2232
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АЛҒЫС ХАТ ТАБЫСТАДЫ
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АЛҒЫС ХАТ ТАБЫСТАДЫ
Кеше Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов халықаралық және республикалық пән олимпиадаларының 60 қатысушысы мен жеңiмпазын қабылдады. Өздерiнiң бiлiмдiлiгiмен облыстың атын елiмiзге ғана емес, шетелдерге әйгiлеп жүрген дарынды балаларға сый-құрмет көрсетiлдi.
Беделдi бiлiм сайыстарында облыс оқушылары әртүрлi дәрежедегi 82 диплом иеленген. Олардың басым бөлiгiн, атап айтқанда 47-сiне Талдықорғандағы № 20 лицей ие болса, жүлде саны бойынша одан кейiнгi орындарда № 24 және Қазақ-түрiк лицейi тұр. Дарынды балалар әлемнiң Англия, Қытай, Македония, Вьетнам, Ресей, Греция, Кипр, Түркiменстан, Грузия сияқты бiрқатар елдерiнде шетелдiк замандастарын шаң қаптырды. Облыс әкiмi олимпиадаларға қатысқан және сол айтулы бiлiм бәсекелерiнде топ жарған оқушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды. — Өздерiңiзге белгiлi, Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев бiлiм беру саласына жiтi көңiл бөлуде. Соның бiр айғағы — Елбасының бастамасымен дүниеге келген “100 мектеп және 100 аурухана” бағдарламасының аясында елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жаңадан бiлiм ордалары бой көтерсе, облысымызда өткен жылы 10 мектеп салынып, пайдалануға берiлдi. “Асыл — тастан, ақыл — жастан”, — дегендi халқымыз бекер айтпаса керек. Ең бастысы, бiлiмдi ұрпақ нағыз бәсекеге қабiлеттi ұрпақ бола алады. Сондықтан сендердiң бiлiмдерiңдi одан әрi тереңдетiп, дамыта берулерiң үшiн барлық жағдай жасалады, — дедi облыс басшысы өз сөзiнде. Басқосуда № 20 лицей мұғалiмi Гүлайым Байжүкенова облыс әкiмiнiң атына алғысын жеткiзсе, оқушылар олимпиадалардағы әсерлерiмен бөлiстi. Жалпы үстiмiздегi жылы облыстың бiлiм саласына 47 млрд. теңге қаражат бөлiндi. Мектептердiң материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлуiне баса назар аударылып, облыстағы бiлiм ұялары 151 интерактивтi тақта, 176 мультимедиялық кабинеттермен жабдықталды. Облыс орталығында оқушылар мен студенттердiң, ардагерлердiң қоғамдық көлiкте тегiн жүруi түпкiлiктi шешiмiн тапты. Сол сияқты аз қамтылған отбасы және жетiм балалардың жоғары оқу орындарында бiлiм алуы үшiн 200 грант бөлiнуде. Облыс колледждерiнде оқитын I және II топтағы мүгедек балалардың оқу ақысына 15 пайыздық жеңiлдiктер қарастырылып отыр. 2008 жылы Қазақстан бойынша 1311 үмiткердiң арасынан Алматы облысының 67 бiлiмдi жасы халықаралық “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқуға мүмкiндiк алды. Ауылды жерлерде тұратын ұстаздарға коммуналдық төлемдерiне жыл сайын бюджеттен қаражат бөлiнiп келедi. Мұғалiмдердi ынталандыру мақсатында байқау өткiзiп, жеңiмпазға Талдықорған қаласынан 2 бөлмелi пәтердiң кiлтiн тапсыру жақсы дәстүрге айналған. Өскелең ұрпақтың болашағы үшiн жасалған мұндай әлеуметтiк-материалдық қолдаулар бiлiм саласын әлi талай биiктерге жеткiзетiнiне сенемiз.
Сағыныш Намазшамова