ЕЛ ӘСКЕРI МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ЕГЕМЕНДIККЕ КЕПIЛ ЖОҚ

ЕЛ ӘСКЕРI МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ЕГЕМЕНДIККЕ КЕПIЛ ЖОҚ

ЕЛ ӘСКЕРI МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ЕГЕМЕНДIККЕ КЕПIЛ ЖОҚ
ашық дереккөзі
249

Кезiнде әскер қатарына қабылданған сарбаздар Кеңестер Одағының түкпiр-түкпiрiне кетiп, әскери борышын өтеп келетiн. Кейiннен елiмiз тәуелсiздiк алған соң, ел қорғайтын азаматтар өз жерiмiзде қалатын мүмкiндiкке жеттi. Бiр шақта ақша берiп баласын әскерден алып қалуға тырысқан ата-ананы да көрдiк. Ендi, қазiр керiсiнше, әскерге барғысы келетiн, ел алдындағы борышын өтеуге талпынатын жастар көбейдi. Бәлкiм, бұл әскери қызметкерлерге арналған жағдайдың едәуiр дұрысталғанынан шығар.

Шынында, ел қорғаны – сарбаздарды, әскери саланың қызметкерлерiн баспанамен қамту, әскери бiлiм берудi қаржыландыру жағы қолға алынып жатқанға ұқсайды. Мәселен, Қорғаныс министрлiгi алдағы үш жылда әскери қызметкерлерге арнап 240 мың шаршы метр баспана салуды жоспарлап қойыпты. Ал жыл соңына дейiн екi мың пәтердiң кiлтi келiсiмшартпен келген сарбаздарға үлестiрiледi. Демек, әскерде орын алып жатқан игi жаңалықтарды тәптiштеп айтқан министр, әсiресе, жастардың қорғаныс саласына қызметке көптеп келуiн асыға күтедi. Бұдан бөлек 2008 жылы әскери бiлiм беруге бөлiнетiн қаржы 100 есеге өседi деп күтiлуде. Айталық, өткен жылы әскери бiлiм берудi қаржыландыруды дамыту немесе қажеттi құрал-жабдықтарды сатып алуға небәрi 47 млн. теңге бөлiнсе, ендiгi жылы осы мақсатқа 4 млрд. 800 млн. қаражат көзделiп отыр. Қуантарлығы сол, әскерге мерзiмдi шақырылған жастардың 12 пайыздан астамының жоғары бiлiмi бар. Әлбетте, әскери қыз¬меткерлердiң бiлiмiн жетiлдiруге көңiл бөлсек, бұл өзiнен кейiнгi бiлiмi таяз әскерлерге кәдiмгiдей үлгi болмақ. Ал баспана мәселесiне қайта оралсақ, үстiмiздегi жылы 80 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын көрiнедi. Бұл көмек көзi баспанаға мұқтаж бес мыңнан астам әскери қызметкерге әжептәуiр септiгiн тигiзуi мүмкiн. Қорғаныс министрi Даниал Ахметовтың айтуынша, келер жылы Отарда 30 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй, 700-ге жуық пәтер барлық әскери қызметкерлерге, сондай-ақ, офицерлер мен келiсiмшартпен барғандарға пайдалануға берiледi екен. Бұрын-соңды Аягөз ешкiм аяқ баспайтын, экологиясы нашар, қаңырап қалған бос жер ретiнде қабылданып келсе, қазiр бұл елдiмекенге қомақты қаржы бөлiнiп, спорт мекемелерi, баспана мен арнайы казармалар салынбақ. Осы мақсатта 90-жылдары талан-таражға түсiп, дал-далы шыққан әскери қалашықтар мен қараусыз қалған үйлер жөнделедi.

Елiмiздiң қорғаныс министрi Даниал Ахметов сондай-ақ, мерзiмдi әскер қатарына алынған азаматтар саны 42 пайызға жеткендiгiн айтты. «Қазiр күзгi шақырылым жүрiп жатыр, бiз әскерге бұрынғыдан да көп сарбаз тартуымыз қажет», – дедi ол. Бұл үшiн ұйымдастырушылық-мобилизациялық жұмыс және қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттiң айтарлықтай деңгейде сапалы жұмыс жүргiзiп жатқандығы көңiлге қонымды. «Бүгiнде дене бiтiмi жағынан мүлдем басқаша, сондай-ақ, әскерде қызмет етуге моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын әскерлер баршылық. Бұл — Қазақстанның жаңа армиясындағы тың күш. Өйткенi, әскер қатарына мүлдем басқаша сападағы жас ұрпақ келуде. Олардың кескiн-келбетi де өзгеше. Тiптi, медицина да кейiнгi кезде әскер қатарына қабылданып жатқан жастар денсаулығының мықты екендiгiн мойындап отыр» деген ойын да жасырып қалмады.

Рас, көптеген ата-ана келiсiмшарт арқылы әскерге қабылданған баласының ертеңiне қатты алаңдаушылық бiлдiредi. Алайда, қорғаныс мекемесiнiң басы-қасында жүрген мамандар келiсiмшарт дегеннен қорқудың қажеттiлiгi жоқ, министрлiк тарапынан жасалынып жатқан жағдай бәрiне ортақ дегендi түсiндiрiп жатады. Айтып айтпай не керек, Қазақстан бүгiнге дейiн келiсiмшарт бойынша қызмет ететiн әскери азаматтарға зәру. Қорғаныс мекемесi басшысының пiкiрiнше, бұдан былай осы мәселе негiзiнде бiраз шаруа тындырылады. Әрi келiсiмшарт бойынша әскерге алу жүйелi түрде енгiзiлетiн болады. Даниал Ахметов бұл жөнiнде: «Қазiр министрлiк барлық департаменттерге келiсiмшарт бойынша қызмет ететiн мамандарға деген қажеттiлiк деңгейiн нақты көрсетiп отыр және ол бiр жылды ғана емес белгiлi бiр кезеңдi қамтиды. Басқалай айтсақ, департамент өкiлдерi келiсiмшарт жағдайындағы қызметкерлердiң қай жылы қаншасы керек екендiгiн алдын-ала бiлiп отырады. Әскерге кез-келген адам қабылданбайды. Өйткенi, бiзге ержүрек, кәсiби бiлiктi, бiлiмдi, яғни, сапалы жауынгерлер ауадай қажет» дегенге екпiн түсiре айтты.

Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

– Қорғаныс саласына 60-70 қызметкер келiсiмшарт бойынша келiп жатыр. Бұл дүниежүзiлiк практикада өзiн-өзi ақтаған жағдай. Өйткенi, қазiр бiзде техника өте қымбат. Ал оны игеруге аз дегенде 3-4 жыл уақыт кетедi. Содан кейiн де жалпы, мобилизациядағы солдаттардың тәртiбi ойдағыдай болмайды. Бiр-бiрiне өктемдiк жасайды. Әрине, бұл жанама мәселе. Ал ендi сараптамаға жүгiнсек, келiсiмшарттық әскер қымбаттау болса да, тиiмдiрек. Барлық керек-жарақтың, техниканың құнын, әскердiң қажеттiлiгiн есептегенде қымбатырақ. Менiңше, оларға ұдайы әлеуметтiк жағдай жасап, баспанамен қамтып, айлықтарын өсiру қажет. Жалпы, қазақ үшiн келiсiмшарт әскерi өте тиiмдi. Оның үстiне бұл қызметке көбiнесе қазақ барып жатыр. Бұл өте маңызды жайт. Құдайға шүкiр, қазақтың отбасында әлi де болса бала көп. Ата-ана бәрiне алақандай жерiн, азын-аулақ малын бөлiп бере алмайды. Сондықтан да ең болмағанда бiр баласын әскерге жiберу қазақ үшiн маңызды мәселе. Яғни, бұл – қызмет, күнкөрiс, мансап баспалдағы. Мәселен, Францияда, Германияда ортаңқол фермердiң баласы әскерге барып, ең төменгi сатысынан бастап, маңызды қызметке дейiн көтерiледi. Сол себептен де әскердi қазақтандыру, оған нағыз қазақтың жiгiттерi барғаны бiзге керек. Әскер қазақтiкi болмай, егемендiкке кепiлдiк жоқ. Бiр қуантарлығы, әскерге шақырылып жатқан азаматтың денi – ауылдың баласы. Болашақта қазақ өзiнiң бiр кәсiбiн әскери қызмет деп бiлетiн болады. Бұрын қазақ лауазымды қызметке жүгiретiн болса, ендi әскерге барады. Өйткенi, бұл тиянақты табыс көзi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары