МҰХТАР ШАХАНОВ

МҰХТАР ШАХАНОВ

МҰХТАР ШАХАНОВ
ашық дереккөзі
968
 

Ұлтжанды азамат, қоғам қайраткерi Мұхтар Шахановтың ең үлкен «ауруы» – ұлттың тiлi. Мемлекеттiң тiлi өз статусына ие болмай, ақынның да ауруының емi жоқ. Ұлт үшiн жаны шырқырап, отқа да, суға да түсетiн ақынның қаламынан туған намыс жырларын оқырманға ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

 
НАМЫССЫЗ ДАРЫН САТҚЫНДЫҒЫ НЕМЕСЕ БIРIНШI МЕН ОНЫНШЫ КЕЗЕКТЕГI IСТI ШАТАСТЫРҒАНДАР
 

Естияр жан қайғылыға күлер ме?

Баяғыда рухы асқақ бiр елде Сынға түсiп нағыз еркек намысы, Ар-ожданмен өлшенiп бар табысы, Сол табыспен қабысып ой ағысы, Тұтқиылдан басқыншылық жасаған, Арсыз жаумен – секiлдi тау тағысы, Жүрiп жатты Отан қорғау соғысы. Iскерлiкке бұрылған әр қадамы, Нақ сол тұста беделдi өнер адамы, Шеберлiгi айналардай мұраға, Балауыздан жасап әсем мұнара, Сыйға тартты басшысына елiнiң, Бұрмақ болып оның құрмет-сенiмiн. Балауызға басшы ұзақ таңданып, Қарап тұрды санасынан шам жанып. Ұзақ тұрды кейiпке енiп торыған Сөзiн былай сабақтады соңынан: – Өз iнiнен шығарардай суырды Бұл мұнара сөз жоқ, ғажап туынды!.. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Бiрақ Отан қорғауға зор мән берiп, Жатқанда жұрт жан алысып, жан берiп Мүсiншiмiз қандай мақсат қуынды? Оған көңлiм осы арада суынды. Намыссыз даңқ ой айнытар – жуынды! Ұлт тағдыры сынға түскен заманда, Бұғып қалған дарынды адам, адам ба? Ел мұңынан қашық қонған бұл жiгiт, Тұрса да қан тамырында нұр жүрiп, Дарынымен шығарса да жақсы атын, Ұғынбапты азаматтық мақсатын. Түсiретiн ердiң құнын, сымбатын, Сатқындық бұл, ұлтсыздыққа тым жақын. Қылмыспен тең – шатастырса кiмде-кiм Ең бiрiншi және оныншы мiндетiн. Ел басына төнген шақта ұлы сын, Өз ұлтымен бiрге алмаса тынысын, Әрi оның намысы үшiн, тiлi үшiн, Күреспесе, ондай дарын құрысын! Мүсiншi iсi мәңгүрттiк боп табылсын, Және алты ай абақтыға жабылсын! Одан берi қанша ғасыр өтсе де, Адам даңқы ғарышқа озып кетсе де, Сол мүсiншi бойындағы САЛҒЫРТТЫҚ, БОЙКҮЙЕЗДIК, НАМЫССЫЗДЫҚ, МӘҢГҮРТТIК, Тосқауыл боп iзгi ойларға өрелi, Бiздiң елден қолдау тауып келедi. Өткен күннен сезiлмесе ащы леп, Сенемiз бе, ұлттан мұң-зар қашты деп? Сорымыз ба, намыссыз бен ұлтсызды Бiзде қазiр жазалайтын басшы жоқ. Сараптасақ ұлт пен ұлтсыз қырқысын, Қандай iске бармады жұрт құлқы үшiн? Бiрақ ана тiлдi сақтау бас мiндет – Тiлден үлкен Отан болмас ұлт үшiн. Намыссыз ел айналмай ма сорлыға? Қайсар басшы өнегесiн қор қыла Өз ұлтына тас атқандар шалқып жүр Абақтыға жабылудың орнына. Өзгергенмен бүгiнгi өмiр ағысы, Көп қазақтың қалғығанмен намысы. Елде Отан соғысынан кем емес, Жүрiп жатыр тiлдi қорғау соғысы. Әр халықтың ойына сай бойы бар Бойсызға да қатал талап қойылар. Қазақ тiлi – қазақ халқы деген сөз, Тiлiн қорғай алмаған ұлт – жойылар. Тiлiн қорғай алмаған ұлт – санасыз, Қасиетсiз, құдiретсiз, панасыз. Мақсат тұтып тек қарынның мүддесiн Ғұмыр кешер ұлтсыз, рухи-анасыз. Лезде босап жiгерiнiң белдiгi, Күңгiрт тартты халқымыздың елдiгi. Егер бүгiн күреспесек тiл үшiн Ертең ұлт боп қалмасымыз белгiлi. Қазiргi кез – әумесер кез, масаң хал, Тамырсыздық аңғарынан бас алған. Қазақ ұлтын космополит етуге Елiмiзде барлық жағдай жасалған. Басшылар көп билiк шыңын өрлеген? Өрдi қазақ есебiнен төрлеген. Сөйтсе де олар не бiр қызын, не ұлын Баба тiлiн меңгеруге бермеген. Тiлiн, ұлтын сатқан адам оңбай ма, Әлде биiк лауазымға самғай ма? «Қалай жеттiк бiз осындай жағдайға?» Деген сұрақ жиi ұрады маңдайға. Үш жүз жылдай түсiп келген илеуге Ұлттық сана жылдан-жылға күйреуде. Ана тiлiн менсiнбеген мәңгүрттер Неге құштар қазақ халқын билеуге? Кей «зиялы» айла жасап не түрлi, Сол билiкке болып алған өтiмдi. Ал жасырын ұлтты жою майданын Олар әлi сезiнбейтiн секiлдi. Қыраннан да асқақтатып тауықты, Мадақтайтын ақын, жыршы қауiптi. Әншiлер жүр тiлдi қорғау iсiнен Биiк қойып той мен ойын-сауықты. Жанын күйттеп ұлттан шеттеп қалғандар, Бәлкiм, үркек, қорқақ дарын-талғамдар. Әрине олар, бiрiншi мен оныншы Кезектi iстi алмастырып алғандар. Рухсыз күш өмiр сүрмес желiксiз, Шыншыл тұлға көп жағдайда серiксiз. Сан ғасырлық намыссыздар сабағын Сондықтан да еске аламыз ерiксiз. Мәңгүрттенiп, алшақ қонған арынан Дарындар бар атын әлем таныған… Жүрегiнде ұлттық намыс болмаса Ол дарынның жоғы жақсы барынан… Жүргендер де ұлттан бөлек шат, гүлдеп, Мақтана алмас «нағыз бақыт таптым» деп. ҰЛТҚА, ТIЛГЕ ЖАНЫН САЛМАС ЖАНДАРДЫ КЕЗЕҢ КЕЛДI АЙТАР РУХИ САТҚЫН ДЕП… . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Баба рухтың сенiм шамы сынғандай… Намысы өшкен кезең едi бұл қандай? Бабаң ұлттан, тiлден қашқан қазаққа Жер астынан лағнет айтып тұрғандай.
КОСМОПОЛИТТIК БОЛАШАҚ НЕМЕСЕ АМЕРИКАША «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ»
 

Ғаламдық жаһандану үрдiсiнiң қалқасында

Бiр өзi бiр мемлекеттi асырай алатын байлардың Билiкке бас ұрған елiккiш адами қойлардың Және оған ашынған қоғами ойлардың ортасында Ұлттық болмысын қорғауға намыстанған Басынан бақайшағына дейiн орыстанған Кейбiр космополит басшыларымыздың арқасында Тоқтай ма қазақтың ТIЛДIК-АНАЛЫҚ-РУХИ пойызы?.. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Бұл күнде халқымыздың шамамен алпыс пайызы Көшеде, қызмет орнында, өзге де топтасуда, Ең сорақысы, жеке өзiнiң отбасында, Қол үзiп сан ғасырлық ата-баба өнегесiнен, Әйел, бала-шағасымен, немересiмен Сөйлесуге көштi тек орыс тiлiнде ғана, Ұлттық сипаты сақталып түрiнде ғана. Кiмдерге тиiмдi космополиттiк болашақ? Егер бiз бүгiнге бабалар көзiмен қарасақ, Тамырсыз, ұлтсыз туғанның бәрi, Ұлтсыз бақыт қуғанның бәрi Болса да тiптi заманға, заңға өтiмдi, Әкесiз әрi некесiз бала секiлдi. Тамырсыз дарақты, Тамырсыз көк майса алапты, Тамырсыз гүлдердi Тамырлы тiрлiкте кiм көрдi? Нақ солай адам да Заманнан заманға, Санадан санаға, Бабадан балаға Жәй көзге байқалмас тамырлар арқылы жалғасқан, Адамды тамырсыз деушiлер алжасқан. Мазмұнды мақсаттың нарқы ұлы, Бабалар сол тамыр арқылы, Ұнтақ боп кетуден ұрпағын қорғасқан. Замана тұрса да қиратқыш ойларға жүктi боп, Ғажап қой, әлемде тамырсыз өсiмдiк тiптi жоқ. Жаңаша жол iздеп таусылды табандар, Табиғи заңнан тыс тамырсыз адамдар Нелiктен қазiргi қоғамда саналмақ мықты боп? О, космополит туысқан, ойланыңыз, Өзiңiздi билiкке, байлыққа байладыңыз, Тағы да жепутаттықтан депутаттыққа сайланыңыз… Ұлтымыздың ертеңiне нүкте қойғаныңыз, Тамыр заңдылығын зорлықпен жойғаныңыз,Ойланыңыз… Сан ғасыр атанған ар елi, нар елi, Ғаламға әйгiлi ұлтымыз бар едi. Сол ұлтқа өмiрiн арнаған Және оны жаудан да, даудан да қорғаған, О тоба, бар едi өз ата-бабамыз. Бар едi өз ана тiлiмiз, санамыз. Ендi ертең қалайша өткен шақ рухын қорлап, Тарихты бүгiннiң ырқына зорлап, Ұлттық сезiмдi босанып кетпестей торлап, Тек көңiл шаттығын қорғап, Мәңгүрт боп сорлап қаламыз? Бiз кеше кiм едiк, ал ендi қайда барамыз? «Америка құрлығы секiлдi «тамаша», Бет бұрып бағытқа «жаңаша», Жүз ұлтқа бөлiнбей, жүз тiлде сайрамай, Мемлекет тағдырын сан тiлде ойламай, Материалды байлықтың Тынысын, ырысын, өрiсiн байламай Кәнеки, бәрiмiз ұлтсыз, Өкпе-наласыз, бұлтсыз, Рухани құлыпсыз, тұтасып ғұмыр сүрелiк!» Деген ой тағы да алдыңнан шықты түнерiп. Өз ана тiлiн – анасын мойындамағандар үшiн, Кереғар келетiн ғалами, адами заңдарға, Осынау қауiптi мәңгүрттiк аңғарға, Ойы мен бойын қамағандар үшiн, Оның қасiрет-қуатын пайымдамағандар үшiн, Жүргендер үшiн космополиттiк ауызбен дем алып, «Қазақстандық ұлт», әрине, таптырмас жаңалық. Кезiнде ордасы атанып атыс пен жұлқыстың, 150 миллионға жуық үндiстiң, Сүйегi үстiне орнаған, Ұлт пен тайпаны шамасы жеткенше қорлаған, Жазықсыз жұртты қыруды ерлiкке балап ариялаған, Адам бас сүйегiнiң құйқасына бәйге жариялаған, Америка әлi де таймай тұр күш-қуат тағынан Қарулы өлкеге өзге елдер амалсыз үндемес… Америка алға шықса да экономика жағынан Ол бiзге рухани салада үлгi емес. «Американдық ұлттан» жол алып «қазақстандық ұлтқа», Айналмаймыз ба, тек қана тұрқы бар, Қарын мүддесi үшiн ғана жұлқынар, Рухани сұрқы жоқ, ұлты жоқ «мазақстандық ұлтқа?» Дарындар қайда, жасай ма бiр ерлiк? Ғалымдар қайда, тұйыққа тiрелдiк. Мына бiр сұраққа жауап боп жалғасыңыз: Ендi 2030-жылға Елбасымыз Тiлiн, рухын сақтаған қазақ халқымен бара ма? Немесе тiлi жойылып, түрi ғана қалатын, Әнi мойылып үнi ғана қалатын Жаңа «қазақстандық ұлт» парқымен бара ма? . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Кiм бағыт нұсқайды адасқан, шатасқан санаға?

Серіктес жаңалықтары