“АЛТЫН ЖҮРЕК” АЛТЫН ЖҮРЕКТIЛЕР ЕНШIСIНДЕ

“АЛТЫН ЖҮРЕК” АЛТЫН ЖҮРЕКТIЛЕР ЕНШIСIНДЕ

“АЛТЫН ЖҮРЕК” АЛТЫН ЖҮРЕКТIЛЕР ЕНШIСIНДЕ
ашық дереккөзі

Әлеуметтiк көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауда көптеген игi iстер жасалынып жатыр. «Барлық iзгiлiк атаулының жаңғырығы бар» дегендей, қайырымдылық iс-шаралар басы-қасында жүргендердiң еңбегiн бағалап, лайықты бағасын беру де жолға қойылып отыр. Әртүрлi шаралардың ұйымдастырылуы қайырымдылық жасауды өз мiндетi санаған азаматтарды халыққа танытып қана қоймай, осы жолды өзгелерге үлгi етуде де қосар үлесi зор. Осыдан үш ай бұрын бастау алған «Алтын жүрек» сыйлығы осының негiзгi мысалы бола алады.

«Алтын жүрек» тұңғыш ұлттық қоғамдық сыйлығы түрлi қайырымдылық шараларына белсене атсалысып жүргендердiң қоғамдағы орнын анықтап, алға жетелеуге бiрден-бiр үлес қосар бағдарлама болды. Қазақстан Республикасының Президент әкiмшiлiгi мен «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен тағайындалған сыйлық он үш номинация бойынша сараланды. Қазан айының 11-i жұлдызында арнайы сараптама кеңесiнiң сараптауымен финалға шыққан 3 үмiткердiң бағы жанғаны осы айдың 27-i күнi Абай атындағы Мемлекеттiк опера және балет театрында «Алтын жүректi» қанжығасына байлады. Ескендiр Хасанғалиев, Аида Аюпова, Сейфуллин Жолбарыс, Асылбек Еңсепов, Карина Абдуллина және Абай атындагы МАОБТ әртiстерi мен бишiлерi, басқа да қазақ эстрадасы жұлдыздарының өнерiмен өрбiген салтанатты жиынға Шыңғыс Айтматов, Мұрат Әуезов, Ольга Шишигина, Қыдырәлi Болман т.б. қонақ ретiнде шақырылып, жеңiмпаздарға марапаттау сыйлықтарын өз қолдарымен табыс еттi.

Сонымен, «Алтын жүрек» кiмдердiң қанжығасында?

«Ана мен баланы қорғау бағдарламасына қолдау көрсеткенi үшiн cыйлығы – Нәдiрова Күләш Есқазықызының басқаруындағы №1 Қалалық балалар клиникалық жұқпалы ауруханасының еншiсiнде .

«Жыл құтқарушысы» номинациясы бойынша жеңiмпаз – жиырма сегiз жыл бойы Солтүстiк Қазақстан құтқару қызметiн басқарып келген Шагимарданов Олег Гареевич.

«Жетiм балаларға көрсеткен қамқорлығы үшiн» – «Сәби» қайырымдылық қоры марапатталды. Жетекшiсi – Тасмағанбетова Әсел Иманғалиқызы.

«Бiлiмнiң дамуына қолдау көрсеткенi үшiн» сыйлығымен марапатталған – Түменбаева Бақытгүл Ерсұлтанқызы басқаратын Қостанай қаласындағы «Алғабас» ЖШС.

«Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшiн» сыйлығымен Алматы қаласындағы «ҚР Дипломатиялық клубы» ұйымдастыру қоғамына бұйырды. Қоғам жетекшiсi – Бриджит Шлефли.

«Спорттың дамуына қолдау көрсеткенi үшiн » сыйлығы – Рудный қаласы, Тұрдахұнов Мұхаметжан Маматжанұлы жетекшiлiгiндегi «Сарыбай-Соколов кенбайыту өндiрiстiк бiрлестiгi» акционерлiк қоғамында.

«Ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы үшiн» номинациясының жеңiмпазы — Павлодар облыстық қылмыстық iстер жүйесiнiң басқару комитетi.

«Жыл меценаты» – «Атамекен Холдинг» директорлар кеңесiнiң төрағасы Айтжанов Ұзақбай Рүстемұлы.

«Ақпараттық қолдау» жүлдесiмен БАҚ-та қайырымдылық тақырыбында жарияланған ең үздiк мақала үшiн Ақмола облысы, Шучинск қаласынан жарық көретiн «Бурабай» қоғамдық-саяси газетi марапатталды.

«Жылдың қайырымды адамы» жүлдесi аса үлкен қайырымдылық қызметi үшiн марапатталған Ақмолалық «Свободное» ЖШС директоры Закусилов Александр Александровичке бұйырды.

«Жыл ұйымдастырушысы» жүлдесi жылдың ең үздiк қайырымдылық жобасын iске асырған компанияға, яғни Билайн сауда белгiсiндегi «Кар-Тел» ЖШС. Жетекшiсi Кромский Дмитрий Генадьевичке бұйырды.

«Халық әртiсi» номинациясы қайырымдылық акцияларына қолдау көрсеткенi үшiн Бағланова Роза Тәжiбайқызының қоржынында.

«Ұлт мақтанышы» номинациясы бойынша жеңiске жеткен Алматы қаласының тұрғыны, төрт ұл, он алты қыз тәрбиелеп өсiрген батыр-ана Сейтжанова Қаныш болды.

Кеш барысында әлемге аты әйгiлi жазушы Шыңғыс Айтматов «Алтын жүрек» сыйлығының тағайындалғанына, өткiзiлу дәрежесiне ризашылығын бiлдiрiп, әлемдiк дәрежеге көтерiлуiне тiлек бiлдiрдi. «Алтын жүрек» – алтын жүректi жандарға арналған сыйлық. Ендi дәстүрлi түрде өткiзiлетiн байқауға қатысушылар жылдан-жылға көбейе түседi деген сенiмдемiн»» дейдi ұйымдастыру комитетiнiң өкiлi Кұралай Раисова.

Балжан ҮСЕЕВА