Сейсенбi күнi, Үкiмет “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” қолданыстағы Заңға өзгерiс енгiзудi көздейтiн заң жобасы әзiрлеп, Мәжiлiстiң қарауына бердi. Заң жобасында мемлекеттiк мереке Наурыз мейрамын қазiргi қолданыстағы 22-наурыз — бiр күннiң орнына 21-23-наурыз үш күн бойы мерекелеу ұсынылып отыр.
Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы мамырдың 29-ындағы сөзiнде Наурыз мейрамын жаңа тұрғыда мерекелеу қажеттiгiн айтқаны баршаға мәлiм.
Қазақтар мен олардың ата-бабалары — түркiлердiң ежелгi пайымдаулары бойынша әр жыл алты ай жазға және алты ай қысқа бөлiнген. Осы бөлiнiсiнiң шегi көктемгi күн мен түннiң теңелу күнi — Жаңа жыл – Наурыздың бiрiншi күнi болып табылады.
Бұл мейрам қазiргi заманғы дiндер мен ұлттар болмай тұрған ежелгi уақытта пайда болған. Ұлы ақын және ғалым Омар Хайям (оның толық есiмi — Гияс ад-Дин Мәлiк Әбу әл-Фатх Омар ибн Ибраһим Хайям) ХI ғасырда сұлтан Жәлел ад-Дин Мәлiк ибн Әли-Арыстан Селжук шаһының тұсында сұлтан атымен аталған — “Мәлiктiң жыл санауы” жаңа күнтiзбесiн жасады, ол күн Тоқты шоқжұлдызына түскен кезiнен және көктемгi күн мен түннiң теңелу күнiнен кейiн бiрiншi күн басталатын күн – табиғи жаңа жылға негiзделген. Бұл аспан шырақтарының шоқжұлдыздар бiр жылғы айналымнан кейiн бастапқы айналу нүктесiне келiп, жаңа жолды — шеңбердi бастайтын күн.
Наурыз мейрамы — жалпы адамзаттық құндылықтарды бекiтудiң, мемлекетiмiзде халықтардың достығы мен туыстығын нығайтудың маңыздылығына орай, өзге елдердiң Жаңа жыл мерекелерiне ұқсас бiздiң мемлекетiмiздiң халықтық мейрамы деп көрсетiлген.
Осыған байланысты Наурыз — табиғат жаңаруының ежелгi мерекесi, оны қазiргi заманда көптеген халықтар атап өтедi. Оны мерекелеу қашан басталғаны туралы тарихи мәлiмет жоқ, оның тамыры тереңде жатыр.
Ж.Баққонды-ұлы