“КӨГIЛДIР ОТЫН” КYРЕСI

“КӨГIЛДIР ОТЫН” КYРЕСI

“КӨГIЛДIР ОТЫН” КYРЕСI
ашық дереккөзі
169

Қазақ елiнiң басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 62-сессиясында әлемдiк саяси сахнадағы қырғи-қабақтыққа себеп болған энергетикалық қауiпсiздiктi шешуге қатысты тиiмдi ұсыныстар айтты. Iле-шала Қазақ жерiне ат iзiн салған Еуроодақтың басшысы Хавьер Солана Назарбаевпен бiрге энергоқорларды кәрi құрлыққа тасымалдаудың ұтымды жолдары туралы кеңестi.

Қазақ, өзбек, түркiмендердiң ғана емес, таяушығыстық табиғи газға көз сүзiп жүрген Кремль «көгiлдiр отынға» «қожалық ету» арқылы Батыс пен АҚШ-ты уысында ұстауды, дәлiрегiнде, өзгенiң көмегiн пайдалана отырып, Ресейдi келмеске кеткен КСРО сияқты алып державаға айналдыруды көздейдi. «Бiрде – көл, бiрде – шөл» орыстардан зәрезап болған Батыс та қарап жатқан жоқ. Жуырда Еуропалық Одақтың астанасы – Брюссельде кәрi құрлық өкiлдерi орыстардың «Газпромын» ауыздықтайтын жаңа заң жобаларын талқыға салды.

«АУЗЫ КҮЙГЕН ҮРIП IШЕДI»

Еуропалық комиссия 5 заңдық актiден тұратын құжатты көптiң талқысына салды. Аталған құжат Еуроодақтың электр қуаты мен газ нарығын реттеуге мүмкiндiк бермек. Брюссельдiң ұсынысы бойынша, еуропалық компаниялар өздерiне тиесiлi табиғи газ тасымалы мен пайдасын бөлiске салуы қажет. Әзiрше бұған Германия мен Франциядағы алпауыт компаниялар үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытып отыр. Жаңа талаптар сонымен қатар ресейлiк «Газпром» сияқты ЕО шеңберiнен тыс әрекет ететiн тасымалдаушыларға да қатысты. Мекеме басшысы Александр Медведев: «Әлемдiк экономикадағы ең ақылға сыйымсыз бастама» деп баға берген бұл ұсыныс ЕО-ға мүше 27 мемлекет өкiлдерiнен тұратын Еуропалық Кеңес пен Еуропалық Парламенттiң қолдауына ие болуы тиiс. Негiзгi активтерi энергетикалық жүйелер мен газ құбырларынан тұратын жүйелiк компаниялар не сатылуы керек немесе тәуелсiз операторлардың меншiгiне өткiзiлуi қажет. Бақылау жұмыстарын арнайы құрылған комиссиялар жүргiзiп отырады. Бастамашылар пiкiрiнше, энергетика саласын монополияға айналдырған ұлттық компаниялар еншiсiндегi электрқуаты мен газ тасымалына қатысты бақылауды осылайша ғана тартып алуға болады. Басқаша айтқанда, табиғи газ саудасы мен электрқуаты нарығында бәсекелестiк түзiледi. Еуропалықтардың қорқатын жөнi бар. Өйткенi, былтырғы орыстар мен украиндар, орыстар мен беларусьтар арасындағы газ дауының кесiрiнен қыстың көзi қырауда украиндар мен беларусьтар ғана емес, Батыстың бiраз бөлiгi жылу мен жарықсыз қалған едi. «Аузы күйген үрiп iшедiнiң» керiн келтiрген кәрi құрлық, табиғи газды тасымалдауда және баға нарығында тұрақтылықтың болғанын қалайды. Энергетикалық қауiпсiздiкке қатысты жаңа ұсынысты Еуропалық Комиссия алғаш рет үстiмiздегi жылдың маусымында айтқан болатын. Алайда, Еуропалық Кеңестiң басшылығы бастаманы қолдаудың орнына, қатаң сынға алды. Өйткенi, заң жүзiнде бекiтiлуi тиiс өзгертулер ең алдымен Германия мен Францияның iрi компанияларының наразылығын тудырды. Мұндай ұсыныс аталған елдердiң үкiметтерiнiң де құлақтарына түрпiдей тидi. Себебi, егер өзгертулерге оң қабақпен қарар болса, Франция өзiнiң мемлекеттiк Electricite de France пен Gaz de France компанияларын, ал немiстер E.On. компаниясын бiрнеше бөлiкке бөлуге мәжбүр. Сарапшылар пiкiрiнше, бұл шараның астарында экономикалық қана емес, саяси да астар бар. Себебi, қойылатын шарттар еуропалық кәсiпорындармен қатар дамушы елдердiң де мекемелерiне бiрдей. Оның үстiне, инвестор азаматы боп табылатын мемлекет Еуроодақпен арнайы үкiметаралық келiсiм-шартқа қол қоймайынша, сатып алу процесi жүзеге аспайды. Аталған баптың «Газпромды» ауыздықтауға арналғанын Брюссель жасырмайды да. Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу ЕО-ға мүше елдердiң шетелдiк инвесторларды құшақ жая қарсы алғанмен, заңмен бекiтудi көздеп отырған түзетулердiң «еуропалық нарықтың жариялылығын қамтамасыз ету» мақсатында керек екендiгiн мәлiмдедi.

ҚЫТАЙЛАРДАН ҚАУIП БАР

Өткен аптада ҚР Президентi Н.Назарбаевпен және Қазақ Үкiметiнiң басшысы Кәрiм Мәсiмовпен кездескен Еуропалық Одақ Кеңесiнiң Бас хатшысы Хавьер Солана елiне көңiлi тоқ аттанды. Орталықазиялық аймақтағы 5 елге ресми сапарда болған Бас хатшы әлемдiк саяси және экономикалық сахнада маңызды рөл атқаратын мемлекеттердiң билiгiмен тонның iшкi бауындай араласуға мүдделi: «Қазақстанмен арадағы қатынасты жаңа белеске көтерiп, саяси, экономикалық және энергетикалық саладағы қарым-қатынасымызды күшейте түскiмiз келедi. Еуропалық Одақ тұңғыш рет Қазақстанның ең iрi серiктесiне айналды. Бұған дейiн бұл орынды Ресей иемденiп келген болатын. Бiздiң ынтымақтастығымыз бүкiл әлемге тиiмдi әрi пайдалы болатынына сенiмдiмiн». Солананың «бүкiл әлем» деп баса айтуы тегiн емес. Кәрi құрлық кейiнгi кездерi қит етсе, мұнайы мен газын көлденең тартып, көрiнгенге қоқаңдауды әдетке айналдырған Кремльдi ауыздықтауды аңсайды. Ал, орыстар болса, кезiнде КСРО «шекпенiнiң астында» болған «бауырлас» әрi «екiншi сортты» қазақ, өзбек, әзiрбайжан, тәжiк пен түркiменнiң табиғи байлығы арқылы әлемдiк саясатқа ықпал етудi көздейдi. Өзiн келмеске кеткен Кеңестер одағының «заңды мұрагерi» деп бiлетiн Ресейдiң посткеңестiк кеңiстiкте әлсiреп бара жатқан орыс тiлiн күшейтiп, рухани ғана емес, экономикалық және саяси тұрғыда бедел жинауға тырысып жатуы да сондықтан. Ақпараттық кеңiстiгiнiң тiзгiнiн орыстарға басыбайлы берiп қойған қазақтар мұнай мен газға қатысты келiсiмдерге келгенде дербес шешiм қабылдауға ұмтылатын болды. Көпвекторлық саясатты ұстанатын Президент Назарбаев кез келген келiсiмдердiң ел мүддесiне сай қабылданатынын бiр емес, бiрнеше рет ашық мәлiмдедi. Соңғы уақытта шетелдiк инвесторларға қатысты орын алған жайттар нәпақасын қазақ топырағынан терiп жеуге келгендердi мемлекетпен санасуға мәжбүрлейдi. Анау-мынауыңа оңайшылықпен бас ие қоймайтын кәрi құрлық өкiлдерiнiң қазақ билiгiнiң алдында құрдай жорғалауы, мақтау мен марапаттауға жомарттық танытуға тырысуы да тегiн емес. «Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан тұрақты түрде дамып келедi. Сондықтан бiз Қазақстан экономикасына инвестиция құюды жалғастырып, экспорт көлемiн көтергiмiз келедi» деп ағынан жарылған Солана Назарбаевпен кездесуiнде қазақтың табиғи байлығын Еуроодаққа мүше елдерге Каспий теңiзi арқылы тасымалдау мәселесiн кеңiнен талқылады. Сарапшылар қауымы Батыс, АҚШ және Ресей арасындағы Орталық Азияға тиесiлi энергоқорларды иемдену жолындағы күреске ендi Қытайдың қосылғанына, аспан асты елiнiң басымдыққа ие бола бастағанына алаңдайды. Қытайдың Қазақстан, Түркiменстан билiгiмен бiрге қол қойған келiсiмi орталықазиялық аймақтағы басымдыққа ұмтылған Ресейдiң ұлттық мүддесiне қайшы келедi. Аталған құжат тараптар арасындағы (Ресей, Батыс, Қытай) бәсекелестiктi күшейтiп, орталықазиялық аймақтағы мұнай мен газ саласындағы қытайлардың үлесiн көбейтуге ықпал еттi. Мәселенiң тиiмдi тұсы: бәсекелестiк көрiгiнiң қызуы еуропалықтар мен орыстардың энерқор иелерi тарапынан қойылатын талаптарды мүлтiксiз орындауға, олармен санасуға мәжбүрлейдi. Бұл жерде экологиялық тұрғыда қазақтарға келетiн нұқсанды айтпауға болмас. Кейiнгi кездерi Iле мен Ертiс өзендерiне суалу қаупi төндi. Қазiргi таңда қытайлар Қарымай төңiрегiндегi кен орындарын игерудi қамтамасыз ету үшiн Ертiстiң суын еңсерiп алуда. Егер қазақ Үкiметi тез арада тиiстi шараларды қолданбаса, Ертiстiң суы орталанып қалады. Бұл Зайсан көлiнiң суалуына әкеп соқпақ. Дәл осындай жағдай Iле өзенiне де қатысты. Қытайлар 400 мың гектар жерiн суғару үшiн Iленiң суын пайдануда. Болашақта суғарылатын жер көлемi 600 мың гектарға дейiн көбейтiлетiн көрiнедi. Егер көршiлерiмiз құнығуын тоқтатпаса, Iленiң сағасы бiр қасық суға зар болмақ. Сондықтан мұнай мен газ саласын игеру, энергетикалық қорларды тасымалдау туралы сөз қозғалғанда мемлекетке нұқсан келтiретiн шекаралық мәселелер бiздiң Үкiметтiң назарынан шет қалмауы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары