КИНОСҮЙЕР ҚАУЫМҒА АРНАЛҒАН “КИНО АЛАҢЫ”

КИНОСҮЙЕР ҚАУЫМҒА АРНАЛҒАН “КИНО АЛАҢЫ”

КИНОСҮЙЕР ҚАУЫМҒА АРНАЛҒАН “КИНО АЛАҢЫ”
ашық дереккөзі
199

Кино-өмiрiмiздiң бiр бөлшегi. Әрбiрiмiз өзiмiздi толғандырар сан сауалға кино арқылы жауап iздеймiз. Кино-ол көркем өнер. Режиссер, продюссер, актер сынды шығармашылық адамдарының талаптары мен таланттарын ортаға салатын туынды. Киносүйер қауым ендi өзi сүйiп көретiн киносы, актерi, режиссерi туралы, әлемдiк кино әлемiндегi соңғы жаңалықтар мен соны пiкiрлер туралы “Қазақфильмнiң” “Кино алаңы” журналынан оқи алады.

Журналды қолға алғанда, ең алдымен оның мұқабасы мен сапасына зер салдық. Қызылды-жасылды суреттермен безендiрiлген журнал сөзсiз оқырманды алыстан шақырады. Журнал Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясының президентi, ҚР қайраткерi Ермек Аманшаевтiң оқырманға жолдаған жылы лебiзiнен бастау алады. Сондай-ақ, Ресейде екi “Дозорды” түсiрiп, “Аса қауiптiсiмен” “Оскар” кинофестивалiне қатысқан режиссер Тимур Бекмамабетовтың эксклюзивтi сұхбаты да журнал бетiне жарияланыпты. Қазақтiлдi БАҚ-тарда сыналған Ермек Тұрсыновтың “Келiн” кинофильмi жайлы кинотанушы, журнал редакторы Гүлнәр Әбiкеева қалам тербейдi. Ал кинобизнеске қызығатын оқырман 2008 жылдың кино сандарының қорытындысына қанық бола алады. 2008 жылда сан жағынан 63 мың АҚШ доллар көлемiнде пайда түсiрген “Сталинге сыйлық” фильмi екен. “

“Кино алаңның” “Көзқарас” айдарында журналист Гульзина Бектасованың Бақытжан Әлпейiсовпен сұхбаты жарияланды. “Евразия” кинофестивалiнде “Әкем екеумiз” фильмiндегi ролi үшiн “Үздiк актер” номинациясы бойынша жеңiмпаз атанған Бақытжан Әлпейiсовтың бүгiнгi қазақ киносы турасында айтары мол. Қазақ кино әлемiне “Бiржан сал” атты жаңа фильм қосылды. Режиссерi және басты ролiн сомдаушысы Досхан Жолжақсынов. Фильмнiң түсiрiлу барысы, қызығы мен шыжығы жайлы “Стоп кадр” айдарынан бiле аласыздар.

Сондай-ақ, “Кино алаңы” журналының № 1-2 санында 2009 жылғы әлемдiк киножобалар, қазақстандық киноларға қатысты кинотанушылардың, мәдениеттанушылар мен журналистердiң және қарапайым көрермендердiң пiкiрлерi де жарияланған.

Қазақ киносының негiзiн салып, көрермен қауымның жүрегiнде “Алдаркөсенiң” бейнесiнде жатталып қалған, қазақ киносының корифейi Шәкен Айманов жайлы естелiк пен сырға толы мақала журнал бетiне жарияланыпты. Сондай-ақ, Берлинде өткен “Берлиндiк аю” кинофестивалiнiң қыр-сыры да оқырман қауымға ұсынылып отыр. “Кинофестивальдер күнтiзбесi” айдарында әлемдiк, қазақстандық кинофестивальдер жайлы қысқаша ақпараттар берiледi.

Кино-өмiр белесi. Әр адамның өмiрi жеке бiр фильмге сюжет болардай. Қазақ киносының тың белестерi мен жаңалығын оқырманға ұсынып отырған киносүйер қауымды көптен күттiрген “Кино алаңы” оқырманына жол тартты.

Ә.Бақытқызы

Серіктес жаңалықтары