ҚАТАҢ ТАЛАПТАР ҚАЛАЙ АЙНАЛЫП ӨТIЛУДЕ?

ҚАТАҢ ТАЛАПТАР ҚАЛАЙ АЙНАЛЫП ӨТIЛУДЕ?

ҚАТАҢ ТАЛАПТАР ҚАЛАЙ АЙНАЛЫП ӨТIЛУДЕ?
ашық дереккөзі
230

ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң ведомстволық ұйымы саналатын салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары (СЖДН) дирекциясы былтырғы қарашадан бастап, Астанада ғана емес, бүкiл республика аумағындағы пайдалануға берiлуi тиiс ауруханалардың, медициналық және ғылыми орталықтардың құрылыс жұмыстары жағдайын қатаң бақылауға алды. Iс жүзiне келсек, салынып жатқан нысандардың қай-қайсысында да жобаларды мемлекеттiк талдаудан өткiзу үрдiсi — қым-қуыт құйтұрқы сипаттағы шежiре.

2008 жылы қарашаның аяғында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң басшысы ауысты. Көп ұзамай жаңа министр – Жақсылық Досқалиевтың тiкелей ұсынысымен, бүкiл елiмiз көлемiнде жүзеге асып жатқан “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына сәйкес денсаулық сақтау саласында салынып жатқан барлық нысандар жобаларын талдаудан өткiзу, республикалық бюджеттен бөлiнген қаржының мақсатты игерiлуiн қатаң қадағалау және құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң сараптан өткiзу мақсатында кеңiнен тексерулер ұйымдастырылды. Бұл мiндет министрлiктiң ерекше құрылымы – СЖДН дирекциясына жүктелдi.

Жұртшылыққа мәлiм, Елордамызда құрылыс жұмыстарына мемлекет тарапынан аса ауқымды қаржы-қаражат бөлiнген республикалық маңызды деңгейдегi медициналық кластер құрылысы жүрiп жатыр. Солардың қатарындағы елiмiз үшiн ерекше жобалардың бiрi – Астана қаласындағы 180 орындық Кардиохирургия орталығы.

Осы ретте мына мәселеге арнайы тоқтала кеткенде жөн болар едi. Тендердi жеңiп алған кейбiр жобалау ұйымдары мен құрылыс компаниялары, мемлекеттiк талдауға тиiстi құжаттар өткiзу барысында, кейде қатаң талаптарды айналып өтiп жатады. Аса таңданарлығы сол, кей жағдайда мұндайлар бақылаушы ұйымдардың да, тiптi ең жоғары деңгейдегi мемлекеттiк органдар тарапынан да табанды қолдауға ие болып шыға келедi. Мұны дәлелдеу үшiн мысалды алыстан iздеп қажетi жоқ, солардың бiрi, жоғарыда тiлге тиек еткен “Кардиохирургия орталығы” нысанының бас жобалаушысы “IT Engineering S.A.” компаниясының iс-әрекетi.

СЖДН дирекциясы тарапынан аталмыш нысанның жобасына жүргiзiлген егжей-тегжейлi талдаудың нәтижесiнде бұл компанияның бiрқатар заң бұзушылыққа барғандары айқындалды. Ең бастысы, мемлекеттiк органдар тарапынан да, арнайы құрылысты техникалық қадағалау ұйымдары жағынан да қатаң бақылау жүргiзiле тұра, бұған қалайша жол берiлген деген сұраққа жауап табу мүмкiн емес.

Аталмыш нысан бойынша негiзгi бастапқы құжаттардың бiрi, “Мемлекеттiк ведомстводан тыс жобаларды талдаудан өткiзу” РММ (республикалық мемлекеттiк мекемесi) 2007 жылдың 28 қарашасында бекiткен, “Астана қаласындағы 180 орындық Кардиохирургиялық орталық” жобасы бойынша №2-650/07 Қорытындысы болып табылады. Осы қорытындыны алу үшiн бас жобалаушы, яғни “IT Engineering S.A.” фирмасы кез келген медициналық нысан құрылысының негiз құраушы болып табылатын бiрсыпыра құжаттар ұсынған екен. Бұл жерде бiз солардың әрқайсысына жеке тоқталуымыз керек, өйткенi, оларсыз құрылыс алға баса алмайды.

Сонымен, мемлекеттiк талдау талаптарына сәйкес, “IT Engineering S.A.” компаниясы мынандай құжаттарды өткiзген: а) ҚР Денсаулық сақтау вице-министрi бекiткен “Кардиохирургиялық орталық” нысаны бойынша техникалық кеңес және Денсаулық сақтау министрлiгiнiң жауапты тұлғалары мен республиканың беделдi кардиохирургтары қатысуымен өткен кеңестiң, сондай-ақ “Кардиохирургиялық орталықтың” функционалдық жүйесi туралы хаттамалары; ә) ҚР Денсаулық сақтау вице-министрi бекiткен “Кардиохирургиялық орталықтың” құрал-жабдықтарының тiзiмi мен құны; б) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң медициналық технология, медициналық жабдықтардың функционалдық жүйесi және мамандандырылуы да кiретiн “Кардиохирургиялық орталық” жобасының келiсiмi мен оны бекiту туралы хаты; в) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң г) “Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау қалалық аумақтық басқармасының (ҚОҚҚАБ) тiркеме хаты және мемлекеттiк экологиялық талдау қорытындысы да бар екен.

Сол жеке тiзбелеген құжат түпнұсқаларының ешбiрi ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнде сақталмаған! Оның iшiндегi басты құжат – “Мемлекеттiк ведомстводан тыс жобаларды талдаудан өткiзу” РММ (республикалық мемлекеттiк мекемесi) 2007 жылдың 28 қарашасында бекiткен “Кардиохирургиялық орталық” жобасы бойынша №2-650/07 Қорытындысының да түпнұсқасы жоқ. Денсаулық сақтау министрлiгi қызметкерлерiнiң ешқайсысы: “Құжаттардың түпнұсқалары қайда және оны кiм сақтауы тиiс?” деген сауалға жауап бере алмады, тауып беруге де ешкiм қауқарсыз боп шықты. Қолда бары – аталмыш құжатттардың көмескi көшiрмелерi ғана.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрi бекiткен “Кардиохирургиялық орталық құрал-жабдықтарының тiзiмi мен құны” құжатының түпнұсқасы да жоқ. Мұның бәрi Тапсырыс берушiде (ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi) қатаң сақталуы тиiс болатын. Аталған құжаттардың барлық түпнұсқалары сақталмағанына қарап, мүдделi белгiлi бiр топ тұлғалардың оларды әдейiлеп жоғалтып жiберуi мүмкiн-ау деген күдiк туатынын айтуға тиiспiз.

“Ай Ти Инжинеринг” компаниясының iс-қимылына талдау жүргiзу барысында тағы бiр қызықты мәселе айқындалады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң медициналық технология, медициналық жабдықтардың функционалдық жүйесi және мамандандырылуы да кiретiн “Астана қаласындағы 180 орындық Кардиохирургиялық орталық” жобасының келiсiмi мен оны бекiту туралы хаты ҚР ДМ Кеңсесiнде тiркелмеген және ешқайда жiберiлмеген де. Есесiне ҚР ДМ Кеңсесiнде 27.04.2007 ж. №02-3594/И ретiмен “Мемталдау” РММ-не Астана қаласындағы жаңа Қан орталығын жабдықтау үшiн негiзгi медициналық құрал-жабдықтар тiзiмiне ұсыныстарға қатысты хат тiркелген.

Жобалаушылардың “көзбояушылығы”, шын мәнiнде, ерекше қайран қалдырады. Турасын айтсақ, осындай жобалау компанияларының төтеден басып, осынша “тапқырлыққа” баруына шек жоқ сияқты.

Мұнан әрi олар бұған дейiн ешкiмнiң түсiне кiрiп-шықпаған тәсiлмен, қызметтерiн ұсынушы органдардың қатысуынсыз-ақ “рұқсат құжаттамаларын” жасап, “тапқырлықтың” бұдан да асып түсер көкесiн танытады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң 18.11.2007 жылғы 05/4676 хаты ҚР ДМ Кеңсесiнде тiркелмеген, мүлдем берiлмеген де.

Жоғарыда аталған хаттардың арасындағы ерекше құжатқа баса назар аударуға тиiспiз. Ж. Бекшин қол қойған МСЭБ Басқармасының хатына сенсек, ҚР ДМ МСЭБ Комитетiнiң Төрағасы А. А. Белоног мырзаға “…сол жағалаудағы 180 орындық кардиологиялық орталықтың құрылысы жұмыс жобасының санитарлық-эпидемиологиялық талдауынсыз жүргiзiлуде” деп хабарланған. Үш-төрт айдан кейiн мұндай хат Бекшин мырзаның қолымен қайта әзiрленiп, ҚР ДМ МСЭБ Комитетiнiң Төрағасы А. А. Белоног мырзаның атына тағы да жөнелтiледi. Алайда жобаны мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары бекiтпегенiне қарамастан, нысан құрылысы одан әрi қызу жүргiзiлiп жатыр, ал ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi МСЭБ Комитетiнiң Төрағасы А. А. Белоног мырза бұған назар аударатын емес.

Осының нәтижесiнде көптеген сұрақтар туындайды. “Мемэкспертиза” РММ нендей негiзде осы жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына (ЖСҚ) оң қорытынды берiп отыр? Қалайша бұл нысанның құрылысы ешқандай мемлекеттiк органдардың қорытындыларынсыз қаржыландырылуда? Шетелдiк компаниялардың Қазақстан Республикасы заңдарын белден басуына құқық қорғау органдары нелiктен немқұрайды қарауда? Шетелдiк компанияларға “жалпақшешейлiк” пен жеңiлдiк нелiктен жасала бередi және осының бәрiнiң артында кiм тұр?

Бұған “IT Engineering S.A.” компаниясының жобалаушы мырзалары не айта алар екен?

Анықталған үйлеспеушiлiктiң нәтижесi бойынша “Салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары” дирекциясының №267 хатымен “Мемэкспертиза” РММ бас директоры Б. Ережепов мырзаның атына арнайы сұрау салынған болатын. “Мемэкспертиза” РММ-i 2009 жылдың 1 сәуiрiнде қайтарған жауап хатында: “…аталған жобаға қатысты құжаттардың барлығы “IT Engineering S.A.” фирмасына қайтарылған деп мәлiмдейдi. Алайда, “Мемэкспертиза” РММ-нiң қолында Келiсiм қорытынды жасалатын өкiлеттi мемлекеттiк органдардың рұқсат берушi құжаттарының не түпнұсқасы, не көшiрмесi жоқтығы – еш ақылға симайтын факт.

Сонда қалай болғаны? Бұл – “Мемэкспертиза” РММ-нiң әдеттегi iс-қимылының сиқы ма, әлде “Мемэкспертиза” органдары қызметкерлерiнiң iске жүрдiм-бардым қарауы немесе әдейi қасақана қиянатқа баруы ма?

Қаржыландыру көздерiне қарамастан құрылыс салуға құжаттаманы жобалауды (техникалық-экономикалық негiздемелер – ТЭН) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, сондай-ақ мемлекеттiк инвестициялар есебiнен салынып жатқандарының жобаларын бекiтуге талдау жасаудың Ережелерiнде мынадай қатаң талаптар қарастырылған:

“8-бап: “…Экспертиза өткiзген кезде жоба жасаушыда жобалаудың (жоба-зерттеу) жұмыстарының тиiстi түрлерiне лицензиясы, сондай-ақ заңдылықта бекiтiлгендей, жобаның мемлекеттiк органдармен, өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық қызметтермен және де басқа бақылаушы қызметтермен тиiстi келiсiмдерi де болуы немесе болмауы белгiленген”.

“22-бап: “Жоба (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша оңды қорытынды мыналарға негiз болып саналады: 1) оны белгiленген тәртiппен бекiту үшiн; 2) құрылысқа қаржыландыру ашу үшiн; 3) жобаны жүзеге асыруды бастауға (құрылыс өндiрiсiне) рұқсат беру үшiн…”

Жоғарыда өзiмiз тоқталған фактiлердi ашып көрсету және одан әрi айқындай түсу мақсатында оқырман қауымға “Кардиохирургиялық орталық” нысанын жобалаған және құрылысын жүргiзiп жатқан компаниялар тарихынан қысқаша мағлұмат бере кеткен жөн. Атап айтқанда, бұл аса маңызды медициналық орталықтың Бас жобалаушысы — Лугано (Швейцария) қаласында орналасқан “IT Engineering S.A.” фирмасы. Ал құрылысын жүргiзiп жатқан – “Mabco Construction S.A.” ЖШС-i.

2007 жылдың 3 мамырында Денсаулық сақтау министрлiгi “Астана қаласындағы 180 орындық Кардиохирургиялық орталық” жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындап, өткiзуге тендер жариялайды. Оған қатысқан 10 фирма-жобалаушылар арасынан 345200000 (үш жүз қырық бес миллион екi жүз мың) теңге құнды ұсынысымен “IT Engineering S.A.” фирмасының филиалы жеңiп алады. 2007 жылғы 28 қарашада “Мемлекеттiк ведомстводан тыс жобаларды талдаудан өткiзу” РММ-i (республикалық мемлекеттiк мекемесi) “IT Engineering S.A.” компаниясының филиалы (директоры А. К. Пистаев) ұсынған жоғарыдағы құжаттар топтамасы негiзiнде оларға оңды қорытынды бередi.

Заңға қайшы келу осы тұстан басталған сияқты. 2007 жылғы 24 қазанда сол кездегi Денсаулық сақтау министрi А. Г. Дерновой қол қойған “Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң бұйрығына өзгерiстер енгiзу” туралы құжат өмiрге келедi. Оның мазмұны бойынша конкурс өтетiн күндi “2007 жылғы 23 қарашадан” “2007 жылғы 4 желтоқсанға” ауыстыруға пәрмен берiлген.

“Астана қаласындағы 180 орындық Кардиохирургиялық орталық” жобасына рұқсат қорытынды алу күнiн (2007 жылғы 28 қараша) осы нысанның құрылысын жүргiзуге мемлекеттiк сатып алу бойынша өткiзiлген конкурс күнiн (2007 жылғы 23 қараша) салыстырып қарар болсақ, бас жобалаушы “IT Engineering S.A.” фирмасының “Мемэкспертиза” РММ-нен оң қорытынды алу мақсатында нелiктен құжаттарды жалған жолмен және қолдан жасауға асыққанын ұғуға болатыны сөзсiз.

Баһадүр АХМЕТУЛЛИН

Серіктес жаңалықтары