ТЕҢIЗ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ҚОРЛАР ДАУЫ

ТЕҢIЗ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ҚОРЛАР ДАУЫ

ТЕҢIЗ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ҚОРЛАР ДАУЫ
ашық дереккөзі
268

Жердi бөлiсе алмай таусылған кейбiр елдер ендi мұхит пен теңiз түбiне таласуда. Өйткенi, сарқылуға айналған табиғи ресурстардың игерiлмеген бөлiгi судың астында сақтаулы.

Жер бетiндегi түгелiсiп бара жатқан табиғи ресурстар үшiн күрес қыза түскен. Мұнай мен газ, бағалы және түрлi түстi металл, тасымал жолдары шектеулi көмiрсутегiлер әлемдiк саяси сахнаның күн тәртiбiне шықты. Кремль дайындаған “Ұлттық қауiпсiздiк стратегиялары” атты құжатта әлемдiк қорлар жолындағы тайталас Арктика, Таяу Шығыс, Баренцево мен Каспий теңiздерi, Орталық Азиядағы көмiрсутегiлерге бай мемлекеттерде орын алуы мүмкiн екендiгi айтылған. Халықаралық агенттiктер тарапынан ұсынылған деректерге сүйенсек, алдағы 10-15 жылда Жер шарында табиғи ресурстарды иемденудi көздейтiн күрес жиiлейдi. Өйткенi, жұмыр Жерге бұйырған мұнай мен газдың игерiлмеген бөлiгi (100 миллиард баррель) Солтүстiк Мұзды мұхиттың түбiнде жатыр. Қазiргi кезде миллиардтаған “қара алтынға” қожалық ету құқығына АҚШ, Дания, Норвегия, Канада мен Ресей таласуда. Тiптi, АҚШ, Канада мен Ресейдiң мұхит жағалауына тұрғызған әскери қалашықтары бар, ал қарулы қақтығыстарға дайын тұрған әскери қару-жарақтар кез келген сәтте берiлуi мүмкiн бұйрықты күтiп, қаңтарылған. Орыстар әскери-теңiз күшiнiң үштен екiсiн солтүстiк бөлiкке шоғырландырса, оларға қарсы Құрама Штаттардың әлемдi айбынымен ықтырған Екiншi флоты тұр. Мамандардың көпшiлiгi алдағы онжылдықта Жер шарында болмаған ең сұрапыл соғыс осы энергоқорлардың соңғы сарқыны сақталған Солтүстiк Мұзды мұхиттың төңiрегiнде болатынын айтады. Ресми деректерге сүйенсек, Арктиканың жағалауына жататын 5 мемлекет – АҚШ, Канада, Дания, Норвегия мен Ресей тек өздерiне тиесiлi жағалауда 200 мильге ғана иелiк етсе, мұхиттың қалған бөлiгi ешкiмнiң қожалығында емес. Мұхиттың бөлiгiн барынша молынан қарпып қалуға тырысқандарға БҰҰ тарапынан талап қойылды: егер мүдделi мемлекеттер мұхиттың өзге бөлiгiндегi елмен шектесетiн шекараларды анықтаса, мұхиттағы қосымша бөлiкке ие болады.

Бес ел осылайша мұхит түбiндегi көмiрсутегiлерге таласып жатқанда 69 мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының комиссиясына теңiз түбiнде жатқан табиғи ресурстар қай елге тиесiлi екендiгiн анықтап беру туралы деклорацияларын жолдады. Әзiрге аймақтық жер дауына әкеп соғуы мүмкiн бұл мәселе шешiлген жоқ. БҰҰ тарапынан бекiтiлген заңдық құжаттарға сәйкес, теңiзден 220 миль (370 шақырым) қашықтықтан алыс орналаспаған кез келген мемлекет теңiз тереңдiгiнде сақталған қорларды пайдалануға құқылы. Алайда, территориясының басым бөлiгi теңiз қайраңында жатқан кейбiр елдер ресурстарға қатысты үлес салмағын арттыруға ниеттi. Сондықтан 69 мемлекет БҰҰ-ға нақты шекараларды белгiлеп берудi тапсырды. Ал БҰҰ тексеру жұмыстарын жүргiзе келе, әлемдiк картадағы теңiз шекараларын нақты әрi айқын белгiлеу iсiне кiрiсiп кеттi. Бүгiнде жер дауымен бiрге теңiз дауы да өрши түскен. Мысалы, Жапония мен Ресей арасындағы аралдарға байланысты туындаған дау, Фольклендтiк аралдарға таласқан Ұлыбритания мен Аргентина, Оңтүстiк-Қытай теңiзiн бөлiсе алмай шаршаған Қытай, Малайзия, Филиппиндер мен Вьетнам т.б.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары