“ДОМ-2“: ҰЛТСЫЗДАНУ ҚАУПI

“ДОМ-2“: ҰЛТСЫЗДАНУ ҚАУПI

“ДОМ-2“: ҰЛТСЫЗДАНУ ҚАУПI
ашық дереккөзі
196

Бүгiнде отандық БАҚ-та, әсiресе, электронды ақпарат құралдарында адамгершiлiк қағидаларына жат қылықтарды насихаттайтын дүние көп. Олардың келешек ұрпақ санасын қалай улайтыны, ұлттың рухани тұрғыда азып-тозуына қаншалықты әсер ететiнi туралы әңгiме қозғау артық. Өкiнiштiсi сол, қатiгездiк пен анайылыққа негiзделген кейбiр сорақы хабар, бағдарламалар балалар теледидар тамашалайтын уақытта көрсетiледi.

Ресейлiк саясаткерлер, саясаттанушылар, психологтар, ғалымдар мен сарапшылар “Дом-2” тележобасын жабу туралы үстiмiздегi жылдың басынан берi үздiксiз дабыл қағып келедi. Ресейдiң үкiметтiк отырысында арнайы баяндама жасаған РФ Iшкi iстер министрi Рашид Нұрғалиев: “Сарапшылар пiкiрi қандай? Бiрiншi пiкiр, телеарналардағы “Дом-2” бағдарламасынан үзiндiлер жарнамада көрсетiлетiндерi — қылмыс. Сондықтан бағдарламаны жабу керек. Екiншi пiкiр, жобадағы жиi қайталанатын сорақылықтар үшiн орасан зор көлемде айыппұл төлету керек. Бiрнеше рет айыппұл төлегеннен кейiн жоба банкротқа ұшырайтындай етсе, тiптi, жақсы. Үшiншi пiкiр, әңгiменi адами құндылықтардың таяздығы емес, психиатриялық тұрғыда қозғау қажет”. Рашид Нұрғалиевтiң айтуынша, РФ Iшкi iстер министрлiгi Мемлекеттiк Думаға “Балалардың денсаулығы мен олардың өсiп-жетiлуiне зиянын тигiзетiн ақпараттардан қорғау туралы” заң жобасы мен осы құжатқа сәйкес бiрқатар заңдарға енгiзiлуi тиiс өзгерiстер мен толықтырулар туралы заң жобасын жолдаған көрiнедi. 2009 жылдың 1-маусымынан бастап заңды күшiне енген бұл құжатты РФ Мемдумасының вице-спикерлерi Олег Морозов пен Надежда Герасимова бастаған 16 депутат әзiрлептi. Басты мақсат — отбасылық құндылықтарға, адамгершiлiк қасиеттерге, қоғамдық тәртiпке кереғар келетiн, арақ iшу, темекi тарту және наша шегудi, қатiгездiк пен айуандықты, бала тәрбиесiне жат анайы қылықтарды насихаттайтын ақпараттық дүниелерден жастары кәмелетке толмаған балаларды аластау. Ондай ақпараттарға бұқаралық ақпарат құралдары, кiтаптар, фильмдер, компьютерлiк ойындар, кез келген аудио-видео түсiрiлiмдер т.б. жатады. Ал ересектерге арналған бағдарлама немесе фильмдердi таңғы 6.00-ден түнгi 23.00-ге дейiн көрсетуге тыйым салынған. Аталған дүниелер тiптi, түнде берiлген күннiң өзiнде алдымен жүгiртпе жолдар арқылы ескертiлуi тиiс. Алайда, аталған тыйымдарды заң жүзiнде iске асырылатынына күмән келтiретiндер қатары көп. Олар психологиялық тұрғыда зиян келтiретiн ақпараттар нақты шектеулер арқылы белгiленбегендiктен, тыйым салу қиын екендiгiн көлденең тартады. Орыстар бас қатырған бұл мәселе қазақ қоғамына да тән. Өйткенi, бiрнеше жылдан берi елiмiздегi НТК арнасы арқылы үзбей берiлiп келе жатқан “Дом-2” тележобасын прайм-тайм уақытында беретiндiктен, кәмелеттiк жасқа толмаған балалар емiн-еркiн тамашалауға мүмкiндiгi бар. Өкiнiшке қарай, елiктеуге құмар өскелең ұрпаққа терiс тәрбие беретiн “Дом-2” тиiстi органдардың назарынан шет қалып отыр. Әйтпесе, ұрыс-керiс, төбелес, боқтық сөз, сатқындық, жағымпаздық, жалтақтық, көлгiрсу, тiптi, кейде анайылық сияқты т.б. адами құндылықтарға жат қылықтар тұнып тұрған бұл бағдарламаны тезге салатын кез әлдеқашан жеткенi анық. Осы мәселеге орай пiкiрлерiн бiлсек деген мақсатпен бiрқатар халық қалаулыларының телефондарын қоңыраулатқанбыз, өкiнiшке қарай, көпшiлiгiнiң қолы бос болмай шықты. Ал “Дом-2” бағдарламасы секiлдi басқа да дүниелердi телеарналардан көрсету қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?” деген сауалымызға жауап берген Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан мырза: “Техника мен технология дамыған қазiргi заманда спутник жүйесi, интернет, кабельдi телевидение, теледидар арқылы халыққа қатiгездiк пен өлiм-жiтiмнiң не түрiн көрсетiп жатқаны жанды, әрине, ауыртады. “Осындай дүниелердi қазақстандық электронды ақпарат құралдарында берiлуiн қалай тоқтату керек?” деген мәселе ойлантпай қойған жоқ. Өткенде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын талқылау барысында осындай түйткiлдерге назар аударғанбыз. Бiрақ спутниктiк жүйе арқылы таратылатын ақпараттарды адамдар сатып алатындықтан, оларға тыйым салу мүмкiн емес. Қазақстан сөз бостандығы, ой еркiндiгi, пiкiр алуандығы сияқты құндылықтарды сақтауға мүдделi болса, тыйым салу арқылы емес, халықты ұлттық-рухани тұрғыда жаңарту арқылы жүзеге асыру қажет. Ол үшiн отандық телеарналарда iш пыстыратын, көңiлсiз хабарлардан гөрi ұлттық құндылықтарды насихаттайтын дүниелер көп болуы тиiс. Әйтпесе, “Дом-2”-лардың неше түрлi адамгершiлiк қағидаларына жат қылықтарды насихаттайтын, ұлттың ұлтсыздануына бастайтын хабарлар жастар санасын улай бермек. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары, әсiресе, телеарналарға мониторинг жасап, заңда көрсетiлген порнографиялық, эротикалық тұрғыдағы хабар, бағдарламаларды сот арқылы шектеуi керек. Мен көзi қарақты министрiмiз Мұхтар Құл-Мұхаммед назар аударатын шығар деген үмiттемiн. Сiздердiң маған телефон шалып, дабыл қаққандарыңызды ұлтқа деген жанашырлықтан деп бiлгендiктен, мен өзiм журналист және депутат ретiнде алдағы уақытта Мәжiлiс мiнберiнен көтеретiн болам” дедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары