МАДИНОВ МЫРЗА МҮЛТ КЕТТI

МАДИНОВ МЫРЗА МҮЛТ КЕТТI

МАДИНОВ МЫРЗА МҮЛТ КЕТТI
ашық дереккөзі
193

НАНҒА МЕМЛЕКЕТТIК МОНОПОЛИЯ ЕНГIЗIЛУI МҮМКIН БЕ?!

Соңғы аптада Қазақстанда нан бағасының барлық жерде жаппай күрт қымбаттауы қоғамның ерiксiз алаңдаушылығы мен наразылығын туғызып қана қойған жоқ, елiмiзде жүргiзiлiп отырған экономикалық саясаттың бiржақтылығын, қиын әрi күрделi жағдайлардан құтқарып қалуға қабiлетсiздiгiн де танытты. Ең бастысы, қоғамда нарықтық экономиканың негiздерiне күмән ұлғайып келе жатыр.

Әмбебап, адамдардың өмiр сүруiне, тұрмыс-тiршiлiгiне жеңiлдiктер әкелiп, халықты арзан тауармен мейлiнше қамтамасыз етедi делiнетiн бұл жүйе қарапайым адамдар түсiне бермейтiн, қараңғы түндей құпияларға толы екенiне көз жеттi. Тауарлар неғұрлым көп өндiрiлсе, ол соғұрлым арзандай бередi. Бұл – қарапайым тiлмен айтқандағы нарықтың ең бiрiншi және басты заңы. Өкiнiшке қарай, Қазақстандағы жағдай мүлдем керiсiнше қалыптасып отыр, яғни, тауардың қандай түрi көп өндiрiлсе, сол тауарлар мiндеттi түрде үздiксiз қымбаттай бередi. Ресми мәлiметтерде мұнай мен газ жыл сайын көп мөлшерде өндiрiлуде делiнедi, ал елiмiздегi жанар-жағар майдың бағасы қиял жетпес биiкке шырқап тұр. Цементтiң жағдайы да сондай. Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет 20 млн.тоннаға жуық астық өндiрiлгенi сол-ақ екен, дәп осыны күткендей елiмiзде нанның бағасы да 2-2,5 есеге өсiп сала бергенiнен жұрт куә. Осылайша Қазақстан бiртiндеп «қисық айналар» елiне айнала бастаған секiлденуде. Үкiмет пен статистикалық қызметтер елiмiздегi әлеуметтiк жағдайдың оңалып, жақсара түскенiн үздiксiз мәлiмдейдi. Әрине, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы немесе 90-жылдардағы экономикалық күйреумен салыстырғанда жағдайдың анағұрлым iлгерi болуы ықтимал, бiрақ нан (басқа азық-түлiк түрлерi де) күрт қымбаттаған соңғы жағдайда елiмiзде миллиондаған адамдардың күйзеле түскенiне дау жоқ. Өткен аптада «Мегаполис» газетiнiң журналистерi социологиялық зерттеу жүргiзiп: «500 теңгеге не сатып алар едiңiз?» деген сұраққа жауап iздептi. Елiмiздегi белгiлi кәсiпкерлердiң бiрi, «Сеймар» акционерлiк қоғамы директорларының төрағасы Марғұлан Сейсембаев мырза: «Ешқандай түсiнiгiм жоқ, ал өз басым дүкендерге бас сұқпаймын. Ал нан мәселесiне келсек, онда бiздiң отбасымызда ешкiм нан жемейдi», – дептi «сабазың».

Сонда нан жейтiн миллиондаған адамдар қайтпекшi? Рас, бiздiң үйде де мұнайды сүйсiнiп iшетiн ешкiм жоқ, бiрақ бензин қымбаттағанына байланысты халықпен бiрге қиналамыз. Тағдырымыз ортақ.

Билiктiң ел жағдайын Еуропамен салыстыруға, соған теңесуге құмар екенi бесенеден белгiлi, бiрақ сол кәрi құрылықта баға небары 2-3 пайызға қымбаттаса халық, қоғам өз наразылығын белсендi түрде бiлдiредi, үкiметтер дәрменсiздiгi үшiн мерзiмiнен бұрын қызметтен кетiп жатады. Олай болмаған жағдайда жеке министрлердiң өздерi де ерiктерiмен қызметтен бас тартатынына мысал көп. Тiптi, өткен жазда кетчуптың, түрлi соустардың сәл қымбаттауына байланысты бүкiл Италияда өткен наразылықты айтпай кетуге болмас. Итальяндар өздерiнiң ұлттық асы – спагетти, нан өнiмдерiн жеуден жаппай бас тартты. Бұл акциядан министрлер, депутаттар, алпауыт кәсiпкерлер мен банкирлердiң ешбiрi сырт қалған жоқ. Өздерiнiң туған халқымен бiр екенiн дәлелдедi. Кiм бiлсiн, бiздiң кәсiпкерлер өздерiн халықпен бiр санамайтын шығар?! Дегенмен, бiздiң кәсiпкерлер егер Қазақстан, оның халқы болмаса, өздерiнiң басқа елге бес тиынға керек еместiгiн бiлмейтiндерi, мойындағысы келмейтiндерi өкiнiштi-ақ. «Ал сiздер мен бiздер нанның 35 теңгеден 55 теңгеге қымбаттағанын аңғармай да қалдық. Айына 300-500 теңге деген не? Бiр саптыаяқ жақсы сыра ғой», – деп мәлiмдеген «Азық-түлiк корпорациясының» президентi Руслан Әзiмов мырзаның не ойлағаны барып кiм бiлiптi. Бiр анығы, өмiрде цинизмнiң шегi жоқ екен. Ең бастысы, жұртшылық, қоғам нанның күтпеген жерден күрт қымбаттауын латифундистер мен монополистердiң астыртын әрекетiнен көруде.

Бiрақ жекелеген кәсiпкерлер ғана емес, «халық қалаулылары» – депутаттардың да кейбiрi де нан қымбаттаған тұста ел күтпеген қадамдар жасағаны таңдандырады. 1994 жылдан берi ел сенiмiн арқалап жүрген, өткен жазда Елбасының мәңгi Президент болып қалуы жөнiнде ұсыныс жасаған белсендi Ромин Мадинов мырзаның Парламентте: «1917 жылы алғаш рет астыққа мемлекеттiк монополия енгiзген Керенский үкiметi болатын. Аяғы неге ұласқаны тарихтан мәлiм», – деген мәнзелде мәлiмдеуi де мүлт кету болып шыққан секiлдi. Әрине, құрметтi депутат Мәсiмов үкiметiн де баяғы Уақытша үкiметпен салыстырғысы келсе өзi бiлер, бiрақ астыққа монополия енгiзудiң оған қандай қатысы бар.

Бiрiншiден, жер бетiндегi әрбiр пенде сияқты үкiмет басшылары да мәңгiлiк емес. Депутаттар да. Әсiресе, Қазақстан жағдайында. Тәуелсiздiк алғалы берi сегiз Үкiмет ауысса, әрбiрi орташа есеппен 2 жылдай ғана атқарушы билiктiң Олимпiнде болғаны емес пе?!

Екiншiден, Керенский үкiметi астыққа монополия енгiзгенi үшiн құлатылған жоқ. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың ауыр азабынан елдi құтқара алмағаны үшiн, миллиондаған адамдардың қан мен терi, шеккен азабынан санаулы адамдардың ғана шексiз байып, халықты мылқау, мешеу тобыр деп санауынан құлады.

Бiр мәселенi ашып айту керек, талай жылдан берi жалпы қоғам, iшнара билiк те елiмiздiң диқандарын мұнай мопонолистерiнiң езгiсiнен шама-шарқынша қорғауға күш салды, ал жаңа жағдайда латифундистер мен астық монополистерiнен бүкiл Қазақстанды қорғайтын күн туған сияқты. Астық – стратегиялық тауар! Ондай тауарлардың жөнi мүлдем бөлек. АҚШ әлемдiк мұнай бағасының қандай болуына қарамастан, былтырдан берi iшкi нарықта бензиндi тек белгiленген бағамен ғана сатуда. Яғни, демократиялық, батыс өркениетi көшбасшысының өзi монополистер мен олигархтардың дегенiн ғана орындай бермейдi, оларға шектеу қоя бiледi. Нарықты экономиканың өз тиiмдiлiгiн дәлелдейтiн тұсы да осында, яки оны реттеп отыру механизмдердiң икемдiлiгi және сан алуандығында. Бiр ғажабы, елiмiзде астыққа мемлекеттiк монополия енгiзiлуге ә дегеннен қарсы болғандар әңгiме ауанын жер жекеменшiктiкi, дүкен жекеменшiктiкi, яғни, мемлекеттiк монополия енгiзiлу мүмкiн емес дегенге аударып жiберген-дi, бiрақ, ұмытпайтын бiр мәселе бар. Заңдар түрлi-түрлi болып, уақыт, заман талабына қарай өзгеруi мүмкiн, бiрақ жер – халықтiкi екенi айқын. Жердiң үстiндегi және астындағы байлық та. Қазақстан Конституциясында осылай делiнген. Яғни, латифундистердiң өздерi де жердi уақытша пайдаланушы, сол арқылы пайда табушы қызметкерлер ғана. Мемлекет орайы келгенде халық атынан әлгi жерлердi қайтарып алуға толық құқылы. Әлемдiк тәжiрибеде бұл жиi кездесетiн жағдай. Сондықтан латифундистер қоғамнан тыс өмiр сүре алмайды.

Кейбiр қауесетке қарағанда, 90-жылдардың орта шамасында 1 млн.гектар жердi бауырына басып алғаны жөнiнде айыптаған адамды Парламентте Р.Мадинов ұрып жыға жаздаған сыңайлы. Олай болмауы да ықтимал. Жәй қауесет шығар.

Бiрақ, астық, әсiресе, нан өнiмдерiн өндiрушi монополистердiң ұсынылған шараға жаппай қарсы болуында қауiптi бiр белгi бар. Өткен жылы Қазақстан диқандары астық сатудан 1 млрд. доллар таза пайда тапса, биыл 2 млрд.доллардан астам таза пайда таппақшы. Сөйте тұра олар бұған қанағаттанбай, тойымсыздықтарын танытып үлгердi. Тiптi, нан өндiрудiң тиiмсiздiгiн түрлi цифрлармен дәлелдемекшi. Астық өндiруiмен елiмiзде ғана емес, таяу шет елдерде даңқы кең жайылған «Цесна-Астық» концернiнiң басқарма төрағасы Николай Мещеряковтың астық бағасы 230-240 доллар болған күнде де диiрмен иелерi мен нан өндiрушiлер орасан зор шығынға бататыны туралы айтқаны елдi одан әрi үрейлендiре түсетiнi сөзсiз. Оның айтуына қарағанда, үш жылдан берi нан бағасын әкiмшiлiк жолмен арзандатып келу, нан бизнесiн тиiмсiз етiп отыр.

Соңғы күндерi нан бағасы қалыпқа түсiп,бұрынғыдан қымбат, бiрақ 55-60 теңгелiк нанға адамдардың етi үйрене бастады. Әйтсе де, олигархтар мен астық монополистерiнiң кейбiр әрекеттерiне қарағанда, бұл да уақытша тұрақтылық сияқты. Кез келген сәтте нан бағасы қайтадан қымбаттауы әбден мүмкiн. Ендеше, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң астық саласына мемлекеттiк монополия енгiзу мүмкiндiгi туралы айтқан мәлiмдемесi таяу уақытта күн тәртiбiнен түсе қоймауы ықтимал.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары