ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ?

ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ?

ИЕСI КIМ, КИЕСI КIМ БҰЛ ЕЛДIҢ?
ашық дереккөзі
218

Белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, бүгiнде ардагер азамат Сейiлбек Шауһаманұлы Шауһаманов газетiмiздiң байырғы авторларының бiрi. Ұзақ жыл басшылық қызметтерде болған, көргенi мен түйгенi аса мол ағамыз бұл жолғы көлемдi мақаласында ел мен жерге, ұрпақ пен ұлтқа қатысты ойларын үлкен жүрекпен, аталы сөзбен жеткiзуге ұмтылған екен.

Түптiң түбiнде жағдай жақсарады, жыртық жамалар, жара жазылар, көз жасы тыйылар, көйлегiмiз көк, тамағымыз тоқ болар. Бiрақ келешекте елiмiздiң иесi, жерiмiздiң киесi кiм болады? деген суық сұрақтың әрбiр қазақтың мазасын алмасына кiм кепiл. «Интеграция мен жаһанданудың құрбаны болып кетпеймiз бе?» деген күдiк те жоқ емес.

Адамзат тарихында империялардың, күштiлердiң, көптердiң, байлардың соқыр, солақай, сұрқия саясатынан, зорлық-зомбылығынан, әлiм жеттiлiгiнен көптеген кiшi ұлттар, ұлыстар тiлiнен, дiнiнен, төл тарихынан, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрiнен айырылып, жер бетiнен жойылып кеттi емес пе. Тiлсiз, дiнсiз, әдет-ғұрыпсыз, салт-сана, дәстүрсiз, тарихсыз, тағдырсыз халық болмайды.

Қазақ та тағдыры талай рет тарихтың тәлкегiне түсiп, мың өлiп, мың тiрiлiп дүние жүзiне тарыдай шашыраған халық.

Бiз өткенiне өкiнiп, барын бағалай алмай, ауызбiршiлiктiң жоқтығынан бiрiн-бiрi сағалай алмай, өмiрбақи жоғын iздеп жүрген “өлгенiнiң жаманы жоқ, тiрiсiнiң жамандаудан аманы жоқ ” халықпыз.

Тарихтың осы ащы сабақтарынан тағлым алып, жаппай жаһандану заманында өз ұлтын осы қауiп — қатерден сақтап қалу ханға да, қараға да оңай жүк емес.

Әр ұлттың өз болмысы, өз ерекшелiгi бар. Оның әрқайсысы бүкiләлемдiк, бүкiладамзаттық мәңгiлiк құндылық, құбылыс, болмыс болып табылады.

Олардың ешқайсысын да еш жерде, еш заманда, еш қоғамда, еш жағдайда құртып, жойып жiберуге болмайды. Бiрде — бiр кiшi ұлтты жою, немесе оның жойылуына тiкелей, жанама әсер ету, ықпал жасау бүкiл әлем алдында, бүкiл адамзат алдында, тарих, уақыт, құдай алдында кешiрiлмес күнә, ең ауыр қылмыс болып есептелуге тиiс. Бұл барша адамзатқа, тарихқа, уақытқа аманат, парыз, қарыз.

Қазақстанның тәуелсiздiгiн баянды ету үшiн, iргесiн бекiтiп, төңiрегiн түгелдеу үшiн қазақ халқы жер бетiнде мәңгiлiк болу үшiн:

1. Жер бiрлiгi;

2. Дiн бiрлiгi;

3. Тiл бiрлiгi ауадай қажет.

Бұл сөзсiз елдiктiң, халықтықтың, тәуелсiздiктiң, мемлекеттiлiктiң үш тағаны, үш темiрқазығы.

Елiмiздiң иесi, жерiмiздiң киесi қазақ халқы болу керек !

Ол үшiн кеңбайтақ жерiмiзге, ұшантеңiз жер асты, жер үстi байлығымызға еге болу үшiн, оның игiлiгiн, рахатын көру үшiн қазақ халқы сан жағынан жедел, шұғыл, өсуi керек.

Соған қоса бiзде жер, тiл, дiн, отбасы, бала туу, адамдардың орта жасы, өлiм, аналар мен балалардың жағдайы, ауыл, демография, ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiк, ұлттық ар, ұлттық намыс, ұлттық сана, ұлттық жауапкершiлiк, ұлттық мемлекеттiк идеология, саясат, экономика, әлеуметтiк жағдайлар оң шешiмiн табу керек.

Мен осы мақаланы жазу үстiнде аталған мәселелер бойынша бiздегi жағдай қалай, әлемдiк тәжiрибе не дейдi, не iстеуiмiз керек, қалай iстеуiмiз керек деген тағдырлы сұрақтарға жауап беруге тырыстым.

Бұл адал да азаматтық ойларыма жоғарғы мәртебелi оқырман әдiл төрелiгiн жасар деп ойлаймын.

ЖЕР ЖӨНIНДЕ

Жер – ана, жер – пана, жер – адамзаттың өмiрлiк, мәңгiлiк отаны, жер – жұмақ, қазына, кенiш, жер – жанұя, өрiс, қоныс, өмiр. Жер – асыраушы, жер – қазақтың жаны. Жер тағдыры – ел тағдыры. Жер – ыстыққа сая, суыққа – пана.

Ел данасыз болмайды, жер даласыз болмайды.

Қазақтың байлығы кең байтақ даласы мен жусаны.

Қыранның қанаты талып, тұлпардың тұяғы мүжiлетiн ұшы қиыры жоқ кең дала.

“Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер жақсы”, деген қазақ.

Қазақстанда 2,717 мың шаршы шақырым жер бар. Ол шығыстан батысқа дейiн – 3000, оңтүстiктен солтүстiкке дейiн – 2000 шақырым көлемдi алып жатыр. Онда 14700 шақырым шекара бар. Қазақстан жер көлемi бойынша әлемде 9-шы орын алады, оған 5 Франция, 6 Жапония, сыйып кетедi.

Бiр шаршы шақырым жерде 5,5 адам тұрады, бесiктегi баланы қоса есептегенде 1 метр шекараға бiр адамнан ғана келемiз.

Ал, бiр шаршы шақырым жерде Қытайда – 130, Орта Азияда – 32, Өзбекстанда – 48, Андижанда – 452, Ресей Қытай аралығындағы шекарада 15;17 адамнан келедi. Бiр Қытайдың өзiнде 150 миллион жұмыссыздар бар.

Бiзбен шекаралас бес мемлекетте 1 миллиард 400 миллион немесе бiзден аттай 95 есе көп халық тұрады.

Көп қорқытады, терең батырады деп бекер айтылмаса керек.

“Едiл үшiн егестiк,

Жайық үшiн жандастық,

Қиғаш үшiн қырылдық” деген қазақ қанша мырза, қонақжай, ашық- шашық, аңқау, жайдақ болғанмен жер мәселесiне келгенде тас түйiн, пейiлi тар, сүйем жер үшiн жан берiп, жан алысуға дайын.

Қазақтың әрбiр алақандай жерi бабаларымыздың қанымен суарылған. Оны бабаларымыз аттың жалында, түйенiң қомында жүрiп, ақ найзаның ұшымен, бiлегiнiң күшiмен, көзiнiң қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманатқа қалдырған. Жер үшiн қазақ 400 жылдай жоңғармен, қалмақпен, қытаймен, өзбекпен, орыспен соғысқан. Қазақ жерiне Шыңғысхан да, Македонский де, Кир де сұқтана көз салған.

Данышпан Құнанбай жер мәселесiне өте қатал қараған. Бiр кiшкентай жер үшiн дауласқан кезде серiктерi, туыстары, жақтастары «осы жердi бере салайық» дегенде, Құнанбай: “Адам өседi, өнедi, жер өспейдi сондықтан бермеймiз» деп, үзiлдi кесiлдi шешiм қабылдайды.

Елге оралған қандастарымыздың маңдайын жерге тигiзiп тәу етiп, жер – ананы сүйiп, жеттiк пе, жетпедiк пе деп көз жасын тия алмай, есiн жия алмай еңiрегеннiң, езiлгенiнiң талай куәсi болдық. Етегiңдi белге түйiп елге жет, бiлегiңдi сыбанып еңбек ет деп жүрген қандастарымыз қаншама. Осындайда Балтық жағалауындағы елдердегi ертедегi бiр дәстүр ойыма орала бередi. Ер бала 18 жасқа толғанда әкесi оны өзiнiң жерiнiң шекарасына әкелiп, жон арқасын жалаңаштап “Мынау сенiң жерiң әзiрше әкең дүрiлдеп тұр, айырылып қалсаң, жаттың бишiгiнiң астында ғұмыр бойы құл болып өтесiң» деп сабап жершiлдiк, отаншылдық қасиеттi санасына қамшының күшiмен сiңiрген екен.

Африкада бiр ел жердi, топырақты ата бабамыздың сүйегi деп есептеп, әуежайдан кетiп бара жатқан адамның аяғын мұқият сүртiп, бiр түйiр топырақ, шаң жiбермейдi екен. Ата түрiк: “топырақ орманы болғанда ғана отанға айналады”деген екен.

Бiздiң елiмiзде орман барлық жерiмiздiң 4-ақ пайызын құрайды. Сондықтан да Президент ұсынған “Жасыл ел» бағдарламасының мақсаты биiк, маңызы зор, тарихи тапсырма. Топырағымызды отанға айналдырайық ағайын !

Екi сөйлеген ерден без, панасы жоқ елден без, өрiсi жоқ жерден без.

Жерсiз халық болмайды, халықсыз жер болмайды.

Қазақ жерi о баста – 4,2 млн шаршы шақырым болған, қазiр – 2,7 шаршы шақырым, әр кезеңде, әртүрлi себеппен үштен бiр жерiнен айырылып қалған.

2050 жылы жер бетiндегi халық саны бүгiнгiден екi есе артады екен. Сонда олар қайда барады, қайда сияды?

Қазақстан олар үшiн ең қолайлы, ең тиiмдi аймақ. Қазiр бiзде 136 ұлт өкiлдерi тұрады. Бұрын совет дәуiрiнде 120 деп келгенбiз, яғни, соңғы 15–16 жылда 16 ұлт өкiлiне өскен. Бұл тұста да ойлан қазақ, оян қазақ деудiң ретi бар.

Жер шапқан аттай, атқан оқтай, ескен желдей, көшкен елдей, алма–кезек замандар ауысар, таным, түсiнiк, көзқарас, тұрлауы мен байламы талай–талай өзгерер, бақ та, сор да кез келер.

Жетi ықылымнан берi қарай қалыптасқан қағазға түспеген заң бар: Ол ұрпақ жауапкершiлiгi, адамзаттың ең ұлы парызы, асыл мұраты болып қала бередi. Оны Алланың аманаты, Пайғамбардың тапсырмасы деп бiлуiмiз керек.

Саясат үшiн де, экономика үшiн де, мемлекеттiк, ұлттық қауiпсiздiк үшiн де қазақтың кең байтақ даласы бос жатпау керек. Бос жатқан жерге көз салушылар да, қызығушылар да, қызғанушылар да көптеп табылады. Басқаны былай қойғанда тiптi көршi отырған екi шопанның өзi бiрiнiң пайдаланбаған жайылымына, бiрi малын жаяды. Бос жатқан жер жау шақырады, дау шақырады. Елiмiздiң iшiнде дау болмасын, сыртында жау болмасын, ағайын!

ДIН ЖӨНIНДЕ

Бiз көп ұлтты елмiз. Жерiмiзде жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкiлдерi тұрады. Қазақстан көп конфессиялы зайырлы, демократиялық мемлекет. Өкiнiшке орай бүгiнде Отанымыз көз алдымызда тек қауiптi қару-жарақ полигоны ғана емес, дiни сынақ полигонына да айналып отыр. Республикада 1980 жылы 30 конфессияға жататын 700 бiрлестiк тiркелсе, шетел дiни миссионерлерiнiң бақылаусыз, тартыну мен iзет — инабатты бiлмейтiн, жүгенсiз қимылдарының нәтижесiнде қазiр олардың саны (50 конфессияны қамтыған) 3200 жуық бiрлестiк пен қауымдастыққа жеттi. Сорақысы сол Республика халқының 11% өз дiнiнен безiнiп, басқа дiндерге өтiп кеткен. Бұл жат дiннiң құрбандығына айналған мәңгүрттерiмiздi сара жолдан адастырып, азғырушы 500-ге жуық шетелдiк миссионерлердiң жұмыс нәтижесi. Бүгiнгi сол дiнiн сатқан жастарымыздың күнi ертең Отанын да сатпасына кiм кепiл? Бұған мүлде жол беруге болмайды. Бас аяғы он жылдың үстiнде Қазақстан әлемдегi ең көп дiндi мемлекеттiң бiрiне айналды.

Астанада бiр отбасында 4 дiннiң өкiлi тұрады. Шымкентте «иогово куәгерi» деген сектаға кiрiп алған қазақ жiгiтi мұсылман дiнiндегi 90 -ға келген әкесiн өзi қабылдаған дiнге кiрмегенi үшiн үйiнен қуып шыққан. Қазiр мұндай диверсиялық әрекеттерге, дiни, рухани агрессияға әлемде жыл сайын 12 миллиард доллар бөлiнiп сол қаржымен 500000 миссионер жұмыс iстейдi.

АҚШ-тың ЛосАнжелостегi Евангели сектасынақарасты Благодать шiркеуi мынадай бағдарлама алыпты: «Құдай сөзiмен Қазақстан халықтарының сапасын өзгерту. 2010 жылдың аяғына дейiн елдi толық евангелистендiруге қол жеткiзу». Мына сорақыға қараңыз: Украинада өткен «Егово куәгерлерi» мәслихатына 350 қазақ қатысқан. Бүгiнгi күнi Республикамызда 34 «Егово куәгерлерi», 70 лютерандық, және 30 католиктiк ағымдағы дiни бiрлестiктер жұмыс iстейдi. Олардың жиындары Алматының көрiктi жерлерiнде үлкен кинотеатрларда, мейрамханаларда тiптен, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өте бастады. Өйткенi бүгiнгi таңда ақшаның алмайтын қамалы жоқ.

Бiз iргелi классикалық дiн деп төрт дiндi ғана айта аламыз: Иудизм, буддизм, христианство, ислам. Бұлар теориялық жағынан негiзделген, өмiрден орнын тапқан, өз әлемi, өз кеңiстiгi бар дiндер. Өзiмiзге келсек, қазақстандықтардың 95 пайызы мұсылмандар мен христиандар болып табылады. Оның iшiнде 24 ұлттан тұратын 11 миллиондай мұсылман бар. Оларды 1700 дiни бiрлестiктер қамтиды. Мұның өзi бiздiң мемлекетiмiздiң негiзiн мұсылмандар құрайтынын көрсетедi. Бұл да бiздiң келешек атқаратын жұмыстарымыздың мақсаты мен мазмұнын айқындайтын шешушi факторлардың бiрi.

Ал, бұдан басқа көптеген дiни бiрлестiктер мен дiни ағымдардың тегiне, пиғылына, мақсат-мүддесiне жауапкершiлiкпен, жанашырлықпен мұқият қарау қажет-ақ. Өйткенi, бұл бiздiң ұлтымыздың келешегiне тiкелей қатысы бар маңызды мәселе. Ешбiр зайырлы демократиялық мемлекеттiң бiр дiннiң екiншi дiннен артықшылығына жол бермесi хақ. Қазiргi жағдайымызда бiзге мемлекеттiк және ұлттық идеология қажет. Мемлекеттiк идеология барлық ұлттар мен ұлыстардың Конституцияда бекiтiлген теңдiгiн, олардың мәдениетiнiң, бiлiмiнiң, ғылымының, өнерiнiң өсiп- өркендеуiн, ұлттық әдет-ғұрып, салт-санасының сақталуын, дiнiнiң теңдiгiн қамтамасыз етуi керек. Ал, ұлттық идеология ұлтымыздың алдында тұрған саналуан мiндеттердi, мақсат-мұраттарды қамтамасыз етуi тиiс. Идеологиясыз мемлекет болу, iргелi халық, ұлт болу мүмкiн емес.

Идеология дегенiмiз – сенiм, наным, мақсат-мұрат, бағыт-бағдар, темiрқазық, қарақшы. Соған қоса идеология дегенiмiз – болашаққа бағытталған мәртебелi мiндеттердi ұйымдастыру, басқару, бақылау, бағалау құралы мен әдiсi.

Идеология – «Қалай өмiр сүрiп, қалай еңбек етемiз, қайдан шықтық, қайда барамыз, қалай, қашан барамыз», деген сан алуан сұраққа жауап бередi. Идеология дегенiмiз – сенiм, сенiм дегенiмiз — дiн. «Дiн – достыққа, бiрлiкке, болашаққа бағыттайды»,— дейдi Н. Назарбаев.

Объективтi тұрғыдан келсек, бiздiң ел үшiн мемлекеттiк идеологияға негiз, арқау болып, ұлттық идеологияның да барлық қажеттiлiгiн қанағаттандыра алатын бiрден-бiр дiн — ислам.

Ислам — өмiрдiң ең тура, төте, дұрыс, адал жолы, әдiл, иманды, заңы, бұлжымас ережесi. Ислам деген сөз бейбiтшiлiк, бағынушылық, бас июшiлiк дегендi бiлдiредi. Ол қоғамдық өмiрдiң барлық саласындағы, саясаттағы, әлеуметтiк рухани, экономикалық мақсат-мүдделерге, бағыт – бағдар сiлтейдi, ұйтқы ұйымдастырушы болады.

Ислам — тар шеңбердегi әдет-ғұрыптардың жиынтығымен шектелмейтiн дiн. Ислам дiнi о бастан-ақ бiрлiктi аңсаған. Ислам жеке адамға немесе белгiлi бiр топқа, ұлтқа, нәсiлге, партияға, билеушiлерге емес, бүкiл адамзатқа қызмет етедi. Ол барлық халықтарға ортақ.

Ислам өзге дiндердiң бiр де бiр қағидасын жоққа шығармайды, ислам елдерiнде әр алуан дiндердiң қатар өмiр сүруi осыдан бастау алған.

Ислам бүкiл әлемдi, халықтарды, жер бетiн бiрiктiрiп ұстау үшiн қажет. Ислам – Адам-Ата мен Хауа-Ананы жаратқаннан бастап адамзат ұрпағына, адамзат қауымына, қоғамына адамдардың мiндетiн нақты бағдарлап көрсеткен Алла жолы, Алла iлiмi.

Ислам дiнi әлемге VII ғасырдың басынан бастап тарағанына 1425 жыл толды. Бүгiнде бұл дiндi ұстаушылардың саны 1, 5 миллиардқа жеттi. ХХ ғасырда дүние жүзiнде мұсылмандардың саны бес есе өстi. Ал, соңғы 10 жыл iшiнде көптеген елдерде олардың қатары айтарлықтай арта түсуде. Жуырда бiр ғана Финляндияда 60 мың адам мұсылман дiнiн қабылдап, мешiт соғуды талап етуде. Бұл басқа дiндер мен ағымдардай ақшаның, алдау-арбаудың, жалған үгiттiң күшiмен емес, жүрек пен сана қалауымен жүрiп жатқан заңды, өркениеттi, келешегi жарқын процесс. Өйткенi, ғалымдардың анықтауы бойынша, Пайғамбарымыз – адамзат тарихындағы 100 ұлы адамдардың бiрiншiсi. Мұхаммедтiң iлiмi кәзiр әлемде ең алдыңғы орында тұр. Әрине, бұл құбылыс идеологиясы жоқ Батысты алаңдатады, қауiптендiредi.

Сондықтан да олар мұсылман елдерiнiң ауызбiршiлiгiн осалдату, оны iшiнен iрiту үшiн неше түрлi әрекеттерге баруда. Бұл мақсатқа сиқыр саясат, қулық— сұмдық, айла — шарғы, ақша — бәрi, бәрi жұмылдырылуда. Өйткенi, дүние жүзiндегi барлық байлықтың 70 пайызының мұсылман елдерiнде болуы ешкiмдi бейтарап қалдырмай отыр. Дiнаралық, ұлттық қақтығыстар да сирек емес. Америкадағы соңғы қайғылы уақиға бүкiл дүние жүзiн дүр сiлкiндiрiп, ойландырып, толғандырып тастады. Келешекте бұған жол бермеу үшiн барлық мемлекеттер ұлтаралық мәселеге, дiн мәселелерiне саяси қырағылықпен, сергектiкпен, сезiмталдықпен, әдiлеттiлiкпен мұқият қарауы керек. Ең бастысы– күштi, iрi, беделдi елдер кiшi елдерге, iрi ықпалды халықтар аз халықтарына әлiмжеттiк тұрғысынан емес, тең санап, сыйлап, санасып, есептесiп, қамқорлық, қолдау жасап отыруы өте қажет. Сонда ғана әлемде баянды бейбiтшiлiк, тыныштық, әдiлеттiлiк қалыптасады. Жер бетiндегi барлық адал, саналы, иманды адамдардың арманы да, талабы да, тiлегi де осы.

Ауғанстандағы бiтпейтiн соғыс, Югославиядағы қантөгiс, Израиль мен Палестина арасындағы бiтеужара, Шешенстандағы қырғын, ұрпақтан ұрпаққа жететiн өшпендiлiк – осындай шалағай саясаттың салдары. Адамзат тарихында 1500-ден астам соғыс болса, оның көпшiлiгi жер, байлық, билiк үшiн өршiген. Ал, тарихта ең қауiптi де қатерлi, ұзаққа созылатын сұрапыл соғыс, ол– ұлтаралық, дiнаралық соғыс. Сондықтан да кез келген мемлекетте дiн мен ұлтаралық қатынастар үлкен саясаттың, тарихтың, тағдырдың мәселесi болып есептеледi. Дағдарыстың ең қауiптiсi саяси, экономикалық, әлеуметтiктен гөрi рухани дағдарыс. Ол адамды сенiм, нанымынан айырып немкеттiлiк пен немқұрайлыққа алып келедi, дiннен, бiлiмнен, мәдениеттен бездiрiп, азғындыққа бастайды.

Ислам деген үлкен ғылым. Ол – дiн ретiнде әлем таныған өз мәдениетi, өркениетi, тарихы, руханияты, философиясы, әлемi бар құдiреттi күш. Бiлiм, iлiм, сана, дана, ынта, ықылас, сабыр, ұстам, пiкiр, байлам, түйiн, шешiм, ақыл, әдеп, дәстүр, әдет, адалдық, әдiлдiк, махаббат та – осы исламда. Екi өмiр азығы, тiрлiктiң темiрқазығы – жақсыдан үйрену, жаманнан жирену, жақсы сөз, жақсы iс, жақсы ой iздесең – исламда. Дiнсiз, сенiмсiз, нанымсыз ештеңе де болуы мүмкiн емес.

Бүкiл әлем, күллi адамзат үшiн “Ислам қаупiн” қоздырушылардың өзi қатерлi. Олар исламның жарқын болашағынан, күшiнен, құдiретiнен, ықпалынан, абыройынан қорқады. Өздерiнiң берекесiздiгiнен, бұлыңғыр болашағынан сескенедi. Сондықтан да бар күш-жiгерiн, қаржысын исламды iшiнен iрiтуге, оның ауызбiршiлiгiн, ынтымағын, беделiн төмендетуге жанталаса жұмсауда. Соңғы кезде көршi мемлекеттер ваххабист, экстремист, фундаменталист, террорист сияқты құбыжық теңеулерi аз болғандай.

“Ислам қаупi”, “Исламистер” деген дүдамал тың терминдердi тауып алды. Бұл–қорыққан бұрын жұдырықтайдының нағыз өзi.

“Таң-Шолпан” журналының екiншi санындағы Шұғыла Нұрпейiсованың мақаласында: “Александр Дугин не боится открыто высказаться, что ислам – это вовсе не террористическая организация, но Великая мировая религия” делiнген. Мiне, адал, абзал адамдардың әдiл бағасы. Мiне, ақиқаттан аттамағандық.

Дүние жүзiнiң 54 елiнде дiн мемлекеттiк идеология ретiнде қызмет етедi. 45 елде ресми дiн–ислам. Дiн– мемлекеттi қалыптастыратын негiзгi институттардың бiрi. Ислам – дiн – идея, идеология, ол да ғылым, догма емес. Даму, өсу, өркендеу керек, бүкiләлемдiк, бүкiл адамзаттық өркениетпен толығу, жетiлуi, жаңаруы тиiс. Өйткенi, ислам дүниеге келген заманда ең күштi көлiк түйе болса, қазiр самолет, компьютер, ғарышты игеру дәуiрi ғой. Заман, қоғам, адам да өзгердi. “Ғылым дамыған кезде, ислам да дамиды”, — деген Пайғамбарымыз. Уақыты өткен, тозығы жеткен ескi қағидалардан, идеялардан, тұжырымдардан арылу қажет. Мемлекеттiң, халықтың, заманның алдында тұрған мiндеттерге, жарқын болашаққа, келешекке, әлемдiк өркениетке бейiмделу керек.

Ислам патшаны, әкiмдердi, басшыларды Алланың жердегi көлеңкесi, оған бағыну керек, сыйлау керек деп үндейдi, шақырады. Исламда: “Алла-Тағала патшаны сақтай гөр, ол жер бетiндегi сенiң көлеңкең,” – делiнген. Ислам өз идеяларына халықты сендiре, көндiре, иландыра, ұйыта алады. Ислам идеялары бiздiң халқымыздың жанына, қанына, сүйегiне сiңген. Қалған идеяның, идеологияның бәрiнiң бiз үшiн келешегi жоқ, ет пен терiнiң арасындағы залалды су сияқты. «Дiн – мемлекеттен бөлек» деген пiкiр дұрыс емес. Өйткенi, мемлекет әр адамнан, әр отбасынан, халықтан тұрады. Қалайша сол халықтың сенiмiнен, нанымынан, алтын дiңгегi – дiнiнен бөлек бола алады? Бұл–ретсiз, көңiлге қонбайтын, ешқандай ойға, логикаға сыймайтын, тиянағы шамалы ұғым. Сондықтан бi «Дiн–мемлекеттен бөлек» деген зиянды ойдан бас тартуымыз керек. Мемлекет өз азаматтарының емделуiне, бiлiм алуына, спортпен шұғылдануына, мәдениет саласына қалай жағдай жасаса, олардың өз дiнiн үйренiп, меңгеруiне де сондай жағдай, қамқорлық жасалынуы керек. Дiн– мемлекеттiң елдi, халықты басқарудағы басты құралы, сенiмдi көмекшiсi, басқару мен бағындыру әдiсi деп түсiнуге тиiспiз. Бiз үшiн, бiздiң ұлтымыз үшiн бұдан дұрыс, төте, сенiмдi, нанымды, күштi, құдiреттi идея жоқ.

Сейiлбек ШАУҺАМАНОВ

Жалғасы бар

Серіктес жаңалықтары