РАУШАН ГYЛДЕРДIҢ АУЛАСЫ
РАУШАН ГYЛДЕРДIҢ АУЛАСЫ
Әдетте көзi тiрi қаламгерлер бiр-бiрiне қалыңдап көпшiк тастап, көпiрте мақтайтынына әбден мойынсұнып, қоң етi көндiгiп алған ел болғандықтан ба екен, “Жазушы” баспасы өткен жылдың соңына қарай қайталанбайтын қазақ қаламгерi, пәни жалғаннан беймезгiл, тым-тым ерте озған Қарауылбек Қазиев ағаның “Бiз абитуриент едiк” атты шығармалар жинағын алтынды жазу, әсем безендiрумен ұзақ жылдардан кейiн алғаш шығарғанын алаштың оқырмандары онша аңғара қоймағаны өкiнiштi.
Бiртуар қаламгер Қарауылбек Қазиевтiң қайталанбас әлемi Жаңылыспасақ, iңкәр жүрек, сұлулыққа құштар марқұмның шығармалар жинағы соңғы рет 1987 немесе 1988 жылдардың бiрiнде “Жалын” баспасынан “Ақ шуақ” атымен жарық көрген болар. Бәлкiм, одан кейiн жарық көрген де шығар, бiрақ ол да елеусiз қалған. Содан берi де сандаған жылдар өтiптi-ау… Ендi қайғы мен ауыр азаның белгiсi — қою қызыл қан түстес мұқабалы жұқа жинақ жүректi ерiксiз шымырлатып, сейiлмес мұң мен аяусыз тағдырға деген нала ұялатсын. Мұңнан гөрi айықпас өкпе, iштей қарсылық басым. Қазақтың санаулы дарындылары, талантты қаламгерлерiне деген тағдырдың тым қаталдығы мен қатыгездiгiне деген қарсылық. Сұрқай тобыр, селт еткен сезiмi бiлiнбейтiн “жазғыштардың” арасынан оқ бойы озып шығар көкмойнақ тұлпарларды ылғи көктей жұлып түсетiн арсыз ажалға iштей наразылық. Бiрақ, әлсiз пенде, қарапайым адам ажалға арашашы бола ала ма?! Сондықтан да небәрi 15 баспа табақ көлемiндегi асыл кiтап ә дегеннен-ақ көзге жылы ұшыраса, көкiректi шоқтай күйдiрген өкiнiш, өрекпи сапырылысқан қаяулы сезiмдер ет жүректi одан сайын сыздатады. Өйткенi, бiздiң бiлуiмiзше, аса дарынды қаламгер Қарауылбек Қазиевтiң соңында қалған барша әдеби мұрасы осы ғана. Өте аз, бiрақ мәңгiлiк мұра! “Бiз абитуриент едiк” жинағының аннотациясындағы:
“Табиғат суреткерi, махаббат пен жастық жыршысы Қ.Қазиев шығармаларының қай-қайсысынан да үлкен жүрек күйiн үздiктiрiп, дiрiлдетiп, мөлдiретiп жеткiзген һәм жақсылық әлемiмен жарасым тауып жатқан таңғы шықтай тап-таза жан лебi сезiлiп тұрады.
Сонау бiр соғыстан соңғы жетiм-жесiр ауыл мен онда өнiп-өскен өскiндер өмiрбаянын соншама шынайы һәм сұлу жырлаған Қарауылбек қазақ қара сөзiндегi қаны сорғалаған ақын едi…” — деген тебiренiске толы сөздер iштегi шер мен азаны одан әрмен қоюлата түсердей. Өйткенi;
“… Түн кiрiп, көз байланды. Көк күмбезiн тескiлеп iңiрдiң алғашқы жұлдыздары жыпылықтады. Ана жерден де, мына жерден де секiрiп шығып, тесiле қадалған сыпайы жымың жиiлей түстi. Сәлден кейiн-ақ бiрiнiң үстiне бiрi шүпiрлей мiнгескен сан мың шұғыла жанарынан бос ине шаншым жер қалған жоқ. Бiр-бiрлерiне иықтарын сүйесе, тынбай бүлкiлдеп жанып-өшiп жайғаса бастады. Жүгiрме самал аптығып келiп, пырдай шоқты жасқап өткендей, сөне жаздап қыпылық қағып қояды. Өзiмен өзi ойнап, момақан дiрiлмен ымдасқан қалың шырақтың жақсысы-ай”. Шағын ғана “Үркер” хикаятындағы Қ.Қазиевтiң түнгi жұлдыздары бозбала жүрегiн ерiксiз лүпiлдетiп, тәттi бiр мұңға толтыра осылайша жымыңдасса, сол бозбалалық өмiрге жаңа қадам басқалы тұрған жанға тау iшiндегi түнгi жолдың әсерi мүлдем ерекше. Жүрегi нәзiк сезiмге мелдектеген бозбала сансыз жұлдызбен ғана сырласып қоймайды, ол үшiн түнгi симфония — шөп арасындағы шегiрткелердiң шырылы әлемдегi барша әуендерден қымбат. Бiрақ, түнгi жұлдыздардың арба дөңгелегiнiң астында мыжылып қалатыны қайғылы. “Аттар баяу бүлкiлге көштi. Қалың шырылды кешiп, iлбiп келемiз. Тоңазу қоюланып, дымқыл көктiң тынысы еселендi. “Тау iшi мұздақ келедi” дегеннiң жаны бар екен-ау”, — деп қоям iшiмнен. Денеге бiртүрлi тiтiркену кiрдi. Ауаның сүйкенуi қатқылдай бастады… Дәл алдымыздан қасқа жолақ ағараңдап, көлбей ирелеңдеп, жата қалғандай болды. Сәлден кейiн қайта қылауланды. Түн түрегелiп ап, миығынан күлгендей… Ернеуге дейiн шыпылдаған пырдай жұлдыз төгiле жаздап, шимай шашылып, қайтқан толқынмен қайта тыныстады. Көпшiлiгi дөңгелекке бастырылып, мыжылып қалғандай көрiнедi…”, — деген жолдар нағыз поэзия, төгiлген жауһар жыр емес пе?! Тiптi, “Түн түрегелiп ап, миығынан күлгендей” деген сыршыл жолдар кез келген ақын шығармашылығының шыңы болып есептелер едi!
Марқұм Қ.Қазиевтiң бұл кiтабын (яғни, шығармаларын да) алғаш рет оқып шыққан жиырма жасар жiгiттiң ерiксiз сүйсiнiп:
— Ғажап екен ғой. Апыр-ай, мен ол жақта талай болған едiм, мен көрген Шу өңiрi мүлдем тозған, сүреңсiз жер секiлдi көрiнген. Ал мына кiсiнiң жазғанында Шу өңiрi әлемдегi ең ғажайып сұлу өлке екен ғой, — деп таңдана бас шайқағанына куә болғанымыз бар. Жүрек аяныштан шымырлады. Қаншама жастарымыз осынау сөз шеберiнiң жазғандарын оқымай, мақұрым болып өстi десеңiзшi! Дегенмен, қалалық бозбалаға осылайша терең әсер етiп, жанына өшпестей iз тастаған қалам құдiретi, қаламгер жүрегiнiң құдiретiнен айналсаң болмай ма!?
“Майда мөлдiрiн дiрiлдете итерiп, оңға қарай бұрылыпты да, еңiс бойлай тұп-тура өзенге сүңгiптi. Төмендегi толы судың тентек шалыс сәбиi сияқты. Адасып табысқанына қуаныш бiлдiргендей, қосылар жердегi жүгiрiсi тым асығыс. Құлдыраңдап кеп, кең өзеннiң қолтығына сүрiне-қабына күмп берiп жатыр. Осы араның екi ернеуi жапалақ бауырындай ұйысқан жалбызды жағалау. Жаныңа жайлы иiсiн желпiп, жоғары қарай жетелеп бердi. Арагiдiк киiк отынның қою лебi кескiлеп өтедi. Қанша сiмiрсең де қомағайлығы басылмас қоңырқай тыныс қойын-қонышыңды аймалап, аялы денесiмен үстiңе асылады. Асыр сала, әртүрлi гүл шоқтарын шымшылаған шымқай түстi көбелектер той күнiне киiнгендей тап-таза. Ақ сары, күлгiн сары, көк-жасыл бояулары сыртына теуiп, сыпсыңдай сылана тәкаппар бой жазады. Кей кезде шырмауық бастарындағы шытыр ала уақ гүлдер үлбiрей теңселiп, оқыс сiлкiнiп, көбелектермен қол ұстасып ұшып кете жаздайды.
Жiңiшке жылға ирелеңдеп отырып, жүкше жиналған теңбiл тас түбiне алып келдi. Қайнар көзi осында екен. Қысылып, ауыр тас астынан әрең-әрең атқылап жатыр. Мынадай момақан судың зiлдей салмақ кәрiнен қағажу көрiп, әзер-әзер бұлқынуы жүрекке бiртүрлi аяныш әкеледi. Аяқ-қолы маталғандай еркiн ақпаған бұлақ бұғыңқы, пәс. Тұтқын жанның көз жасындай кiнәсiз көк иiрiмде мұңайған мүләйiмдiк бар… Мен ақырын бетiнен сипадым. Мұздай денесi қолымды тептi”.
Осынау көркем, ғажайып суреттiң адамға ерекше әсер етерi соншалық, мөлдiр бұлақтың кәусәр суының дәмi таңдайға сезiлетiндей секiлдi.
Орыс әдебиетiнiң классигi Ф.Достоевский айтты деген әдемi ғибратқа әркiм-ақ жиi жүгiнiп, әркез иық сүйейтiнi қалыпты жағдай: “Әлемдi сұлулық қана құтқарады!” Хош, олай да болуы ықтимал, бiрақ сұлулық дегенiмiздiң өзi абстрактiлi ұғым, эстетикалық бұлыңғыр пайым, түсiнiк болғандықтан, сұлулыққа деген әрбiр жеке адамның көзқарасы өзгелерге ұқсамауы, мүлдем ерекше болуы да қисынды. Көшпелi бәдәуиге арабтың тұлдыры жоқ баябан шөл даласы қымбат, кейбiреулерге жасыл желегi жайқалған ит мұрыны өтпес ну орманнан көрiктi ештеңе жоқ. Тiптi, ежелгi гректердiң аса толық, семiз әйелдердi сұлулықтың символы санағаны және олардың ескерткiштерiн орнатуға әуес болғандары тарихтан мәлiм. Яғни, ерекше құбылыс ретiнде жеке кiсiнiң сұлулықты танып-бiлуi мен оны қабылдауы сол адамның өскен ортасына, тәрбиесi мен дүниетанымына тiкелей байланысты екендiгi сөзсiз. Сондықтан да абстрактiлi ұғым ретiнде сұлулық шынымен-ақ әлемдi құтқара ала ма, жоқ па, оның өзi де күмәндi, белгiсiз мәселе. Одан гөрi шынайы сұлулықтың әманда қорғанышқа мұқтаж екенiн, желеп-жебеудi қажетсiнетiнiн мойындауымыз қажет шығар. Одан гөрi әлемдi зұлымдық, қаратүнек пен қараулықтан, барша жамандық атаулыдан сұлулыққа құштар, кiршiксiздiкке iңкәр жандар құтқарады десек жарасар. Иә, әлемдi шынайы махаббат — сұлулықты тап басып тани бiлу мен оған шексiз табыну ғана құтқарады. Ал аса нәзiк, жүректе ерекше iз қалдыратын, ерiксiз таңқалдырып, бас идiретiн, қайталанбайтын шынайы сұлулықты аңғаратындар, сұрғылт тобырдан бөлекше көре бiлетiн жандар қарапайым өмiрде өте сирек. Ал өз жанының өмiрге iңкәрлiгi мен сұлулыққа құштарлығын өзгелердiң де жүрегiн лүпiлдетiп, ерiксiз сүйсiнтiп, таңдандырып әрi тамсандырып жеткiзе бiлу шынайы қаламгер, қара сөздiң хас шеберiнiң ғана маңдайына жазылған ерекше бақыт. Құдiреттi Жаратушы, табиғат-ана мұндай бақытты санаулы адамға ғана таңдап берерi сөзсiз, яки екiнiң бiрiне қона бермес бұл қасиеттi сый. Құдiреттiң көзi түскен, шапағаты бұйырған қазақ әдебиетiндегi көкмойнақ тұлпарлардың бiрегейi, қайта тумас қаламынан сұлулық пен нәзiктiк, жүрекке ыстық ғажайып сыршылдық саулаған Қарауылбек Қазиевтiң шұғылалы бояулар, аппақ сезiмге толы мұрасын жоғалтып ала жаздағанымыз, жадымыздан өшiруге шақ қалғанымыз өкiнiштi-ақ.
Өткен ғасырдың 70-80-жылдары қазақ әдебиетiнiң аспанында жарқ етiп жанған бiр шоғыр жұлдыз болса, солардың ортасында марқұм Қарауылбек Қазиевтiң орны, жарқырай шашқан шұғыласы ерекше болатын. Оның талантты қаламынан туған “Иманжапырақ”, мөлдiр, тұнық сезiмге толы “Бiз абитуриент едiк” хикаяттары ә дегеннен-ақ оқырман қауымның көзайымына айналып, санаулы ғана шығармалары сол жылдарда мұрты тебiндеген бозбалалардың қолынан түспейтiн сүйiктi кiтабы болғаны бекер емес-тi. Билеушi коммунистiк партияның талабы, елеусiз ишараттарымен, тiптен тiкелей тапсырысымен жазылған сұрқай әдеби шығармалар мен кiтаптар дүкен сөрелерiн жаппай жаулап алған шақта асқан нәзiктiк, жүректi тәттi мұң мен ыстық сезiмдерге шүпiлдететiн, әрi табиғаттың тамылжыған ғажайып суреттерiн шынайы шеберлiкпен өрнектейтiн Қарауылбек ағаның шығармалары ерекше оқылды. Және мұндай сәттiлiк санаулы қазақ қаламгерлерiне ғана тиесiлi болғанын да айта кетсек артық емес. Үздiк шығарма тапсырыспен жазылмайды, қоғам қанша талап етiп тықыршыса да озық әдебиет әлдекiмдердiң нұсқауымен дүниеге келмейдi. Күлдi-көмеш көркем шығарма жазылуы ықтимал, бiрақ… бiрақ жүректерге жетпей, мысы құрып жатады-ау.
Сондықтан да Қарауылбек Қазиев шығармашылығының жөнi мүлдем бөлек. Жаны сұлу, iңкәр жүрек, хас таланттың қаламынан туған шығармалар әрқашанда оқырманды өзiне тартып, кiсi еркiнен тыс елiтiп тұрары сөзсiз. “Жаз айының жайдары таңы тағы да әдемi атты. Жауынның көптiгiнен қоңырланып, биiктеп алған батсайы раң шашақтарын сiлкiнiп, ертеңгi арайға бет бұра бастады. Азанғы самалмен азды-кем бұйра толқын ойнатқан көк дала кейпiнде жұмсақ нұр бар”, (“Найзағайлы түн” әңгiмесi) — деп кiршiксiз арайлы таңды мөлдiрете сурттеген марқұм одан әрi балғын бойжеткеннiң жүрегiнде алғаш рет бүр жарған әлдеқандай сағыныш, белгiсiз аңсау, жұмбақ тiлектi: “…Жүгiрме жауыннан кейiн шық буына бөленген шырқау дала дидары күндегiден бетер күлгiн шуақ себелеп, күлiмсiрей құбылғанымен, Көрпеш көңiлiндегi алау сезiмдi алдаусырата алмады. Осыншама балғын нұрға бөленген жас шұғылалы жайлау төрiнде тап-таза тәттiлiктен гөрi қалтыраған ыстық демдi сағыныш сазы басымдау. Жапалақ бауырындай бөрте жусанның тасасынан табан асты жамырап шыққан жеткiзбес аңсау бар ма?.. Қыз көзiнiң алдынан алдырмас сағымның белең берiп елп ете түскенi ақиқат. Орнықпалы мекенi жоқ, ары-берi қозғалғандай оқшау тiлектiң бүгiн таңда жүрегiне жабысқаны да анық”, — деп асқан шеберлiкпен өрнектеп, тәттi сезiмдi одан әрмен үстемелейдi. “Жұлдыздар пырдай жанып, қаумалап тұрғанымен, батыс жақта бүлкiлдеп от ойнатқан ойнамалы қалың бұлт бар”, деген немесе “Ол күлтелi шалғынды кешiп келiп, өзенге мiнбелей төнген тiп-тiк жартасқа көз тiктi. Құлама адыр алқымында қазақы үй орнындай аласа ойпаңға көкшiл гүлдер қоралана үйiлiп, жемге үйiрiлген сары уыз балапандай жыпырлай қалыпты. Түн қараңғылығынан үркiп барып, бiрiнiң қолтығына бiрi жасырынғандай опыр-топыр құжынайды… Денелерiндегi мөлдiр тамшы үзiлген сайын сан түрлi сайранға кенелiп, жайраң қағады”, — деп тұма сұлулықты тамсана сөз қылған.
Дау жоқ, Қарауылбек Қазиев қашанда мәңгiлiк көктем, мөлдiр махаббаттың жыршысы болып қала бермекшi.
Кiршiксiз дүние, мөлдiр бұлақ, түнде жымыңдасқан сыйқырлы жұлдыздар, нәзiк гүлдер, көгiлдiр таулар оның шабытына шабыт қосқан ең қасиеттiлерi. Адалдық, адамдық, пәктiк пен тазалық, сұлулықты қасиеттi санамайтын қаламгерлердiң туындылары адам жанын баурай алмайтынын тарих мың-сан рет дәлеледеген. Ал Қарауылбек Қазиевтiң шығармаларынан ескен сабат самал, жылы леп, ыстық та мөлдiр сезiм оқырманның жанын ерiксiз баурайтыны соншалық, ешқандай ғақлия, үгiт-насихат, орынсыз пафос емге табылмайтын әңгiмелерi мен хикаяттары қарапайым өмiрдiң үзiк сырындай, бұлбұлдың үзiлдiре салған ғажайып әнiндей қабылданады. Марқұм Қарауылбек ағаның шығармаларының қоғамдық мәнi, сан салалы сипаты мен оқырман қауымның эстетикалық талғамын қалыптастыру және өрiсiн кеңейтудегi көтерген жүгiн талқылау, тереңдеп жазу кәсiби сыншылардың еншiсiнде. Тек… кейiнгi жастар, қалам ұстап, бiрер парақ әңгiме жазған бетте бiрiн-бiрi жұлдыздарға теңейтiн жас буын, қазақ әдебиетiне үнемi көңiлдерi толмай, аузын қу шөппен сүртуге құмар жас толқын өкiлдерiнiң көбi Қарауылбек ағаның аса тұнық, мөлдiр сезiмге толы шығармаларын оқымай ержеткендерi көңiлге ерiксiз қаяу түсiредi.
…Қазақтың қоңыр аулында түнiкесi қисайып, жербауырлай жатағанданып көрiнетiн тозған үйлердiң арасынан кенеттен сан түрлi гүлдер егiлген әдемi ауланы көзiң шалатыны бар. Сондайда ауаның өзi жұпар аңқып, жан дүниең айқара ашылады, саңғырап сала бередi. Әлгi гүлзар аулаға көз айырмай қайта-қайта ұрланып көз тастайсың. Қиғың келмейдi, төңiректеп ұзақ жүрiп алуға мәжбүрсiң.
Марқұм Қарауылбек Қазиевтiң тұтас шығармашылығы да дәп сондай: қазақ әдебиетiндегi раушан гүлдер егiлген әдемi ауладан аумайды. Сондықтан да оған қайтып айналып соққың келедi де тұрады, қия алмайсың…
Жаңабек ШАҒАТАЙ