“ДАРАБОЗДЫҢ” ДАРАБОЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

“ДАРАБОЗДЫҢ” ДАРАБОЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

“ДАРАБОЗДЫҢ” ДАРАБОЗЫ АНЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі
401

Дүниежүзiлiк балаларды қорғау күнiне орай ұйымдастырылған, балаларға арналған халықаралық “Дарабоз” әдеби бәйгесi мәресiне жеттi. Бұл байқау осымен төртiншi рет өткiзiлiп отыр.

Бұған дейiн өткен бәйгелердiң жеңiмпаздарының шығармалары “Баянжүрек” баспасынан “Кәусәр бұлақ” сериясымен кiтап болып шығып, республика балаларына тегiн таратылды. Бәйгенiң қаржылай қолдаушысы “ZHERSU” инвестициялық корпорациясының басшысы, ел қамқоршысы Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов. Сонымен бұл бәйгенiң қоржынына 154 хат (511 шығарма) түстi. Шығармалар байқау шартына сай болмағандықтан 40 шығарма қазылар алқасына жiберiлмептi. Ай бойы тексерiстен соң, бәйге жеңiмпаздары төмендегiдей орындарға ие болды. Бас бәйге (3 мың АҚШ доллары) “Елжан” атты лақап атпен жiберiлген Несiпбек Дәутаевтың “Алтын балық” повесiне берiлдi. Екi бiрiншi бәйгелердi, яғни, 1500 АҚШ долларын Кәдiрбек Сегiзбайұлының (бүркеншiк аты “Құламерген”) “Жетiм қонжық” хикаяты мен Дулат Шалқарбаевтың (лақап аты “Мәлiк”) “Бағлан” әңгiмесi алды. Екi екiншi бәйгенiң иелерi “Алғашқы асу” повесi (бүркеншiк аты “Ұшан”) Жаңабай Кемал мен “Аңыз тас” поэмасы (бүркеншiк аты “Байжан”) Көмек Ыбырайұлы 750 АҚШ долларына ие болды. Үшiншi үш бәйгенi еншiлеген Темiр Мыңжасұлының (лақап аты “Жеменей”), “Сүлеймен-Саржалпақ және кастөл лом” әңгiмесi, Кеңес Оразбекұлының (лақап аты “Жолболсын”) “Тұран баһадүрлерi” ертегi-хикаяты және Тұрдақын Жексенбай (лақап аты “Қоңыр”) “Салшы” повесi болды.

Алты ынталандыру сыйлығын Ақылбек Шаяхметтiң (лақап аты “Қаракөз”) “Бiрден онға дейiн” поэмасы, Дулат Шалқарбаевтың (лақап аты “Сағыр Кәлпе”) “Ремет батырдың балалық шағы” аңыз әңгiмесi, Дiлдәр Мамырбаеваның (лақап аты “Шұға”) “Қош бол, балалық” повесi, Балтабай Әдiлдiң (лақап аты “Гүлпатша”) “Бiлiм бұлағы” ертегiсi, Асхат Өмiрбаевтың (лақап аты “Дымбiлмес”) “Еңлiк гүл тауда өседi” повесi және Таупық Рымжановтың (лақап аты “Адырлы”) “Су талқан” повесi алды.

Бұл конкурстың бiр ерекшелiгi — жабық бәйгенiң ел ортасында (жасырын аты бар хатты ашып) анықталып, сыйлығының қолма-қол берiлуi едi. Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшiлер үйiнде 1 маусым — дүниежүзiлiк балаларды қорғау күнi қарсаңында өткен бұл салтанатты марапаттау шарасының әдiлеттi әрi шынайы өткенiне куә болдық.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары