ТАРИХТЫ ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ӘДIСI

ТАРИХТЫ ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ӘДIСI

ТАРИХТЫ ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ӘДIСI
ашық дереккөзі
270

Қазақстан Республиксы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң назарына!

Жуырда, “Бiлiм” баспасынан “Қазақстан тарихы сабақтарында қолданылатын кестелер мен графикалық сызбалар” атты оқу-әдiстемелiк құралы жарық көрдi. Авторы Аягөз қаласының Кешiрiм Бозтаев атындағы №16 қазақ орта мектебi мүдiрiнiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары, тарих пәнiнiң мұғалiмi, бiлiктi ұстаз – Бауыржан Ешмағамбетов. Бұл көмекшi құрал мектепте тарих сабағын оқытуды жаңа технологиялық талаптарға сай жүргiзуге негiзделген. Себебi, тарих пәнiнен сапалы бiлiм беру жолдарының тиiмдi түрлерiнiң бiрi кестелер, тiрек және графикалық сызбаларды пайдалану екенi сөзсiз.

Дәрiс берудiң бұл әдiсi оқушылардың тарихты түсiнуiне де жеңiлдiк туғызады. Көмекшi құрал пәнi мұғалiмдерi мен бiрыңғай ұлттық тестке дайындау кезеңiнде пайдалану үшiн мектеп бiтiрушiлерге арналып жасалған және Қазақстан тарихы пәнiнiң толық бағдарламасы бойынша дайындалған. Әдiстемеде қазақ даласында адам баласы пайда болғаннан бастап, ежелгi мемлекеттердiң қалыптасу тарихы және түркiлiк дәуiр, сондай-ақ ұлттық мемлекеттiң қалыптасуы мен даму кезеңдерi кестелер мен сызбалар арқылы әр қырынан қамтылған. Тарих пәнiнiң терминдерi мен түсiнiктерi, даталары, тарихи оқиғалардың фактiлерi кесте түрiнде жеңiлдетiп берiлген. Атап айтсақ, аталмыш кiтапты қолына алған оқырман әлемдiк дiндер тарихы, Қазақстан тарихының кезеңдерi, Күлтегiн ескерткiшi, Бехистун жазбасы, Сақ тайпаларының бiрлестiгi, Ғұндар, Түрiк қағанаты, Қазақстан жерiндегi Орта ғасырдағы мемлекеттер, Қарахан мемлекетi, Қыпшақ хандығы, Моңғол ұлыстарының құрылуы, Алтын Орда мемлекетiнiң қоғамдық құрылысы, қазақ атауының шығуы, қазақ хандығының жетi жарғысы сияқты көптеген тарихи деректерге толы мол мағлұмат ала алады. Яғни, елiмiздiң тарихында бiрнеше томдарды құрайтын әртүрлi тарихи мәлiметтер кестелер мен графикалық сызбалар арқылы бiр кiтапқа түсiнiктi түрде сыйдырылып, жалпы оқырманға түсiнiктi етiп берiлген. Әдiстемелiк көмекшi құралға енгiзiлген әрбiр кесте тақырыптың теориялық жүгi мен мазмұндық ерекшелiгiне сай, қазiргi заманғы методологиялық заңдылықтар мен жаңа технологияларға негiзделген. Сызбалар оқушыға тақырып мазмұнының түйiндi тұстарын ұғынуға және тарихи оқиғаны өздiгiнен өрбiтуге септiгiн тигiзедi. Тiрек сызбалар Қазақстан тарихын түсiндiруде өте тиiмдi және оқушының есте сақтау, бiлгенiн бекiту қабiлетiн шыңдауға, коммуникативтiк қарым-қатынас мәдениетiн қалыптастыруға бағыттталған.

Аталмыш көмекшi құрал мектептерде тарих сабағын оқытуды мейлiнше жеңiлдетiп, әрi тез игеруге көмектесiп қана қоймайды, сонымен бiрге тарихи оқиғалардың iшкi астарын, себеп-салдарын неғұрлым объективтi бағалауға да жол ашады. Осындай оқу-әдiстемелiк құралдарға мектеп оқушылары ғана емес, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының студенттерi де аса мұқтаж болып жүргенi белгiлi. Мұндай құралдар шетелдерде кеңiнен пайдаланылады және өз бетiмен бiлiм алушылардың қолдан тастамайтын сүйiктi кiтаптарына айналған.

Бiр өкiнiштiсi, “Қазақстан тарихы сабақтарында қолданылатын кестелер мен графикалық сызбалар” оқу әдiстемелiк құралының қазiргi таралымы көңiл көншiтпейдi және бұл кiтапты елiмiздегi жетекшi ғалымдар мен арнайы мамандар назардан тыс қалдырмай, кең талқылаудан өткiзсе құба-құп. Қалай десек те, Қазақстан Бiлiм министрлiгi аталмыш мәселеге мұрындық болуы керек секiлдi.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары