КӘСIПҚОЙ БОКС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР

КӘСIПҚОЙ БОКС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР

КӘСIПҚОЙ БОКС ЖӘНЕ ҚАЗАҚТАР
ашық дереккөзі
271

Марат Мәзiмбевтың промоутерлiк компаниясы осы жылғы игi iстерiн әрi қарай жалғастырды. Бокс десе делебесi қозатын әрбiр алматылық ай сайын қызықты жекпе-жектердiң куәсi атанып жүр. “Мұндай жекпе-жектердi ұйымдастырудағы басты мақсат —елiмiздегi кәсiпқой бокстағы әлем чемпионын дайындау”, — деген едi Марат Мәзiмбев бiр сөзiнде. Мақсатқа жетуге бiр қадам жақындағандаймыз. Олай дейтiнiмiз, өткен жұмада мемлекеттiк цирк аренасында Марат Мәзiмбаевтың промоутерлiк компаниясының және “ZHERSU” корпорациясының ұйымдастыруымен кәсiпқой бокстан халықаралық турнир өттi.

Турнир аясында ауыр салмақтағы Қазақстанның тұңғыш чемпионы анықталды. Боксқа арналған кеш барысында Ресей, Эстония, Қырғызстан және Тайланд боксшылары мен қазақстандық боксшылар арасында 8 рейтингтiк жекпе-жектер ұйымдастырылып, ол айқастың барлығында да қазақтың былғары қолғап шеберлерi жеңiске жеттi. Алғашқы кездесу 69 келi салмақтағы жерлесiмiз Ғалымжан Мырзабаев пен көршiлес Қырғызстанның боксшысы Нұрдин Солубеков арасындағы жекпе-жектен басталды. Кәсiпқой бокста алғаш қолғап түйiстiрген Ғалымжан өз қарсыласын екiншi раундта-ақ нокаутпен жеңдi. 55,3 келi салмақтағы алматылық Тұрсынбек Сыдықов та кәсiпқой бокстағы алғашқы кездесуiн өткiздi. Тұрсынбектiң қарсыласы 33 кездесуiнде 26 рет жеңiске жеткен кәнiгi ресейлiк боксшы Равиль Мұхамедияров. Бұл жекпе-жекте қарсыласының тәжiрибелiгiне қарамастан Тұрсынбек Сыдықовтың мерейi үстем болды. Дәл осындай салмақта шымкенттiк Ерсiн Жайлауов пен тайландтық Ор Муанланг арасында 6 раундтық жекпе-жек өткен. Ерсiн қандасымыз ерледi. Жанат Жақиянов пен ресейлiк Александр Федоров арасындағы төртiншi кездесу бокс сүйер қауымның делебесiн қоздырды. Рингте 5 рет жеңiп, 1 рет жеңiлiс тапқан Жанат Жақиянов осыған дейiнгi 19 жекпе-жегiнде қарсыласынан басым түсiп, 5 рет жеңiлiп, 1 рет тең түскен Александр Федоровтың сағын сындырды. Ал тайландтық Едмонкол Синменасакты “Снайпер” клубының боксшысы Мiржан Жақсылықов жақсылап төпеледi. Келесi кездесуде Аягөздiң арыстаны Берiк Қалиев пен ресейлiк Александр Салтыков арасындағы жекпе-жекте Ресей былғары қолғап шеберiнiң жаттықтырушылары шаршы алаңға орамал тастауына байланысты жеңiс Берiк Қалиевтiң қанжығасына байланды. Ең қызықты жекпе-жек 66,6 келi салмақтағы Әсет Айсин мен эстониялық Леонтий Ворончуктың айқасы болды. Олай дейтiнiмiз, Әсет Эстониядан келген қонақты алғашқы раундта-ақ нокаутпен бағындырды. Ал тараздық Владислав Савченко мен тайландтық Сомчай Накбалидiң жекпе-жегiнде тай жаттықтырушысы шаршы алаңға ақ орамал тастағандықтан Владислав Савченко онша тер төгiп үлгермедi. Қандастарымыздың жеңiсiмен аяқталған сегiз рейтингтiк кездесу жанкүйер қауымды бiр желпiнттi.

Ал басты жекпе-жек, әрине, ауыр салмақтағы кәсiпқой бокстың тұңғыш чемпионын анықтайтын қолғап түйiстiру болған-ды. “Ұлан-боксинг” промоутерлiк компаниясының өкiлi, шымкенттiк Талғат Досанов және “Абылайхан” клубының өкiлi, алматылық Қанат Алтаевтың арасында өтетiн бұл жекпе-жектi жұртшылық шыдамсыздана тосты. Талғат Досанов кәсiпқой боксқа 2001 жылы келген. Осы уақыт iшiнде ол 23 жекпе-жекке шығып, 12 рет жеңiмпаз атанса, 11 рет жеңiлiске ұшырады, бiр рет тең түстi. Өз тәжiрибесiнде Талғат Григорий Дрозд, Виталий Русаль сияқты шебер боксшылармен қолғап түйiстiрген. Дегенмен, Қанат Алтаев та осал емес. Өз шеберлiгiн АҚШ-та шыңдаған Қанат Алтаев кәсiпқой рингте 5 жекпе-жекке шығып, оның үшеуiнде жеңiске жетсе, екi айқаста тең түсiптi. Екi былғары қолғап шеберi арасындағы өрбiген айқастың алғашқы раундтарында Қанат Алтаев басым түскенмен, үшiншi раундта нокаудтпен Талғат Досанов айқын жеңiске жеттi. Ауыр салмақтағы Қазақстанның чемпион белдiгi шымкенттiк Талғат Досановқа бұйырды.

Мамыр айында бокс сүйер қауым Мират Сәрсекбаевтың кәсiпқой бокстағы шеберлiгiн тамашалай алады. Сондай-ақ, бұл жекпе-жектерге Жапония, Финляндия, Оңтүстiк Шығыс Еуропа мемлекеттерiнiң кәсiпқой боксшылары қатыспақшы.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары