БIЗДIҢ ТАРИХ — ҚАЙ ТАРИХ?
БIЗДIҢ ТАРИХ — ҚАЙ ТАРИХ?
Әр ұлттың, әр елдiң тарихы — тiл мен дiннен кейiнгi адамдардың, соның iшiнде жас ұрпақтың бойында өз Отанының келешегi мен бүгiнгiсi және кешегiсi үшiн мақтаныш, iлтипат сезiмiн, терең рухани тұғырын тәрбиелейтiн қуатты идеологиялық құрал. Ел тарихы бұрмаланбай, бiреуге "бейiмделмей" немесе бас ұрмай жазылса, ол — нағыз тарих. Басқаша болуы да мүмкiн емес…
… Осыдан санаулы айлар бұрын Д.Ахметовтiң үкiметi ауысты. Ал мұның қазақ тарихына қандай қатысы бар деп ойлайсыз ғой. Жанама болса да, қатысы бар. Егер Д.Ахметовтiң үкiметi өзiнiң үш жылдан астам бойғы қызметiмен тарихта iзiн қалдырса, сол үкiметтiң Бiлiм министрi болған Б.Әйтiмова ханым соңынан көп сөз тудырып кеттi. Себеп — Қазақстан тарихының жоғары оқу орындарында мемлекеттiк емтихан қатарынан алынып тасталып, жәй тестпен ғана тапсырылатын сынақ ретiнде қалуы. Бұған былтыр көп адам қарсы шығып, талай рет құзырлы орындарға, тiптi Елбасына арналып, ашық хаттар да жазылған.
Жазғандардың iшiнде Парламент депутаттары да, атақтары жер жаратын, мүйiздерi қарағайдай тарихшы ғалымдар да, өзге де зиялы қауым өкiлдерi де бар. Өкiнiштiсi сол, оған селт еткен министр ханым болмады, жағдай бұрынғыша — "Баяғы жартас, бiр жартас".
Сонда қалай? Жағдай өзгерiссiз қала бере ме? Қазақстанның тарихын ЖОО-да оқытудың өзiн көп санап жүрген шенеунiктер бара-бара мектепке ауыз салады ма деген де қаупiмiз жоқ емес. Мектептегi тарихтың оқытылуының өзi бүгiнде көңiлде сансыз сауал туғызып жүр. Соның салдарынан әзiрге "Бiздiң тарих — қай тарих?" деген сұрау қоюдың қисыны келiп тұр…
Ең әуелi ел тарихынан негiзгi бiлiм беретiн мектеп оқулықтарына тоқталайық. Олардың тiлiнiң ауырлығы, бала ұғымына, қарапайым түсiнiкке күрделi келетiнi — айтыла-айтыла, жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Сөзiмiз дәйексiз болмау үшiн деректi дәлел келтiрейiк. Қолымызға алып отырған кiтабымыз — ұлт мектептерiне арналған 7-сыныптың "Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы". Авторлары — С.Жолдасбаев пен Д.Бабаев. "Жазба деректерге қарағанда, Сырдария аймағында қойға табыну салты өрiс алғандығы аңғарылады". (Дұрыс-ақ екен! — Авт). Әрi қарай оқылық. "Мұндай бейнелер зооастралық фарнға(!) байланысты туған. Фарн (!) түрлi халықтарда соңғы кезге дейiн береке-байлық, денсаулық, қаскөй күштерден үй iшiн қорғау мен қолданушы рөлiн (?) атқарып келгенi мәлiм". Ал түсiнiп көрiңiз: "зооастра", "фарн", "рөлiн". Мұндай быды-быдыны 12-13 жасар бала түгiлi, ересектерден екiнiң бiрi түсiне бермейдi. Ал осындай сiрескен сөз тiркестерi мен тiптен түсiнiксiз ұғымдардың барлық тарих оқулықтарынан да табылары анық…
Кезiнде бiз де бала болдық. Тарих — менiң мектептегi және қазiр де жан-тәнiмен жақсы көретiн пән, ғылым саласы. Турасы керек, Кеңес Одағы кезiнде өз тарихымызды дұрыс оқытпаса да, өзгенiң тарихынан сүрiнбеген сыңайлымыз. Сондықтан кәнiгi тарихшы болмасақ та, оған өзiндiк "таласымыз" бар. Өйткенi, бiздiң балалық, жастық шағымызда заман жақсы, оқулық жеңiл оқылатын, ұстаздарымыз шетiнен сайдың тасындай iрiктелген жандар едi. Балалар да оқуға құштар болатын. Сол жылдары кiтап оқуға құмар емес қазақ баласы кемде-кем…
Ал қазiр ше?! Бала кiтап оқымайды, сондықтан көп сөздiң мағынасын түсiнбейдi. Бүгiнгi жас ұстаздардың кiтапқа құштарлығына күмәнiм көп. Нәтижесiнде тiлiнде сөздiк қоры аз мұғалiм сабақты дұрыс түсiндiре алмайды, оқуды балаға итередi. Ал оқуға дағдыланбаған бала түсiнбегесiн, яғни берiлер бiлiм жүректен шықпағасын, жүрекке жетпейдi.
Бұл тұйықталудан шығар жол жеткiлiктi. Бiрiншiден, академиялық, қасаң тiлмен жазылған оқулықтардан құтылу қажет. Ол үшiн тарих оқулығын жазуды ғылымның осы саласынан кеңiнен хабардар, тiлi жүйрiк, баланың түсiнiгiне жеңiл, көне заман оқиғаларын әр оқушының көз алдына көргендей етiп, елестетiп беретiн журналистерге тапсырған (әрине, қасында бiлiктi тарихшы кеңесшiлерi бар!) неғұрлым тиiмдi болар едi. Немесе тәжiрибелi және мектепте, арнаулы орта, жоғары бiлiм беретiн оқу орнында еңбек етiп жүрген тарихшы жазса да, оқулықтың сапасынан да ұтар едiк, оқушының да көңiлiнен шығары сөзсiз…
Жылма-жыл мектеп түлектерi үшiн өтетiн мемлекеттiк бiрыңғай тестiлеу сынақтарының сұрақтары да ақсап келедi. Ана жылдары тестке берiлген: "Шыңғысханның бәйбiшесiнiң аты кiм?" немесе "Түгенше батырдың итiнiң аты кiм?" сынды анекдотқа бергiсiз сұрақтардан шошып, қоғамдық пiкiр орынды айғай-шу көтерген соң, олардан құтылудың мүмкiндiгi туған. Алайда жағдай толық түзелiп кеткен жоқ. Оған дәлелiмiз — М.Өтемiсұлы атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Жақсығалиевтiң республикалық "Жас қазақ" газетiндегi (№2, қаңтар, 2007) "Тесттiң мақсаты — ойлануға үйрету" атты жанайқайы. Бұл жанайқайды оқыр көз, естiр құлақ бар ма, ол жағы бiзге белгiсiз.
Мiне, осындай оқулықтардың көмегiмен бүгiнде жас ұрпағымыз "тәрбиеленiп" жатыр. Дәлiрек айтсақ, елiнiң тарихы туралы… жәй ғана, толыққанды емес, құр ақпарат қана алып жатқанын қинала-қинала мойындауымызға тура келедi…
Ұлттық мақтаныш пен намысты қалыптастыратын тарих оқулықтары бүгiнде "жалпы адамзаттық құндылықтар" сынды бiзге зияны болмаса, пайдасы жоқ пайымдаулардың ауылынан айналып шықпаса, онда кiмге ренжимiз?
"… Мектептен бастап қазақ тарихы терең оқытылуы керек. Ал өз тарихын бiлмеген баланы қанша жетелесең де, патриот болмайды. Өз халқының санасына сiңбеген бала айдалада, қуаңда қалған тал секiлдi. Оған үнемi нәр берiп отыру қажет. Нәр бермеген ағаш қурайды…" Бұл — қазақтың бiртуар ұлы, ғалым, қоғам қайраткерi, ҚР Президентi жанындағы мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтың жүрекжарды сөзi. Ал осы орынды пiкiрге алып-қосарыңыз бар ма?!…
Соңғы сөз. Осыдан он төрт ғасыр бұрын өмiр сүрген арабтың атақты жазушысы әл-Жаһиз (775-868) түркiлер туралы: "Түркiлер — адал. Оларда көңiлге қонымсыз пiкiрлер, шектен тыс жаулық ойлар жоқ. Сымбатты денелерi мен дауыстары секiлдi сөйлеген сөздерi де әдемi естiледi".
Түркiлер жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөздi, опасыздық, сатқындықты, өтiрiк айтуды, сенген адамдарына тәкаппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойларды бiлмейдi.
"… Түркiлер әрқашанда ар-намысына өте берiк. Соғыста да, бейбiт өмiрде де айлакерлiк пен арамдықты бiлмейдi. Арам пиғылдан туатын мүмкiндiктердi де өз пайдасына бұруды намыс санайды (!). Өздерi де, сөздерi де келiстi. Араларында бiр-бiрiне жала жабу деген әсте болмайды… Олар Отансүйгiштiктi бәрiнен де жоғары қояды…" деп жазып кеткен екен. Осының бәрi — бiздiң бабаларымыз түркiлер жөнiндегi сол кезде жазып кеткен араб тарихшысы мен жазушысының бұлтартпас дәлелдi дәйектерi. Араб тарихшысының әдiл де айқын осындай, осы сынды өзге де пiкiрлерi неге тарих оқулықтарына енгiзiлмеген? Өзiмiздiң осындай даңқты ата-бабаларымыз бола тұрып, неге бiз төменшiктей беремiз? Қашанғы өзiмiздi өзiмiз жамандауға келгенде, алдымызға жан салмаймыз? Сондай ата-бабаларымыз бола тұрып, бiздiң тарихымыз кiмнен кем?…
P.S.Әзiрге Қазақ елiнiң жаңа Бiлiм министрi Жансейiт Түймебаев мырзаның тарапынан тың "жаңашылдық" әрекеттер байқалмаған сыңайлы. Ұзын-құлақтан естiген хабарымыз — ол қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң маманы көрiнедi. Әрiптесiмiз болған соң, оған да шүкiрлiк етелiк. Әйтпесе, кiлең "жаңалық" ашқыш (неге екенi белгiсiз, үнемi қазақ ұлтының мүддесiне қайшы келетiн) министрлерден зәрезәп болғанымыз рас. Түймебаев мырза, ең болмаса, ЖОО-ларда Қазақстан тарихынан мемлекеттiк емтихан алуды қайта қалпына келтiрсе, қуанар едiк. Мен бiлсем, тәуелсiз елiмiздiң бiлiм министрлерiнiң iшiнде ұлтжанды, өзiнде қазақтың қаны бар, парасатты замандасымыз Шәмшә Беркiмбаева едi. Сiрә, батысшыл, орысшыл билiк басындағы бiреулердi шошытса керек. Қызметi ұзаққа бармады, iстетпедi. Ал арамыздағы батысшыл "жаңашылдарға" айтарымыз: "Жаңаның бәрi жақсы емес, көненiң бәрi керексiз емес". Әсiре "жаңашыл" болған Н.Хрущев пен М.Горбачевтың тағдыры қалай болғанын ұмытпаған жөн…