Академик Надир НАДИРОВ: МҰНАЙ БАР ЖЕРДЕ САЯСАТ БАР

Академик Надир НАДИРОВ: МҰНАЙ БАР ЖЕРДЕ САЯСАТ БАР

Академик Надир НАДИРОВ: МҰНАЙ БАР ЖЕРДЕ САЯСАТ БАР
ашық дереккөзі
318

Осы аптаның басында елiмiзге Италияның премьер министрi Романо Проди келдi. Бұның өзi Қашаған төңiрегiндегi даудың халықаралық сипат алғанынан хабар берсе керек. Әдейiлеп ат басын бұрған Италия премьерiнiң көздегенi негiзiнен – Қашағандағы дауды бiржақты ету. Демек, етек-жеңiн жинап, мiнез көрсетiп, тiсiн батыратын болса, өзге түгiлi азуын айға бiлеген еуропалық мемлекеттер де көлкектеп алдыңа келiп, бас иедi екен.

Бұл жолғы Қашаған кен орнын игеруге қатысты оның басты операторы итальяндық ENI компаниясына қарсы қолданылған қатаң шараны Италия үкiметi бейжай қабылдай алмады. Сөйтiп, мәселенiң қолайлы шешiлуiн қалап, Италияның басты адамы елiмiзге атбасын бұрды. 8-10 қазан аралығында Алматыда Қазақстан мен Италия кәсiпкерлерiнiң бизнес форумын өткiздi. Бұның барлығы кейбiреулер айтып жүргендей, жақында ғана Парламент қабылдаған «Жер қойнауы және ондағы байлықтар туралы» Заң елiмiздегi инвестициялық климатқа керi әсер етедi деген болжамды жоққа шығарды. Кәрi құрлықтың кәрi мемлекетi жас мемлекеттiң алдында тiзе бүктi. Бұл – өзiңдi өзiң сыйлай бiлсең, жат жанынан түңiлетiндiгiнiң дәлелi. Қашаған төңiрегiндегi дау-дамай және мұнай саясаты жөнiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлiк академияның I вице-президентi, академик Надир Надировпен әңгiме өткiзген едiк. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

— Надир Кәрiмұлы, қазiр Қазақстанға Италияның премьер-министрi бастаған делегация келiп жатыр. Бұның өзi Қашаған мәселесiнiң қаншалықты маңыздылығын танытатын сияқты. Жалпы, көпшiлiкке түсiнiктi болу үшiн Қашаған кен орнын игеру жұмысының уақытша тоқтап тұру себебiн айтып өтсеңiз…

— Бiрiншiден, Қашаған кен орны өте қиын жағдайда орналасқан. Теңiздiң солтүстiк бөлiгi. Қыста күштi дауыл соқса, жазы аса ыстық. Қашаған жобасын бекiткен кезде, жоба құнын 57 миллиард долларға бағалаған едi. Әрi 2006 жылы мұнай бере бастайтын болған. 2006 жыл болды. Мұнай жоқ. 2006-дан 2007 жылға созды. Мұнай тағы жоқ. Ендi олар Қашағанды игеру мерзiмiн тағы екi жылға созуды сұрайды. Бiздiң мемлекеттiң келiспей отырғаны осы. Екiншiден, жоба құнын 57 миллиард доллардан 136 миллиард долларға көтерiп жiбердi. 2,5 есе арттырып отыр. Әлемдiк тәжiрибеде мұндай болған емес. Жоба бекiтiлгеннен кейiн, жұмыс iстеуi тиiс. Өйткенi жоба жасалып жатқан кезде онда барлығы есептелiнедi. Бұның барлығы Қазақстанның экономикалық мүддесi мен ұлттық қауiпсiздiгiне қайшы. 2006 жылдан бастап, бiздiң бюджетте Қашағаннан түсетiн қаржы есептелiнiп қойған. Бүгiн ол қаржы жоқ. Сондай-ақ, бұл жобада экология мәселесi ескерiлмептi. Соның iшiнде күкiрт мәселесi. Оны қайда жiберемiз. Бiз Теңiз кен орнын игеру барысында бұндай проблеманы бастан өткiзгенбiз. Қазiр Теңiзде 9 миллион күкiрт қалдығы бар көрiнедi. Оны қалай да бiржақты ету қажет қой. Олар келiсiм-шартта бұл мәселе қарастырылмаған дейдi. Демек олар сотқа беруге құқылы. Сондай-ақ, төтенше жағдай да ескерiлмеген. Егер, жарылыс бола қалса, суға және ауаға жайылады. Бұл да бiздiң басымыздан өткен жағдай. Осыдан 15 жыл бұрын Теңiз кен орнында болған жарылыс естерiңiзде болар. Теңiз кенiнiң тереңдiгi 5,5 шақырым, қысымы 81 шаршы метр скважина атылып кеткенде, өзiнен-өзi жанып кеткен мұнай 200 метр биiктiкке шапшыды. Бiз жан-жағын жалмаған өрттi бiр жылдай жүрiп әрең тыйдық. Бүгiн Қашағанда да сондай жағдай бола қалса не iстейдi? Бұл да жобада көрiнiс таппаған. Осы мәселелердiң ескерiлмеуiнен Қашағандағы кен орнын игеру жұмысы биылғы жылдың 22 қазанына дейiн тоқтатылды.

Осы аптаның басында Италия премьер-министрi Романо Проди келдi. Олардың қандай келiсiмге келетiнiн бiлмеймiн, бiрақ Назарбаев өз елiнiң мүддесiне қайшы келмейдi, Романо Проди да солай. Дегенмен, әйтеуiр бiр келiсiмге келетiнiне сенiмдiмiн. Мәселен, күкiрт мәселесiн шешу үшiн бiрлесе қимылдауға болады. Қазақстанда 140-тан астам кен орны осы кирдi илейдi. Кир бұны кейбiреулер қазақтың «кiр» деген сөзiнен шығуы мүмкiн дейтiндер бар. Ол жердiң бетiне шығатын топырақ, кiр, битум, мұнай араласқан қоспа. Бұны ешкiм пайдаланып жатқан жоқ. Осы қалдықтан жол жасайтын тамаша битум жасап шығаруға болады екен. Оның патентi бiзде бар. Тек соны жүзеге асыру керек.

— Надир аға, оқырманға түсiнiктi болу үшiн айта кетiңiзшi, жоба құнының 57 миллиард доллардан 136 миллиард долларға өсуi кiм үшiн тиiмдi?

— Итальяндықтар, «Қашағанның климатын ескермедiк, басқа да толып жатқан мәселелердi ескере алмадық» дейдi. Бiздiң Үкiмет: «Жарайды, 1-2 миллиард долларға қателесуге болады. Ал, 100 миллиард доллардан қателесу мүмкiн емес қой» дегендi алға тартады.

Жоба құнының бұлай өсуi, әрине, ең алдымен шетелдiк инвесторға тиiмдi. Шарт бойынша мұнай өндiрiле бастаған кезде алғашқы табыстан аталған жобаға жұмсаған ақшаны алып қалады. Содан кейiн ғана заң бойынша, түскен табысты бөлiсу басталады.

— Ал, Италия премьер-министрiнiң өзi келуi мәселенiң құндылығын танытады ғой?

— Италияндықтар бұған аса үлкен маңыз берiп отыр. Олар үшiн ең бастысы – ақша, сосын халықаралық бедел. Немесе, керiсiнше алдымен – бедел, содан кейiн – ақша. Егер, компания халықаралық беделiнен жұрдай болса, олардан бәрi қашады. Сөйтiп, ешкiмге қажетсiз, жетiмнiң күйiн кешедi. Ондайға жеткiзбеу үшiн олар қандайда бiр шара қолдануға тырысып бағуда. ЕNI компаниясының бас директоры келiп бiздiң премьер Мәсiмовпен жолықты. Мәсiмов бiздiң талаптарымызды айтып, жаңа заң бойынша жұмыс жасауды мiндеттейтiнiн жеткiздi. Сондай-ақ, күкiрттi қайда жiберетiнiмiз, қоршаған ортаға зиян келтiрмеу мәселесi айтылды. «Егер, жобаны жүзеге асыруды соза берсеңдер, бiз бюджетке Қашағаннан түседi деп жоспарлаған соманы талап етемiз. Яғни, бiздiң бюджетке жыл сайын 50 миллион доллар төлеудi мәжбүрлеймiз» дейдi. Бұған итальяндықтар әзiрге келiспей отыр. Бiрақ, менiңше, келiсуге тиiс. Келiспей қайда барсын.

— Қашаған мұнай қоры жағынан тек елiмiзде ғана емес, әлемде ең iрi кен орындарының бiрi болып табылады. Оған өз елiмiздегi мұнай компанияларының қатысу деңгейi қалай?

— Қашағанда қазiр бес компания қатысып отыр. «Аджип», «Катал», «Стартойл», «Лукойл», оператор ЕNI.

Қазiргi компаниялардың барлығы ас-суына дейiн Еуропадан алып келедi. Бiздiң мұнайшылар: «Сол жобаны бiзге берiңiзшi, 20 миллиардқа-ақ жасап берейiк», дейдi. Өйткенi, бiздiкiлер Еуропадан тамақ әкелмейдi. Қазiр бiздiң «ҚазМұнайГаздың» Қашағандағы үлесi – 8,33% ғана. Премьер-министр бiздiң жобаға қатысуымызды молайтуды көздейтiнiн айтты. Осыдан бiр-екi жыл бұрын бұл үлес те жоқ болатын. Ендiгi көздегенiмiз – Қазақстанның үлесiн 40 пайызға жеткiзу.

Қашаған мұнай кен орны жүзеге асырылып, мұнай өндiрiле бастағаннан кейiн, бiзге олардан түсетiнi – салық және бiздiң жергiлiктi жұмысшылар iстейтiн болса, солардың айлық жалақысы ғана. Сондай-ақ, жобада әлеуметтiк мiндеттер жүктелген. Мектеп салып беру, аурухана тұрғызу деген сияқты. Басқа табыстың бәрi шетелдiк инвестордың қалтасына құйылады.

Парламент «Жер қойнауы және ондағы байлықтар туралы» Заңды қайта қарады ғой. Ол заңға бiрнеше өзгерiс енгiздi. Бiрiншiсi, ең бастысы, егер шетелдiк инвесторлардың жұмысы Қазақстанға, қазақ халқының қауiпсiздiгiне, қоршаған ортаға нұқсан келтiретiн болса, оны мерзiмiнен бұрын бiржақты түрде тоқтата аламыз. Бұрынғы заңда мұндай талап қойылмаған едi. Шарт 40 жылға жасалды ма, оны өзгертуге ешкiмнiң құқы жоқ болатын. Айталық, «Теңiз-Шевройл» 40 жылға шарт жасасты, осы уақыт аралығында ол не iстесе де өзi бiледi. Бiз онымен арадағы келiсiм-шартты бұза алмаймыз. Тарих олай етуге болмайтындығын көрсеттi.

— Көптеген шетелдiк басылымдар, соның iшiнде ресейлiк басылымдар да бар. Қазақстан Үкiметi аталмыш заңды қабылдау арқылы шетелдiк инвесторларға есiгiн жапты. Бұдан былай шетел инвесторлары мүдделiлiк танытпайтын болады деген ақпаратты жарыса жазып жатыр. Бұған не дейсiз?

— Иә, мұндай ақпараттарды естiп жатырмыз. Алайда, бұл дұрыс көзқарас емес. Инвестор Қазақстаннан неге ат басын тартсын. Осыдан бiр-екi күн бұрын «ҚазМұнайГаз» осыған байланысты бiр жиын өткiздi. Оған заң жобасын жасауға қатысқан Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Валерий Котович те, мен де қатыстым. Валерий Котович баяндама жасап, ол заңның артықшылықтарын санамалап айтып, дәлелдеп шықты. Одан кейiн мен сөз алдым. Отырғандардың iшiнен бiреу «шетел компаниялары бiздiң бұл қадамымызды сотқа берсе қайтемiз, бiздiң сот қарамаса, халықаралық сотқа шағымданса ше?» деген сауал бердi. Мен айттым: «Не деп бередi? Егер, заң қабылданса, инвестор ондағы талапты орындап тұрса, кiмдi кiм сотқа бередi? Егер, заң талаптарын бұзып жатса, бiз алдын ала хат жiберемiз. Оны кiм бұрыс дей алады?» дедiм. Заң бойынша, егер шетелдiк компания ұлт қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрiп жатса немесе экологияға зиян шектiрсе, алдын ала хат жiберiледi. Олар бұл хатқа 4 айдың iшiнде жауап бередi. Егер, берiлген мерзiмде олар бiздiң талабымызға құлақ аспаса, сол компанияның жұмысын тоқтатуға бiз құқылымыз. Содан кейiн әлгi компания алты айдың iшiнде бiздiң талаптарымызды орындауға құлшыныс бiлдiре ме, жоқ келiспей ме, соны шешуi керек. Әрине, ешкiм кетпейдi. Бiздiң талаптарымызға құлақ асуға мәжбүр болады. Олар ең алдымен ақша үшiн келдi, одан ешуақытта бас тартпайды. Екiншiден, бiраз шығын шығарды. Оны қайтарып алуды көздейдi. Үшiншiден, кетiп қалса да, дайын жобаны ары қарай жалғастыруға басқалар құлықтылық танытатын болады.

— Кейбiр әңгiмелерге қарағанда, бұл жерде Ресейдiң де мүддесi көзделген дейдi ғой. «Лукойл» да өзiнiң үлестiк салмағын өсiрудi көздеп отырған секiлдi. Бiздiң елiмiз де соған жұмыс жасап отыр делiнедi.

— Ол да бар. Ресей де «Лукойлдың» үлестiк салмағын үлкейтуге тырысып жатыр. Сондай-ақ, Қытайдың да мүддесi бар. Мұнай қайда болса, сонда саясат болады ғой. Америка мен Батыс Қашағандағы өз үлесiн көбейтуге тырысады әрi Ресей мен Қытайды ығыстыруды көздейдi. Бiздiң Елбасымыздың саясаты – қай елде мұнайдың бағасы жоғары, сол елге мұнай сату, қай елде әлеуметтiк жағынан бiзге пайдалы болады, сол елге жiберу. Сондықтан да, қазiр мұнайдың түрлi-түрлi бағыттары бар. Әрине, бiрiншi көршiлерiмiздiң сұранысын қанағаттандыруымыз керек. Көршiлерiмiздiң бiрi баяғыдан бiрге келе жатқан Ресей. Бiздiң шекарамыз әлемде ең үлкен шекара болып табылады. Көршiмен тату болу қазақтың басты мақсаты. Қытай да солай. Елiмiздiң бұл саясатын өзгелер ұнатпайды.

— Бiз бұған дейiн Қазақстан үкiметiн шетелдiк инвесторларды бетiмен жiбердi, қатаң талап қоя алмай отыр деп кiнәлап келген болатынбыз. Ендi талап қою басталды ғой?

— Оның бiрнеше себептерi болды. 1995 жылы «Мұнай және кен орындары туралы» Заңды бiрiншi қабылдағанда, сол кезде дүниежүзiнiң мамандарын шақырды. Әлемнiң тәжiрибесiн ескерiп, дүние жүзi мемлекеттерiнiң өкiлдерiмен талқылап, заңды сосын қабылдады. Содан берi бiрталай уақыт өттi. Талай проблемалардың шетi қылтиды. Сонымен қатар, тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы жылдары шетелдiк инвесторларға жеңiлдiк болғаны рас. Ең алғашқы келiсiм-шартқа отырған компаниямыз «Теңiз Шевройл» болды ғой. Теңiз өте қиын жоба. Мұнай 5,5-6 шақырым тереңдiкте жатыр, қысымы 80 атмосферадан асты. Температура 900 градусқа жетедi. Әрi мұнай мен бiрге газ шығады. Осындай кен орнын игеруге бiздiң тәжiрибемiз болған жоқ. Күллi Кеңес одағының тәжiрибесi болмады. «Шевронмен» әңгiме Кеңес одағы тұсында басталған. Алғашқы келiсiм-шартқа Горбачев қол қойған. Ол келiсiм-шарт бойынша, аталған жобадан түскен табысты шетелдiк инвестор мен Кеңес одағы тепе-тең бөлiсуге тиiс болатын. Бұл өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басы, Кеңес одағы құлауға таяған кез. Келiсiм-шартты Мәскеуге алып келдi, Мәскеу Қазақстанға жiбердi. Бiзде барлық ғалымдар жиналып, аталған жобаны талқылап, пiкiрiмiздi бiлдiрдiк. Сонда табысты тепе-тең бөлiсу деген болмайды деп өз ойымызды бiлдiргенбiз. Бiрақ, келiсiм-шартқа қол қойылмай-ақ, Кеңес одағы құлап қалды. Американдықтар бiзбен қайта келiсiм-шартты бастады. Алайда, Нұрсұлтан Әбiшұлы пайданы тең бөлiсуге келiскен жоқ. Олар бiзбен келiспей 2 жыл жүрдi. Екi жылдан кейiн ақыры келiстi. Сөйтiп, түскен табыстың 81,4%-ы Қазақстандыкi, 19,6% Шеврондыкi болатын болды. Бiрақ, қазiр бiздiң үлесiмiз – 25. Кезiнде экономикалық қиындықтардан шығу үшiн бiрталай акция сатылып кеттi.

Бiзде мұнайдың iшiнде жиналып жатқан күкiрт, мұнаймен бiрге шығатын газды қайда жiберемiз деген сияқты проблемалар болған жоқ. Ол кезде оларды ескеру қиын едi. Қазiр «Шевроннан» басқа да инвесторлар толып жатыр.

— Теңiздегi экологиялық жағдай да мәз емес. Сенатор Ғани Қасымов Үкiмет басшысына «Теңiз-Шевройлдың» жұмысын тоқтату туралы депутаттық сауал қойды. Бұл мүмкiн бе?

— «Теңiз-Шевройлмен» арадағы шарт 40 жылға жасалған. Оны өзгертуге құқымыз жоқ.

— Ал, Парламенттiң «Жер қойнауы және ондағы байлықтар туралы» Заңы қабылдағаны қайда?

— Ол заң жаңа жасалатын келiсiм-шарттарға ғана қатысты. Теңiзге оның қатысы жоқ. Қалғандарына оның құзыры жүредi-ау деймiн.

— Бұл заңды Қашаған үшiн қабылдаған жоқпыз ба? Демек, оған қатысы бар ғой.

— Иә, Қашаған оның талабын орындауға тиiстi. Қашағанда 1,5 миллиард тонна мұнай бар. Дәл соған жуық газ бар. Әлем бойынша соңғы 20-30 жылдың iшiнде ашылған ең iрi мұнай кенi. Қашағанда био байлық деген толып жатыр. Қызыл балық, итбалық т.т. Оларды сақтап қалу керек. Бiздiң инвесторлар бұл байлықты сақтап қалуға тырысамыз дейдi. Қалай дегенмен де, мұнайдан түскен улы қалдықтар суға кетедi, ауаға жiберiледi. Бiр елу жылдан кейiн бұл жердiң экологиясы не болады? Ол туралы айту қиын?

— 50 жылдан кейiн бiзде мұнай қоры да қалмауы мүмкiн деген әңгiмелер айтылып жатыр ғой.

— Егер, жағдайымыз осылай жалғаса берсе, күндердiң күнiнде Каспий деген теңiз қала ма, қалмай ма? Қазба байлық көзден бұлбұл ұшуы да ғажап емес. Бiз ендi соның орнын немен толтыруымыз керек? Осы мәселенi қарастырып жатырмыз. Қазiр мұнайдың бағасы көтерiлiп келедi. Жақында оның баррелi 80 доллар болды. Бұл өмiрде болмаған баға. Осыдан 50 жыл бұрын Канадада ауыр қою мұнайды 13 долларға сататын едi. Мiне, елу жылдан кейiн 80 долларға көтерiлдi. Әлi де өсе беруi мүмкiн. Бiрақ, күндердiң күнi болғанда, мұнай 80 долларға тұрмайтын заман келер. Өйткенi, қазiр бiз күннiң, жел мен судың энергиясын қалай пайдалануды ойластырып жатырмыз. Бұлар экологиялық жағынан әрi таза энергиялар, әрi пайдалануы оңай.

— Бiз шетелдiк инвесторларға әлi күнге дейiн жергiлiктi тұрғындарды қызметке тартуды мiндеттей алмай отырмыз-ау…

— Бұл үлкен проблема. Өткен аптада Алматыда мұнай мен газға арналған халықаралық конференция және көрме болды. Осы конференцияда «Теңiз-Шевройлдың» бас директоры «Кадрлар – мұнайдан да қымбат» дедi. Бiз оларды тәрбиелеуiмiз керек. Теңiз-Шевройлда 80% бiздiң жұмысшылар iстейтiн көрiнедi. Қытай компанияларында әзiрге бiздiң жұмысшылар аз. Қазiр жер-жердегi жоғары оқу орындарында мұнай факультетi ашылды. Бiрақ, онда оқитын студенттердi өндiрiске шақырып, тәжiрибеден өткiзу жағы тым сараң. Мұнай факультетiн бiтiрген түлек мұнай компанияларына барса, қайда тәжiрибеден өткенiн сұрайтын көрiнедi. Сосын ешқандай тәжiрибең жоқ деп, жұмысқа алмайды. Сөйтiп, мұнай факультетiн бiтiрген қаншама түлек жұмыссыз сандалып жүр. Бiрiншi курстан бастап, ол баланы өздерi тәрбиелесе, оқу мен өндiрiстiң интеграциясы болса ғана, нағыз маман даярлайтын боламыз.

— Бiрақ, мұндай талаптарды заңға әлi енгiзе алмай отырмыз емеспiз бе?

— Заңда әлеуметтiк мәселелердi қарастырамыз деген баптар бар. Ол жаңағы мектеп салуға, аурухана құрылысын тұрғызуға мiндеттейтiн бап. Дәл осы баптың құзырында жергiлiктi тұрғындарға жұмыс беру мәселесi де шешiлуi керек.

Сондай-ақ, ғылыми-теориялық мәселеге де назар аудару керек. Бiзде ғылыми институттар көп. Олардың жасап жатқан дүниелерi де көп. Мысалы, бiз күн мен желдiң энергиясын пайдаланатын әлемде жоқ құралдарды ойлап таптық. Қайда барамыз? Анда барсақ, қытайлар, мұнда келсек, итальяндықтар, бiзге керегi жоқ дейдi. Бiздегi ғылыми мекемелердiң патенттерi де жеткiлiктi. Ал, бiздегi компаниялар Қытайдан, Америкадан, Италиядан әкеп жатыр. Бiздiкiне назар салмайды. Сонда бiздiң ғалымдар кiмге жұмыс iстеп отыр?

— Қазiргi әңгiмелерге қарағанда, шетелдiк инвесторлар Қазақстан экономикасына 33% салық төлейтiн көрiнедi. Бiздiң мемлекет экономикасы диверсификацияланбаған, шикiзатты ел. Шетел инвесторлары бiзге зауыт-фабрика салып бере алмайды. Өйткенi, салық өте жоғары көрiнедi. Қазiр бiзде мұнай өнiмдерiн өндiретiн үш-ақ зауыт бар. Оның өзi егiн жинау науқаны кезiнде жабылып қалады. Демек, бiз шетелдiк инвесторларды зауыт-фабрика салуға мiндеттей алмаймыз ба?

— Мұнай өндiретiн үш зауыттың күшi – жылына 18 миллион тонна мұнай өндiруге жетедi екен. Егер, осы зауыттар 18 миллион тонна мұнайды өңдеп, мұнай өнiмдерiн шығарса, ол Қазақстанның сұранысын толығымен қамтамасыз ететiн болады. Бiрақ, қазiр олар небәрi 9 миллион тонна мұнайды өндiрiп отыр. Қалғандарын сыртқа жiбередi. Қазiргi мұнай өндiрiсiнiң барлығы акционерлiк қоғамдар. Олар мемлекетке бағынбайды. Екiншiден, мемлекеттiң өз мұнайы бар. Ол мұнайдың қаншасы елiмiзде қалады, қаншасы шетке кетедi, оны мемлекет шешедi.

Демек, үш зауытты мұнаймен қамтамасыз ете алмай отырсақ, жаңа зауыт салып неғыламыз?

— Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары