“АРНА МЕДИА” БАҚ-ТЫҢ РӨЛIН АРТТЫРМАҚ

“АРНА МЕДИА” БАҚ-ТЫҢ РӨЛIН АРТТЫРМАҚ

“АРНА МЕДИА” БАҚ-ТЫҢ РӨЛIН АРТТЫРМАҚ
ашық дереккөзі
476

Бүгiнде елiмiздегi белдi бұқаралық ақпарат құралдарының бiразы “Арна Медиа”, “Нұр Медиа” сынды холдингтердiң құрамына өтiп жатқаны белгiлi. БАҚ-ты өз қоластына алып жатқан медиахолдингтердiң бұл әрекетi оңтайлы нәтиже бере ме? Жақында медиа кеңiстiкте пайда болған холдингтер Алматыда бас қосып, арнайы PR форумда өз ойларын ортаға салды.

Екi күндiк пиаршылар форумында “Арна Медианың” тұсаукесерi кесiлдi. “Арна Медиа” құрамына “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда” газеттерi, “Хабар”, “Қазақстан” телеарналары”, “ҚазАқпарат” агенттiгi секiлдi елiмiздiң iрi республикалық бұқаралық ақпарат құралдары енген. “Арна Медиа” ұлттық ақпараттық холдингiнiң Ақпараттық-сараптамалық тобының жетекшiсi Ботагөз Төреханованың айтуынша, “Арна Медианы” құрудағы басты мақсат — мемлекеттiк масс-медианың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру. Бұл үшiн мемлекет пен ақпараттық рыноктың мүддесiн теңдестiрудi қамтамасыз ету қажет. Холдинг аталған ақпараттық компаниялардың өнiм сапасын көтерудi қолға алып, отандық БАҚ-тың үлес салмағын арттыруға басымдық бермек. Әсiресе, телехабарлар таратудағы бағдарламалық саясатты мемлекеттiк есепке ала отырып, телеарналардың жаңа тұғырлы бағытқа ие болуын қарастырады. “Арна Медиа” ұлттық ақпараттық холдингiнiң Ақпараттық-сараптамалық тобының жетекшiсi Ботагөз Төреханова: “Бiздiң медиа-ресурстарымыз — жеткiлiктi түрде күштi, ұзақ жылдардан берi жұмыс iстеп келе жатқан және өз аудиториялары бар әйгiлi брэндтер. Қазiрдiң өзiнде олардың тақырыптық жiктелуi үшiн алғышарттар бар. “Хабар” iскерлiк ақпараттық арна ретiнде барынша дамитын болады. Ал, “Қазақстан” телеарнасы әлеуметтiк тақырыптарға бейiмделедi, — дегендi айта кеттi. 2015 жылға қарай “Хабар” мен “Қазақстан” телеарналары толығымен сандық форматқа көшiрiлiп, ресми ақпараттар тарату жаңа сипатқа ие болмақ. Холдинг газеттерiнiң дизайнын жақсартып, iскерлiк қосымшаларды шығаруды көздеп отыр.

Сондай-ақ, форумда PR индустрия мен медиа индустрия арасындағы байланыстың жөн-жосығы сөз болды. Қазiр ақылы материалдарға бөлiнетiн қаражаттың қысқаруы БАҚ-қа да, пиаршыларға да жаңа жұмыс тәсiлдерiн iздеуге, көрермен мен оқырманның сұранысы үшiн еңбек етуге жетелейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары