ҚАЗАҚ ТIЛIН БIЛЕТIНДЕРГЕ ҚОСЫМША ГРАНТ

ҚАЗАҚ ТIЛIН БIЛЕТIНДЕРГЕ ҚОСЫМША ГРАНТ

ҚАЗАҚ ТIЛIН БIЛЕТIНДЕРГЕ ҚОСЫМША ГРАНТ
ашық дереккөзі
330

Мемлекеттiк тiлдi үйрену, заңды орындау үшiн бар керегi – ниет, ынта тәртiп. Әрбiр адам ниет танытып, ынталанса болды, тiл меңгеруге барлық жағдай жасалған. Бұл – облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың пiкiрi. Ол туралы өңiр басшысы өзге ұлт өкiлдерiнiң қатысуымен өткен “Тiл тұтастығы – ел тұтастығының тiрегi” атты форумда сөз қозғады.

Айта кететiн жағдай, мұндай игi шара өңiрде алғаш рет өткiзiлiп отыр. Мақсаты — қазақ тiлiнiң басқа ұлт жастары арасындағы қолдану аясын кеңейту және олардың тiлдi үйренуге деген қызығушылығын арттыра түсу.

Қазiр мемлекеттiк тiл мәртебесiндегi қазақ даласының ана тiлiн оқып-үйретуге қыруар қаржы жұмсалуда. Айталық, өткен жылы осы бағыттағы жұмыстарға 27 млн. теңгеден астам қаражат бөлiнген. Өңiрде мемлекеттiк тiлдi үйретудiң 1 облыстық және 7 аудандық орталығы жұмыс iстеп келедi екен.

Зырян ауданында осындай орталықтардың бiрiн басқарып отырған Светлана Мнацаканова форум аясында сөз алып, жастарға: “Қазақ тiлiн үйренiңдер!” деп ұран тастады. Оның айтуынша, қазiр кейбiр мемлекеттiк қызметкерлер тiл оқыту үйiрмелерiне барғанымен, жiгерлiк танытпайды. Сол себептi мемлекеттiң бөлген ақшасы ысырап болуда. Өз сөзiнде Светлана өңiр басшысына мемлекеттiк тiлдi меңгерген өзге ұлт жастарына облыс әкiмiнiң қосымша гранттарын бөлу жөнiнде ұсыныс жасады. Бұл бастаманы Бердiбек Сапарбаев қабыл алып, қолдау көрсететiнiн айтты. Ендi медицина және педагогика салаларына бөлiнетiн 200 грантқа қоса аймақта бұл екi мамандықтың әрқайсысына қазақша сөйлеген өзге ұлт өкiлдерi үшiн 10 гранттан берiледi.

Форум барысында сөз алған жастар құрдастарын, жора-жолдастарын қазақша сөйлеуге шақырды, мемлекеттiк тiлдi бiлу әрбiр қазақстандықтың борышы екендiгiн еске салды.

“Биiк мiнберден тұрып, әдемi лозунгтар айтудың заманы өттi. Жәй сөздi сапырыстырғаннан түк шықпайды. Қазiр нақты жұмысқа көшуiмiз керек”, – деп атап көрсеттi Риддер қаласынан келген жас мемлекеттiк қызметкер Дмитрий Саначев.

Форумда жастар көптеген идеяларды ортаға салды. Олардың арасында тiлдi үйренуде көзбояушылықты қойып, қатаң тәсiл қолдану керек дегендi де, сабырлық танытып, ынталандыруды да алға тартқандар болды. Барлығының мақсаты бiр – қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл мәртебесiне жеткiзу.

“Қазақ тiлiн оқып, үйренсеңдер ешбiр ұтылмайсыңдар, керiсiнше, алдарыңда көптеген мүмкiндiктер ашылады. Жалқауланбай мемлекеттiк тiлдi меңгерсеңдер талай белестердi бағындырып, өмiрдiң биiгiнен көрiнесiңдер”, – дедi облыс басшысы форумның жұмысын қорытындылай келе.

Ендiгi уақытта осы форумды өткiзу аймақтағы игi дәстүрге айналмақ.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары