МЕЗГIЛIМЕН КЕЛГЕН ЖЫР-ДӘУРЕН

МЕЗГIЛIМЕН КЕЛГЕН ЖЫР-ДӘУРЕН

МЕЗГIЛIМЕН КЕЛГЕН ЖЫР-ДӘУРЕН
ашық дереккөзі
304

Авторы – бұрын жалпыға жария болып таныла қоймаған есiм.

Жинақ аты – "Мезгiлсiз дәурен". Бұл да бiр қарағанда көңiлге күдiк ұялатқандай жұмбақты сөз тiркесi сияқты көрiнген.

Көлемi қойын дәптердей ғана шағын жыр жинағын оқып шыққанда бәрi орны-орнына келе қалды. Авторы әдебиеттiң iлiм-бiлiмi мен сыр-сипатын қатар игерiп жүрген жас талапкер Айнұр Әбдiрәсiлқызы екен де, жинақ дегенiмiз бүгiнгi әдеби өмiрiмiздiң әсемдiк әлемiне өз сәулесiмен мезгiлiнде келе қалған жыр-дәурен екен. Соны өз олжамызға өзiмiз байғазы қылғандай қайта-қайта қызығып оқимыз. Қойын қалтадағы жұп-жұқа жинақтың жылуы жүректен өтiп, бүкiл жан жүйемiздi бiр бұла сезiмге бөлегендей күй кешемiз.

Үш бөлiмдi жинақта сексеннен астам өлең бар. Бәрi де қысқа-қысқа жыр шумақтары. Асырмай айтқанның өзiнде, терең ой мен таза сезiмге толы тұнып тұрған лирика. Соларды бiртiндеп талдап көрейiк.

Бiрiншi бөлiмi "Дария тасып келедi…" деп аталады. Iшiндегi өлеңдерiнiң бәрi де, күнi бүгiн немесе дәл кеше жазылып, сиясы әлi құрғап үлгiрмегендей тұмса туындылар. Шынында да бөлiмдегi өлеңдер – өткен жылдың жемiстерi. Солардың iшiнен "Замандасқа" деген шумақтарды алып қарайық. Кәдiмгi қазақтың қара өлең үлгiсiмен жазылған он алты жол дүние. Бүгiнгi тәуелсiз елдiң саналы қызының замандас жас азаматына айтар сөзi былай сұрыпталады:

«Талқы-тағдыр тектiсiн тұлымдайды:

Көңiлiңе көп түнеп ұрын-қайғы,

Қан кеш мейлi, қаза кеш, ей, замандас,

Бiздей буын ешқашан туылмайды!!!»

Қатал тағдырдың қай талқысына да мойымай, қан мен қазаның қандай салмағын да ауырсынбай көтере алар деп сенiм артқан замандасына ақын қыздың ел атынан арқалатар жүгi тiптi ересен. Сондықтан ол қиын заманның қысталаң-қыспақтарына қайткенде де шыдас берсiн деп, оның бойындағы қажыр-қайратын шыңдай түсуге шақырады.

«Қайрай түссiн кегiңдi құйын-заман,

Сүйгенiне сақтаған сыйын далам:

Бiзден бұрын өткеннiң бiрiне де

Бiздей ауыр аманат бұйырмаған…»

Мағынасы терең аз сөзбен бейнелеп өрiлген осынау өлең жолдарынан автордың өз ойын замандасына соншалықты шегелеп айту себебiн айқын ұққандаймыз. Бұрынғы өткен ұрпақтардың қай-қайсысының да әрқилы тағдырына тарих арқалатқан жүгi жеңiл болмаған ғой. Бiрақ қазiргi ел тәуелсiздiгiн өзiне бұрынғы буындар атынан аманат етiп қабылдаған ұрпақтың жауапкершiлiгi ерекше екенi еске салынып отыр. Ал, ондай ауыр жүктi арқалаған ұрпақтың елге деген сүйiспеншiлiгi де ерекше болмақ екен. Оны да мына жолдардан көремiз:

«Ұлағаттан ұйысқан ұяң жайлы,

Тексiз тұлдар қайратсыз қиялдайды.

Қансыраған өр рухы қайсар ұлтты

Екеумiздей ешкiм де сүйе алмайды!!!»

Сондықтан ақын замандас бауырына айтар уәжiн былай түйiндеуге хақылы:

«Ерте есейткен ел мұңы ер екенбiз –

Тәуекелмен тұғырды тең етермiз.

Ұлтпен бiрге өшетiн не өсетiн

Ақтық сынның алдында – сен екеумiз!!!»

Бас-аяғы төрт шумақ қана өлеңге жас ұрпақтың замана алдында айтар арылу сөзiн сыйғыза алған ақынның лептi үнi "Ғасырдың ұлы, қайдасың?!" атты екiншi бiр өлеңде тiптi өзгеше екпiнмен естiледi. Бұл да шағын, шалыс ұйқасты сегiз буындық жыр үлгiсiндегi бес шумақ өлең. Әлде бiр жол айрығына тiрелгендей, барар бағыт көмескi тартқан бiр сәтте, содан жөн тауып, көштi бастап кетер ер қарасы көрiнбей қалған тұста, "Ғаламның рухын көтерер ғасырдың ұлы, қайдасың?" деп аттан салған қаһарман халық қызының дауысы саңқылдап-ақ тұр. Ондай "парасатты ердiң, пiр тұлғаның" соңынан ерер ұл табылмай жатса, сапқа тұра қалуға өз сертiнiң мықты екенiн ақын қыз батыл жар етедi.

Сонда оны, өзiнiң әлжуаз бойына қарамастан, осындай тәуекел жолына тас бекiндiретiн күштiң көзi қайда? Ол ақынның туған елiне деген шексiз махаббатында екен. Оған да бiз осындағы өлең жолдарынан көз жеткiземiз.

Жинақтың беташарындағы "Толғауға" назар аударайық. Ақынның жан-тiнi де, тыныс-тiрлiгi де, тағдыр-талайы да оның ақыл-санасында туған елiмен бiте қайнап, тастүйiн бiрiгiп кеткен. Сондықтан да ол ел жайында әрдайым егiле, емiрене сөйлейдi:

«Таусылып бiтпес толғауым,

Тарқалып тынбас шеменiм!

Түнектiң көрдiң торлауын,

Есiңдi жишы, ер елiм!!!»

Осындай арманды тiлегiнiң ар жағында да туған елiнiң әртүрлi бұралаң-бұрылыстарда жан-жағын аңдап, абай болуын, "тұсалар тұста тегiне тартуды" ұмытпауын, бойындағы табиғи қасиетi қағаз бетiнде қалып қоймай, тума қалпында сақталуын базына қылып айтады. "Сергелдең мына өмiрдi сен үшiн сүрсем" деген жан сөзiне серттей қылып сендiредi. Сондықтан да ақын толғауының:

«Ұғарға жетпей ұлағат,

Ұлықтай алмай ұлтымды,

Тұрса да тiрлiк тұралап,

Талауға бермен рухыңды!» – деген түйiнiн оқырманы өз ожданындай қабылдайды.

"Түмен баптың елiне", "Елiм – аяулым" атты шумақтар да ақынның туған елi жөнiндегi әр кез, әр жағдайдағы түйсiк-түсiнiгi шынайы фәк перзенттiк сезiмнен туындаған өзек жарды лебiзi екенiн айқындай түседi:

"Түркiстанмен қоштасу" атты екiншi бөлiмдегi топтамаларды ақынның туып-өскен жерiмен, балалық балғын шағын өткiзген ортасымен, бiлiм бұлағынан, өмiр тәжiрибесiнен алғаш сабақ алған мектебiмен қоштасқан жырлар басым. Бiрақ солардың өзiнде де ақынның жеке басына, өз өмiрiне ғана қатысы бар тұрмыстық жәйттар емес, баршаға ортақ адам өмiрiнiң көрiнiстерi, жалпы жастыққа тән сезiмдер, ойлар, оқиғалар елес берiп жатады. Туған өлкеге деген ыстық ықластың әр жағында жалпы елге, сондай-ақ ата-анаға, туған-туысқанға арналған сезiмдердiң төркiнiнде жалпы адамгершiлiкке, бауырмалдыққа шақыратын iзгi сезiмдер жататыны да байқалады.

Ақынның туып-өскен мекенi – қарт Түркiстанға арналған өлең бiзге тек Айнұр сынды дарынды түлетiп ұшырғаны үшiн ғана қымбат емес, қазақ даласындағы ежелгi өркениеттiң орталығы болғаны үшiн де бағалы. Өлең осы шындықты мойындатады.

«Сүйiнiп те күн кештiм, сүрiнiп те,

Бiр мұңымды жалғадым мың үмiтке.

Сенде сүрген өмiрдiң бәрi аяулы –

Сенi сүйген жүрекке үңiлiп көр…

Сенi сүйген жүректiң тыңдашы үнiн:

Бауырыңда бiр күй бар бұрмасы мың.

Сенiң рухың түнектi түрмеп пе едi,

Талқан етiп талайдың тұл ғасырын?!»

Бәрiмiзге ортақ шыны сол. Сонымен бiрге осы өңiрден түлеп ұшып, өмiрдiң кең өрiсiне қанат қаққан ақын қыз үшiн ол ерекше қымбат екенiн де түсiнемiз.

«Баласаң да басымды батыр ұлға,

Тыншу бiлмес тағдырдың тақымында,

Қош, Түркiстан! Баз кешiп бар жақсыңнан,

Бақыт iздеп аттандым ақырында…»

Туған жерден жас талап құрқол кетiп бара жатқан жоқ. Табиғатына сол топырақ дарытқан ақындық шабыт көзiн бiрге алып кетiп барады. Автордың өз сөзiмен айтқанда ол сыры өлең жолына былай өрiледi:

«…Көргендей көңiлсiздеу күлкiмдi көп,

Жаныма жиып берiп мың түрлi дерт,

Елестей еркiмдi алып бала жастан

Ғарышқа ғашық еттi бiр құдiрет…

Ғайыптан ғарiп күтер жыр-тыныс тек,

Көңiлiмде көктен келген күрсiнiс көп.

Дәруiштей дидар-ғашық дала кездiм,

Тастардың тасасынан тылсым iздеп…

Сый етпес сансыратпай сыр-сандығын,

Құл-ғұмыр — құлықсызға құрсау мығым…

Тартуы тұл тiрлiктiң талайыма –

Дарыған дала мұңы жусан-жырым…»

Жинақтың үшiншi, соңғы бөлiмiне, "Жандауа" деген атынан көрiнiп тұрғандай, автордың iшкi жан дүниесiне көбiрек үңiлдiретiн сыршыл нәзiк өлеңдер енгiзiлiптi. Және олар – ақын шығармашылығының алғашқы кезеңiнде, сонау тоқсаныншы жылдардың беделiнде туған балауса жырлар. Сондықтан ба екен, олардың кейбiреулерiнiң әлде бiр дүдәмал күптi сезiмдердiң шарпуына шалдыққандай екiұдай әсер беретiнi бар. Кейде олар әлде бiр күңгiрт мұңға бой алдырып, күйректiкке қарай ойысып кететiн де сияқты. Мұның төркiнiн бiз екi түрлi себепке жоримыз. Бiрiншiсi, сол тоқсаныншы жылдардағы ел басына түскен өтпелi кезеңнiң дағдарысты зардабы болса, екiншiден, өлең өнерiне алғаш аяқ басқан кездегi жас талаптың шығармашылық iзденiстерiнiң толғанысы болар деп ойлаймыз. Соған қарамастан, олар да көркемдiк дәрежесi жоғары, өлең техникасы жетiлген кемелдiк белгiлерiн айқын танытады. Ал тақырып жағынан алғанда, басым көпшiлiгi жаңағы өлең өнерi төңiрегiндегi тебiренiстерiне арналған.

Осының өзi-ақ Айнұрдың ақындығы жай әуесқойлық емес, табиғатында поэзия стихиясына бағышталған баянды дарын екендiгiне айғақ болғандай. Солардың бiразын атай кетейiк. "Аңсау", "Қайдасың, ақын күнiм, асыл күнiм", "Жыр жазған сайын", "Жаз-ғұмыр тiлек", "Жыр-жүрегiм, шомылып арай нұрға", "Жырыммен жасап келемiн", "Өлең-тағдыр", "Жандауа".

Осы өлеңдердiң қай-қайсысы да жекелей алғанда қанатты, ұшқыр шабыттан туып, биiк көркемдiк дәрежесiне көтерiлгенiн айтпағанның өзiнде, олар ақындық өнер автордың iшкi жан дүниесi мен сыртқы тiршiлiк-тынысына мықтап енгенiн, жыр-жебе, ақын-арман, жыр-ғұмыр, өркен-өлең деген сияқты егiз тiркестердiң бағзы бiреуi керегiнде дереу қара көрсетпей жатса, автордың күнделiк өмiрiнiң кемерiн ортайтып, күнгейiне көлеңке түсiре қалатындай көрiнедi. Сондықтан да ақын әрдайым шығармашылықтың шабытты сәттерiн iздеп өгейсiп отырады. "Аңсау" атты өлеңiнен бiз осыны аңғарамыз.

Сөйткен өлең ақынның көңiл-күйiнiң әртүрлi құбылысында айнымас адал серiгi болып, оны өзi тауып жүретiнi тағы бар.

«Жалғыз-ақ жоқшым күдерiн менен үзбейдi,

Жаз болсын жасыл, көк жiбек көктем, күз мейлi –

Жаңбырлы түнi жарқылдап көкте жыр-жебем,

Шарқ ұрып менi өлеңнiң өзi iздейдi…»

Бiрiн-бiрi осылай алма-кезек iздеп жүрiп қауышатын ақын мен өлеңнiң бiр-бiрiне тигiзетiн ықпал-әсерi де қызық. Қызығы сол – жүректi жарып шыққан әр бiр өлең ақынның бүкiл жан дүниесiне күрт өзгерiс енгiзiп, бiрде оның өзiн-өзi танымайтын жұмбақ етiп, бiрде өзiне-өзi ұқсамайтын бөгде етiп, кейде тiптi айналасындағы сұрықсыз сұрғылт ортадан алыстатып әкетедi екен. "Жыр жазған сайын" атты өлеңнен осындай бар шындықтың сырын түйемiз.

Осының бәрi – тағдыр (өнер тағдыры, ақын тағдыры, тағы-тағы тағдырлар). Солардың бiрсыпырасын санамалай келiп, "Өлең-тағдыр" атты шумақтарын ақын былай түйiндейдi:

«Өлең-тағдыр…

Тағдырдың таңы атқан ба?

Азабымнан айырма, тағаттан да.

Күнәһармын налысам егер титтей

Өлең-тағдыр сыйлаған Жаратқанға!!!»

Әбдiрасылқызының тұңғыш жинағы "Жазушы" баспасында әзiрленiп, өткен жылдың соңғы күндерiнiң бiрiнде басуға қол қойылған екен. Оған беташарды Фариза апасы жазыпты. Осының өзiнде-ақ қандай мән бар екенiн оқырман өзi бiле жатар. Бiз де пiкiрiмiздi Фариза қарындасымыздың мына сөздерiмен аяқтаймыз:

"Айнұрдың жазғандары – поэзия… Ал ақындық Алланың берген талантына қоса iздену, еңбектену, оған дейiнгi әлем ақындарының ешқайсысы айтып жеткiзе алмаған сезiмдердi беру.

Мен Айнұрға ақындықтың қиын жолдарының соңындағы шуақты шатқалдарына жетудi тiлеймiн.

Ал, "Мезгiлсiз дәурен" өлеңнiң астын сызып, жүрегiмен оқитын талғамды оқушының жастығының астында жататын кiтап болады деп ойлаймын".

Иләһи, Ақындықтың Киесi осы тiлектi шындыққа жазсын. Бәрiмiздiң ортақ сенiмiмiз алданбасын.

Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ

Серіктес жаңалықтары