САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI

САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI

САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI
ашық дереккөзі
398

ЖСДП ЖӘНЕ "НҰР ОТАН" ПАРТИЯЛАРЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ САЙЫС ЦЕНЗУРАҒА ҰШЫРАҒАН

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның орталық сайлауалды штабы ЖСДП басшылары Болат Әбiлов, Ораз Жандосов және "Нұр Отан" партиясының төрағасының орынбасары Қайрат Келiмбетов, Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаевпен болған телесайыстың цензураға ұшырағанын мәлiмдедi. Аталған телесайыс 9-тамызда "31 канал" телеарнасынан көрсетiлген болатын.

Мәлiмдемеде: "ЖСДП-ның базалық бағдарламасындағы тезистер алынып тасталған. Қазiргi саяси жүйенi сынаған, жемқорлық мәселелерi айтылған үзiндiлер бар болатын. Сондай-ақ, "Қазақстан" телеарнасында кейбiр телевизиялық технологиялар ұтымды пайдаланылған" делiнген.

Телесайыстардың модераторы, "31 канал" медиахолдингiнiң басшысы Арманжан Байтасов бұл жайында кассетаны эфирге бiр сағат уақыт қалғанда әлкелгенiн және монтаж жасалғандығы туралы ешқандай ескертпегендiгiн айтады.

КОММУНИСТЕР ӘБIЛҚАСЫМОВТЫ САТҚЫНҒА ТЕҢЕДI

Бұрынғы мәжiлiсмен, Халықтық коммунистiк партиясының мүшесi Ерасыл Әбiлқасымов 13-тамызда үндеу жариялап, халықты "Нұр Отан" партиясына дауыс беруге шақырды. Бұл жайт сайлау науқанына қызу кiрiсiп, елдегi сайлаушыларымен кездесу өткiзiп жүрген В. Косаревтiң шамына тигенi соншалық, ол кездесулерiн доғарып, Ерасыл Әбiлқасымовқа жауап беруге мәжбүрледi. В. Косарветiң ойынша, Әбiлқасымов бұл мәлiмдемесi арқылы коммунистер партиясын жоққа шығарып отырған көрiнедi.

— Оған бәлкiм билiк сенатор тағын ұсынған болар. Егер, бұл солай болатын болса, бiз кешiкпей Ерасылдың кiм екендiгiн танып бiлетiн боламыз. Сайлауға бiр апта қалғанда, партия басшылары мен мүшелерi сайлаушылармен кездесу мақсатында сапарда жүргенде Е. Әбiлқасымов осындай келеңсiз қадамға барып отыр. Ол бұл мәлiмдеменi партия атынан емес, өзi жеке бастама көтерiп жасап отыр. Бiз оны партиялық тiзiмге қосқанымыз қателiк болыпты. Ол президенттiк сайлауға бiздiң партиямыздың атынан түскендiктен, бiз оны партия тiзiмiне қосуға мәжбүр болдық, — дедi Косарев.

ТӘУЕЛСIЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР 2 КҮНДЕ САЙЛАУ НӘТИЖЕСIН ЖАРИЯЛАМАҚ

Өткен аптада "Тәуелсiз бақылаушылардың республикалық жүйесi" қоғамдық ұйымы, тамыздың 18-i күнi Қазақстанда өтетiн Парламент мәжiлiсi депутаттарының кезектен тыс сайлауы және жергiлiктi мәслихат депутаттарының кезектi сайлауы алдында елдегi сайлауалды жағдайына шiлденiң 9-нан тамыздың 14-i аралығында бақылаған ұзақ мерзiмдi бақылауының қортындысын жариялады.

Тәуелсiз бақылаушылар жүйесiнiң ұзақ мерзiмдi бақылауы Қазақстанның Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстiк Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан облыстары секiлдi 9 облыс аумағында және Алматы мен Астана қалаларында жүргiзiлген. ТБЖ-нiң ұзақ мерзiмдi бақылауы қортындысында Орталық сайлау комиссиясының сайлауды ұйымдастырудың алдын-ала жүргiзген жұмыстарына оң баға берiлген. Әсiресе, ОСК-ның сайлауға түсушi саяси партиялар үшiн теледидар мен радиодан қосымша эфирлiк уақыт бөлiп бергенi сайлаушылардың саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен және тiкелей кандидаттардың өзiмен танысуына мүмкiндiк туғызғаны айтылған.

ТБЖ-нiң есебi бойынша, елдегi сайлауалды жағдайында саяси партиялардың үгiт науқанын жүргiзу белсендiлiктерi әрқалай болған. Мысалы, "Нұр Отан", Жалпыұлттық социал-демократиялық және "Ақ жол" партияларының белсендiлiктерi жоғары болған болса, қалған партиялар: "Ауыл", "Руханият", Қазақстан Коммунистiк халықтық партиясы және "Патриоттар партиясының" белсендiлiктерi төмен болған.

Алайда ТБЖ-нiң заң жөнiндегi кеңесшiсi Аманкелдi Шорманбаев, парламент мәжiлiсi депутаттарын сайлауда Қазақстан халқының Ассамблеясынан депутаттыққа 9 адам ұсынылып отырғанын ел Конституциясына әрi ОБСЕ секiлдi халықаралық ұйымдардың талап-шарттарына қайшы келетiн нәрсе деп есептейдi.

"Қазақстан халқының Ассемблеясынан" мәжiлiс депутаты болып сайланатын бұл 9 адамды тамыздың 18-i күнгi жалпы халықтық сайлауда емес, тамыздың 20-сы күнi өтетiн Ассамблея мүшелерiнiң жиынында сайлау — бұл заңсыздық болып табылады. Неге Қазақстанның көпшiлiк сайлаушылары бiр ғана дауысқа ие болса, кейбiр азаматтар екi дауысқа ие бола алады? Бұл дауыс теңсiздiгiн туғызады, бұл Конституцияға қайшы келедi", — дедi А.Шорманбаев.

ТБЖ-нiң президентi Тасқын Рахымбекованың айтуынша, сайлау күнi ТБЖ қоғамдық ұйымы елдегi сайлау учаскелерiне өзiнiң 2 мыңдай бақылаушыларын шығарып, сайлаудың қалай өтiп жатқанына бақылау жасатпақшы. Ал оның қортындысын сайлау өткен соң, тамыздың 20-сы күнi жария етпек.

"АҚ ЖОЛ" ОРАЛМАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙIН БIЛДI

Кездесуге Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей елдерiнен келген отандастарымыздың өкiлдерi қатысты. Олар қазiр әртүрлi салада жұмыс iстеп жүр. "Ақ жол" партиясы оралмандар мәселесiн шешумен үнемi айналысып келе жатқан партия. "Ақ жол" партиясының мүшесi Амангелдi Айталы бұл жұмысты әрi қарай жалғастыратындығын жеткiздi. "Бiздiң отандастарымыз әр елде әртүрлi мамандықтарды иеленiп шығады. Олардың мектепте алатын бiлiмiнiң өзi алфавиттiң алуандығынан өзгеше. Сондықтан оларды қосымша дайындықтан өткiзу керек. Оралмандардың саны артып отырғандықтан, олардан маман даярлау мәселесi де өзектi" дедi А. Айталы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әртүрлi проблемаларымен бөлiстi. Әсiресе, орыс тiлiн бiлмеуден кездесетiн қиыншылықтар, тұрғын үй мәселесi, шенеунiктердiң марғаулығы әңгiме өзегiне айналды.

— Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан тағдыр тәлкегiмен әлемнiң әр қиырында қалған қандастарын бiр тудың астына жинауға күш салды. Әр елдерден келген бiздiң аға-қарындастарымыз қоғамның әртүрлi саласында еңбек етiп, елiмiздiң дамуына үлкен үлес қосып жүр. "Оралман" сөзi заңда шеттен келген қазақтың құқығын анықтау үшiн қолданылған сөз ғана. Шын мәнiсiнде шеттен келген қазақтың бәрi өзiмiздiң бауырымыз, — дедi Әлихан Бәйменов.

Дайындаған: Е.КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары