«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО» Соңы.

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО» Соңы.

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО» Соңы.
ашық дереккөзі
288

Көтерiлiске қатысушы Шахит Жайлыхановтың естелiгi.

“… Келiмсектер бiздi көздерiне де iлмейтiн. Қаланың барақ жағына “Малый Грозный” деп ат қойып алған. Сонымен оқиға былай басталған едi.

18 июнь күнi Теңге кентiнiң жiгiттерi болып, оқиға болып жатқан жерге келдiк. “Прогресс” дүкенiнiң алдындағы орталық көшеде құжынаған халық. IIБ-нiң бастығы менi шақырып алып: “Сенiң сөзiңдi тыңдайды. Мына жiгiттерiңдi алып кет бұл жерден!” – дедi. Мен: “Бiзге iстелiп отырған зорлық шектен шықты. Осыдан бiр ай бұрын қала басшыларына осы адам төзбес жағдайды реттеу жөнiнде хат бергенбiз. Бiз соны сұраймыз. Бiздi бөгемеңiз” – дедiм де маған iлесiп келе жатқан Теңге кентiнiң 40-50 жiгiтiне: “Жүрiңдер!” – дедiм. Олар әуелi иттi жiбердi. Овчарка келiп қалып едi, оны қасымдағы жiгiт кiрпiшпен ұрды. Ал солдаттар, милицияның iшiнен жап-жақын жерден бiреуi менi көздеп атып жiбердi. Сол бойда-ақ менiң аузы-мұрнымнан қан кеттi. Жiгiттер: “Шәке, былай шығайықшы”, – деп шетке алып шықты. Жан-жағыма қарасам, құлап жатқандар көп. Бiреулердiң аяқтарына оқ тиген, кейбiрi қолынан жараланған. Сол жерде мен: “Үйге кетемiн”, – дедiм. Ол кезде мен Жангелдин 22-де тұратынмын. Тимур деген жiгiт машина тоқтатып, Теңгеге алып кеттi. Жақындасақ, өтетiн переезд жабық тұр екен. Оның арғы жағында берi өте алмай бiр топ жастар тұр екен. Мен оларға: “Сендер мұнда неге тұрсыңдар? Қалада көтерiлiс болып кеттi”, – деп едiм, олар переездi сындырып, қалаға бет алды. Онымен үйге келдiм. Өзiм де өлетiнiмдi сезетiн сияқтымын. Аузымнан аққан қан тоқтар емес. Доғдырбай деген аға Ғазиз Сұпығалиев деген дәрiгердi алып келдi. Ол: “Сен ауруханаға жүр. Тап түбiнде керек адам сендер боласыздар”, – дедi. Алғашында ешқайда барғым келмедi. Бәрiбiр өлетiн болған соң, маған үйде өлген жақсы сияқты болып көрiндi. Бiрақ олар менi тыңдамады. Сөйтiп Ғазиз өкпеме операция жасады. Есiмдi 19 күнi түсқайта жинадым. Оқ өкпенi тесiп өтiп, жауырын сүйегiне тiрелiп тұрып қалған екен. Хирург Ғазизге өмiрлiк қарыздармын. Оқты әлi күнге шейiн сақтап жүрмiн.

Сонымен ауруханада 17 күн жаттым. Менiмен қатар 17 бала, 1 қыз жатты. Қыздың аты-жөнi Табылдиева болатын. Оқ оның жанбасынан тиген. Алматыдан Жаңаөзенге келiп, коменданттық сағат ұйымдастырып жатқан Республика Iшкi iстер министрi Князев бiр күнi келiп, жағдайымды сұрады. Қан түкiрiп жатқан мен стол үстiндегi банкiнi жiбердiм бетiне. Ол: “Извините”, – деп шығып кеттi”. (Байбазар Ербақы. “Ана тiлiм – киелiм”. Алматы 2004 ж. 203-204 бб.)

Қылмысқа тартылған жастарды барын салып, жанашырлықпен қорғаған Ү.Бисенова.

“Үш балаға қорғаушы болдым. Алматыға шағымданып, 170 баптың 2 тармағына ауыстырып, аз да болса қылмысты жеңiлдеттiм. Бұл жiгiттердiң барлығы да көппен бiрге көшеге шыққан қарапайым жұмысшылар. Шындыққа жүгiнсек жiгiттердiң кейбiрiне тағылған айып атүстi болды. Мысалы, Қошмағанбетов пен Ермековке Пионерлер үйiнiң артындағы далалықта екi кавказ жiгiтiн өлтiрдi, екi машинаны өртедi деп айып тағылды. Логикалық ойға бағынсақ бұған нақты дәлел жоқ. 100-200-дей адам жүгiрiп бара жатты. Оның iшiнен көзге түскендерiн осылар өлтiрдi дей салуға бола ма? Облыстық сот тағылған қылмыстың бұл екi түрiн де қысқартып тастаған”.

Қорғаушылар Ү.Бисенова мен Г.Нұржiгiтова сотталғандар Қайырбек Қошмұханбетов пен Қуан Ермековтiң қылмыстық iстерi дәлелденбеуiне байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Сотынан iстi мүлдем қысқартуын өтiнiп, талап-арыз жазған. Сол арыз бойынша 1990 жылы 24 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы Сотының С.Дулатбеков төрағалық еткен Қылмыстық iстердi қарайтын сот коллегиясы iс қараған. Сот құжаты Алматыдағы, ҚР Мұрағат iсi және құжаттану жөнiндегi ғылыми-техникалық ақпарат орталығындағы №1680 қорға №2752 iс болып тiркелген. Коллегияның iс қарау жұмысына қорғаушылар Ү.Бисенова мен Г.Нұржiгiтова да қатысқан.

Сот коллегиясының шешiмiнен:

“Сот мүшесi М.Төлегеновтың баяндамасын, адвокаттардың түсiнiктерiн, Қазақ ССР Прокурорының көмекшiсi Аймұхаметовтың ұйғаруы өзгерiссiз қалдыруға жатады деген қорытындысын тыңдап, Сот коллегиясының тапқаны.

Жеке шағымдар төмендегi себептерге байланысты қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

Осы iс бойынша ҚIК-нiң 170-2 бабымен сотталған Ермеков пен Қошмұханбетов 1989 ж. 16-19 июньде Жаңаөзен қаласындағы болған топтасып қоғамдық тәртiптi бұзу әрекеттерiне белсене қатысқандары дәлелденген. Алдын ала тергеу кезiнде сол 16-19 июнь күндерi жаппай тәртiпсiздiк кезiнде кавказдық азамат Айдемиров соққыдан қаза тапқаны анықталып, тергеудiң бас кезiнде Қошмұханбетов жәбiрленушi Айдемировты Ермеков қолындағы темiр трубамен ұрып жыққанын көрдiм деп жауап берген. Өзi де оған тас лақтырғанын мойындаған. Бiрақта Ермеков пен Қошмұханбетов алдын-ала тергеуде берген жауаптарынан бас тартып, тергеушiлер тергеу тәртiбiн бұрмалап, зорлағандықтан мойындағандықтарын көрсеткен сот мәжiлiсiнде. Ал iстегi материалда сотталғандардың ескi жауабын бекiтетiн дәлелдер болмағандықтан, тергеу кезiнде жiберген қателердi көрсетiп, сот iстiң тергеуiн толықтыру үшiн қайтарған.

Ұйғаруда жәбiрленушi бiрнеше адамның соққысынан жарақат алғаны анықталып, бiрақ бiрiншi кiмнiң соққысынан ауыр жарақат алғанынан өлгенi анықталмаған. Соққанда пайдаланған құралдар табылмаған. Оқиға болған жер қаралмай, оған протокол жасалмаған. Осы жеткiлiксiздердi толтыру қажет деген соттың қорытындысы дұрыс. Ұйғаруды бұзуға негiздер жоқ. Жоғарыдағылардың негiзiнде Қазақ ССР ҚIЖК-нiң 333 бабы 1 тармағын қолдана отырып, сот коллегиясы

ұйғарды:

Гурьев облыстық сотының 1989 жылы 29 июньдегi Ермеков Қуан Төлембайұлы мен Қошмұханбетов Қайырбек Тоқжанұлының қылмыстық iсiнiң тергеуiн толықтыруға жiберу туралы ұйғаруын өзгерiссiз қалдыруды, Қошмұханбетовтың, адвокаттардың жеке шағымдарын қанағаттандырусыз қалдыруды.

Төраға С.Дулатбеков.

“Еркек тоқты құрбандық,

Атам десең атыңдар!”

Желтоқсан көтерiлiсiнiң қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтен қалған сөз. Жаңаөзен көтерiлiсi де құрбандықсыз болмады. Үш бiрдей азамат қыршынынан қиылды. Олар ез болып көнгенше, ер болып күресiп өлгендi артық көрдi.

Оңдасын Отарәлиев небәрi жиырма бiр жаста едi. Анасы Кербез:

“… Бiраздан кейiн көршiлерiм менi үйге алып келдi. Даладан бiраз адам кiрiп: “Ана телевизорыңызды өшiрiңiз”, – дегенде әрi-сәрi күйге түсiп, белiмнен төмен жан кетiп, отыра кетiппiн, – деп Ағиба Қатешоваға мұңая қарады. – Сол күйiктен ауруға да ұшырадым. Тұла бойым тұңғышым ғой. Анамын ғой мен. Оңай болған жоқ. Өкiндiк те көндiк. Басқадан артық емеспiз. Бiрақ маған батқаны, бұлардың сұрауы жоқ болды. Тауық жоғалса да iздейдi емес пе? Кезiнде қуынған да болдық. Алматыдағы Шерхан ағамызға да хат жазып, жылы лебiзiне де жұбандық. Осы жердегi ауылсовет Қарлығаш, Сұлтан бәрi де көмектестi. Рахмет…”

Жетiм де жетiледi. Нұрберген Тiлеубергеновтi қатал тағдыр күшiк кезiнен талауға салса да бәрiне мойымай төздi. Ақбибiмен көңiл жарастырып, үй болып, ел қатарына қосылды. Наурыз бен Қуаныш атты екi ұл сүйдi. Бар арманы соларды ешкiмге жалтақтатпай еркiн өсiру едi. Қапияда қапыда кеттi. Тағдырға не шара. Ендi жетiмдiктiң қасiретiн екi ұлына жазғанын айтсайшы. Дегенмен соларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсiрiп жатқан, заты әйел демесең Ақбибi ер екен.

Ол Ағибаға ағынан жарылды.

“… 18 июньнiң кешi болатын. Нұрберген екi баласын тоғыз болмай ұйықтатып тастады. Оңдырып шай да iшкен жоқ. Өңiне қарасам, түсi де өзгерiп, алабұртып отыр екен. Сағат түнгi 10-нан 20 минут өткен кезде кенет орнынан сiлкiне тұрды да: “Сау бол ендi”, – дедi. Мен шошып кеттiм: “Не айтып тұрсың? Сау болың не? – дедiм. – Мен сенi ешқайда жiбермеймiн!” – деп бөлмелердiң есiктерiн ашып қойдым. Бiр кезде балконға темекi тартуға кеткен адамым жоқ. Сыртқа жүгiре шықсам, топ жiгiттiң алдында орталыққа қарай зулап бара жатыр екен. Мен де шыға сала солай қарай жүгiрдiм. Бiрақ көптiң iшiнен таптырмады. Бiр танысым: “Нұрбергеннiң басына тас тиiп, “Жедел жәрдем” алып кеттi”, – дедi. Содан ауруханаға барып, түнгi сағат 3-ке дейiн отырдым. Түнi бойы жараланған 11 адам түстi. Оның iшiнде Нұрберген болмады. Тек алдында ғана бiр медбике: “Жолдасың реанимацияда халсiз жатыр”, – дедi де Ақбибi терең күрсiндi. – Өзi де бiр нәрсеге асыққандай, май айының iшiнде бiреуi 3-те, екiншiсi 4-тегi Қуаныш пен Наурыз екеуiн бiрдей сүндетке отырғызып едi. Екi баланың тауқыметiн маған артып кеттi ғой. Ол ол ма! Оқиғадан кейiн жұмыста да, басқа жерлерде де менi тыныш жүргiзбедi. Кейбiреулер табалады да. Заң орындарына әдiлдiк сұрап бардым. “Әңгiменi ендi созсаң, жер аударамын”, – деп қорқытты. Бәрiн де өткердiк бастан. Менiң бiр таңданатыным, алдында атысты естiп отырып Нұрберген: “Жас балалар не за что өледi. Оларды кiм қолдар дейсiң? Соның бәрi де баяғыша қалады. Солай! Өмiрден еш әдiлдiк көргенiм жоқ”, – дедi. Ол жұмыста да көп қиындық көрген едi. Өзi жүргiзушi болатын”.

Төлеп Жаңаев әкесi Молдабек пен анасы Жанбидiң он баласының бiрi едi. Молдабек ақсақал 1-топтағы мүгедек. Төсек тартып жатқанына бiраз жылдың жүзi болыпты. Батыр ана Жанбидiң әңгiмесi.

“… Ұмытпасам, июньнiң 18 күнi сенбi болатын. Аяғының ауыратыны бар-тын. Төлебiм шаруақор едi. “Мама, демала бер. Мен папамның тамағын пiсiрiп беремiн де кешкi кезекшiлiк жұмысыма барамын”, – дедi. КамАЗ айдайтын. Таңертең ерте келдi. Баламның қайта кеткiсi келiп отырғанын сездiм. Мен балама: “Сен забастовкаға барма, мен жаман түс көрдiм”, – дедiм. “Мама, горкомға бәрi жиналып жатыр. Жаңалық хабар естимiн де келемiн”, – дедi балам. “Төлеп-ай, – дедiм, – мылтықтың оғы саған тимесе жарар едi. (Тарсылдаған мылтық даусын естiп жатырмын)

Ол күнi балам келмедi. Түс қайтты, бала жоқ. Содан сұрау салдық. Сәуле деген бiр әйел: “Әй, сенiң Төлебiңе ұқсайтын ұзын бойлы, көк көйлектi, шашы жалбыраған жiгiттi 3-4 адам көтерiп, “Жедел жәрдем” мәшинесiне салып әкеттi”, – дедi. Қызым шошып кетiп, ауруханаға барса, дәрiгерлер: “Иесiн таба алмай отыр едiк”, – дептi.

Оқ Төлептiң iшек-қарнын ақтарып кетiптi. Содан қызым жылап келдi. “Мама, жүр, әйтеуiр жаны бар көрiнедi, көрiп қалайық”, – дедi. Екi адам екi қолтығымнан демеп, балама апарды. Аузына бiрдеңе кигiзiп қойыпты. “Тыңдамадың, жаным, тыңдамадың! Мен қайтейiн. Жазылсаң болғаны. Олай-бұлай болсаң, ақ сүтiм ауыр болмасын, кештiм”, – деп жыладым. Дәрiгерлер: “Мынау кiм, танисың ба?” – дегенде ол: “Мама” – дегендей аузын жбырлатты. Дәрiгерлер баламның адам болмайтынын сездiрдi. Қарағымды ақ жауып, арулап шығардық қой. Менiң арманым да, өкiнiшiм де, баламның сұраусыз кеткенi. Кiм үшiн, не үшiн құрбан болды? Артында 3 баласы қалды. Бiрақ оқиғаның 3 жылдығына ғой деймiн, мың болғыр Ағиба Қатешова қызым әкiм алдында қуынып жүрiп 2 бөлмелi үй алып бердi”. (Байбазар Ербақы. “Ана тiлiм – киелiм” Алматы 2004 ж. 190-191 бб).

СӨЗ СОҢЫ

Бiзге Тәуелсiздiк ғайыптан көктен түсе салған жоқ. Әрбiр саналы жан оның 1986 жылдың Желтоқсан көтерiлiсiмен, 1989 жылдың Жаңаөзен көтiрiлiсiмен келгенiн бiледi. Бұлар халқымыздың Ұлттық көтерiлiстерi. Ұлт беделiн әлемдiк деңгейге көтеретiн көтерiлiс. Тек бiз сол деңгейде насихаттай алмай келемiз. Ал сол көтерiлiстер құрбандықсыз, қуғын-сүргiнсiз болмады. Ұлт үшiн, оның ертеңгi ерiктi болашағы үшiн, талай боздақтар жандарын қиып, түрмелерде азап шектi.

Жылдар жылжып өте бередi. Әне-мiне дегенше тағы да жиырма жыл өте шығар. Уақыт бiздi сол көтерiлiстерден алыстатқан сайын, санамызды оның тарихи шындығына, саяси маңызы мен мәнiне жақындата түседi. Әлi-ақ бұл көтерiлiстер мектеп оқулықтарына кiрiп, кеңiнен насихатталатыны сөзсiз. Ұрпақтар олардың тас ескерткiштерiнiң алдында тұрып, еске алып, тағзым етiп, есiмдерiн мақтанышпен айтып жүретiн болады.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары