнетақы қорларының жұмысына халықтың көңiлi толар емес.

Жақында Мемлекеттiк зейнетақы жинақтаушы қорының түсiмi азайып бара жатыр деп дабыл қақтық. Сорақысы сол, зейнетақы қорындағы мыңдаған адамның ақшасы бәзбiреулердiң табысына айналып жатқандығы белгiлi болды. Бұл аз десеңiз, қор төрағасының айлығы 1 млн. теңгенi құраса, орынбасарларының айлығы – 850 мың теңге екен. Халықтың табысымен осынша жалақы алып жүрген басшылардың бұл әрекетi шектен шыққандық емей немене? Әрине, мұны естiген жұрт бей-жай қарай алмай, бiраз дегбiрсiздендi де. Ендi ше? Еңбекақысының белгiлi бiр пайызы зейнетақы қорына құйылып отырғандықтан да, кез келген салымшының ертеңгi күнгi өмiрiне алаңдайтыны заңдылық. Үкiмет басшысының мемлекеттiк және жекелеген компания немесе мекеме басшыларының айлығы 700 мың теңгеден аспауы тиiс деп айтқаны да есте. Сонда билiк тарапынан айтылған бұйрыққа құлақ асып жатқандары осы ма?

Зейнетақы қорлары әрбiр салымшы үшiн қызмет етуi керек. Десек те, елiмiздегi зейнетақы қорлары бұл үдеден шығып жүр ме? Кейiнгi кездегi зейнетақы қорларына тағылып жатқан сын мен ескертулерден соң, Халық банкiнiң зейнетақы қоры өзiнiң атқарып жатқан шаруаларымен етене таныстырды. Оған тағы бiр себеп, аты айтып тұрғандай, Халық банкi халыққа бiртабан жақын, сондықтан да басқа банкке қарағанда салымшылары да едәуiр көп банк. Кез келген мемлекет зейнетақы қорларын басқа да тәуекелдi нарықтық капиталдардан қорғауда өзiндiк әдiс-тәсiлдердi қолданады. Есесiне, кiрiс көзi айтарлықтай көбейетiн көрiнедi. Халық банкiнiң зейнетақы қорының атқарушы директоры Майра Кичигинаның айтуынша, қазiргi кезде зейнетақы қоры салымшылардың көңiлiнен шығып келедi екен. Қор сондай-ақ, соңғы уақытта шетелдiк ғалымдардың ғылыми зерттеуi нәтижесiнде қолданысқа енiп жатқан “мультиқор” жүйесiн iске қоспақ. Бұл арқылы әр түрлi жастағы салымшылар тобы мен зейнетке дейiнгi және зейнет жасындағы азаматтардың қордағы қаржысы қорғалатын болады. Әлемнiң бiрқатар елдерiнде өзiнiң жемiсiн берiп үлгерген жүйе бiздiң елге 2012 жылдың қаңтарынан бастап енгiзiлмек.

Зейнетақы төлемдерi, оның мiндеттi жарнасы және ағымдағы инфляцияны есепке алғандағы зейнетақы төлемдерiне қол жеткiзудiң жай-жапсары 2003 жылдың қаңтарында қабылданған ҚР “Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы” Заңда толық қамтылған. 2008 жылы дағдарысқа қарсы жасақталған мемлекеттiк бағдарлама аясында мемлекеттiк кепiлдеме бойынша ақша төлеудiң жүйесi реттелдi. Ал ағымдағы жылдың 15-мамырында ҚР Үкiметiнiң қаулысы бойынша жаңа мiндеттемелер белгiлендi. Клиенттермен жұмыс iстеу жөнiндегi басқарманың бас менеджерi Еркiн Тұрақбаевтың пiкiрiнше, Халық банкiнiң зейнетақы қоры әрбiр салымшыға “Зейнетақы қоры туралы” Заңның 6-бабына сәйкес, кепiлдiк бере алады. “ҚР Үкiметiнiң қаулысына байланысты әрбiр адам өзiнiң зейнетақы қорына күмәнмен қарайтын болса, өтiнiш бiлдiрiп, талап етуiне негiз бар. Салымшы зейнетақы қорындағы ақшаның аздығына алаңдаушылық бiлдiрсе, ақша инфляция бойынша берiледi” дейдi.

Жалпы, Халық банкiнiң зейнетақы қоры басшылары өткен жартыжылдықта атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта жоспарға iлiгiп отырған шаруаларды ойдағыдай бағындыратынына сенiмдi. Халық банкiнiң зейнетақы қоры басқарушы директоры Арман Жақамбаев: “Жасыратыны жоқ, кейбiр зейнетақы қорлары салымшы тарту үшiн өзiн жарнамалап жатады. Алайда, олардың көбiнiң сөзi iсiмен қабыса бермейдi. Және салымшылар да өз тарапынан күмән туғызып, қордың көрсетiп отырған қызметiне көңiлi тола бермейтiнi сондықтан” дегендi мақтана айтты. “Салымшы қорды таңдағанда әуелгi кезекте оның құрылтайшысына, активтерiне және инвестициялық портфелiне қарауы тиiс” дейдi олар. Бүгiнде Халық банкiнiң зейнетақы қорының сапалы қыз-метiн шамамен 2 млн. 100 мыңдай салымшы көрiп отыр. Ал қол жеткiзген активтер қоры 457 миллиард теңгенi құраған.

Десе де, Қазақстанның қаржы жүйесiнде он жылдан астам уақыт халыққа қызмет көрсетiп келе жатқан Халық банкi зейнетақы қоры басшыларының қазақтiлдi журналистер тарапынан қойылған сауалдарға мемлекеттiк тiлде жауап бере алмағандығы өкiнiштi-ақ. Өздерi төрден орын алып, “Бұл сұраққа мына кiсi жауап бередi” деп төменде отырған маманды иегiмен сiлтеген басшылардың бұл iс-әрекетi көңiлiмiздi жұбатып тастады. Қаны қазақ бола тұра, қазақ тiлiнде сөйлеудi ар санайтын қор мамандары мемлекеттiк тiлдi төрден босағаға ысырып тастаған сыңайлы. Кешегi кеңестiк кезеңнiң идеологиясын бойына сiңiрген аға буын өкiлдерi болса, кешiрiммен қарайтын ба едiк, кiм бiлсiн, ең өкiнiштiсi, бұл бас болып отырған мамандардың жас буын екендiгi. Басқа қорларға қарағанда, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстейтiн Халық банкiнiң зейнетақы қоры мемлекеттiк тiлге де мойын бұрса, құба-құп болар едi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары