ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА — ҚОҒАМНЫҢ ҚАЖЕТТIЛIГI

ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА — ҚОҒАМНЫҢ ҚАЖЕТТIЛIГI

ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА —  ҚОҒАМНЫҢ ҚАЖЕТТIЛIГI
ашық дереккөзі

Қоғамдық телеарна туралы қоғамдық пiкiр бiзде әлдеқашан қалыптасып болған. Бұл жөнiнде кiмнен сұрамаңыз, әрбiр саяси қайраткердiң, мемлекеттiк қызметкердiң өзiндiк пiкiрi бар. Бiрақ сөйте тұра, айтылғалы бес-алты жыл болып қалған идеяның жүзеге асуы соңғы кезде сиырқұйымшақтанып кеттi.

Әуелi, «қоғамдық телеарна» дегеннiң не екенi туралы сөздiң басын ашып алайық. Әлемнiң елуге тарта елiнде қоғамдық телеарна бар. Оның ең озық үлгiсi ретiнде ағылшынның ВВС телеарнасы аталады. Қоғамдық телеарна ұстанған саясаты жөнiнде де, қаржыландыру көзi бойынша да билiктен де, бизнестен де тәуелсiз болуы керек. Кейбiр елдерде оның шығындарының бiр бөлiгiн мемлекеттiк бюджет көтерсе, кейбiр елдерде толықтай абоненттiк төлем арқылы қаржыландырылады. Мысалы, Жапонияның қоғамдық телеарнасы 100 пайыз көрермен ақшасының арқасында жұмыс iстейдi. Қаржысы жөнiнде тәуелсiз ақпарат құралы "шөмiштен қағады" деп билiкке де, басқаға да жалтақтамайды, қоғамның дертi неде, соны ашық айтады. Қоғамдық телеарна ашу үшiн ең әуелi заң керек. Оны кезiнде марқұм Алтынбек Сәрсенбаев ақпарат министрi болып тұрған кезде-ақ қолға алған болатын. Бiрақ, неге екенi беймәлiм, министрлiк сол уақыттан берi екi басшы ауыстырса да, "заң жобасын әлi жасап жатыр". Бұл мәселеге қоғам қайраткерлерi де атсалысқан. Алматыда Сейтiқазы Матаев бастаған үркердей топ бар, олар да "заң жобасын жасап жатыр". Заң жобасы жазылар-ау, оны қоғамдық талқылаудан өткiзiп, барлық пiкiрдi ескерiп, Парламент сүзгiсiнен өткiзу қалай жүзеге асар екен?! Оппозиция қоғамдық телеарнаның құрылуын қызу қолдайды, тiптi 2002 жылы "Қазақстанның қоғамдық телеарнасы" атты жоба да жасады. Бiрақ бұл мәселеде оппозицияның да жеткен биiгi жоқ-ау. Қазақстанда бұл идея 1987 жылы айтылған деген дерек бар. Сол кездегi ҚазССР Мемтелерадионы басқарған Ғадiлбек Шалахметов бұл идеяны мақұлдаған деседi, бiрақ идея әлi күнге дейiн идея түрiнде қалып отыр. Шын мәнiнде, қоғамдық телеарна ашылған күннiң өзiнде оның жұмыс iстеу механизмдерiн бiз анық елестете алмай отырмыз. Тiптi, абоненттiк төлем арқылы қаржыландырылған күннiң өзiнде, оны басқару тетiгi кiмнiң қолында болмақ? Бiзде кез келген мәселе бойынша құрылған қоғамдық кеңестердiң, мемлекеттiк комиссиялардың аузының дуасы жоқ екенiне халықтың етi үйренген, ал одан басқа қоғамдық телеарнаны басқаруды кiмге сенiп тапсыруға болады? Германияда үкiметтiк емес ұйым басшылары бiрiгiп, бақылаушы кеңес құрады екен. Бiрақ бұл жерде осы механизмдi көшiрмес бұрын, еуропалық менталитеттiң өзгешелiгiн ескерген жөн. Ең бастысы, қоғамдық телеарна үшiн қосымша ақы төлеуге көрермен дайын ба? 2004 жылы Дариға Назарбаева қоғамдық телеарна үшiн абоненттiк төлемдi есептеп шығарды. "Мұндай телеарнаны ұстап тұру үшiн жылына бес миллиард теңге керек. Бес миллиард теңгенi жинау үшiн абоненттер саны орта есеппен алғанда жетi миллион болуы керек, сонда абоненттiк төлем ай сайын 60-100 теңге болады" дедi ол. Бұған қоса, сол кездегi "Асар" партиясының жетекшiсi: "Абоненттердiң 10 пайызы ғана абоненттiк төлем төлеуге дайын" деп мәлiмдедi. Д.Назарбаеваның қандай мониторингтiң қорытындысына сүйенгенi белгiсiз, бiрақ бұл кезде қоғамдық телеарна "Хабардың" негiзiнде құрылсын деген идея алғаш айтыла бастаған кез болатын, сондықтан сол кездегi "Хабардың" бас директоры жеке мүддесiн көздеуi де ғажап емес. Бiз бұл мысалды қоғамдық телеарнаның келешек шығындарын жобалап көзге елестету үшiн ғана келтiрiп отырмыз. Әрине, қоғамдық телеарна туралы қоғамдық пiкiр қалыптасқанымен, оны құру механизмдерi туралы сөз пiстi деуден аулақпыз. Өйткенi, осы жүйенiң ең озық үлгiсi ретiнде айтылатын BBC телеарнасының өзi соңғы жылдары қаржылық, кадрлық, құрылымдық дағдарысты бастан кешуде. Бұл телеарна басшылығы алдағы алты жылда бүкiл әлем бойынша миллиондаған қызметкерлердi жұмыстан шығаратыны туралы мәлiмдеме жасады. Бiз үшiн бұл тек сабақ алып, ой қорытатындай жайт болуы керек, өйткенi қоғамдық телеарнаның қоғамды алға жылжытатын тетiктiң бiрi екендiгiне дау жоқ. ПIКIР Сейiтқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi:
Қоғамдық телеарна туралы заң жобасын дайындап жатырмыз
 

– Бiзге қоғамдық телеарна керек. "Қазақстан", "Хабар" сияқты бюджеттiң ақшасынан қаржыландырылатын мемлекеттiк телеарна бiзде бар, жекеменшiк телеарна да жеткiлiктi. Ал қоғамдық телеарнаны тарату нақтылай айтқанда, абоненттiк төлем арқылы жүзеге асады. Англияда – BBC, Жапонияда – NHK сияқты телераналар осы жүйемен жұмыс iстейдi. Бiрақ бiреулер «бiз қоғамдық телеарна ашуға дайын емспiз» дейдi, бiреулер «әлi ерте» дейдi, халық оған әдеқашан дайын деп санаймын. Бiз "бiр қоғам – бiр телеарна" деген дөңгелек үстел өткiздiк, сонда да қоғамдық телеарнаның қажеттiлiгi ашық айтылды. "Хабар" телеарнасының негiзiнде осы телеарнаны ашуға болар едi, бiз бұл мәселенi бұрынырақ та көтергенбiз. Өйткенi, "Хабардың" техникалық мүмкiндiгi жоғары. Бiр ғана кедергi бар ол – алыс ауылдарда тұратын адамдардың ақшалары болмауы мүмкiн, ал қала тұрғындары қазiр кабельдiк жүйе бойынша да ай сайын ақша төлеп отыр ғой, олар қинала қоймас. Сондықтан қоғамдық телерананың жарты ақшасын, нақты алғанда сигналды жеткiзу ақысын бюджеттен төлеуге болар едi. Қалған ақшаны не абоненттiк төлем арқылы жинауға не болмаса, демеушiлердiң көмегiмен табуға болады.

– Қазiр бұл идеяның жүзеге асуына не кедергi деп ойлайсыз? – Оған саяси шешiм керек. Не Елбасы, не Үкiмет, не Парламент мойнына алуы керек. Бiздiң ойымызша, белгiлi азаматтардан тұратын қоғамдық кеңес құрылуы керек. Олар қоғамдық телеарнаның саясатын анықтап, бақылап отырады. Қоғамдық кеңеске белгiлi ақын-жазушыларды, қоғам қайраткерлерiн шақыруға болар, олардың құрамын Парламент бекiтетiн шығар. Бiрақ қандай да бiр партия мүшелерi болмауы керек. Өйткенi, партия мүшелерi өз ұйымының идеологиясын тарататыны белгiлi ғой. Менiңше, олардың қатарында елдiң сөзiн айтып жүрген Герольд Бельгер, Мұрат Әуезов сияқты азаматтар болса. – Мұның бәрi қашан жүзеге асуы мүмкiн? – Бiр-екi жыл бұрын бiз осы мәселенi көтердiк. Осы мәселе бойынша құрылған жұмыс тобы бар, оның iшiнде – Болат Әбiлев, Ғани Қасымов, мен де бармын. Бұл жұмысшы тобы шетелдегi тәжiрибенi зерттей отырып, қоғамдық телеарна туралы заң жобасын дайындауы керек. Әлихан БӘЙМЕНОВ, "Ақ жол" партиясының жетекшiсi:
Қоғамдық телеарна мәдени-ағартушылық бағытында құрылса
 

– Қазақстанда қазiр кезек күттiрмейтiн шараның бiрi – балама пiкiрге жол ашатын, түрлi көзқарастағы қоғам қайраткерлерi мен ойшылдар қол жеткiзе алатын телеарна. Бұл Конституциямызда жазылған "Қазақстанда саяси және идеологиялық әралуандылық танылады" деген баптың жүзеге асуы болып табылады. Бiрнеше кезеңмен жүзеге асырылатын шаралар бар. Бiрiншiден, мемлекеттiк телеарналарды үкiметтiк телеарна кейпiнен шынайы мемлекеттiкке ауыстыру керек. Яғни, олардың жұмысының мазмұнында оларды қаржыландыратын тек Үкiмет мүшелерi емес, бюджет, ал бюджет – халықтiкi екенiн басшылыққа алу керек. Екiншiден, мемлекеттiк телеарналарды басқаруды Ақпарат министрлiгi емес, қоғамдық кеңес жүзеге асыруы керк. Үшiншiден, қоғамдық телеарна ашылатын болса, Қазақстандағы әлеуметтiк салық төлейтiн адамдардың бәрiн – қоғамдық телеарнаның төлемшiлерi немесе құрылтайшылары деп есептеп, әлеуметтiк салықтың кiшiгiрiм бөлiгiн қоғамдық телеарна құруға бөлiп, оны басқаруды қоғамдық кеңестерге тапсыру керек. Қоғамдық кеңес байқау негiзiнде телеарна басшысын сайлайтын болуы керек. Қоғамдық кеңестiң басты мақсаты – ол бiрiншiден, телеарна ешқандай саяси күштiң жеке бағытына жұмыс iстеп кетпеуiн қамтамасыз етiп, екiншiден, телеарна Қазақстан халқына ел iшiнде және шетелде болып жатқан оқиғалар туралы объективтi хабар таратуын бақылау. Сонымен қатар, бұл телеарна мәдени-ағарту саласын басты бағыт етiп алуы керек.

– Қоғамдық теларнаның ашылуына қоғам дайын деп есептейсiз бе? – Қоғам әлдеқашан дайын. Өйткенi, бұл қоғамның қажеттiлiгi. Әзiрше, оған билiк дайын емес. Қоғам балама пiкiрдi естуге және әралуан пiкiрдiң iшiнен өзiне ұнайтын пiкiрдi таңдауға мүдделi. – Қоғамдық телеарнаның "Қазақстан" немесе "Хабар" телеарнасының бiрiнiң негiзiнде ашылуы туралы идея айтылды. – Менiңше, осы екi арнаның бiрiнiң негiзiнде ашылғаны ең оңтайлы шешiм болар едi. Амалбек ТШАН, саясаткер:
2012 жылға дейiн бiзде қоғамдық телеарна болмайды
 

– Қоғамдық телеарнаның құрылуын көптеген қоғамдық ұйымдар, барлық БАҚ-тар қолдап отыр. Бiрақ билiк әртүрлi себептермен оның жүзеге асуын созып келедi. Себебi, дәл қазiр қоғамдық телеарна ашылатын болса, онда қоғамда болып жатқан барлық келеңсiз жайттардың бетi ашылып, оппозициялық газеттер арқылы ғана емес, телеарна арқылы түрлi пiкiрлер айтылып, қазақша айтқанда, халықтың көзi ашылған болар едi. Билiк қай кезде де өзiнiң iс-әрекетiн құпия ұстауға тырысатыны белгiлi ғой.

– Үкiмет осы мәселенi өзi көтерiп отыр ғой? – Бұл бiр бүгiн айтылған мәселе емес қой. Одан берi заңның неше түрi шығып жатыр. Қоғамдық телеарна – демократиялық институттардың бiрi. Ендеше оның құрылуына не кедергi? Неге заң шықпайды? Шын мәнiнде, ол қоғамдық телеарна болып, өз атын ақтайтын болса, қоғамның дамуына, талай шындықтың бетi ашылуына себi тиген болар едi. Ұлттық мәселелер, тiл мәселесi сияқты мәселелер көтерiлген болар едi. – Оның жасалу механизмдерi қандай болмақ? – Қоғамдық телеарна мемлекеттiң бюджетiнен қаржыландырылуы керек. – Онда ол үкiметтiк телеарнаға айналмай ма? – Қоғамдық телеарна туралы заң қалай қабылданады, соған байланысты. Ал жеке адамдардың қаржысына құрылса, онда ол жекеменшiк телеарнаға айналады. Ол қоғамдық орны бар телеарна болуы үшiн, оның кiмге тәуелдi болады, халықтың мүддесi қалай қорғалады – бәрi заңда жазылуы керек. Мұны жасамаса, билiк қоғамның дамуына ашық қарсы болғаны ма сонда? – Қоғамдық телеарна қашан ашылуы мүмкiн? – Жақын арада бiз армандап жүрген қоғамдық телеарна ашыла қоймас. Менiңше, 2012 жылға дейiн күтуге тура келедi. – Неге? – Басты себебi бiреу-ақ: билiк демократиялық дамуды тек сөз жүзiнде ғана қолдайды.

Гүлбиғаш Омарова