ТМД-НЫҢ ӨЗ НАТО-СЫ БОЛА МА?

ТМД-НЫҢ ӨЗ НАТО-СЫ БОЛА МА?

ТМД-НЫҢ ӨЗ НАТО-СЫ БОЛА МА?
ашық дереккөзі
164

Өткен аптаның соңында Ресей астанасында Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымы мен ЕурАЗЭҚ-ының саммиттерi болып өттi. Бұл кездесудiң басты нәтижесi – аталған ұйымға мүше елдердiң ұжымдық күштi қалыптастыру туралы келiсiмге қол қоюы болып табылады. Оның негiзiн Ресей десантшылары құрайтын болады.

РЕСЕЙ КӨЗДЕГЕНIНЕ ЖЕТПЕК

ТМД кеңiстiгiнде НАТО секiлдi күштi әскери одақты жасақтау, оған Үндiстан мен Қытайды тарту — Ресейдiң Путин билiк басына отырғанынан бергi арманы. ТМД құрылымы да, Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмi мен ЕурАЗЭҚ та осы мақсаттардың үдесiнен жасақталғаны белгiлi. Бүгiнде ауызға алынбай кеткен БЭК-тiң (бiрыңғай экономикалық кеңiстiк) де негiзгi көздегенi осы болатын. Ресей үшiн ТМД аумағындағы қос мемлекет — Грузия мен Украинаның НАТО-ға енуге ұмтылысы — бұл арманының көкжиегiн тарылта түскендей.

Грузия аумағын бөлшектеп, Оңтүстiк Осетияны жеке ел ретiнде тануындағы түпкi ниетi өз ықпалынан қол үзiп, Солтүстiк Альянсқа мүше болуды көздеушi елге деген сесi. Дәл осы мақсатпен Украинаға да энергетикалық және саяси тұрғыдан қысым көрсете бастады. Жыл басында Украина арқылы Еуропаға тасымалданатын газдың екi ел арасындағы келiспеушiлiктен үзiлiс жасауы, Ресейдiң газының Украина үшiн бiрнеше есеге қымбаттап кетуi — осының салдары. Украинаға қарсы қолданар көзiр тек бұл ғана емес. Сондай-ақ, әлi күнге таласты территория болып келе жатқан — Қырым өлкесi. Қырым 1954 жылы Хрущевтiң кезiнде Украина ССР-iне берiлген болатын. Ал, 1991 жылы КСРО күйрегенде, Севастополь мен Қырым Украина қарамағына өттi. 1997 жылы Ресей мен Украина достық, өзара қарым-қатынас және әрiптестiк туралы келiсiмге қол қойды. Бұл келiсiм бойынша, Мәскеудiң Украина шекарасын 1991 жылғы шекара бойынша мойындайтындығы айтылған. Алайда, Украинаның НАТО-ға ұмтылысының өзiн ресейлiктер жоғарыдағы келiсiмнiң бұзылуы деп бағалауда. Егер, бұл келiсiм бұзылса, Ресей Қырым мен Севастополь, тiптi, Шығыс Украинаға да ауыз салуға дайын. Былтырғы жылдың 1 шiлдесiнде Литваның “Geopolitika” атты газетiнде Вадим Воловейдiң: “Если завтра война”, или Что будет, если Россия решит отобрать Крым у Украины” атты мақаласы жарық көрдi. Мақала авторының айтуы бойынша, Мәскеу мэрi Ю. Лужков Севастопольдiң КСРО-нiң орталық аппаратына бағынатын қала ретiнде арнайы декреттiң қабылданғанын айтады. “Яғни, Севастополь Ресейдiң Украина қарамағына берген территория емес” деген ол. Естерiңiзде болса, былтыр Мәскеудiң қақ ортасында “Севастополь — наш!” деген деген ұранмен өнер фестивалi өткiзiлген болатын. Дәл осы шараны Мәскеу мэрi Лужковтың қолдауы әрi оған ресми билiк тарапынан өзгеше реакцияның болмауы Мәскеу мэрiнiң көзқарасын Кремльдегiлердiң де қолдайтындығын айғақтай түседi.

Ресей, сөйтiп, посткеңестiк елдердегi ықпалын күшейтудiң айла шарғыларын жасап бағуда. Сондай-ақ, бүкiл әлемдiк дағдарысты да Ресей ұтымды пайдалана бастады. Ең әуелi Ресей Құрманбек Бакиев келгелi көпвекторлы саясат ұстануға тырыса бастаған Қырғызстанды да өз уысына түсiрудi жөн деп тапты. Сөйтiп, Орталық Азиядағы Американың әуебазасы орналасқан жалғыз мемлекеттi де бұл мақсатынан бас тартуға үндедi. Мұның бағасы Ресей үшiн арзанға түскен жоқ. Ресей егер, Қырғызстан “Манас” әуе базасын жауып, америкалық әскерилердi өз территориясынан шығаратын болса, бұған дейiнгi 173 миллион доллар қарызын кешiретiн болып келiстi. Сондай-ақ, Ресей Қырғызстанға 2 миллиард доллар көлемiнде жеңiлдетiлген несие мен қайтарымсыз 150 миллион доллар беру туралы келiсiмге қол қойды. Демек, қырғыз экономикасына жедел қол ұшын созып, оны дағдарыс шеңгелiнен құтқару арқылы ұзын арқау, кең тұсау жасауды басты мақсат етуде.

“КоммерсантЪ” газетi “Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымына мүше елдердi өз уысынан шығармау үшiн Ресей маңдай терiн де төгiп, табан етiн де тiлуге дайын” деп жазады. Былтырғы жылы Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымының бюджетi 150 миллион рубльдi құраса, биыл ол 25%-ға өспек. Тек ұжымдық жедел топ құру мақсатында — 94 миллион рубль болмақ. Ал, бұл қаржының 50%-ын Ресей өз мойнына алып келген болса, жедел топ үшiн төленетiн қаржының да негiзгi бөлiгiн Ресей көтермек. Сөйтiп, Ресей Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымына енген 7 мемлекеттi (Ресей, Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстан)өз айналасында ұстау үшiн қаржысын да, энергетикалық ықпалын да, метрополиялық күшiн де пайдаланып отыр.

ҰЖЫМДЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ӘЛI ДЕ БЕРIК ЕМЕС

Алайда, Ресейдiң ойлағанындай бола қою неғайбыл. Бұған осыдан бiраз уақыт бұрын Өзбекстанның Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымынан шығу туралы мәлiмдемесiн мысал етсек те жетiп жатыр. Бұл жолғы басқосуға Өзбекстен президентi Ислам Каримов төбе көрсетсе де, келiсiм шарттарға тым сақтықпен қол қойып, арнайы шарттар енгiздi. Ал, бұл саммитке келуден әуелi бас тартып, сосын қайта ойланған Тәжiк президентi Эмомали Рахмонның да өз iшкi есебi бар. Ең бастысы, көршi қос түркi мемлекетi трансшекаралық өзендер үшiн өзара дүрдараз. Тәжiк президентiнiң Ұжымдық қауiпсiздiк саммитiнен бас тартуы жайында мәлiмет таратқан “Ведомости” газетi Өзбекстан мен Тәжiкстан арасында Рогун гидроэлектроэнергиясын салуға қатысты дау-дамайдың өршiп тұрғанын айтады. Өзбекстанға ресми сапармен барған Ресей президентi Д. Медведев Ташкенттi бұл тұрғыда қолдауға әзiр екендiктерiн мәлiмдеген болатын. Тәжiк президентiн өкпелеткен осы жайт деп жазады. Сондай-ақ, Тәжiкстан АҚШ-қа өз әуе кеңiстiгiн Ауғанстанға жүк тасу үшiн беруге дайын екендiгiн мәлiмдеген. Демек, Тәжiкстан Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмiне ғана енiп қоймайды, сонымен қатар, АҚШ әскерилерiн де өз территориясына енгiзуге дайын.

Ресей қарқ қылып тастаған Қырғызстанның “Манас” әуежайы амеркинадықтардан босағаннан кейiн, жылдам қимылдайтын ұжымдық күштiң әскерилерiмен толығады делiнген. Алайда, 5-ақпанда өткен Қырғыз Парламентiнiң бiрлескен отырысында қаралуға тиiс “Манас” әуежайын жабу туралы мәселе кейiнге шегерiлдi. Ол мәселенiң қанша уақытқа дейiн шегерiлгендiгiн ешкiм дөп басып айтып бере алмайды. “КоммерсантЪ” газетi Қырғыз президентiнiң американдықтардан басқаша сый күтiп отырғандығын айта келе, АҚШ мемлекеттiк департаментiнiң өкiлi Роберт Вуд “Манас” әуе базасы үшiн Мәскеумен келiссөзге келу қажет дегендiгiн айтады. “Менiңше, бiр нәрсе айқын, бұл — Ресеймен ғана ақылдасатын iс” деген ол. Демек, АҚШ Бiшкектiң “Манас” әуежайын жабу туралы шешiмiне кiмнiң әсер еткенiн бiледi, екiншiден, Вашингтон “Манас” әуе базасын қолдану үшiн Мәскеумен келiссөз жүргiзуге даяр” делiнген “На авиабазу “Манас” не поднялись руки” атты мақалада (“Коммерсантъ” №21 (4076) от 06.02.2009, Бек Ъ-Орозалиев, Бишкек; Геннадий Ъ-Сысоев).

МУЗЫКАҒА КIМ ТАПСЫРЫС БЕРЕДI?

Сонымен, Ресей президентi Дмитрий Медведев НАТО-ға теңеген жедел қимылдау ұжымдық күшi осыдан былай шекара аумақтарында, басқа да әскери қақтығыс болған жағдайда, терактiлер мен наркотрафикке қарсы және басқа да ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргiзетiн болады. Яғни, былтырғы жаздағы Грузиядағыдай шиеленiс орын алса 15 мыңдай әскерден жасақталған ұжымдық күш әскерилерi сақадай-сай тұрмақ. Оның негiзгiсiн Ресей мен Қазақстан әскерилерi жасақтайды. Мәскеу бұл жедел топқа 8 мыңдай әуе-десанттық дивизиясы мен десанттық-штурмалық бригадасын қосуға әзiр. Қазақстан 4 мыңдай жауынгерден тұратын десанттық-штурмалық бригаданы ұсынбақ. Өзге мүше мемлекеттер 400-800 адамнан тұратын батальон жiберiп тұратын болады. Ал, Өзбекстан бұл альянстың тұрақты мүшесi болудан бас тартты. Ол тек Өзбекстан мүддесiне сай әскери операцияларға қатысатын болды.

Демек, әскердiң тек жарымына жуығы Қазақстандiкi болғанымен, бұған бөлiнетiн қаржы мен әскердiң басым бөлiгi Ресей Федерациясынан болғандықтан, бұл ұжымдық топ Ресей мүддесi үшiн қимылдайтыны белгiлi. Сол себептi де, Қазақстан өзге мүше мемлекеттер секiлдi аяғын аңдап басқаны дұрыс едi. Егер бұл ұжымдық топ былтыр жазға дейiн жасақталғанында, Қазақстан Ресеймен бiрге Грузияға оқ атар ма едi? Күнi бүгiнге дейiн Ресейдiң Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындағанын қолдай қоймаған Қазақстан ертең өз мүддесiне қайшы келiп тұрса да осындай шекаралық операцияларға өз еркiнен тыс қатысатын бола ма? Яғни, бұл жерде ең дұрыс позицияны Өзбекстан ғана ұстанып отыр. Қалғандары Ресейдiң уысына түстi. Соның iшiнде Қазақстан бұл әскери коалицияны жасақтауға атсалысуы арқылы, Ресейдiң әлi де ықпалынан шыға алмайтындығын көрсеттi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары