ҚАЗАҚТЫ ҚАЙТСЕК КӨБЕЙТЕМIЗ?

ҚАЗАҚТЫ ҚАЙТСЕК КӨБЕЙТЕМIЗ?

ҚАЗАҚТЫ ҚАЙТСЕК КӨБЕЙТЕМIЗ?
ашық дереккөзі
352

Бұл жағынан Ресейден үлгi алуға болады

Демография – кез келген мемлекеттiң басты қазынасы, болашағы, тiрегi. Қайсыбiр мемлекет болсын, өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Шыны керек, демографиялық серпiлiстi бiздiң елдiң күткенi қашан. Сонау ашаршылық пен репрессияға толы зұлмат жылдардан берi қазақтың қарасын көбейту зор арманға ұласты.

Әрине, тiлге тиек етiп қоя салу бiр бөлек те, оны басқа мемлекеттердегi секiлдi бiлек сыбана кiрiсiп, жүзеге асыру екiншi мәселе. Құдайға тәубе, табиғи сарқылмас байлығымыздың арқасында елiмiздiң экономикасы жылдан-жылға өсiп жатыр. Кейде басқа жатжұрттықты жарылқай берсек, күндердiң күнiнде өзiмiз де құр алақан қалмаймыз ба деген үрей де бойды билеп әкетедi. Жан-жақтан, дәлiрегiнде шетелдiк алпауыт компаниялардың бiздiң елге деген экономикалық мүддесi артып, инвестиция тартуы тегiн емес. Бұл әрине, екi жақ үшiн де маңызды фактор. Алайда, экономикасы тым қарыштап, дамып жатқан Қазақстан үшiн бар-жоғы 15 миллион халқының әлеуметтiк жағдайын дұрыстау қиын ба?! Әлбетте, бүгiнгi күндi осыдан он жыл бұрынғы ахуалмен салыстыруға болмас. Алғаш тәуелсiздiк алған жылдары аумалы-төкпелi уақытты да бастан кешiрдiк. Өз қолымыз өз аузымызға жетпедi. Уақыт өттi, ол заман да тау асып кеттi. Есесiне, нарық заманы халықты әбiгерге салып, қыспаққа алды. Басына салса, адам үш күннен кейiн бәрiне де үйренетiнi рас-ау. Әркiм өз күнiн өзi көруге бел буып, әйелi қап көтерiп саудаға, ер азаматы арба сүйреп базарға шықты. Айналып келгенде, қазақтың санын көбейтуге қабiлеттiлер саны күрт азайып, дүниеге нәресте әкелудi шетке ысырып қойдық. «Байтал түгiл бас қайғының» керi келiп, жұрт жапатармағай бiр күндiк күнкөрiстiң қамымен кеттi. «Өз қарақан басымызды асырай алмай жүргенде баланы қайтемiз?» дейтiндер де көбейдi. «Әр баланы Аллаһ Тағала өз несiбесiмен бередi» дегенмен, жеуге тамақ, киерге киiм, басыңа пана таба алмай жүргенде кiмдi кiм жарылқайды?» десе, қайтарар жауабың қайсы? Аузыңа кептелiп құм құйылмай ма? «Беттi бастым, қатты састымның» көкесi сонда болады. Ал түкiрсе түкiрiгi жерге тимейтiн анау билiк басындағылар қарапайым жұрттың қандай баз кешiп жүргенiн бiле тұра, «Демографияны көтеру керек!», «2015-2020 жылы халықтың санын 20-25 миллионға жеткiзу керек!» деп биiк мiнбелерден сөйлеуiн қоймайды. Қандай негiзге сүйенiп айтатыны мүлдем түсiнiксiз. Бар болғаны итшелеп жеткен бiр реттiк берiлетiн жәрдемақы – 13 мың теңгенi көпсiне ме, әлде балаға бiр жасқа дейiн төлейтiн азын-аулақ жәрдемақыны бетке баса ма? Алайда, ақша көбейгенмен, нарық құрғырдың құрығы да ұзара түседi. Басшылардың аузынан: «Құдай қаласа, жәрдемақы мен зейнетақы, мемлекеттiк қызметкерлердiң айлық жалақысы 30-32 пайызға өседi» деген сөз қылаң берсе болды, саққұлақ алып-сатарлар мен алып компания қожайындары бағаны әп-сәтте қолдан ұшырып әкетедi. Мiне, жылда осы әңгiменiң басы шыққанда, артынша инфляция да ауыздықталмай жұртты әлекке салады. Сонда, жәрдемақы мен жалақы көбейгеннен халық не ұтты, айтыңызшы?! Бәрi де баяғы саяси науқаншылдық.

… Артыс-тартысқа толы сайлау да өттi. Әшейiн де ел мен жердi араламайтын, ауылдағы ағайын-ау деп қолын алмайтын шенеунiктер әр облыстың, ауданның, тiптi, елдiмекеннiң халқымен кездесiп, сан алуан мәселенi, соның iшiнде әлеуметтiк жағдайға аса көңiл бөлудi құптап, соған байланысты жасақталған арнайы бағдарламасын орындауға бекiнiстi түрде уәде берiп, аяғында аузымен орақ орып кеттi. Әсiресе, мына заманның бар тауқыметi мен ауыртпалығын басынан өткiзiп жатқан ауылдағы қарапайым жандардың дауысын жинап, ақ ниеттерiн қара күйеге айырбастайтындар да жүр арамызда. Дәлiрегiнде, бос шылбырға толы бағдарлама сол сайлауалды компания таратқан қағаздың ғұмырындай ғана қысқа болған-ау, сiрә. Өйткенi, «Бәрiн де бүйтемiз де сөйтемiз, халыққа тиесiлiнi қайтарамыз…» деген сарынмен астасқан игi жақсы, жылы-жылы сөз бен құрғақ уәдеге қор болған қазақтың қарасөзiн аяған сайлаушылар осылай дейдi. Олар бәрi де аяқастынан өзгерiп кетпейтiнiн, ракурстың жүз пайызға бiр-ақ бұрылып сала бермейтiнiн бiледi. …Бұған дейiнгi сан сайлауда, сан үмiткердiң қайығы дәл осылай судан жеңiл жүзiп өттi. Үйреншiктi жағдай, әдеттегiдей науқаншылдық. Бұдан артықтың болуы мүмкiн емес. Қалай сайлау өттi, нан қымбаттап, азық-түлiк бағасы күннен-күнге өсiп барады. Базарға барсаң, не нәрсенiң құны екi есеге бiр-ақ артқан. Бағасы аспандап тұрған азық-түлiкке телмiрiп бiр қарайсың да, жұқалтаң қалтаңды қағып-қағып, iшiңнен «32 пайызға көбейген жалақыңнан не пайда, а?» деп терiс қарап кете барасың. Ал тым болмаса бiр балаға жарып жетпейтiн жәрдемақы кiмге талшық? Халыққа берген уәденiң орындалғаны осы ма?

Жаны жоқ жалаң сөздi жарияға жар салғанда, демография туралы айту мүлдем бұлыңғыр. Құрығанда сан уәденiң бiреуi iлгерi баспаса, екiншi мәселе қайдан шешiлсiн.

БАЛА ӨСIРУ БАЛАБАҚШАҒА ДА БАЙЛАНЫСТЫ

Сәби – отбасын бiрiктiретiн, тұрақтандыратын Аллаһ Тағаланың адамзатқа сыйлаған нұры. Осы орайда, аузымызды құр шөппен сүрте бермейiк, халық санын осыдан үш-төрт жылмен салыстырғанда анау айтқандай болмаса да, өсу байқалады. Десек те, елiмiзде неше жылдан берi балабақшаның жетiспеушiлiгi кәдiмгiдей өзектi мәселеге айналды. Мемлекет әрдайым «Халықтың санын көбейту керек» деген мiндет қояды да, сол бүлдiршiндер тәрбиеленетiн балабақша жайын назарға алмайды. Жақында «Онлайн» жүйесiмен көпшiлiктiң сұрағына жауап берген Н.Назарбаевтың өзi де, елiмiзде бала туу көрсеткiшiнiң едәуiр өскенiн айта келе, жылына 300 мың сәбидiң жарық дүние есiгiн ашатынына қуанып, бұл өте жақсы көрсеткiш» деген баға берген болатын. Рас, өсу бар. Алайда, республикадағы мектеп жасына дейiнгi балалардың денi балабақшаға зәру. Қазiр жан-жағымыздың бәрi тарсыл-гүрсiл, құрылыс жұмыстарының қызған шағы. Оның iшiнде 100 мектеп пен 100 аурухана салу да жоспарға iлiктi. Дегенмен, балабақша салу мәселесi әлi күнге жайбасарлыққа салынып келедi. Соны ескерген Президент тұрғын үй кешенiнiң бiрiншi қабатынан балабақша салу жөнiнде ұсыныс айтып, осы ұтымды әрi коммерциялық жобаны барлық облыста жүзеге асыруға тапсырма берген-дi. Осыдан екi жыл бұрын бiлiм және ғылым министрлiгi қазақстандық 90 баланың балабақшаға орналасу үшiн өз кезегiмен тiзiмде тұрғанын мәлiмдедi. Негiзi республикада 1 мың 283 балабақша болса, оның 179-ы жекеменшiк, қалғаны мемлекеттiк. Нәтижесiнде балабақшаға балғындардың 27 пайызы ғана баруға мүмкiндiк алып, қалғаны ата-әжесiмен, тәрбиешiсiмен үйде отыруға мәжбүр.

Естерiңiзге сала кетсек, 2006 жылы балабақша салуға және балабақша жүйесiн дамытуға 1 млрд. теңге көзделген-дi. Ал 2007 жылы Үкiметтiң мектеп жасына дейiнгi тәрбие мен 2007-2009 жылдары оқыту жүйесiн дамыту бағдарламасы аясында осы мақсатқа бюджеттен 20,5 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың сөзiне сенсек, алдағы үш жылдың iшiнде 7,8 мың орынға лайықталған 55 мың балабақша салу жобасы барын айтса, кезiнде жабылып, қаңырап қалған 13,8 мың орны бар 131 балабақшаны қайтарып алуға күш жұмсалмақ екен. Бұл да болса, балабақша жетiспеушiлiгi мәселесiнiң там-тұмдап шешiлуiне ұйытқы жасар, кiм бiлсiн?!

АЛ РЕСЕЙДЕ 2008 ЖЫЛ — «ОТБАСЫ ЖЫЛЫ» БОЛМАҚ

Негiзi бiз көбiнесе елiмiздегi экономикалық-әлеуметтiк мәселелердiң шешiлу барысын көршi Ресейдiң нақты көрсеткiшiмен салыстыра кеткендi жөн санаймыз. Әрине, салыстыру бар жерде, оның қалай жүзеге асқанын, қандай нәтижемен жеткенiн көрсетiп айту тағы бар. Мәселен, демографияның көтерiлуiне аса ден қойып отырған Ресейдiң 2008 жылды «Отбасы жылы» деп жариялауы тектен-тек емес. «Бiздiң басты мақсатымыз – өткен ғасырдағы ресейлiк отбасының беделiн қайта әкелуге тырысу» дедi бiрiншi вице-премьер Д.Медведев. Оның айтуынша, «Отбасы жылы» жәй науқан ретiнде өтетiн мерекелер мен көңiл көтерулерден емес, керiсiнше үлкен тәжiрибелiк және зерттеу жұмыстарынан тұратын болады. Осы шараны ұйымдастыру комитетiнiң жауапты хатшысы Александр Левицкая «Мәскеу облысында 2008 жылдың 1 маусымынан бастап балаға ай сайын берiлетiн жәрдемақының көлемi 1000 рубльге дейiн өседi десе, (әрине, бұл соманың 70 рубльден айырмашылығы көп) сәби өмiрге келгенде төленетiн бiр реттiк жәрдемақы да 2008 жылдың 1 қаңтарынан 6 мың рубльге дейiн өспек, ал үшiншi, одан кейiнгi балаға 15 мың рубльге дейiн төленетiн болады» дегендi айтады. Тiптi, баланы асырап алушы ата-анаға берiлетiн бiр реттiк жәрдемақы да әжептәуiр. Бiр айта кетерлiгi, Мәскеу облысы үш жылдың iшiнде мектеп жасына дейiнгi 250 мекеме салуға 18,8 млрд. рубль қарастырып та қойған. Мұның бәрi былтырғы жылы Путиннiң халыққа жасаған жолдауының арқасында iске аса бастағаны белгiлi. Айталық, В.Путиннiң тапсырмасы бойынша бiр жыл iшiнде «Мемлекеттiң 2025 жылға дейiнгi демографиялық дамуы» концепциясы жасалды. Жобаның ауқымды бөлiгi – баласы бар отбасыға материалдық көмек пен жәрдемақы беру мәселесiне арналған. Бұның негiзiнде «Жас отбасыны баспанамен қамту» бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi ұсынып, 2006-2010 жылдарға арналған «Тұрғын үй» және аймақтық бағдарламасын тез арада қарастыруға мүмкiндiк ашылды. Алайда, бұған дейiн де балаға төленетiн жәрдемақыны көтеру мәселесi сан мәрте көтерiлiп, 2007 жылдың қаңтарынан 1 жарым жасқа дейiнгi балаға кем дегенде 1500 рубль берiлсе, келесi екiншi балаға 3 мың рубль төленетiн жағдайға жеттi. Ал бала асырап алған отбасы ағымдағы жылдан бастап әр балаға ай сайын 4 мың рубль алса, сол асырап алған ата-ананың айлығы 2500 рубльге өстi. Мұнымен қоса, тағы да үлгi аларлықтай жеңiлдiктiң түрi жасалуда. Мәселен, балабақшаға бергенде бiр баласы бар ата-ананың төлейтiн ақшасы 20 пайызға қысқарса, екi баласы бар ата-ананың 50 пайызы, үш және одан көп баласы барының 70 пайызы шегерiлiп кетедi екен. Бұл бұл ма, демографияны көтерудiң нақ көрiнiсi ана капиталынан анық аңғарылады. 2007 жылдың басынан екiншi немесе үшiншi баласы өмiрге келген отбасыға арналған капитал 250 мың рубль шамасында берiледi. Әрине, бұл бiздегiдей емес, жыл сайынғы аспандап кететiн инфляциямен қатар өсiп отырады. Үш жылдан соң бұл жәрдемақыны отбасының тұрмыс жағдайының жақсаруына бағыттап, баланың бiлiм алуына, сондай-ақ анасының зейнетке шыққандағы өмiрiн толық қамтамасыз етуiне жұмсайды.

Ресей Федерациясының қолға алған тың саясаты бүгiнде жемiсiн берiп те үлгердi. Неге десеңiз, ағымдағы жылдың сәуiр айында-ақ бала туу көрсеткiшi 8,5 пайызға өстi. Оның үстiне бала өлiмi де мөлшерден тыс азайып, өлiм көрсеткiшi 50 мың адамға, яғни, 7 пайызға қысқарды. Сондай-ақ, 2007 жылы демографиялық саясатты жүргiзуге шамамен 95 млрд. рубль, ал 2008-2010 жылдары бұл мақсатқа 500 млрд. рубль қарастырылып отыр. Сөзден iске көшкен ресейлiк билiк өкiлдерi «2015 жылы Ресей халқы 142 миллионға, 2025 жылы 145 миллионға көбейедi» деп нық сенiммен айтады. Шынында, мұндай қарқынмен, Ресей өспегенде, қай ел өседi?! Бiздiң Үкiмет болса, әйтеуiр екi-үш жылда бiр үстемелеп қоятын жәрдемақыны бергенге мәз. Әрең дегенде, бала туғанда беретiн бiр реттiк жәрдемақыны 2008 жылдан бастап 13 мыңнан 35 мың теңгеге көтердi. Бәзбiреулер бұған да тәубе деп «ши» сындырып қойды. Дегенмен, бiздiң Үкiметтiң қауқары бұдан да артық әрекетке жетер едi ғой. «Демография, демография» деп қақсай бергенше, неге Ресей сияқты нақты бағдарлама қабылдамасқа?! Онсыз да қытайланып, еуропаланып бара жатқан қазақты керi қайтара алмасымыз анық. Қысқасы, жатқа жұтылып кетпес үшiн, қазақтың санын тез арада көтеру үшiн екi шұқып, бiр қарауымыз қажет-ақ.

Қазiргi таңда бiр жасқа толғанға дейiнгi балаларға төленетiн жәрдемақы 4 мың 914 теңге болса, құдай қаласа келер жылдан бастап бұның мөлшерi 7 мың 592 теңгеге өседi дегендi жақын арада естiрткен еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев аз қамтылған отбасыларға төленетiн жәрдемақыны арттыруға кiрiсiптi. Бұл бойынша 10 мың 92 теңге жәрдемақыға 1 мың 168 теңге қосылатын болады. Жүктiлiкке және босануға байланысты әлеуметтiк көмек 4 пайызға өсiп, 17 мың 40 мың теңгенi құрамақ. Ал жалпы әлеуметтiк көмек саласына 3,5 млрд. теңге бөлiнiп отырғанға ұқсайды. Алайда, бұл аз ба, көп пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары