ҚАЗАҚ ПЕН МАЖАР ТУЫСТЫҒЫН КӨРСЕТТI

ҚАЗАҚ ПЕН МАЖАР ТУЫСТЫҒЫН КӨРСЕТТI

ҚАЗАҚ ПЕН МАЖАР ТУЫСТЫҒЫН КӨРСЕТТI
ашық дереккөзі
198

Осыдан үш жыл бұрын сонау Мажарстаннан қазақ елiне ат терлетiп келген антрополог-ғалым Андраш Биро қазақ пен мажардың туысқандығын ғылыми түрде дәлелдеу үшiн зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Ол мадияр руы кеңiнен тараған Торғай өңiрiн аралап, жергiлiктi тұрғындарға генетикалық жағынан талдау жасады. Көп ұзамай Андраш Бироның бұл еңбегi өз жемiсiн берiп, қазақ пен мажардың қан жағынан туысқан ел екендiгi белгiлi болды.

Венгрлiк мадиярлардың Хұнғарияның қазiргi аумағына ұлы даладан келгендiгi және олар қайсыбiр заманда сонда көшiп-қонған халықтың бiр бөлiгi болғандығы жайында аңыздар да көп. ХХ ғасырда белгiлi венгр ғалымы, антрополог Тибор Тот өзiнiң ғылыми еңбектерiнде екi елден шыққан мадияр руының қазақтар мен мадиярлардың (венгр) арасындағы туыстық байланыстарды жан-жақты зерттеудi бастағанмен, бұл ғылыми мұратын саяси себептерге орай жалғастыра алмапты. Ал, Андраш Биро мұны ғылыми дәрежеге көтердi. 2006 жылы Андраштың жетекшiлiк етуiмен, Қостанай облысында қазақ-венгр бiрлескен антропологиялық экспедициясы ұйымдастырылып, Торғай өңiрiнде тұратын қазақтардың мадиар руы өкiлдерi (ерлерi) арасынан генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалды. ДНК үлгiлерi алынып, ғасырлар бойы өзгермейтiн және генетикалық ақпаратты сақтайтын Y хромосомдарына талдау жүргiзiлдi. Оның сараптамалары венгрлердiң және Еуразия құрлығында тұратын 40 халық өкiлдерiнiң ДНК үлгiлерiмен салыстырылды.

Адам биологиясымен шұғылданушы маман мадиярлардың Еуропаға қоныстану кезеңiнiң ғылыми проблемаларын, этногенез, миграциялық мәселелерiн зерттеп келедi. Ол Шығыс Еропада, Орта Азияда, оның iшiнде Башқұртстанда, Кавказда, Қазақстан мен Өзбекстанда жүргiзiлген ғылыми экспедицияларды басқарған. Бүгiнге дейiн атқарған ғылыми еңбектерiнiң iшiнде қазақ ру тайпаларының құрамындағы мадияр руы мен мадияр (венгр) арасындағы антропологиялық, генетикалық байланыста тақырыбындағы зерттеулерi, әсiресе, АҚШ-та “American Journal of Physical Antropology” журналында жарық көрген (2009 ж) “AY Chromosomal Comprosion of the Madiars (Kazakhstan) and the Madyars (Hungary)” атты мақаласы ғылыми қызығушылық пен үлкен бағаға ие болыпты.

Антрополог-ғалым Андраш Бироның айтуынша, сондықтан да жергiлiктi тұрғындар Венгрия атауын аса жылы қабылдамайтын көрiнедi. Әрбiрден соң олар өздерiн мадиярлар, өз елiн Мадиярлар елi деп атағанды қалайды екен.

Сөйтiп, қазақ пен мажардың туысқан ұлт екендiгiне көз жеткiзген соң, мажарстандық ғалымдар “Ғасырдан кейiнгi қауышу” I Халықаралық қазақ-венгр этнофестивалiн ұйымдастырды. 2007 жылдың 5-7 шiлдесiнде Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Саға ауылында өткен шараның мақсаты — екi халықтың тарихи өзара байланысының басталуы мен тығыз достық қатынасты орнату болатын. Бұдан кейiн, яғни, 2008 жылдың 8-10 тамызында Кiшi Куманиядағы Кунсентмиклош қаласы, Бөстөрпуста мекенiнде II мадиар (венгр) — мадиар (қазақ) Құрылтай этнофестивалi өттi. Әлемнiң әр елiнен 50 мыңнан астам адам қатысқан бұл Құрылтай Еуропада өткiзiлген ең iрi этнофестиваль қатарынан орын алды.

Ал, таяуда Мемлекеттiк Орталық музейде қазақ-венгр антропологиялық ғылыми экспедиция нәтижелерiне және екi рет өткiзiлген қазақ-венгр этнофестивальдарына арналған “Ғасырлардан кейiнгi қауышу: Қазақстан мен Венгрияның тарихи-мәдени байланыстары” фотокөрмесi ашылды. Көрмеде ғылыми экспедициялардың және екi Құрылтайдың жай-жапсарынан мәлiмет беретiн 110 фотосурет қойылған. Шiлденiң 10-ына дейiн жалғасатын көрменi тамашалаушылар өте көп.

Шара барысы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Аққайнар ауылында ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары