ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚТАР ЖЕТIСПЕЙДI?

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚТАР ЖЕТIСПЕЙДI?

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚТАР ЖЕТIСПЕЙДI?
ашық дереккөзі
1335

Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуi еңбек нарығы құрылымына едәуiр өзгерiстер әкелдi және бiлiктi қызметкерлерге деген сұранысты арттырды.

Яғни таңдау жасар сәт туды. Мектеп бiтiрушi түлектердiң алдында бiр ғана сауал – кiм болам? Көпшiлiк бiрден грант көп бөлiнген мамандыққа жүгiретiнi айтпаса да белгiлi. Еңбек нарығында дәл қазiр тапшы мамандықты таңдайтындар да аз болмас. Дегенмен де, алдағы онжылдықта сұраныс азаймайтын мамандықты таңдағанға не жетсiн?!

Қазiр еңбек нарығындағы жағдай тұрақты емес. Сарапшылардың айтуынша – заңгерлер, экономистер, басқарушылар шамадан тыс көп. Бiрақ, дәл осы мамандық иелерi кей компанияларда жетiспей жатады. Былтырғы түлектер бәсекесiнде жастардың арманы – бай болу екенi тағы байқалды. ЖОО-ның ақылы бөлiмдерi қаржы, кеден, салық саласының мамандарын көптеп дайындаса да бұл кәсiптi таңдаушылар саны азаяр емес. Осы мамандықтарға үмiткерлердiң көптiгiн былтырғы жылы бiр орынға шамамен отыз адамнан келгенiнен байқауға болады. Соңғы үш жылда “Қаржы және кредит”, “Бухгалтерлiк есеп және аудит” мамандығына құжат тапсырушылар тiптен көбейген. Аталған мамандықтарға елiмiз зәру емес. Осы орайда сарапшылар жергiлiктi еңбек нарығына дәл қазiр ақпараттық технология (программистер) және электроника бойынша инженерлер, инженер-технологтар тапшы екенiн алға тартып отыр.

Сол сияқты Қазақстанға кәсiпқой, бiлiктi басқарушылар керек. Инновациялық жобаны дайындап, сату iсiне дейiн жеткiзетiн басқарушының экономика мен қаржыдан хабары бар екендiгi және өндiрiстен тәжiрибесi молдығы маңызды. Қай кезде де өз iсiне шебер мамандар барлық жұмыс орны үшiн таптырмас кадр.

Бүкiл әлемдегi секiлдi Қазақстанның еңбек нарығына денсаулық саласы бойынша мамандар жетiспейдi. Жылына медицина саласындағы арнайы оқу орнын бiтiрген мамандардың тек төртеуi ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады екен. Қалғаны басқа салаға бас сұғады. Тапшы кадрлардың бiрi – биотехнологтар мен медицина құрылғыларының тiлiн бiлетiн маман. Жыл сайын жаңарып отыратын медицина саласына көзi ашық, көкiрегi ояу, технология тiлiн бiлетiн кадр ауадай қажет. Бұл салада фармацевтер тiптi жоқтың қасы.

Мемлекет экономикасы дамыған сайын кадр тапшылығы сезiле түседi. Дәл қазiр Қазақстанның еңбек нарығында жаңа технологиялардың тiлiн бiлетiн маман қажет. Экономика дамыған сайын кадр мәселесi шешiлмейтiн түйiнге айналуда. Дәл бүгiнде елiмiз аса зәру болып отырған салалардың бiрi – ғарыш саласы. Осы орайда астрофизик, астроном мамандықтарының қажеттiлiгi жылдан-жылға артып келедi. Мемлекеттiк стандарт бойынша бiлiм беру жөнiндегi Ұлттық орталықтың мәлiмдеуiнше, елiмiз зәру болып отырған механик, картограф және геодезист (бұл кәсiпке өте аз грант бөлiнген), геолог, баспа iсi мамандығына ұмтылушылар саны мардымсыз немесе жоққа тән.

Бүгiнгi таңда елiмiз металлургия және тау-кен өнеркәсiбi мамандарына зәру болып отыр. Сол сияқты техникалық мамандықтар, тұрғын үй және жол құрылысы (темiржонушы, ағаш өңдеу, кiрпiш қалау, монтаждаушы т.б.) бойынша мамандар дайындау аса қажет. Жаңа өндiрiстi қолға алу үшiн жаңа технологиямен жабдықталған зауыт керек. Жаңа технология сатып алған жағдайда техника тiлiн бiлетiн мамандар жоқ. Теория жүзiнде қалыптасқан бiлiм, нақты жұмыс тәжiрибесiнсiз түкке аспайды. Отандық еңбек ресурстары бiлiктi мамандар даярлап бере алмады, жұмыс күшi сырттан әкелу арқылы қанағаттандырылды, яғни шетелден жұмысшылар алынды. Мысалы, мұнай-газ саласы бойынша қаншама грант бөлiнген, бiтiргендер қаншама. Бiрақ мамандар тағы да шетелден алынуда. Қазiр бүкiл әлем елдерi кәсiптiк-техникалық бiлiмнiң қажеттiлiгiн бiрiншi орынға қоя бастады. Мемлекет экономиканың базалық салаларына, қызмет көрсету секторында кадр керектiгiн сезiндi. Шетелде кәсiптiк блiм беру тегiн. Себебi, техникалық бiлiм беруге жұмсалатын шығын әлеуметтiк және экономикалық тұрғыдан ақталады.

Елiмiзде өндiрiстiң өркендеп келе жатқанына байланысты бәсекеге қабiлеттi қызметкерлерге деген сұраныс өте жоғары. Сапалы бiлiм, беделдi ЖОО-ның дипломы жақсы жұмысқа орналасуға кепiлдiк бола алмайды. Қолында қос дипломы бар маманнан гөрi бәсекеге қабiлеттi кадрлер маңызды. Жұмыс берушi компаниялардың да талабы таудай: ақпараттық технологиямен қатар тiл бiлiмiнiң жетiк болуы, ресми тiлмен қатар ағылшын тiлiн игеру де аса қажет.

Елдегi еңбек үрдiсiне байланысты көптеген коммерциялық жоғарғы оқу орындары ашылды. Коммерциялық оқу орындары тек беделдi (престиждi) мамандықтарды ұсынады. Жоғарыда айтылғандай: заңгерлер, кеденшiлер, қаржыгерлер. Бiрақ осы мамандықты игерген түлектер бәсекенiң көптiгiнен жұмыс таба алмайды. Бiлiм беру сапасына келер болсақ, кадр таңдаушы сарапшылардың сөзiнше, жұмысқа алушылар тарапынан коммерциялық оқу орындарының дипломына деген салқынқандылық әлi сезiледi. Жұмыс берушiлер коммерциялық ЖОО-ның дипломын менсiнбейдi. Мемлекеттiк оқу орындарының бiлiм беру сапасына деген сенiм жойыла қойған жоқ. Мемлекеттiк ЖОО-ның дипломы жоғары бағаланады, олар: Қазақ ұлттық университетi, Қазақ ұлттық техникалық университетi, Мемлекеттiк басқару академиясы, Алматы энергетика және байланыс институты және т.б. Көптеген iрi қазақстандық компаниялардың тiзгiнiн мемлекеттiк ЖОО-ның түлектерi ұстап отыруы бекер емес.

Болжам

Болашақта кейбiр мамандықтар өмiр сүруiн тоқтатады. Мәселен, биржа маклерлерi, көлiк сатушы дилерлер, пошташылар, сақтандыру агенттерi және қозғалмайтын мүлiк жөнiндегi агенттер — бұлардың барлығын интернет алмастырады. Оқытушыларды дистанциялық бiлiм беру ығыстырады. Себебi, бұл бiлiм беру жүйесi аса қызықты және қолжетiмдi болғандықтан қазiрдiң өзiнде танымал.

Электронды басылымдардың көбеюi нәтижесiнде мерзiмдi баспасөздiң қатары кеми түспек, соған сәйкес полиграфтардың қызметi де аса қажет бола қоймайды.

Түрмеде қылмыскерлердiң саны азайтылады, арнайы микроқондырғылардың арқасында адамның қылмыстық iске араласуына кедергi жасалмақ.

Көлiктер арнайы компьютерлiк бағдарламамен басқарылып, керектi нысанға жүктелген жылдамдықпен жеткiзiлсе, жүргiзушi жұмысынан айрылуы мүмкiн.

Ал үй қызметшiсiнiң орнына ақылды тоңазытқыш, микротолқынды пештер және вакуумды шаңсорғыштар келедi.

Ақниет ОСПАНБАЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң студентi

Серіктес жаңалықтары