318
ЖАС ШАҢЫРАҚ НЕ ҮШIН ШАЙҚАЛАДЫ?
ЖАС ШАҢЫРАҚ НЕ ҮШIН ШАЙҚАЛАДЫ?
Жамбыл көшесiмен асығыстау жүрiп келе жатыр едiм, қарсы алдымнан бiр жiгiт келiп аузыма микрофон тоса қоймасы бар ма ? Күтпеген кездесуге күдiктене қараған мен жан-жағыма көз салсам, алдымда видеокамера ұстап бiреуi тұр екен. Салған жерден, « Ерлi-зайыптылардың жиi ажырасып кетуiне себеп не деп ойлайсыз?» – деп сұрады.
Табан астында не айта қояйын, аузыма түскен бiрдеңелердi айтқан болдым. Байқаймын, телеканал тiлшiсi менiң жауабыма онша риза бола қойған жоқ-ау, шамасы. Былай шыға бере, одан кейiнгi күндерде де осы сұрақтың қисынды жауабын iздеумен бiраз уақытым кеттi. Бiр қарағанда бұл сұрақ қарапайым көрiнгенмен, тереңiрек үңiлген кiсiге оңай еместiгiн сезiндiм. «Бұл жазыла-жазыла жауыр болған тақырып қой, қайталай бергенде не шығады» дейтiндердiң де табылатынын бiле тұра және адам баласы сүрiп тұрған қоғамда бұл тақырыптың ешқашан ескiрмейтiнiн, қайта оның түрлене түсетiнi қолыма қалам алуыма түрткi болды. Оған әлемнiң ғұлама ойшылы Конфуцийдiң: «Отбасы – шағын мемлекет», – деген ғибратты сөзi себеп болса, екiншiден отбасы босағасының берiк, шаңырағының биiк болуы ондағы жанұя мүшелерiнiң тату-тәттi өмiр сүрiп, халық санының көбеюiне, қоғам байлығының еселеп артуына тигiзетiн ықпалы зор болатыны әр бiр саналы азаматтың жадында ұстайтын қағидасы болуы шарт. Мына бiр статистикалық мәлiметке көз жүгiртсек, қазiрде 25-45 жас аралығындағы 190 мыңнан астам әйелдiң 60 мыңы бойдақ, күйеулерiнен ажырасқаны 92 мыңға жеткен. Сонымен қатар Қазақстанда 364 мың ерсiз жас келiншек, 20 мыңнан астам кәрi қыз бар екен. Жан сыздатарлық мұндай құбылыстың орын алу себебi неде деген сауалдың кiмдi де болса толғандырары анық. Шынында да, алғашқы кезде бiрiнсiз бiрi өмiр сүре алмайтын сүйiспеншiлiк сезiмде шаңырақ көтередi де, көп ұзамай шаңырақтары шайқалып шыға келедi. Қазақтың: «Қыз кезiнде бәрi жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» –деген сөзi осындайда ерiксiз еске түседi. Ал, ендi бүгiнгi ерлi-зайыптылардың жанұясына жеңiл-желпi, жауапсыз қарауының сыры неде дегенге келсек, оның себептерi сан-алуан. Бiрiншiден, заманның өзгеруiне байланысты, жастардың жанұясына деген көзқарастары басқаша қалыптаса бастады. «Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады», – демекшi, жас жұбайлардың жүрген ортасы, шетел серияларынан көргендерi мен күнделiктi естiгендерi олардың мiнез-құлқына, адамның қалыптасуына күштi әсер ететiнi анық. Соның iшiнде ең ықпалдысы теледидар екенiн ескерсек, оның кез-келген тетiгiн қоссаң болды, күйеуiнiң көзiне шөп салып жүрген әйел немесе еркектiң ойнасшыл құйтырқы әрекеттерi, бiр еркекке, не әйелге таласып өмiрiн қиған шым-шытырық хикаялар, тiптен, төсекте ашық жыныс қатынасымен айналысып, өлiп-тiрiлiп жатқан әдепсiз көрiнiстерден көзiң талады. Бала-шаға, келiн-кепшiкпен бiрге отырып теледидар көрудiң өзi азапқа айналғалы қашан! Кейде бiр көшеге шыға қалсаң аузындағы темекiсiн будақтатып, қолдарына арақ-шараптарын ұстап, өткен-кеткеннiң көз алдында өлердей сүйiсiп тұрған аға-әпкелерiн көрiп өскен былайғы жас өспiрiмдер неден именуi мүмкiн. Тiптен, жәй қызықтау үшiн-ақ оларды қайталап жатса ешкiмдi де таңданта қоймас. Қазақтың салт-дәстүрiнде тәрбиеленбеген, «қызға қырық үйден тыйым» көрмей өскен кәмелете толмай-ақ, абыройынан айырылған қыз бала күйеуге тиiп, бала-шағалы болып қарық қылмасы аян. Қасқырды (бөлтiрiктi) қанша бағып-қақсаң да орманды аңсап тұратыны сияқты, кезiнде жеңiл жүрiстiң дәмiн татып өскен қыз баланың тағдыр тәлкегiне тез ұшырауы таңсық емес. Отбасының тез бұзылуына көбiне осындай сайқали қылықтарды, жүгенсiздiктi үйренiп өскендердiң есебiнен көбеюi заңды. Екiншiден, жас жұбайлардың тұрақты баспанасының болмауы. Баспаналы болса, көп мәселенiң түйiнi шешiлерi сөзсiз. Атап айтқанда: тұрған мекен жайына тiркелiс алады, жұмыс орнына қабылданады, үй кезегiне тұра алады, балаларын балабақшаға орналастыруға мүмкiндiк болады. Жекеменшiк мекен-жайы жоқ адам үйленуi былай тұрсын, ақыр аяғында қаңғыбасқа айналып, түрлi қылмыстарға баруы мүмкiн. Адам сияқты өмiр сүруге жағдайы болмаған отбасының берекесi қашады, соңы ерлi-зайыптылардың ажырасуына әкеп соғады. Үшiншiден, отбасының ойрандауына жұбайлардың бiр-бiрiмен жыныстық қатынастағы және тәрбиесiндегi сәйкессiздiк. Нақтырақ айтсақ («ұлы сөзде ұят жоқ») бiрiнiң жыныстық қатынасқа құштарлығы күштi болады да, екiншiсiнiкi әлсiз яғни бiрiн-бiрi қанағаттандыра алмайды. Содан барып көңiлде сенiмсiздiк пайда болып, бiрге өмiр сүрудiң мәнi кете бастайды. Қанағаттанбаған жағы, алтынмен аптап қойсаң да, басқа бiреудiң құшағын аңсаумен болады. Мұның соңы да жұбайлардың бiр-бiрiнiң көзiне шөп салуына ұласады. Төртiншiден, отбасын құрғандардың жас айырмашылығы. Мұны жұбайлар уақыт өткен сайын сезiне бастайды. Олардың өмiрге деген көзқарасының талғамы мен әралуандылығы, салт-дәстүрге, жаңа мен ескiге қатысты ұғымдардың сәйкес келмеуiнен туындайтын ұрыс-керiстер де шаңырақтың шайқалуына себепшi болады. «Бiр күнгi ұрыстан, қырық күнгi ырыс кететiнiн» олар ескере бермейдi. Бесiншiден, он екiде бiр гүлi ашылмаған қыздардың, басы бос жас жұбайлардың жасында түсiк тастауға әуестенуi. Бiздiң елде жасанды жолмен баласын алдырып тастау жағынан Еуропа елдерiнен үш есе, Өзбекстаннан бес есе алда екенбiз. Жан бiткен шарананы кесiп, бөлшектеп алып тастау ең үлкен қатiгездiктiң шегi. Бұл қауiптi дертке шалдыққан етектi жыныстылардың отбасын құрып бала туып, күйеуiмен, ата-анасымен сыйласып өмiр сүруi екiталай. Алтыншыдан, отбасының сүттей ұйып өмiр кешуiне үбiрлi-шүбiрлi болып демографиямызды арттыруға үкiмет тарапынан қамқорлықтың жанашырлықтың болмауы да ерлi-зайыптылардың жиi ажарасып кетуiне басты себепшi болып отырғаны да жасырын емес. Тiптен, он екi жасқа дейiн демей-ақ қояйық, жанұядағы сәбилерге берiлетiн жәрдемақыны үш жасқа дейiн өсiруге Үкiметтiң байлығы жетпейдi дегенге ешкiм де сене қоймас. «Балам деген елi болмаса, елiм дейтiн бала қайдан шығады» деген қағида осындайда айтылған шығар. Соңғы бiр еске сала кететiн мәселе, әйелдердiң ой санасын бүлдiрiп отбасының бұзылуына әсерiн тигiзiп жүрген кейiнгi кезде шыққан гендерлiк саясаттың да зияны аз емес. Осы тұста «әйел неғұрлым еркiн болғысы келген сайын бақытсыз бола бастайтынын» бүгiнгi бiздiң қыз келiншектер ескере жүрген абзал. Гендерлiк саясат, әлемдi жаһандану саясатынан туындап отырған, бiздiң менталитетiмiзге мүлдем жат, батыстан келiп бойымызға жымысқыланып дарып бара жатқан қасiреттi дерт. Мiне, осындай сан қилы себептердiң салдарынан қазiр арамызда алпысқа келiп қартайған қыз, жетпiске жеткенше үйленуге мұршасы болмай жүрген еркектер баршылық. Олардың соңынан қаншама қыз жiгiттер сүрбойдақтықтың күйiн кешiп келедi. Бүгiнгi таңда идеологиялық тоқырау әлеуметтiк теңсiздiк ұлтымыздың рухани азғындауына, ел тәуелсiздiгiн қорғап қалуға икемсiз ұрпақтардың өсуiне бейiмдеп келедi. Қоғамдағы келеңсiздiктер, ана мен балаға деген немкеттi саясат мемелекет деңгейiнде шешiмiн таппаса, қазақ ұлтының бүгiнге сенiмi жоқ,ертеңi бұлыңғыр болары дәлелдеудi қажет етпейтiн ақиқат. Сөз қортындысында айтайын дегенiм, тақырыбымыздың негiзгi арқауы қыз-келiншектер болғандықтан, әңгiмемiздiң соңын ұлы Мұхтар Әуезовтың: «Қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесiгiңдi түзе! Оны түзеймiн десең, әйелдiң қалiн түзе», – деген ұлағатты пiкiрiмен түйiндегiм келедi. «–Арулар — аялылар, ардақтылар, Өмiрдiң жылуы боп қалмақ бұлар. Арулар тiршiлiкке күре тамыр, Өмiрдi бiр-бiрiне жалғап тұрар», – деген екен Қазақтың қыздары ақынның осындй бейнесiне лайықты болып өссе екен деп тiлеймiз. Тек тыңдайтын құлақ, ойланатын тұлға табылып жатса еңбегiңiздiң ақталғаны.
Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ардагер , ұстаз
Қызылорда облысы, Төменарық стансасы.