“ҚАЙРАТТЫҢ” ҚОЛА ЖҮЛДЕСI

“ҚАЙРАТТЫҢ” ҚОЛА ЖҮЛДЕСI

“ҚАЙРАТТЫҢ” ҚОЛА ЖҮЛДЕСI
ашық дереккөзі
227

24-26 сәуiр аралығында Ресейдiң Екатеринбург қаласында футзалда УЕФА-ның Төрттiк кубогының финалдық ойындары болып өттi. Кәрi құрылықтың ең таңдаулы командасы атағы үшiн жергiлiктi ВИЗ-”Синара”, Мәскеудiң “Динамо”, Алматының “Қайрат”, Испанияның “Интер-Мовистар” сынды аса беделдi командалары айқасқа түстi. Мини-футболдан Алматының “Қайрат” командасы жоғары деңгейде мәнерлi ойын-өрнегiн көрсетiп, УЕФА Кубогының қола жүлдесiн қанжығасына байлады.

Алматылық клуб жартылай финалда Мадридтiң “Интер-Мовистар” командасымен күш сынасқан едi. Айта кету керек, жарыстың бас жүлдесiн алған испандықтардың сапында қазiргi әлем чемпионы Бразилия құрамасының төрт бiрдей шебер ойыншылары, алты Еуропа чемпиондары және көптеген бұрынғы әлем чемпионы, Испания құрамасының ойыншылары өнер көрсеттi. Аса тартысты өткен ойында қайраттықтар 0:5 есебiмен ұтылып қалуға мәжбүр болды.

Тағы бiр кездесуде финалға жолдаманы “Динамо” және ВИЗ-”Синара” командалары өзара сынға салғанда жергiлiктi ВИЗ-”Синара” командасы 2:0 есебiмен жеңiс тұғырына көтерiлдi.

Бұдан соң 26-сәуiр күнi қола жүлде үшiн текетiрес басталды. Бұл ойында Алматының “Қайраты” Ресейдiң алты дүркiн чемпионы, 2005-2006 жылдардағы УЕФА Кубогының иегерi “Динамо” командасын 1:0 есебiмен тiзе бүктiрдi. Ойынның үшiншi минутында Италия құрамасының бұрынғы капитаны Карлос Монтованелли немесе қарапайым тiлмен Карлиньос соққан жалғыз доп қазақстандықтардың мәртебесiн үстем еттi. Ойын барысында алматылық команданың қақпашысы Густаво үлкен шеберлiк танытып, талай рет мүмкiн болар айқын голдардан қақпаны аман сақтап қалды. Осы шеберлiктi көре бiлген УЕФА делегаттары Густавоны кездесудiң ең үздiк ойыншысы деп бағалады. Ал бразилиялық Жива және Рафаэль қорғаныста тасқамал шеп құрып, қарсыластардың аяғын тұсаса, қазақстандық Денис Самохвалов қарсыластардың қақпашысы Павел Степановтың шеберлiгiн талай рет тексерiп көрдi. Бiздiң команданың шабуыл шебiнде Португалияның “Бенфика” командасынан ауысып келгенiне үш жыл болған Пика Пау жасындай жарқылдады. Команда капитаны және миллиондаған қазақстандық жанкүйерлердiң сүйiктiсi Какау кездесудегi ең шебер ойыншы деп танылды.

Айта кеткен жөн, мәскеулiктердiң қатарында Ресей құрамасының ойыншылары ретiнде Еуропа чемпионатының қола жүлдесiн иеленген Павел Кобзарь, Александр Рахимов, Павел Степанов, Александр Фукин, Константин Маевский сынды үздiк ойыншылар өнер көрсеткен едi. Сондай-ақ, олардың құрамында Сирило, Эду, Пула секiлдi бразилиялық хас шеберлер де шабуыл көрсететiнiн ұмытпауға тиiспiз. Және аталмыш ойыншылар 2006 жылы УЕФА Кубогының жеңiмпазы атағын иеленсе, ал Оңтүстiк америкалық Тату аса мәртебелi осы турнирдiң екi мәрте жеңiмпазы.

“Қайрат” командасының жаттықтырушысы Карлоз Барбоза мырза: “Бұл өте ауыр ойын болды. Бiз жартылай финалдық ойыннан соң қорытынды жасап, қорғаныста тәртiптi нығайттық және қарсы шабуылда қарқынымызды еселедiк. Бүгiнгi ойынға көңiлiм толады әрi бiз жеңiске лайық едiк. Клубымыздың президентiне, сонымен қатар, команда басшыларына ойыншылар мен бiзге деген сенiмiн ешқашан жоғалтпайтын жанкүйерлерге ерекше алғыс айтқым келедi” дедi толқынысын жасырмай.

Мәскеудiң “Динамо” командасының жаттықтырушысы Юрий Рудев те осы матч туралы өз пiкiрiн бiлдiре келе, “Бiз ойынның алғашқы кезеңiнде өте сүреңсiз ойын көрсеттiк. Ал екiншi кезеңде қазақстандықтардың тас қамал қорғанысын бұзып өтуге қауқарымыз жетпедi. Оның үстiне “Қайрат” командасының қақпашысы өзiнiң аса биiк деңгейдегi ойыншы екенiн тағы да дәлелдедi. Бiз алаңға жеңiс үшiн шыққан болатынбыз, амал қанша қарсыласымыз бiзден күштiрек, жеңiске лайық болды” деп жеңiмпаздардың жеңiсiне сүйсiндi.

Испандық “Интер-Мовистар” командасы финалдық кездесуде жергiлiктi ВИЗ-”Синараны” 5:1 есебiмен ойсырата ұтып, УЕФА Кубогының қатарынан үш мәрте жеңiмпазы ретiнде жаңа рекорд жасады. Осыған дейiн Еуропаның аса мәртебелi аталмыш Кубогын Испанияның “Плайас де Кастельон” және “Интер-Мовистар” екi реттен жеңiп алған едi. Белгияның “Аксьон 21”, Мәскеудiң “Динамо”, Екатеринбургтiң ВИЗ -”Синара” командалары бұл биiктi бiр реттен бағындырған болатын.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары