СӘЛЕМ – СӨЗДIҢ АТАСЫ

СӘЛЕМ – СӨЗДIҢ АТАСЫ

СӘЛЕМ – СӨЗДIҢ АТАСЫ
ашық дереккөзі
2530

Қазақ халқы сәлемдесуге айрықша мән берген. Жөн-жосығымен, шын ықыласымен сәлемдесу – ол да бiр үлкен сын әрi өнер. Және адамдық қасиеттiң қандай дәрежеде екендiгiн көрсетедi.

Қазiргi кейбiр жастарымыз,мектеп оқушылары мен студенттер халқымыздың сәлемдесу рәсiмдерiн ұмытқан немесе бiлсе-дағы, бiлмейтiндей сыңай танытады. Олар батыс елiнiң жастарына елiктегендi мақтан көредi. Сонда, бiр-бiрiмен амандасқанын көрiп қалсаңыз, цирктегi маймылдың қылығын тамашалғандай күй кешесiз. Бiр-бiрiн бетiнен сүйiп, қолымен, шынашақпен түрткенше, қос алақанмен амандасқан дұрыс емес пе? Онда тұрған не әбестiк бар екен өзi? Қарапайым сәлемдесумен қаншалықты рухани қайрат күш пен ерiк-жiгер тарту ете алатынымызды әлi түсiнбей жүрген жайымыз бар сияқты.

Қазақтың көрнектi жазушысы, сөз зергерi Ғ.Мүсiрепов “ Адам баласымен сәлемдесу – тек қана оның жағдайын бiлу емес, елiнiң, Отанының, әке-шеше, туыс-бауырларының амандығын сұрағанмен бiрдей”, – деген екен.

Мейлi сен бай бол, мейлi кедей бол, онда тұрған мағына жоқ. Барлығы да, абыройы мен өзiндiк ерекшелiгiнде, имандылығында, iшкi дүниесiнде тұнып жатқан қасиеттерiне байланысты.

Ата-бабаларымыз “Сәлем беру – кiшiлiктiң емес, кiсiлiктiң белгiсi”, деп бекер айтпаса керек. Сондықтан үлкенге де, кiшiге де “Амансыз ба?” деп айту ешбiр қиындық туғыза қоймайды деп ойлаймын. “Сәлем – сөздiң атасы” деген тағы рас. Демек, алдымыздан шыққан танысқа немесе бейтанысқа болсын, жылы жүзбен шырай танытып, бiр-бiрiмiзге амандық тiлегенiмiз жөн болар. Әйтсе де, сонау ғасырдағы қазақ қызы мен бүгiнгi бойжеткеннiң айырмашылығы айтарлықтай бұл құбылысты ешкiм де терiс деп айта алмайды, себебi дүниеге деген құндылықтар мен заңдылықтар өзгердi. Келiннiң ата-енесiне, қайын жұртына иiлiп сәлем беруiнiң өзiнде үлкен сый-құрмет жатыр. Қыз бала өзiнiң инабаттылығын, сыпайылығын, сонымен қоса нәзiктiгiн осылайша бiлдiредi. Ал, қазiргi жастар көрген бойда шөпiлдесiп, аймаласып кетедi. Сәлемдесудiң қадiрi азайып, пұшайман күйге түсудiң аз-ақ алдында тұр.

Арайлым АБЕУОВА, Т.Қ.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi

Серіктес жаңалықтары