ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨШЕ БАСТАДЫ
ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨШЕ БАСТАДЫ
Өткен аптада Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң Үкiмет отырысын толығымен мемлекеттiк тiлде өткiзуi қоғамда бiршама қозғалыс тудырды. Әсiресе, орыстiлдi әрiптестерiмiз Үкiметтiң бұл қадамына қатты шүйлiктi.
Премьер-министрге кiм немесе не ықпал еткенiн дөп басып айту қиын, жалғыз күнде Үкiмет отырысын қазақ тiлiнде өткiзiп, қазақ қоғамының ықыласына бөлендi де қалды. Бiздiңше, бұған әсер еткен факторлар — ұлттық халық санағының қорытындысы, депутаттардың осыны негiзге ала отырып — Премьерге депутаттық сауал жолдауы, барлық деңгейдегi iс-қағаздары мемлекеттiк тiлге толығымен көшедi делiнген 2010 жылдың есiктен сығалап тұрғандығы.
Бұның қоғамда қызу пiкiрталас тудырғаны да анық. Соның iшiнде Премьердiң бұл iсiне үрке қарағандар да, ол қадамнан қорыққандар да, тiптi, саяси ойын деген баға бергендер де табылды.
Қалай дегенмен де, айды аспанға бiр-ақ шығарған Премьердiң бұл iсiне әркiм әртүрлi баға беруде.
Бұған алғашқылардың бiрi ретiнде тiл қатқан — Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттiк мекемелердегi кеңестер мен өзге де шаралардың мемлекеттiк тiлде өткiзiлуiн қолдайтындығын жеткiздi. Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң алқа мәжiлiсiн өткiзген министр мырза: “Мемлекеттiк тiлдi қолдауды бiздiң министрлiк бастауы тиiс. Кеше Премьер-министр Үкiмет отырысын толығымен қазақ тiлiнде өткiздi. Бiздiң әрiптестерiмiздiң шама-шарқынша қазақ тiлiнде сөйлегенiн көрдiңiздер. Бұл алдағы уақытта да жалғасын табады деп есептеймiн. Бұған бiз бiртiндеп үйренiсемiз. Бұл мемлекеттiк тiлдi қолдау бағытында жасалып отырған оң қадам” деп атап өттi. Министрдiң осы мәселенi жүзеге асыруда көптен берi талмай жұмыс iстеп келе жатқаны баршаға белгiлi. Министрдiң бұл мәлiмдемесi елiмiздегi “Лад” орыс-славян ұйымының жетекшiлерiнiң қитығына тиген екен. Бұл ұйымның арнайы мәлiмдемесiнде: “Премьер-министр де, өзге де үкiмет мүшелерiнiң бiрде-бiрiнiң ойына “титульды емес” ұлт алдында түснiктеме беру миына кiрiп шықпайды. Керiсiнше, Мәдениет және ақпарат министрi бұл қадамды қолдай отырып, “бұған үйрену керек!” деп түйедi. Бұл қадамның орыстiлдi азаматтардың құқығын бұзатындығы, Конституцияны сыйламайтын дәстүр қалыптаса бастағандығы жайында министр “мәдениеттi” түрде жақ ашпайды. Ал, болған оқиғаға ол жауапты ғой” делiнген онда.
Елiмiздегi орыстiлдi аудитория әлi күнге дейiн Қазақстанның бiр күнi қазақтiлдi мемлекетке айналатындығына сенбейдi, сенгiсi де келмейдi, сол үшiн де дайын емес. Дайын еместiгiн, кешегi оқиға көрсеттi.
Орыстiлдi журналистердiң ерiн бауырына алып тулауының мәнiсi — Үкiметте қазақшадан орысшаға аударатын iлеспе аударманың жоқтығы болды. Бұл жерде Конституцияның 7-бабын көлденең тартқан орыстiлдi қауымдастық өкiлдерi өздерiнiң салық төлейтiндiгiн бұлдай отырып, конституциялық құқықтарының аяққа тапталып жатқандығын сөз еттi. Бiр қызығы, Үкiметтiк, Президенттiк және парламенттiк жиындардың басым көпшiлiгi — осы уақытқа дейiн Конституцияның 7-бабында көрсеткендей “ресми” тiлде өткiзiлiп келдi, алайда, қазақтiлдi журналистер тарапынан бұған наразылық бiлдiрген ешкiм болған жоқ. Дәл осы мәселенi “Интерфакс” ақпарат агенттiгiнiң ресми мәлiмдемесiнде атап өтiптi. Яғни, “бұрын Үкiмет отырыстары орыс тiлiнде өткiзiлiп келдi, бұл — қазақтiлдi әрiптестерiмiзге қиын тиетiн едi” делiнген онда.
Журналистiк қауымдастық Парламентте iлеспе аударманың бар екенiн тiлге тиек ете отырып, Үкiметтiң бұл iсте шалағайлық танытқанын сынайды.
Қазақтiлдi қауымдастық ешуақытта iлеспе аудармаға сүйенiп көрген жоқ. Кiм болса да, уақыт талабымен орыс тiлiн үйренiп алуға тырысты. Әрi орысша жиын өткiзгенi үшiн ешкiмдi сөккен жоқ. Ал, орыстiлдi журналистер қауымына дайын асты шайнап беру қажеттiлiгi туындап отыр. Бұған не деуге болады.
Сондай-ақ, қазақстандық интернет басылымдардың осы оқиғаға байланысты коментарийлерiн саралап көрсек, ондағы пiкiрлердiң басым көпшiлiгi – Қазақстанның қостiлдi мемлекет болуына көбiрек үгiттейдi. Бұл ретте “Русским решать: уезжать или остаться!” атты Артур Нигметовтiң “Posit.su” сайтындағы мақалада Швейцариядағы немiс, француз және итальян тiлдерiнiң мемлекеттiк дәреженi теңдей ұстап отырған үлгiсiн көлденең тартады. Дегенмен, оған ресейлiк саясаттанушы Максим Старчак келiспейтiндiгiн бiлдiредi. Оның пiкiрiнше, Швейцария мен Қазақстанның мемлекеттiк тарихы мен жүрiп өткен жолы мүлдем сәйкеспейдi. Швейцария Конфедерация ретiнде әртүрлi тiлдiк топтардың құрған мемлекетi, ал Қазақстанда мемлекеттiк құраушы ұлт бiреу. Ол — қазақтар. Сол үшiн де Қазақ елiнде қазақтiлiнiң мемлеккеттiк деңгейде салтанат құруы заңды деген ол.
Түйiн: Үкiмет қазақша тiл сындырғаннан бергi бiр апта iшiнде Қазақстан қоғамында орын алған пiкiрлер легi осындай. Ал, “Азаттық” радиосының сайтында өз пiкiрiн бiлдiрген Уәлихан Қалижан “Үкiмет отырысы мемлекеттiк тiлде өткенi осы екен, артынан-ақ орыстiлдi басылымдарда “Қазақстанда ресми тiлдiң жағдайы мүшкiл” — деп байбалам сала бастады. Бұл дегенiңiз орынсыз. Өйткенi, бiз Қазақстанда ұлтаралық қатынастарды сақтай отырып, Конституцияның аясында жұмыс iстеп келемiз. Ал жеке өзiмнiң пiкiрiм, егер осылай бара берсе, ұлттық құрамымыздың өсуiне байланысты, тiлдiң қолдану аясының кеңеюiне байланысты болашақта Конституцияның 7-бабына өзгерiс енгiзiлуi де мүмкiн” деген. Демек, елдегi негiзгi ұлттың санының өсуiне байланысты ұлттық саясаттың да курсы өзгеруi әбден мүмкiн. Осы ретте 2002 жылы Түркiстан қаласында өткен Дүниежүзi қазақтарының II құрылтайында сөйлеген Елбасының сөзi ерiксiз еске оралады. “Елдегi қазақ ұлтының саны 70-80%-ға жетсе, қазақтың тiлi мен мәдениетiнiң мәселесi өзiнен-өзi шешiлетiн болады” деген едi Президент. Бүгiн сол арманға жететiн күн де алыс емес сияқты.
Есенгүл Кәпқызы