“ЯССАУИТАНУ” БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТI
“ЯССАУИТАНУ” БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТI
Соңғы жылдары Түркiстанда “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайы ұжымының бастамасымен ел есiнде қаларлықтай көптеген игi iс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бiрi — дәстүрлi “Яссауитану” байқауы десек те болады. Жалпы бұл орайда мұражайдың қысқаша тарихына тоқтала кетейiк.
Мұражай құрамында рухани ұстаз Қожа Ахмет Яссауидiң кесенесi бар. Тарихи ескерткiш елiмiзде алғашқы болып 2003 жылдың маусым айынан ЮНЕСКО-ның Бүкiл әлемдiк тiзiмiне алынды. Түркi әлемiнiң орталығы – киелi Түркiстанда, ондағы қасиеттi әулие бабамыз Қожа Ахмет Яссауидiң кесенесi негiзiнде ашылған. Мұражайда бүгiнде 114 тарихи-мәдени ескерткiш мемлекеттiк тiркеуге алынып, оларды сақтау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Мұражай қорына жиырма мыңнан астам құнды жәдiгерлер жинақталып, олар бiрнеше ғылыми топқа бөлiнiп, зерттеу және саралау жұмыстары жүргiзiлiп келедi. Бүгiнгi таңда мұражайдың ғылыми зерттеулерi негiзiнде “Республикадағы мұражай iсiнiң өзектi мәселелерi”, “Мәдени мұра” мемлекеттiк бағдарламасы, “Археологиялық зерттеулер нәтижелерi”, дәстүрлi “Қожа Ахмет Яссауи мұрасы мен iлiмiнiң зерттеулер мәселелерi” т.б. тақырыптарда бiрнеше рет халықаралық және республикалық ғылыми — тәжiрибелiк конференциялар мен мектеп оқушылары арасында дәстүрлi “Яссауитану” байқауы өткiзiлiп келедi.
Ендi республикалық мектеп оқушылары арасында өткен дәстүрлi “Яссауитану” байқауына тоқталар болсақ, дәстүрлi байқаудың биылғы ерекшелiгi тұңғыш рет республикалық деңгейде өттi. Бiлiм мен өнер сайысына елiмiздiң Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласы және ОҚО-ның барлық қала аудандарынан 100-ге тарта оқушы қатысты.
— Байқаудың басты мақсаты — дейдi “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Альберт Төлегенұлы Сафулин. Әулие бабамыз Қожа Ахмет Яссауидiң рухани мұрасы мен iлiмiн жан-жақты зерттеу болып табылады. Әзiрет Сұлтан кесенесiне жерленген қазақтың ел билеген хандары мен билерiнiң, сұлтандарының, батырларының елi үшiн атқарған еңбектерiн дәрiптеу. Сондай-ақ, Түркiстан қаласының тарихын, Әмiр Темiр дәуiрiнен қалған құнды ортағасырлық жәдiгерлер және мұражай iсiн насихаттау. Бiлiм мен өнер сайысы арқылы жастарымыздың ұлағатты тәлiм-тәрбие алуына, олардың бойында адамгершiлiк, әдептiлiк, ынтымақшылдық, отансүйгiштiк, iлiмге деген құштарлық қасиеттерiнiң артуына септесудi көздедiк.
Бiздiң қазақ мемлекетi идеология арқылы бiрiктiрiлген. Қытай мен Үндi мемлекеттерi секiлдi соғыс бiрiктiрмеген. Елбасымыздың өзi ел бiрлiгi туралы сөз болғанда өз дiнiмiз исламға ерекше тоқталады. Бұл арада исламның тарихи тұрғыда қазақ халқына ғана емес, бүкiл түркi жұртының қалыптасуына игi ықпал жасағанын айтады. Дiннiң тұтастығы қашанда елдiң тұтастығы. Дiни алауыздық — ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан баршамызға белгiлi. Қазақ даласында данышпан бабамыз Ахмет Яссауи түркi жұртындағы ислам дәстүрлерiн қалыптастырды. Осы дәстүрмен ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерiнiң ұлттық сана-сезiмдерiн қалыптастырып келдi. Сондықтан Елбасы ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымызға сырттан келiп түзету жасамақ болғандарға жол бере алмайтынымызды ашық айтты. Яссауи iлiмi ешқашанда өзiнiң құндылығын жоғалтқан емес.
Түркiстандағы “Яссауитану” байқауының жоғарғы деңгейде өтуiне ХҚТУ президентi Iлесбек Тәшiмов және Өкiлеттi Кеңес төрағасы Осман Хоратаға көп еңбек сiңiрдi. Осы байқауға қатысқан қонақтардың жататын жайын шешiп, университет Мәдениет орталығының үлкен конференция залын пайдалануға бердi. Алыстан ат терлетiп келген “Шапағат” хитметшiлер тобы бұл байқауда тамаша, әсерлi өнер көрсеттi.
Екi күнге созылған байқау барысында қазақ жастарының Ахмет Яссауидiң рухани мұрасы мен iлiмiн терең зерттеуге зор құлшыныс танытқанын байқадық.
Байқаудың бас жүлдесiн Атырау облысынан келген оқушы қыз Гүлзира Меңдеш иелендi. Бiрiншi орын ОҚО Шардара ауданының оқушысы Камила Дүйсеноваға бұйырды. Екiншi екi орынды Шолпан Әлiмханова (Түркiстан), Жансұлу Көшкiнбаева (ОҚО Бәйдiбек) өзара бөлiстi. Үшiншi орын алғандар қатарында Абзал Қабдраш (Павлодар), Айшолпан Жүсiпова (Ақтөбе), Дулат Бердiбек (Түлкiбас). Ынталандыру сыйлықтарына Дария Рамазанова (Солтүстiк Қазақстан облысы), Айғали Донаев (Түркiстан), Мөлдiр Есенғали (Солтүстiк Қазақстан облысы), Ақсәуле Тағаева (Отырар), Зуха Мұса (Алматы облысы), Алуа Iскендiрова (Ақмола облысы) болды. Бұл күнi оқушылар үшiн қуанышты жағдайлар тағы да орын алды. Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ-нiң оқу грантына ОҚО Мақтарал ауданынан Медет Халықов, ОҚО Бәйдiбек ауданынан Әлiмжан Әлiшер ие болды.
Бұл байқауда әдiл — қазылар алқасы бұратартпай оқушылардың бiлiм деңгейiн дұрыс таразыға салды. Әдiл-қазылар құрамы да бiлiктi ғалымдардан жасақталған болып шықты. Әдiл-қазылар құрамында Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ “Журналистика” кафедрасының меңгерушiсi, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сердәлi Бекжiгiт, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ Ғылым орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор, белгiлi ясауитанушы Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай, “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының “Археология және тарихи ескерткiштердi қорғау” бөлiмiнiң меңгерушiсi тарих ғылымдарының кандидаты, белгiлi археолог Марат Қымызұлы Тұяқбаев, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ “Философия және дiнтану” кафедрасының оқытушысы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жандарбек Зiкiрия болды.
Байқау жөнiнде ғалымдар Зiкiрия Жандарбек, Досай Тұрсынбайұлымен ой бөлiстiк. Қазақтың қазақ болып қалыптасуына, әдет-ғұрпына, салт-дәстүрiне, ұлтымыздың болмысына, мемлекетiмiздiң iргетасының қалыптасуына Яссауи iлiмi ерекше рөл атқаратындығын атап өттi. Мемлекетiмiздiң болашағы жастардың бұл iлiмдi терең меңгеруi қазақ халқының ынтымақ-бiрлiгiн нығайтуға зор септiгiн тигiзетiнi даусыз.
Балтабек Түйетаев