САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI:

САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI:

САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI:
ашық дереккөзі
457

ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ӘДIС-ТӘСIЛДЕР ҚОЛДАНЫЛУДА

Бұл жөнiнде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлiм еттi. "Бiзге келiп түскен мәлiметтерге қарағанда, аймақтарда анонимды үгiт-насихат материалдары таратылғаны анықталған. Олардың көбiнде мекен-жайы, қажет мәлiметтер жоқ, сондай-ақ, бәсекелес партиялардың үгiт-насихат өнiмдерiн жырту, үгiт-насихат материалдарын обьект иелерiнен рұқсат алмай, көрсетiлмеген жерлерге iлу фактiлерi тiркелген. Бұндай заң бұзушылықтардың барлығы Бас прокуратураға жолданды", — дейдi ол.

ЖСДП-НЫҢ ШАҒЫМЫ

Жалпыұлттық социал демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жанындағы ақпараттық дау-дамайды қарау жөнiндегi қоғамдық кеңестегi өкiлi Темiрәлi Тәшiмбетов оның құрамынан шығатындығын мәлiмдедi.

Оның айтуынша 27 шiлдеде аталған кеңес "Хабар" телеарнасының Алматы филиалының ЖСДП-ның видеоролигiн көрсетуден бас тартқаны туралы шағымын қарап, ол жарнаманы Бас прокуратураға сараптамаға жiберу туралы шешiм қабылдаған. "Үгiт-насихат жұмыстары жүрiп жатқан кезде, роликтердi Бас прокуратураның сараптамасына жiберу, бiздiңше, жарнаманың телеэфирден шығуын тежеу болып табылады" — дейдi Тәшiмбетов. Ал, ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуына қарағанда, олардың шағымы 23-шiлдеде түскен, ал ролик 27 шiлденiң түс мезгiлiнде әкелiнген. Бас прокуратура аталған роликтi 5 күннiң iшiнде қарап шығатын көрiнедi. Яғни, 6-тамызда Бас прокуратураның шешiмi де белгiлi болмақ.

— Қоғамдық кеңес жұмысына партияның қатысу-қатыспауы өз еркiнде, — дейдi ол. ЖСДП бұл кеңеске жаңа өкiлiн жiберетiн-жiбермейтiнiн әлi шешкен жоқ.

"АҚ ЖОЛ" ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДIҢ ПIКIРIН БIЛДI

"АҚ ЖОЛ" демократиялық партиясының белсендiлерi елiмiздiң қалалары мен ауылдарындағы сайлауалды үгiт-насихат кездесулерiн жалғастыруда.

Тұрғындармен сондай кездесулердiң бiрi кеше Алматы қаласында ұйымдастырылды. "АҚ ЖОЛ" демократиялық партиясы Төрағасының орынбасары Людмила Жуланованың бұл жолғы жүздесуi зейнеткерлермен өттi.

Сайлаудан көп үмiт күтетiн әдетте зейнеткерлер қауымы. Олардың әлеуметтiк жағдайын жақсарту қай партияның болса да бағдарламаларынан орын алады. Осы мәселеде өздерiнiң ұстанған бағыты қандай деген сауалды "АҚ ЖОЛ" демократиялық партиясы зейнеткерлермен кездесуге арқау еттi.

Бұдан бөлек Людмила Жуланова партияның зейнеткерлердiң әлеуметтiк жағдайына қатысты бастамаларының бiрқатары қазiрдiң өзiнде орындалғандығын, атап айтқанда, "АҚ ЖОЛ" Қазақстанда бiрiншi рет базалық зейнетақыны енгiзуге күш салғандығын ескертiп өттi. Алматыдағы Орталық Азия университетiнiң ғимаратында болған кездесуде "АҚ ЖОЛ" демократиялық партиясы Төрағасының орынбасары Людмила Жуланова ханым өз партиясының бұл мәселеге қатысты бағдарламасын жан-жақты баяндап бердi. Мәселенiң өткiрлiгiне байланысты пiкiр бiлдiрушiлер де, сұрақ қоюшылар да көп болды.

"РУХАНИЯТ" КОММУНИСТЕРМЕН ТЕЛЕСАЙЫС ӨТКIЗЕДI

"31 канал" телеарнасы телесайыстарды бастап та жiбердi. Сенбi күнi қазақ тiлiнде, жексенбi күнi орыс тiлiнде өтетiн телесайыстың алғашқысы өткен аптада болды. Қазақша телесайыста "Ауыл" партиясының атынан жазушы Дулат Исабеков қатысса, оларға оппонент болған Қазақстанның халықтық коммунистiк партиясы атынан Әскербек Төребаев сайысты. Ал, жексенбi күнгi орысша телесайыста "Нұр Отан" партиясы атынан Кенжеғали Сағадиев пен "Ауыл" партиясының төрағасы Ғани Қалиев сайысты. Сайыстан кейiн баға берген сарапшылар қай-қайсы пiкiрсайыстың да тым қызу болмағандығын атап өттi. Дегенмен, қай-қай партияның өкiлi де телесайыста өздерiнiң артықшылықтарын көрсетiп қалуға тырысты.

Ендiгi телесайыс "Руханият" партиясы мен Коммунистер арасында өтпек. "Руханият" партиясы сайлауалды үгiт-насихат кезiнде бiрқатар игi шаралар өткiзудi қолға алып отыр. Оның бiрi көп балалы аналармен кзедесу. Бұл акцияның басты мақсаты "Руханият" партиясы "Анаға бас ию" күнiн белгiлеудi ұсынбақ.

"НҰР ОТАН" ҚОСТАНАЙДА БОЛДЫ

Партиялар өздерiнiң сайлау алды үгiт-насихат жұмыстарын одан ары жалғастыруда. "Нұр Отан" партиясы төрағасының I орынбасары Б. Жұмағұлов Қостанай облысының Қарабалық ауданында болды. Ол алдымен "Ақ бидай — Агро" жөндеу техникалық кәсiпорының жұмысшыларымен кездестi. Партия лидерi Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгеннен кейiн өтетiн сайлаудың маңызы мен ерекшелiктерiне тоқталды.

Дайындаған Е. КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары