ҚЫТАЙЛЫҚ АЯҚ КИIМДЕР – АРЗАН ӘРI САПАСЫЗ

ҚЫТАЙЛЫҚ АЯҚ КИIМДЕР – АРЗАН ӘРI САПАСЫЗ

ҚЫТАЙЛЫҚ АЯҚ КИIМДЕР – АРЗАН ӘРI САПАСЫЗ
ашық дереккөзі
239

Қытайда шығарылатын арзан әрi сапасыз аяқ киiмдердiң кесiрiнен пайда болатын түрлi дерттерге бүкiл әлем алаңдай бастады. Дәрiгерлер қауымы сатылымда жүрген сапасыз өнiмдермен күрес мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлуi тиiс дейдi. Ал бiздiң билiк “шикiзатқа иек артудан арылып, дайын өнiм өндiруге көшейiк!” деген ұранды тек сөз жүзiнде iске асыруға шебер. Есесiне, iшкi нарықты қытайлық сапасыз өнiмдер жаулап алған.

Өткен аптаның соңында Түркияның “Уеni Safak” газетi “Бұл аяқкиiмдерден абай болыңыз” (“Bu ayakabbilara dikkat”) атты мақала жариялады. Аталған мақалада түркиялық нарықты жаулап алған арзан әрi сапасыз аяқ киiмдерден келетiн зиян туралы айтылған: “Мамандар балалар арасында арзан әрi сапасыз қытай аяқ киiмдерiнiң кесiрiнен түрлi аурулар мен әлсiздiк дертiне әкеп соғатынын айтып, дабыл қағуда. Ozel Bahar ауруханасының ортопед және сынықшы маманы Мұрат Сайлык аяққа жайсыз әрi ыңғайсыз келетiн қытай өнiмдерiнiң кесiрiнен балалар аяғында жара шығып, тершеңдiк пен шуаш пайда болатынын, майтабан дертiне ұшырайтынын мәлiмдедi. Ал қыз-келiншектер қауымы 30-40 жыл бұрын терiден тiгiлген әжелерi мен аналарының аяқ киiмдерiн сандық түбiнен шығарып, етiкшiлерге қарай ағылуда. Өйткенi, олар қытай аяқ киiмдерiн сатып алғаннан гөрi отандық сапалы тауарды бүгiнгi күннiң сән үлгiсiне сәйкес қайта тiктiрудi қалайды”. Негiзi түрiктердi алаңдатқан бұл проблема қазақ қоғамына да тән. Әрине, бiздiң қыз-келiншектер қауымы сандықта сары майдай сақтаған әжелерiнiң аяқ киiмдерiн қайта тiктiруге әуес емес. Оның үстiне, кеңестiк дәуiрден қалған өнiмдердiң күнi бүгiнге дейiн сақталғандары саусақпен санарлықтай. КСРО ыдырағаннан кейiн-ақ өндiрiстiк қауқары сыр бере бастаған посткеңестiк елдер, әсiресе, аспанасты елiмен көршiлес жатқан қазақ, қырғыз, орыстар iшкi нарықты арзан әрi сапасыз қытай өнiмдерiмен толтыруға мәжбүр болды. Ресей тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруда бiрте-бiрте отандық өнiм өндiрушiлерге мемлекеттiк тұрғыда қолдау көрсете бастады. Осының арқасында ресейлiк қаз тұрған жеңiл өнеркәсiп пен аяқ киiм өнеркәсiбi сыртқа экспорттау iсiн дамытуға ден қойды. Бүгiнде қазақ нарығын жаулап алған ресейлiк аяқ киiмдер, әсiресе, балаларға арналған өнiмдер сапалы болғанмен, кез келгеннiң қалтасы көтере бермейдi. Мұндайда қағазда көрсетiлген құны бағадан гөрi, ұялы телефон нөмiрлерiне көбiрек ұқсайтын түрiк немесе еуропалық тауарлар туралы сөз қозғаудың өзi артық.

Мамандар бүгiнгi таңда iшкi нарықтағы киiмдер мен аяқ киiмдердiң 95 пайызға жуығы Қытай, Ресей, Қырғызстаннан тасымалданатынына алаңдайды. Оның үстiне, туауарлардың басым бөлiгi контрабандалық жолмен, яғни, заңсыз тасымалданады екен. Мұндай заң бұзушылықтан билiк хабардар. Бiрақ күресуге мүдделi емес. Сорақысы сол, заңсыз тауар тасымалдаушылардың қылмысын бүркемелеп отыратын шенеунiктер бар. Қазiр құқық қорғау қызметкерлерi қырғидай тиiп жатқан жемқорлар арасында iрiлi-ұсақты шенеунiктердi кездестiру ешкiмге таңсық емес. Бiрақ олардың көпшiлiгi – “айран iшкендерден” гөрi “шелек жалаймын” деп жүрiп тұтылып қалғандар. Яғни, жеңiл өнеркәсiптi дамытуға, отандық кәсiпкерлер үшiн адал да әдiл бәсекенi қалыптастыруға кедергi жасап отырған “шортандарды” қармаққа iлу – қиынның қиыны. Ал отандық дәрiгерлер бiрнеше жылдан берi әскер қатарына шақырылатын жастар арасында майтабан дертiне шалдыққандардың көптiгiн, осының кесiрiнен тепсе, темiр үзетiн жастардың көпшiлiгi әскерге iлiнбей қалатынын айтып, дабыл қағумен келедi. Назар аударсаңыз, бүгiнгi кәмелеттiк жасқа ендi толғандар – КСРО ыдырған кезде жарық дүние есiгiн ендi ашқандар. Сол кезеңде қазақ нарығына лап берген сапасыз қытайлық өнiмдердiң негiзгi тұтынушыларының арасында сәбилер де болатын. Қазiргi бүлдiршiндер арасында артроз, сколиозға шалдыққандар саны артуда. Оған сапасыз синтетикалық материалдардан жасалған аяқ киiмнiң кесiрiнен пайда болатын аллергия мен аяқтан шығатын сасық әрi жағымсыз иiстi тағы қосыңыз. Мамандар дүкендер мен базарлардағы деклорацияланбаған тауарлардың көптiгiн көлденең тартады. Олардың пiкiрiнше, шекарадан берi өткiзiлетiн тауарларды тасымалдау тәртiбiн өзгерту керек, яғни, шетелдiк тауар өндiрушiлер халықаралық сауда тәжiрибесiне сәйкес, дайын өнiмнiң салмағына қарай емес, әр данасына ақы төлеуi тиiс. Бiзге импортталатын жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiне салықтық тұрғыда жақсы жағдай жасалғандықтан, отандық өнiмдердi өндiру – тиiмсiз, есесiне, алыпсатарлықпен айналысқан әлдеқайда жеңiл әрi пайдалы. Тағы бiр қиындық, 1991 жылдан берi жеңiл өнеркәсiп саласында министрлердiң 7-8 рет “ат ауысытырып” мiнуi де аталған саланы жүйелi түрде дамытып, оның түйткiлдерiн шешуге керi әсер етiп отыр. Басшысы тұрақтамаған салада береке болмасы белгiлi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары