ҚЫРҒЫЗ ОППОЗИЦИЯСЫ: ОРЫС КЕТСЕ, БIЗДI КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

ҚЫРҒЫЗ ОППОЗИЦИЯСЫ: ОРЫС КЕТСЕ, БIЗДI КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

ҚЫРҒЫЗ ОППОЗИЦИЯСЫ: ОРЫС КЕТСЕ, БIЗДI КIМ ҚОРҒАЙДЫ?
ашық дереккөзі
226

Саясат сахнасында аумалы-төкпелi кезеңдi басынан кешiп отырған Қырғызстан мемлекетiнiң кейiнгi кезде Ресейге иек арта бастағаны анық байқалып жүр. Мұны билiк басындағылар да, оппозиция өкiлдерi де жасап жатқан реформалары арқылы аракiдiк тiлге тиек етiп қояды. Жақында жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдары қырғыз-орыс одағын құру идеясына байланысты мәселенi қызу талқыға айналдырып әкеттi.

Ал 16-тамызда Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) кезектi саммитiне дайындықтың барысы, елдiң экономикалық жағдайы да әңгiме өзегiнен тыс қалмаса да, «одақ құру» идеясының қасында шаң қауып қалды. Оның үстiне «Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайдының» керi келiп, елдiң де есiл-дертi аталмыш одақты құру керек пе, жоқ па дегенге ауған сияқты. Негiзi қырғыз-орыс одағын құру жөнiндегi идеяның авторы – «За достойное будущее Киргизии» бiрлескен ұйымының лидерi Феликс Кулов екенi белгiлi. Ол 2-маусымда өткен құрылтайда осы ұсынысын айтып, «Бұдан былай бiз ешбiр әрекетсiз отыра бермеймiз» деп саяси-оппозициялық бақталастарын желпiндiрiп қойған едi. Бiр таң қаларлығы, Кулов баяғы әдетiне салынып «Президент отставкаға кетсiн!» деген сарында жақ ашпапты. Керiсiнше, өзi ауыз толтырып айтқандай, «бәрiн тек конституция реформасы бойынша шешемiз әрi бар болғаны Қырғызстан мен Ресейдiң қосылуы жайын жан-жақты саралаймыз» деген саясаттың айналасында ғана сөз болған. ОФ көсемiнiң пiкiрiнше, Қырғызстан тек Ресеймен бiрiгiп, одақ құрса ғана, елдiң тұралап қалған экономикасы көтерiле алады. Алайда, экс-премьердiң бұл пiкiрiне екi қолды көтерiп, «әлбетте!» деп қостай кеткендер аз болған сияқты. Жергiлiктi халық пен БАҚ-тың да көзқарасы мен пiкiрi әр алуан. Мәселен, президенттiк басылымдар одақ құру идеясын екi қырынан түсiндiруге тырысты. Бiрi – мұндай бұзақы ойдан абай болу керек десе, ендiгiсi екiжақтылықты ұстану керек дейдi. Ал «Белый пароход» оппозициялық басылымы бұл пiкiрдi бiрден қолдады. Басылым Куловтың «Қырғызстан мен Ресейдiң одақ болатынын уақыттың өзi көрсеттi әрi 20-30 жылдан кейiн алдын-ала айтқан болжамымның дөп келуiн өз көзiммен көргiм келедi» дегенiн жазады. «Моя столица – новости» болса, Қырғызстанның алғашқы идеологы Османақын Ибраимовтың: «Бiзге тәуелсiздiгiмiздi сатудан басқа ештеңе қалған жоқ па?» деген пiкiрiн келтiрiптi. Зиялы тұлға осы басылым арқылы Куловтың бұл жалпақшешейлiк әрекетiн сүттен ақ, судан таза адамның iсiне жатқыза алмайтындығын, дәлiрегiнде, жәй ғана сайқымазақтан туған сөз екенiн жасырмайды. Бұған алдымен «бармақ басты, көз қыстыға» салынып, оның әскери техникалық құралдар, оның iшiнде тiкұшақтарды сатуы, сәуiрде болған ереуiл кезiнде «менi Мәскеудегi «үлкен адамдар» мен Қырғызстан сақшылары, тағы басқалар қолдап-қолпаштайды» деп айтқаны дәлел бола алады» дейдi. Мiне, осындай әр түрлi пiкiрден соң, «Белый пароход»: «Экс-премьердiң одақ құру идеясына билiк бәрiбiр салқынқандылық танытып, келiспейтiндiгiн аңғартты» деген сарынды меңзептi. Ал мемлекеттiк телеарналар толыққанды ақпаратқа қанықпағандықтан да Куловтың аяқ астынан дабыра қылған идеясына байланысты пiкiрдi даладағы қара халықтан сұрауды жөн көрген. Бiрақ тұрғындардың кез-келгенi бұған қарсылығын танытып, «бiз өз елiмiздiң патриотымыз» деген жауап қайтарыпты. Патриот демекшi, «Моей столицы — новости» газетiнiң келесi бiр қонағы, сыбайлас жемқорлықпен күрес қозғалысының төрағасы Назарбек Нышанов «Одақ құру идеясы халыққа қарсы және тәуелсiздiгiмiзге нұқсан келтiредi» дептi. Әлгi оппозициялық «Белый пароход»: «Қырғызстандағы патриотизм аумалы-төкпелi. Мәселен, бұл – президент пен оның жақындарына халықтың ақпейiл, дархан көңiлiн емiн-еркiн басқару болып табылса, елдiң қарапайым азаматтарына тек кедейшiлiкке тап болу қаупi ғана басым. Көрдiңiз бе, билiктегiлердiң жан-жағындағы құмырсқаша жыбырлаған халыққа мойнын онша бұра бермейтiнi де сондықтан» деген ұйғарымға тоқтайды. Сонымен, Куловтың бұл идеясын елдегi БАҚ талқыға салып-ақ әкеттi. «Моя столица – новости» одақ құруды жақтайтындардың да жеке пiкiрiн берiп үлгердi. «Ақыйқат» партиясының мүшесi Кенешбек Душебаев одақ құрғаннан келетiн кесапатты көрiп тұрғам жоқ десе, бұл қатарға бiрнеше зиялы қауым өкiлдерi қосылатындығын бiлдiрген. Ал Мемлекеттiк теле-радио компаниясының вице-президентi Байма Сутенова да бұл ұсынысты қолпаштап, «әйтеуiр мұның нәтижесiнде ортақ шекарасы, ортақ ақшасы, ортақ салауатты өмiр салты мен идеологиясы бiрiккен баяғы СССР-ды қайта жандандырсақ болар едi» дептi. «Белый параход» басылымы тағы бiрде: «Қырғызстан тұрғындарының бестен бiрi қазiрден-ақ Ресеймен одақ болуға қарсы емес. Бүгiнгi таңда миллиондаған азаматтар нәпақасын табуға ел-елге қаңғып кеттi. Өйткенi, бiздiң тұралап қалған саясат әуелi экономиканың құлдырауына әкелдi, нәтижесiнде кедейшiлiк пен қаңғыбастыққа жол берiлдi. Бiз халықты бостандықта өмiр сүрiп жүр деймiз, бiрақ олар өзiн мүлдем бұлай сезiнбейдi, ақша табу үшiн Ресей мен Қазақстанға жол тартады. Мiне, дәл осылар Қырғыз-Ресей одағын құру идеясы туралы алғаш сыбыс шыққаннан-ақ бiр кiсiдей жұмылып, дауыс беретiнiн аңғару қиын емес. Себебi, олар да адамша өмiр сүрiп, адамша жұмыс iстеу керек емес пе?!» дегендi айтыпты. Ал бұл жөнiнде Қырғызстанның бұрынғы сыртқы iстер министрi Роза Отунбаеваның айтуынша, қазiр одақ құру идеясы туралы сөз болатын уақыт емес. Онсыз да бiз қай жағынан болсын, Ресеймен тығыз қарым-қатынастамыз. Бүгiнгi таңда Ресейге Қырғызстан мен Беларусиядан басқа жақын әрiптес жоқтың қасы. Сондай-ақ, ол кез келген тәуелсiздiк алған мемлекет ә дегеннен-ақ аяғынан тiк тұра алмайды. Сондықтан да ұлттық тәуелсiз мемлекет құруға ешкiм кедергi жасай алмайды. Ал Қырғызстан оппозициясына келсем, әлi өз бабында емес. Елдi нашақорлық, СПИД iндетi, әр түрлi дiнге қатысты партия жаулап алды. Ең басты қауiп – түп-тамырымызды iшiнен жегiдей жеп келе жатқан сыбайлас жемқорлық. Тiптi, сыбайлас жемқорлық бiлiм ұялары мен жоғары оқу орындарын, балабақша мен тәрбие беретiн мекемелердi де торлап алды» дейдi ашынып. Осыны бiле тұра, Қырғызстан мемлекетi тарыдай шашылып, саяси-экономикалық, әлеуметтiк жағдайын мүлдем төмендетiп алды. Ендi келiп, оппозиция өкiлдерiнiң «Қырғыз-Ресей одағын құрамыз» деп көлгiрсiгенiне не жорық?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары