“ДИДАРДЫҢ” БАС ЖҮЛДЕСIН “ҚАРАТАС” ИЕМДЕНДI

“ДИДАРДЫҢ” БАС ЖҮЛДЕСIН “ҚАРАТАС” ИЕМДЕНДI

“ДИДАРДЫҢ” БАС ЖҮЛДЕСIН “ҚАРАТАС” ИЕМДЕНДI
ашық дереккөзі
269

“DIDAR-2009” IV Алматы студенттер кинофестивалi “Родина” кинотеатрының Қызыл залында Ұйымдастыру алқасының төрағасы — Нұрбол Баймұханов, Қазылар алқасының төрағасы — Бауыржан Нөгербек, Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы — Игорь Вовнянко, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры — Құдайберген Болатбаевтың салтанатты түрде лента қию рәсiмiмен ашылды.

Фестиваль салтанатты түрде ашылғаннан соң кинотеатрдың екi залында көрсетiлiмдермен жалғасты. Биылғы кинофестивальдiң байқау жұмыстарын Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, киносыншы, профессор — Бауыржан Нөгербек мырза төрағалық еткен Қазылар алқасы саралады, алқа құрамында: режиссер, суретшi, актер — Сәбит Құрманбеков, Ресей Журналистер одағының мүшесi, “Қазақстан” ҰТА Бас продюсерi — Алтынбек Рахметов, ҚР мәдениет қайраткерi, композитор, продюсер — Нұрлан Еспанов және “DIDAR-2008” III Алматы студенттер кинофестивалiнiң Бас жүлде иегерi, режиссер-оператор — Эмир Байғазин болды.

Кинотеатрдың Қызыл залында байқау бағдарламасындағы жұмыстар қазылар алқасының сарабына түссе, Көк залында байқаудан тыс, ақпараттық жұмыстардың көрсетiлiмi өттi. Кинофестивальдiң алғашқы күнi көрсетiлiм барысында кинотеатрдың Көк залында режиссер Әнуар Райбаев жас киногерлерге арнап шеберлiк дәрiсiн өткiздi. Дәрiс соңынан көрсетiлiмдер өз жалғасын тапты.

Биылғы ақпараттық фильмдер қатарында “Ел” продюсерлiк орталығы ұсынған “Төрт бүркiт, бiр бүркiтшiнiң хикаясы”, “Телағыс” және “Арман” муз.клипi; “Қазақфильм” АҚ-нан: “Әурелең”, “В городе А”, “Әкем екеуiмiз” фильмдерi; Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ұсынған “Робинзон” фильмi; Астаналық режиссер С.Сраилов ұсынған “Қалжа” фильмi; Семейлiк Ж. Дүйсенбаевтiң “Жадымда” музыкалық клипi; “Gold frame” студиясының “Письма из далека” фильмi, “Тағдыр”, “Ұлттық қауiпсiздiкке он бес жыл”, “Арт Дала” квартетi” музыкалық клиптерi көрермен назарына ұсынылды.

Екi күнге созылған студенттердiң кино фестивалi де өз мәресiне жеттi. Аталмыш кинофестивальдiң салтанатты жабылу рәсiмi кинотеатрдың Қызыл залында өттi. Қазылар алқасы мүшелерiнiң ұйғарымы бойынша, “DIDAR-2009” IV Алматы студенттер кинофестивалiнiң жеңiмпаздары анықталды.

– Бас жүлде — “Қаратас” фильмi үшiн Әдiлхан Ержановқа бұйырды.

– “Үздiк көркем фильм”: Студенттер байқауы — “Обреченные” фильмi үшiн Талғат Бектұрсынов иемденсе,

Шығармашылық ұжымдар байқауы — “Силуэты Алматы” жұмысы үшiн Нұркен Әмiров жеңiп алды.

– “Үздiк деректi фильм”:

Студенттер байқауы — Айгүл Қажыбекке “Жұрт” жұмысы үшiн берiлдi.

Шығармашылық ұжымдар байқауында — Ермұхамбет Иманбаевқа берiлдi. “Асыл арна” шығармашылық ұжымының “Шуақты ана” жұмысы үшiн алды.

– “Үздiк сценарий” — “The last ethnic nomadz” (Последние этнические номады) жұмысы үшiн Малик Зенгер ие болды.

– “Үздiк режиссерлық жұмыс” — Әдiлхан Ержанов “Қаратас” фильмi үшiн жеңiп алды.

– “Үздiк операторлық жұмыс” — Азиз Жамбакиев “Мысль материальна” фильмi үшiн ие болса;

– “Ұлттық нақыштағы үздiк жұмысы үшiн” — Айгүл Қажыбек тағы да “Жұрт” жұмысымен жеңiмпаз атанды.

– “Үздiк ер адам рөлi” — 1. “Силуэты Алматы” туындысындағы Шыңғыс Искаковке,

2. “Қаратас” туындысындағы Арсылан Акубаев иемдендi.

– “Үздiк музыкалық клип” – “Жүрегiмнiң көз жасы” жұмысының авторлары Бауыржан Махамбетов, Шыңғыс Әлкеев ие болды.

– Кинофестивальдiң үздiк насихатшысы (БАҚ) — Республикалық “Айқын” газетiнiң тiлшiсi Қаншайым Байдәулетова атанды.

Сонымен қатар арнайы дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды:

Қазақстан Кинематографистер одағының арнайы жүлдесi, “Бәйтерек” мүсiншесi мен арнайы дипломын Одақтың төрағасы Игорь Вовнянко — “Велосипед” жұмысы үшiн Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студентi Данияр Мұстафаевқа;

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА арнайы жүлдесi, көркем картина мен арнайы дипломын Академияның проректоры Құдайберген Болатбаев — “Фотографини” жұмысы үшiн Е.Тынышбаев атындағы ТЭКжТДА студенттерi Лидия Мельник, Валентина Сероваға;

“Қазақфильм” акционерлiк қоғамының арнайы жүлдесi, “Нью-Йорк киноакадемиясында iс-тәжiрибеден өту жолдамасы туралы” сертификаты, ақшалай (70 мың теңге) сыйлығы және арнайы дипломын “Қазақфильм” АҚ Продюсерлiк орталығының бас директоры Серiк Жұбандықов — Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студентi Әдiлхан Ержановқа табыстады.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары