ОПЕРА МЕН БАЛЕТТIҢ МЕРЕКЕЛIК КӨКТЕМI

ОПЕРА МЕН БАЛЕТТIҢ МЕРЕКЕЛIК КӨКТЕМI

ОПЕРА МЕН БАЛЕТТIҢ МЕРЕКЕЛIК КӨКТЕМI
ашық дереккөзі
305

Абай атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық опера және балет театрының биыл 75-көктемi басталды. 75-ке толған театр өткен сенбiде өздерiнiң мерейтойын атап өттi.

ҚР мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, салтанатты кештiң шымылдығын ашты. Абай атындағы опера және балет театры Елбасымыздың назарынан тыс қалған емес. Бұл жолы да ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев театрға арнайы құттықтау жолдапты. Құттықтауды театр ұжымына министр Мұхтар Құл-Мұхаммед жеткiздi.

“Ұлттық опера және балет өнерiнiң қарашаңырағы саналатын Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының 75 жылдық тойымен шын жүректен құттықтаймын. Алғашында музыкалық театр ретiнде құрылған ұжым бүгiнде әлем таныған өнер ордасына айналды. Әр жылдары театр сахнасында опера мен балеттiң әлемдiк классикалық туындыларымен қатар, “Қыз жiбек”, “Ер Тарғын”, “Абай”, “Бiржан-Сара” опералары мен “Қалқаман-Мамыр”, “Ақ құс туралы аңыз”, “Ақсақ құлан” т.б. балеттер қойылған. Еуразия аймағындағы аса iрi классикалық өнер ордасына айналған театрда К.Байсейiтова, Қ.Байсейiтов, Қ.Жандарбеков, М.Ержанов, Р.Жаманова, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Ә.Дiнiшев, Б.Аюханов, Р.Бәйсейiтова сияқты сахна саңлақтары өнер көрсетiп, Ұлттық опера және балет өнерiнiң дамуына үлкен үлес қосты. Театр дәстүрлерiнен тағылым алған көптеген жас таланттар бүгiнде әлем елдерiнiң ең атақты сахналарында қазақ өнерiнiң абыройын асқақтатуда. Ғасырлар тоғысында театр ғимараты күрделi жөндеуден өтiп, осы заманғы құрылғылармен жабдықталды. Қазiр шығармашылық кемелдiкке келiп, жас таланттармен тоғысқан айтулы өнер ұжымына зор табыстар тiлеймiн!

ҚР Президентi Н.Назарбаев”.

Министр өз құттықтауынан соң, театрдың бiр топ жас таланттарына “ҚР Мәдениет қайраткерi” деген марапатты табыстады. Ұ.Бәденов, З.Жұбанова, Л.Надеждина, Қ.Өмiрбеков, А.Қырықбаев, Л.Рамазанова, Р.Төлегенова, Б.Шәкеновтер аталмыш марапатты иемденсе, Б.Ахметжанов, С.Әбдiрова, Э.Бленд, А.Жазилова, Ж.Сағынбай, Е.Сәдуақасов, В.Яковенколар министрлiктiң “Құрмет” белгiсiне ие болды.

Театр ұжымын Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов те құттықтады. Әкiмнiң құттықтауын жеткiзген қала әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов өз кезегiнде бiр топ өнер иесiне Алматы қаласының “Құрмет” грамотасын табыстады.

Салтанатты кеш мерекелiк концертке ұласып, театрдың репертуарындағы барлық шығармалардан үзiндiлер берiлдi. Бiр кеште театрдың 75 жылдық тарихында берiлген спектакльдер көз алдымыздан тiзбектелiп өте шықты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары