СЫР ЕЛI СЕРПIЛIСТIҢ АЛДЫНДА

СЫР ЕЛI СЕРПIЛIСТIҢ АЛДЫНДА

СЫР ЕЛI СЕРПIЛIСТIҢ АЛДЫНДА
ашық дереккөзі
180

Жуырда Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов ақпарат құралдарының өкiлдерiмен кездестi. Елiмiздiң экономикасын жетiлдiру мен халықты жұмыспен қамтудың стратегиясын жүзеге асыруда өңiрде көптеген жұмыстар белсене iске асырылуда. Дағдарыстан шығудың жолдары мен даму бағыттарына орай Сыр елiнде қандай жұмыстар iске асырылып отыр?! Мiне, осы орайда журналист Мәуе Қожагелдi облыс әкiмiне бiрқатар сауалдар қойған едi.

– Болатбек Баянұлы, дағдарыс бүкiл әлемдi жайлап тұрған кезеңде Қызылорда облысының азық-түлiк проблемасы да жұртты алаңдатпай қоймады. Осыған орай, Қызылорда қаласында “Азық-түлiк белдеуiн” құру және дамыту жөнiнде тұжырымдама қабылданды. Бұл жобаның жүзеге асырылу барысы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қызылорда қаласының азық-түлiк өнiмдерi белдеуiн жасау мәселелерi бекер көтерiлiп отырған жоқ. Бiз тауық етi мен жұмыртқаны сырттан тасымалдаймыз. Сыр өңiрiнiң тауық етiн өндiруге толық мүмкiндiгi бар. Құс фабрикасын ашатын талапкерлерге көмек көрсетiледi. Өкiнiшке қарай, шағын наубайханалардан басқа наубайханалар жоқ. Тәулiгiне 30 тоннаға дейiн нан өнiмдерiн шығаратын кәсiпорын салуды, қолға алатын мерзiм жеттi. Еттi арнайы өңдеуден өткiзетiн кәсiпорындар қажет. “Азық-түлiк белдеуiн” облыс орталығынан 80 шақырым аумақта орналасқан елдi мекендер арқылы жүргiзу көзделiп отыр. Бұл аймаққа 39 елдi мекен кiредi. Оларға Жалағаш ауданынан – 2, Шиелi ауданынан – 5, Сырдария ауданынан – 14, қалаға қарасты 18 елдi мекендер тартылды. Бұл мекендерде көкөнiс, бақша, жемiс-жидек өнiмдерiн өндiретiн шаруашылық құрылымдары жоқтың қасы. Сондықтан, дақыл егiстiктерiнiң көлемiн ұлғайтуда әр аймақтың ерекшелiктерi ескерiлiп, селолық тұтыну кооперативтерiнiң мүмкiншiлiктерiн кең пайдалану жобалануда. Қала көлемiнде 1500 шаршы метрдi құрайтын үш кешендi жағажай құрылысы, қуаттылығы жылына 51,4 млн. дана жұмыртқа өндiретiн құс фабрикасы, мал бордақылау кешенi,сыйымдылығы 20 мың тонна көкөнiс сақтау қоймасы мен сауда – логистикалық терминалын салу, тауарлы балық шаруашылығын құру жоспарланды. Сонымен бiрге “Алтын қамба” ЖШС-нiң негiзiнде дәндi дақылдарды өңдейтiн төрт iрi зауыт кешенi пайдалануға берiлмекшi, оның құрамына элеватор, құрама жем және күрiш өңдеу кәсiпорындары кiрдi. Мұның барлығы қаланың және облыстың әлеуметтiк- экономикалық дамуында маңызы бар iрi жобалар болып табылады. Мұнымен бiрге облыс орталығында азық — түлiк бағдарын тұрақтандыру мақсатында оңтүстiк облыстардан тасымалдау үшiн қала бюджетiнен 30 млн. теңге қаржы бөлiнiп, өнiмдер “Арзан базар” қоймасында сақталады, халыққа арзан бағамен сатылады.

– Облыстың экономикалық тұрақтылығын, әлеуметтiк игiлiгiн және экономикасын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар қалай жүргiзiлiп жатыр?

– Бүгiнде әлемдiк қаржы дағдарысының зардаптары қазақстандықтарға да айтарлықтай тиiп отырғаны аян. Елбасының саралы саясаты арқасында, ұстанған дұрыс бағдардың арқасында дағдарыс салдарын мейлiнше төмендетуге мүмкiндiк туды. Бiздiң аймақтың одан әрi дамуына, қолда бар мүмкiндiктердi пайдаланудамыз. Қызылорда облысының 2009–2011жылдарға арналған экономикалық тұрақтылығын, әлеуметтiк игiлiгiн және экономикасын жаңартуды қамтамасыз ету жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар жоспары қабылданып, тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Сонымен қатар, ауыз су және аяқ су мәселелерiн шешудi қолға алмақпыз. Ауыз су үнемi берiлiп отырса, жасыл белдеулер пайда болып, экологиялық жағдайлар жақсарады. “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының кезектi ХII съезiнде Сыр өңiрiне ерекше назар аударылып, бұдан былайғы дамуымызға тың серпiн бередi деп ерекше үмiттенемiз.

– Дағдарысқа қарсы жоспарға ұлттық қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын сақтау, тұрғын үй құрылысын қолдау мен үлескерлер проблемаларын шешу мақсатында қандай жобалар ендi?

– Әрине, жобаға шағын және орта бизнестi, агроөнеркәсiп кешенiн дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру сияқты аса маңызды бағыттар ендi. Тұтастай алғанда ел экономикасына дағдарысқа қарсы мақсаттарда 2,7 триллионнан астам теңге бөлiндi. Жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейiнiң өсуiне жол бермеу, дамудың тұрақтылығына жағдай жасау ерекше мiндет болып табылады. Осыған байланысты еңбекпен қамту және кадрлар даярлау стратегиясын iске асыруға байланысты облыста iлкiмдi жұмыстар жүргiзiлуде. Аймақ бойынша арнайы бюджет бөлiнiп, қаржы көлемi нақтыланды. 2009 жылдың тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық жөндеуге жергiлiктi бюджеттен бөлiнген 1,0 млрд. тенге 6,7 млрд.-қа жеткiзiлуi тиiс. Сол кезде қосымша жаңа жұмыс орындары ашылды. Мектептердi, ауруханаларды және басқа да әлеуметтiк нысандарды жөндеуге байланысты осы жылға қабылданған бюджеттен 11 мектеп 9 денсаулық сақтау нысанына күрделi жөндеу жүргiзiлмек. Қазiргi кезде апаттық жағдайда тұрған 30-дан астам мектептiң 18-нiң құрылысын аяқтау керек. 15 мектеп, 12 денсаулық сақтау нысандары күрделi жөндеудi қажет етедi. Бұл жұмыстарды атқару үшiн 9 млрд. теңге қажет. Бұл жағдайда екi мыңдай жұмыс орны ашылады.

Облыстағы жалпы 400 шақырым жолдарға жөндеу және қайта жөндеу жұмыстары жүргiзiледi. Бұл жерде де 2000 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету деген сөз.

Мемлекет жалақының 50 пайызын төлеп, қалған 50 пайызын жұмыс берушi компаниялар төлейтiн 300 — дей әлеуметтiк жұмыс орындарын ашу көзделген.

– Болатбек Баянұлы, Қызылорда қаласында “Жiбек жолы” бетонды су арнасы салынуда. Алдағы уақыттағы өмiршеңдiгi қалай болар екен?

– Дұрыс айтасыз, “Жiбек жолы” каналын жаңарту жолының тиiмдiлiгi қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету тиiмдiлiгiнде! Қызылорда қаласының тұрғындары үй маңындағы жерлерiн таза ауыз сумен суарады. Ал ауыз суды үнемдеу керек емес пе, сондықтан да каналдың алатын орны ерекше болып тұр. Ұзындығы 4556 метрдi құрайтын канал құрылысына 416 млн. теңге бөлiнiп, бүгiнде жұмыс аяқталуға жақын. Бүгiнде құрылыс басында 300-ге жуық маман мен 100 қаралы техника бiрлiгi жұмылдырылған. “Жiбек жолы” арнасы аяқталған соң, оның үстiне сегiз жерден жаяу жүргiншiге арналған өткелдер салынбақшы. Балаларға базарлық ретiнде 8 шағын бассейн қызмет көрсетедi. Канал пайдалануға берiлгенде 5 шағын аудан тұрғындары орта есеппен алғанда 21 мың үй ауыз сумен қамтамасыз етiлетiн болады. Қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету 3 кезеңге бөлiнiп атқарылады. 1 кезеңде “Жiбек жолы” салынса, 2 кезеңде 233 млн. теңге қаржыға Бөкейхан көшесiндегi канал күрделi жөндеуден өтедi. Ал, үшiншi кезеңде қала көшелерiне бетондалған арықтар жүргiзiлетiн болады.

– Индустриялық-инновациялық жобалар, оның iшiнде “Оңтүстiк” кәсiпкерлiк корпорациясымен бiрлесiп жүзеге асыру көзделiп отырған жобаның жағдайы қалай болмақшы?..

– Облыстың агроөнеркәсiп кешенiнiң дамуында “Оңтүстiк” корпорациясымен Қызылорда облысының әкiмдiгi арасында 2008-2009 жылдарға арналған iс-қимыл жоспары бекiтiлдi. Бұл жоспарға байланысты облыстық ауыл шаруашылығы саласында бiршама ауқымды жұмыс атқарылатын болады.

Бүгiнгi күнi Қазалы және Жаңақорған аудандарында мал өнiмдерi мен көкөнiс – бақша өнiмдерiн өндiру және өңдеу бағытындағы екi сервистiк дайындау орталығы құрылды. Жемiс-көкөнiс өнiмдерiн өндiру, және көкөнiс саласын дамыту бағытында Жаңақорған ауданынан құрылған “Жаңақорған СДО” ЖШС 300 гектар жерге тамшылап суару технологиясын пайдалана отырып, 200 гектар томат, 30 га картоп, 50 га жүзiм, 20 га алма, жемiс-жидек егу жұмысын жүргiзуде. Өндiрiлген өнiмдердi өңдеудi ұйымдастыру мақсатында осы жылы жобалық құны 4,5 млн. еуроны құрайтын италияндық томат өңдеу зауытын салу межеленуде. Осы ауданда жалпы көлемi 500 гектар болатын 100 шағын жылыжай құрылысы салынуда және 15 мың. бас қойға арналған бордақылау алаңын салуда. Байқоңыр қаласында сыйымдылығы 1800 тонна болатын 9 сақтау қоймасы “Оңтүстiк” корпорациясына сенiмдi басқаруға берiлдi. Сыйымдылығы 600 тонна болатын 3 жемiс-жидек өнiмдерiн сақтау қоймасы iске қосылды.

– Үкiметтiң дағдарысқа қарсы iс-қимыл жоспары бекiтiлгенi берi бiршама уақыт өттi. Сондағы “Жол картасы” деген атау алынған жоспар халықты жұмыспен қамту мен дағдарыстан кейiн орнықты дамуға жағдай жасау бағыттарын ұсынды. Осыған байланысты қандай шаралар жүргiзiлуде?

– Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының iс-шаралары мұқият жасалды. “Жол картасында” айқындалған тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесiн жаңарту, мектеп, аурухана ғимараттарын жөндеу, республикалық және жергiлiктi маңызы бар автожолдарды қалыпқа келтiру, агроөндiрiстiк кешендi жедел дамыту секiлдi негiзгi жұмыстар қамтылды. Бұл жоспардың жүзеге асырылуы аймақтың алдағы дамуының негiзгi бағыттары болмақшы. Дағдарысқа қарсы штаб құрылып, қала, аудан әкiмдiктерi тарапынан өңiрлiк бағдарлама жасалып, “Жол картасына” байланысты жүзеге асырылатын мерзiмi белгiлендi. Өңiрдiң жұмыспен қамту картасы жасалып, Үкiметтiң iс-қимыл жоспарын жүзеге асыруда ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi әр өңiрдегi жұмыс орындарының мүмкiн болар қысқару көлемiн анықтау негiзiнде қаржыландыру лимитiн нақтылады. Бiздiң аймақ бойынша, тәуекел аймағында тұрған адамдар саны 14500 адам болып отыр. “Жол картасында” нақтыланған мiндеттердi жүзеге асыру үшiн облыс бюджетiнен бөлiнетiн қаржы көлемi 31 млрд. теңге болса, мемлекеттен жұмыс орындарының санына сәйкес қаралған қаржы 4,3 млрд. теңге. Дағдарысқа бағытталған жоспарды нақты iске айналдыруға жобаланған 7,4 млрд. теңгенiң 2,6 млрд теңгесi тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңартуға жұмсалмақшы. Ал, жалпы 47 жоба ұсынылып, ондағы жаңадан ашылатын жұмыс орны 2933 адамды қамтиды. Жергiлiктi маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша берiлiп отырған жоба саны – 41. Осы жоба үшiн 3 млрд. теңге жұмсалып, жаңадан 2135 адам жұмыспен қамтылды. Ал, 2626 жұмыс орны ашылды деп жобаланып отырған аудандар мен ауылдық жерлердегi әлеуметтiк басымдықтағы жобаларға жұмсалар қаржы 350 млн. теңге болып отыр. Осылайша Сыр елiнiң жобаларды жүзеге асыруы бойынша 10843 әлеуметтiк жұмыс орындары мен жастар тәрбиесiн ұштастыру мақсатында 3667 жаңа жұмыс орындарын ашу жобаланып отыр. Дағдарыстан дамуға бағытталған жоба елiмiздi қиындықтан алып шығатыны сөзсiз

– Болатбек Баянұлы, биыл Қызылорда қаласының – 190, облыстың – 70 жылдығы өткiзiлмекшi. Қазiргi күрделi кезеңде мұндай мерейтойларды жоғары деңгейде өткiзу оңай бола қоймас…

– Үстiмiздегi жылы Қызылорда қаласының – 190, облыстың – 70 жылдығы атап өтiледi. Оған дайындық жұмыстары жүргiзiлуде. Қыркүйек, қазан айларына дейiн қала мен аудан орталықтарын жаңғыртып, салынып жатқан құрылыстарды аяқтап, тұсауы кесiледi. Соған дейiн ортақ үйiмiздi жөндеп, қаламызды дұрыстап аламыз.

2008 жылмен салыстырғанда, Қызылорда облысы жұмыс орындарын ашу жөнiнен жоғары мiндеттеме алып отырған екi өңiрдiң бiрi. Маңғыстау мен бiздiң облыс осындай мiндеттер алса, өзге аймақтарда жұмыс орындарын ашу екi есеге дейiн төмендемек. Қызылордалықтар Көксарай су реттегiшiнiң құрылысында да өз қолтаңбасын қалдырады. Осы нысанға бiзден 1000-дай адам тартуға келiсiм жасалды. Қазiрдiң өзiнде онда жүзден астам маман жұмыспен қамтылған. Мұның бәрi – түйiндi мәселелердiң алдын алудың жемiсi. 2009-2010 жылдары облысымыз дами, түлей түседi. Облыстағы iрi елдi мекендер үлкен құрылыс алаңдарына айналуы керек. Осылайша қиын кезеңдi абыроймен өткiзсек, бiздiң ұйымшылдығымызға, бiздiң елдiгiмiзге, осында еңбек етушi азаматтарға абырой емес пе?! Қазiргi кезде жұмылған жұдырықтай болуымыз керек. Бiрiн-бiрi сынайтын кез емес. Облыста жасалып жатқан жұмыстарды, ашылған жаңа бизнес көздерiн, елдiң тұтастығын, бiрлiгiн көрсеткеннен еш ұтылмаймыз. Әрине, сын да керек. Бiрақ, сынаудың да өз ретi бар. Ақпарат құралдары осындай қиын кезеңде халықтың еңсесiн көтерiп, жiгерлендiрiп, жұмылдырып, жаңа бастамаларды қолдағаны жөн болар едi.

– Болатбек Баянұлы, әңгiмеңiзге үлкен рахмет!

Мәуе ҚОЖАГЕЛДI

Серіктес жаңалықтары