Еліміз алтын өндірісі жөнінен ТМД бойынша үшінші орында

Еліміз алтын өндірісі жөнінен ТМД бойынша үшінші орында

Еліміз алтын өндірісі жөнінен ТМД бойынша үшінші орында
ашық дереккөзі

Қазақстан алтын өндіріс бойынша ТМД-дағы үздік үштіктің қатарында. Бүгін «Astana Mining & Metallurgy» халықаралық VI тау-кен металлургиялық конгресі аясында өткен «Қазақстанның алтын өнеркәсібі» атты дөңгелек үстелде Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қанат Байытов осылай мәлімдеді. «ТМД елдерінің арасында Қазақстан алтын өндірісі бойынша Ресей мен Өзбекстаннан кейін үшінші орында. Сонымен бірге алтын ресурстары 1,8 мың тоннаға бағаланып отыр. 100-ге жуық алтын өндіретін компаниялар тіркелгенімен, оның ішінде тек 35-і бүгінде қазба жұмыстарын жүргізуде», – деді Байытов. Қазіргі кезде екінші бес жылдық аясында Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді дамыту бағытына ерекше мән берілмек. Осы мақсаттар үшін алтынды барлау мен өндіру жұмыстарын жүргізуге жер қойнауын пайдаланушылармен 127 шарт бекітілген екен. Оның ішінде барлау жұмыстарына 58 компаниямен, өндіруге – 37, ал барлау және өндіруді қоса атқаратын 32 компаниямен келісімшарт жасалады. Байытовтың айтуынша, мемлекет алтын бойынша геологиялық базаны барынша кеңейтуге мүдделі.