ЕШКIМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
ЕШКIМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Үкiметтiң дағдарысқа қарсы бағдарламасын сәттi iске асыруының нәтижесiнде 2009 жылдың бiрiншi тоқсанында, Қазақстанда 60 244 (соның iшiнде 28 109-ы ауылдық жерлерде) жаңа жұмыс орындары ашылды. 60 244-тiң 39 593-i — тұрақты жұмыс орындары. Аталған мерзiмде жұмыспен қамту органдарына өтiнiш бергендердiң iшiнен 42 174 адам (53,1 пайыз) жұмысқа орналасса, 7 653 адам қайта даярлықтан өтуге және кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға жiберiлген. Жалпы алғанда, 31 900 адам қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылған.
Дағдарыс кезеңiндегi халықты жұмыспен қамтудың бiр жолы — мектептер мен ауруханаларды, тас жолдар мен басқа да әлеуметтiк нысандарды жөндеу. Ел Үкiметi “Жол картасы” шеңберiнде бұл мақсатқа 140 млрд. теңге қаржы бөлдi. Жергiлiктi атқарушы органдардың алдын-ала болжаған мәлiметтерi бойынша, “Жол картасының” барлық бағыттары арқылы 4726 жобаны iске асыру және 260 мыңға жуық жұмыс орындары құру жоспарланған.
Мәселен, әлеуметтiк жұмыс орындары ашу және “жастар тәжiрибесi” бағдарламасын кеңейтуге 8,6 млрд. теңге қаржы бөлiнедi. Бұл шара 96 мыңға жуық адамды жаңа жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Атап айтарлығы, осы екi бағдарламаға қатысушылар алғашқы жұмыс орынынан өздерiне қажеттi тәжiрибе жинап, мемлекет белгiлеген 15 мың теңге көлемiнде жалақы алады. Сондай-ақ, “жастар тәжiрибесi” бағдарламасы арқылы отандық жоғары оқу орындарының 34 452 түлегi уақытша жұмыс орындарына орналасады.
Биыл қоғамдық жұмыстарға 102,7 мың адамды жұмылдыру жоспарланған.
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ