“ШӘМШI” №5
“ШӘМШI” №5
Мерекеге толы мамыр айындағы журналдың кезектi бесiншi нөмiрi жарыққа шықты. Басылымның беташар сөзi бас редактордың Ұлы Отан соғысы ардагерлерiн құттықтауымен, аулындағы соғыстың соңғы жауынгерiне деген құрметiмен ашылыпты. Басылымда әдеттегiдей “қазақ вальсiнiң королi” жөнiнде мәлiметi мол, оқырман қызыға оқитын мақалалар берiлiптi.
Мәселен, Қ. Нұрбековтiң “Аманат” айдарымен берiлген мақаласы мен “Шәмшi туралы көркем фильм түсiрiлуi керек” деген А. Әшiмовтiң сұхбаты және “Көзкөрген” айдарымен жарияланған А. Бекбосынның естелiктерiнен оқырмандар композитордың шығармашылық қыры мен адами болмыс-бiтiмiн жете тани түседi.
Журналист О. Дәуiттiң тараздық кәсiпкер, облыстық мәслихаттың депутаты А. Майлыбаев жөнiндегi мақаласы, Қазақ қатынас жолдары университетiнiң ректоры А. Омаровтың жүрекжарды әңгiмесi осы нөмiрден орын алған.
“Адам бол! Нағыз маман бол!” деген тақырыппен жарияланған Г. Омарованың проблемалық мақаласы ағалы мен “жағалының” заманы өткенiн, нарық заманында бiр кәсiптi терең игеру арқылы ғана өмiрден өз орныңды таба алатыныңды сөз етсе, Ж. Шағатайдың “Қазақ армиясының он жетiншi көктемi” аты айтып тұрғандай армияға қатысты мәселенi көтередi.
С. Ақылбектiң “Орта ғасырлық Сауран медресесi” тарих тұңғиығынан сыр шертсе, Қ. Бiләлдiң “Мемлекеттiк мүдде және дiн” мақаласы елiмiздегi дiни ахуалды талдайды. Сондай-ақ, ақын И. Исаевтың “Жүректегi жазулар” топтамасын, С. Сыбанбайдың “Ән әлемiнiң “әттеген-айлары”, Ғ. Мелдештiң “Пiр Бекеттi бетке алып…”, Х. Қожахметовтiң “Ең жас күрес түрi” және А. Шаймерденұлының “Толғағы тәттi ән” деген мақалаларымен таныса аласыздар.