БАҚАНАС БАСТАДЫ, ҮКIМЕТ ҚОСТАДЫ
БАҚАНАС БАСТАДЫ, ҮКIМЕТ ҚОСТАДЫ
Жер жаннаты — Жетiсу аймағы ежелден шаруаға қолайлы, жанға жайлы, ауа-райы да өзгеше жұмсақ, керемет. Балығы тайдай тулаған Iле өзенi сыңсып аққан, табиғаты тамаша Балқаш өңiрiнде адамға керектiнiң бәрi бар. Әсiресе, ауылдағы ағайын жердiң бар байлығын ысырап етпей, өз орнымен игiлiгiне пайдаланып келедi. Соның iшiнде Алматы облысы, Балқаш ауданы ата-бабамыздан мирас болып келген салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақи тұрмысымызға етене жақын құнды дүниелердi жоғалтпай әрi шашау шығармай, түгендеп келе жатқан өңiр.
Өткен аптада осы ауданның орталығы — Бақанас ауылында халқымыздың мол мұрасын насихаттайтын, тарихи, мәдени жәдiгерлердi паш ететiн, сондай-ақ, әлеуметтiк болмысымызға тән жауһарларға тәнтi еткiзген үлкен жоба тұсауын кестi. Дәлiрегiнде, бүкiл қазақ тiршiлiгiн көз алдыңа әкелетiн — қолөнер, аңшылық, саятшылық өнердiң өрiсiн кеңейтуге, туризм кластерiн дамытуға бағытталған жаңа жоба — "Экологиялық-этнографиялық саябақ" ашылды. Мұндай бастаманың басы-қасында жүрген iскер азамат, "Өтес-Атил" компаниялар тобының президентi Дүйсенбек Нұрланов. Жоба құны 385 миллион долларды құрайды. Бұл игi шара әуелгi кезде Алматы облысы басшылығынан қолдау тауып, сосын Үкiметтiң назарына ұсынылуға жол алды. Сондықтан да эко-этнографиялық ауылға Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бастаған бiр топ министр мен депутаттардың келуi тегiн емес. Осындай ұтымды жобаның жай-жапсарына кеңiнен қанығу мақсатында жұмыс сапарымен келген Премьер алдымен Жетiсу аймағындағы асыл тұқымды төрт түлiк мал түрлерiмен танысты. Кисең киiм, iшсең тамақ боларлық мал шаруашылығын ертеден кәсiптiң түрiне айналдырған ауыл халқы күнi бүгiнге дейiн қарасы азайып бара жатқан асыл тұқымды "Едiлбай" қойын, "Алатау", "Әулиекөл" ақбас сиырларын, небiр сұлу арғымақтар мен нар түйенi көздiң қарашығындай сақтап қалған. Ал саятшылықты серiк еткен қазақ құсбегiлiк өнердiң қыр-сырымен бөлiсiп, оны қалай баптау керектiгiн көпшiлiк алдында көрсетiп, қыран бүркiттiң құс та болса, тапқырлығы мен ақылдылығына тәнтi еткiздi. "Қалауын тапсаң қар жанар" демекшi, жер бетiндегi қыбырлаған тiршiлiктiң тiлiн түсiне, түйсiне отырып, оны мәңгiлiк дос ету де үлкен өнер. Ал облыс төңiрегiнде қазақы төбет пен құмай тазыны асырап, тұқымын көбейту шұғыл түрде қолға алына бастапты. Кез келген қазақтың мұндай асыл тұқымды қырағы тазы мен алабай төбетiн көргенде делебесi қозып кететiнi сияқты, Премьер де тазы күшiгiн саудаласпай-ақ, 40 мың теңгеге сатып алды. Демек, эко-этнографиялық ауылдың ары қарай көптеп ашыла беретiндiгiн әрi оған Үкiметтен әрдайым демеу болатындығын Премьердiң өзi аңғартқан сияқты.
Эко-этнографиялық ауыл — қазақтың қайнаған тыныс-тiршiлiгiн көз алдыңа ерiксiз әкеледi. Ақ шаңқан үйдiң қапталында жастар жағы ән айтып, кесте тоқып, қолөнер бұйымдарын жасаса, әжелер жағы соңғы кезде жастарға таңсық бола бастаған киiз басу, сырмақ, тұскиiз, бөстек, ұлттық киiм үлгiлерiн тiгу өнерiн көз алдымызда әп-сәтте көрсетiп үлгердi. Күбi пiсу, құрт жаю, бидай түю, диiрмен тарту, көмбеге нан жабу, бауырсақ пiсiрген келiншектер ұлттық тағамдарды әзiрлеп абыр-сабыр. Ал шебер ауылы зергерлiк бұйымның түр-түрiн, қазақ үй жабдықтары — уық, шаңырақты, ағаштан жасалған заттар көрмесiн ұсынды. Ақши ауылының зергерi Дәулет Шоқпаров өзiнiң терiден, ағаштан, темiрден жасалған тұрмыстық бұйымдарын, сондай-ақ, төрден орын алған атбегiлiк, саятқа, жауынгершiлiкке қолданылатын заттардың дайындау кезеңiмен таныстырды. Сондай-ақ шебер ұста Балтабай Ибраев ұлт аспаптарын жасауды жастарға насихаттап, мұра етiп қалдыруда еңбек сiңiрiп жүрген жанның бiрi. Бiз сөзге тартқан кез келген шебер өнерiн өзгеге үйретудi басты мақсат санайды екен.
Iле өзенi жанынан жағалай қоныс тепкен этнографиялық ауыл — нағыз қазақ ауылының көрiнiсi. Мұндағы қазақтың дәстүрлi құндылықтарын, қазақ халқының мәдениетi мен тұрмысын қалпына келтiруге жанын салып жүрген де қарапайым ауыл жұрты. Айтпақшы, көрменi тамашалағандардың iшiнде қазақтың осындай берекелiгi мен туа бiткен өнерiне бас иген шетелдiк азаматтар да болды. Олар Қазақстанның туризм Отанына айналатынына бек сенiмдi. Оның үстiне кез келген шетелдiк азамат бiздiң ешқандай қоспасыз дайындалған, таза, сапасы жоғары қымыз бен шұбатымызды сүйсiне iшкендерiн бiлдiрдi. Демек, ақ дәмдi қастерлеген қазақ халқы бұл жағынан да ұтты дей берiңiз.
Бiр топ министр мен депутаттар әр түрлi бұйымдарға куә болып, қолымен ұстап, көзiмен көрдi. Мәдениет — қашан да халықтан бiр адым қалмай iлесiп келе жатқан сала. Осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуы жайлы Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамбет Ертiсбаев эко-этнографиялық ауылдың ашылуы үлкен бағдарлы жоспар деп бiледi. "Бiр өкiнiштiсi, бiз көбiнесе мұнай-газ, химиялық өндiрiске көңiл бөлемiз. Бiрақ елiмiздiң географиялық, табиғи аумағы өте бай болғандығы соншалық, қазiрдiң өзiнде қаншама мемлекеттiң бiзге деген көзқарасы өзгерiп, қызығушылығы күннен-күнге артып келедi. Өйткенi, олар туризм саласына бюджеттен қомақты қаржы бөледi. Шыны керек, туризм — елдi жан-жақты, көп қырынан көрсетедi. Мәселен, Греция жыл сайын туризмге 70 млрд. доллар қаржы бөледi екен. Сондықтан да мұндай эко-этнографиялық ауылдың ашылуы экономикалық өсудiң алғышарты. Бұл елiмiздiң басқа аймақтарына да үлгi боларлықтай жоба. Қазақстан территориялық аумағы жағынан 9-орында екендiгiн бiлсек, мұндай ауылдың бiреуiн емес, әлi он шақтысын ашуға толық мүмкiндiк бар. Әрi алтын бесiк — ауылымызды қайта түлетiп, қазақ тiлi мәселесiнiң шешiм табуына жол ашылар едi. Демек, жоба ауылды көркейтуге барынша көмек бередi. Б.Майлиннiң: "Гүлденсе ауыл — гүлденемiз бәрiмiз" деген тамаша сөзi бар. Сондықтан ауылдағы мәдениет ошақтары мен кiтапханаларды қайта жандандыруға әрқашан дайынбыз", — дейдi ол. Бiз де министрдiң бұл сөзiне қуанып қалдық. Егер бастама әрi қарай жалғасын тапса, ауыздан шыққан сөздiң айтылған жерде қалмағандығы деп бiлемiз.
Ал Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Әлихан Тойбаев: "Премьер бәрiн өзi көрдi. Ендi бұдан былай қолдау болатын шығар деген үмiтiн жасырмайды. Тағы бiр жағымды жаңалық — Үшқалмақ ауылында да жақын арада этнографиялық ауыл бой көтерiп, ертедегi қазақтардың, бергiсi ХVII-ХIХ ғасырларда қалай өмiр сүргендiгiн, қандай болғандығын айғақтайтын болады. Әр ауыл экспонат емес, тiршiлiктi iс-әрекет жөнiнде көрсетедi. Қазiрдiң өзiнде бұл ауылға алыс-жақын шетелден туристер ағыла бастапты. Дәл осы секiлдi жаңа бiр этноауылдың жобасы дайын көрiнедi.
Балқаш ауданы Бақанас ауылында бiр ғана қазақ балабақшасы бар. Қиын-қыстау кезеңде, әсiресе ауыл тұрғындары балабақшаның орнын сипап қалғаны рас. Қара халықтың мұң-мұқтажын ескерген басшылық дереу қалпына келтiрiп, iске қосқан балабақшада 200-дей бала тәрбиеленiп келедi. Биылғы жылдың өзiнде 27 миллион теңге бөлiнiптi. Мұнда туберкулезбен, басқа ауруға шалдыққан балаларға қарайтын арнайы сауықтыру тобы бар. Облыс көлемiндегi үш сауықтыру тобының бiрi — осы. Басқа топқа қарағанда, оларға тамақ төрт мезгiл тегiн берiледi. Ал ата-ана айына 3 мың теңге төлейдi екен.
"Бәрiн айт та, бiрiн айт", Бақанастың ақ маржан күрiшiнiң өзi бiр байлық. Бүгiнде оны Қазақстан тұрмақ, Италия, Голландия мемлекетi тұрақты тұтынып отыр. Бiр айта кетерлiгi, олар Бақанастың күрiшiн бiрнеше жыл бойы зерттеп, сапасына күмән болмаған соң, сенiмдi түрде пайдаланып келедi. "Өтес агрофирмасы" ЖШС-на қарасты күрiш ақтайтын зауыт 2003 жылы iске жарады. Бұл зауытқа Германияның озық технологиялық жабдықтары қойылған. Соның нәтижесiнде сағатына 3 тонна таза күрiш өнiмiн шығарса, жылына 6 мың тонна өнiм өндiредi. Жылдық шикiзат қажеттiлiгi — 9 мың тоннаны құрайды. Ал балалар тамағын дайындау үшiн келiсiм-шарт енгiзген Италияның "Сони-Итали Солита" фирмасы 392 тонна күрiш жармасын алады. 31 мыңнан астам тұрғыны бар Балқаш ауданы бүгiнде осы ақ маржан күрiштiң қызығын көрiп, бiлiктi қуатты жұмыс күшiне айналған. Бұл орайда Алматы әкiмiнiң орынбасары Әлихан Тойбаев: "Қазiр экологиялық, таза күрiштiң өзi дамыған мемлекеттерге экспортқа кетiп жатыр. Бұрын күрiштi өсiре отырып, оны Алматыға, Қапшағайға барып тазалайтынбыз. Бұдан былай жергiлiктi халық бұл қиыншылықтан құтылды. Қазiр Германиядан, Франциядан, Италиядан шыққан күрiш өңдейтiн зауыттарды әкелiп, орналастырып жатырмыз. Күнiне 30 тоннадай өнiм бередi. Бiр қуаныштысы сол, осыдан үш жыл бұрын сапасы, тазалығы жағынан Балқаш өңiрiнiң күрiшi бiрiншi орынды иемдендi. Еңбектiң қызған шағы. Бүгiнде ауданның өзiнде үш зауыт жұмыс iстейдi" дегендi айтады.
Сонымен, Бақанастан бастау алған бастама әлi жалғасын таппақ. Бiр айта кетерлiгi, бұл игi шара халық қалаулыларынан да ерекше қолдау тапты. Қашан да қазақ екендiгiмiздi басқа елдерге ұлықтайтын осындай этноауылдың көбейгенi жақсы. Қысқасы, ұлттық құндылықтар мен болмыс-бiтiмiмiзге тән салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз сақталса игi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ