Тұрсынжан ШАПАЙ: ҮЗIЛIП ҚАЛҒАН «АНЫҚ АБАЙҒА» IШIМ КӨБIРЕК АШИДЫ

Тұрсынжан ШАПАЙ: ҮЗIЛIП ҚАЛҒАН «АНЫҚ АБАЙҒА» IШIМ КӨБIРЕК АШИДЫ

Тұрсынжан ШАПАЙ: ҮЗIЛIП ҚАЛҒАН «АНЫҚ АБАЙҒА» IШIМ КӨБIРЕК АШИДЫ
ашық дереккөзі

«Мамыр айының алғашқы апталарының бiрiнде, яғни 5-мамыр күнi Республика сарайында Тұрсынжан Шапайдың шығармашылық кешi өтедi» деген хабарды ести сала, ағамызға хабарластық. Көптен берi, хат-хабарсыз кеткен Тұрсынжан аға қайда жүр екен деген ой көпшiлiктi жиi мазалап жүргенi де белгiлi. «Қазақстан» ТРК-да жұмыс iстеп жүрген кезi белгiлi, қызметтен кеткен соң, ол кiсiнi жоғалтып алдық. Бұрындары газет-журнал беттерiнен де оның публицистикалық дүниелерiн жиi оқушы едiк. Шығармашылығында да өзгерiс жоқ. Расында да, Тұрсынжан Шапай қайда жүр?! Ағаға қойған әуелгi сұрағымыз осы болды.

– Тұрсынжан аға, сiз қазiр қайда жүрсiз? –Үйдемiн. – Оны сұраған себебiм, «Қазақстан» РТРК-ның басшылығы ауысқан сәтте қызметкерлердiң наразылық бiлдiргенi бәрiмiзге белгiлi. Басшылықтың ауысқанына қарсылығын бiлдiрген журналистердiң өкпе-ренiшi аяқсыз қалды да, iстiң соңы немен бiткенiн ешкiм де бiлген жоқ. Содан берi бiз Сiздердi де жоғалтып алдық.. – Өткен iстi қазбалап жатқаннан жаман нәрсе жоқ. Сонда да болса, сұрақ қойылған соң, қысқаша айта кетейiн. Iстiң ақыры немен тынғаны өздерiңiзге белгiлi. Қашандағыдай, «мықты» жеңдi. Жүзден астам журналист қарсылық ретiнде, қызмет орындарын тастап шықты. Олардың ешқайсысы далада қала қоймас, бiрақ мәселе басқада. Осының бәрi не үшiн қажет болды деген сұрақ көкейде тұрады. Бiрер сұхбаттың төңiрегiнде бұл сұрақтың түбiне жете алмаспыз. Уақыт келедi, ертең өзi-ақ түсiнiктi болады… «Қазақстан» – хороший канал, бiрақ мен оны великий канал жасаймын» дедi бiр мықты кiсi. Оны бәрiңiз естiдiңiздер. Әзiрше, бiздi кетiруге сылтау болған осы күлкiлi версияны малдана тұрайық та, ақырын күтейiк. Көздерiңiз көрiп отырған қазiргi қадамдарына сәт тiлейiк… Ал әлгi… бәлкiм, әлдекiмдердiң тапсырысымен, бiздiң кейбiр алаөкпелеу һәм надандау әрiптестерiмiз қоймай-қоймай бықсытқан сопылық туралы қаңқуды әңгiме етудiң өзiне ерiнiп отырмын. Қараңғылығы солармен деңгейлес адамдар сенсе, сене берсiн. Бұл – олардың өз шаруасы. Ар-ұят, обал-сауапты жиып қойып, ұлтшыл деп те кiнәлады. Түсiнбедiм, қайта бұл үшiн бiздi мақтаса керек едi. Тағы бiр түсiнбегенiм, неге бiздi баяғыша «жапонның шпионы» деп жазғырмағаны. Сонда, құйрығымызға байланған қоңыраулардың саны түгел, нұсқасы толық болар едi… Жалпы, бiз сөз бостандығы, басқа бостандықтары түгел, тәуелсiз, еркiн елде тұрамыз. Сондықтан, мәселен, қандай парықсыздың да мен туралы аузына келгенiн айтуға хақысы бар. Сондай-ақ, солардың бәрiнiң төбесiнен бiр түкiрiп, үндемей, өз жайыма кете беруге мен де толық хақылымын. –Қасым Аманжолов жүргiзген «Шынның жүзiнен» сiздiң қолтаңбаңыз сезiлiп тұрады, сұрақтарды көбiне сiз дайындап бередi екен деген әңгiмелердi де естiп едiк… –«Шынның жүзiне» қатысты бiраз нәрсенi Қасым «Жас Алашқа» берген сұхбатында өзi де жеткiзiп айтқан екен. Мен оны сәл түзеткiм келедi. «Шынның жүзi» – телеарнадағы басқа да бағдарламалар сияқты, ең алдымен, ұжымдық еңбектiң жемiсi. Жалпы, Қасыммен жүздесуге келетiндердiң көбi-ақ өзiнiң шын жүзiн көрсетпеу үшiн келетiн сияқты едi. Және өздерiнiң сүйкiмдi бейнесiн жасауға тырысатын. Мiне, сондай бiтеу жаңғақтарды қалай шағу жолын ақылдасатынбыз. Бiрақ бiр нәрсенi ескеру керек. Ешбiр басшылық, ешбiр Тұрсынжан Шапай жасап бере алмайтын дүниелер де бар. Мәселен, жүргiзушiнiң өз сүйкiмi, өтiмдiлiгi, шынайы бiтiм-мiнезi дегендей… Егер бұл хабар соншалық үлкен абыройға ие болса, ол, Қасымның өз басының осындай қасиеттерi мен журналистiк бiлiктiлiгiнiң де арқасы. Қасым газетке берген сұхбатында артықша кiшiпейiлдiкпен абыройдың бәрiн бiзге байлап берiптi. Онысына, әрине, рахмет, бiрақ Қасымның өз үлесiнiң де үлкен екенiн айтпасақ, шындық болмайды. Менiң «Шынның жүзiнен» гөрi бiз корпорациядан кеткен соң үзiлiп қалған «Анық Абайға» iшiм көбiрек ашиды. Семейдегi Төкен Ибрагимов аға екеумiздiң кеңесшiлiгiмiзбен бұл бағдарламаны да Қасым қолға алған болатын. – Аға, сiз ең әуелi әдебиетшi ретiнде танылдыңыз. Сiздiң телеарнадағы қызметiңiз шығармашылығыңызға едәуiр тосқауыл туғызған сияқты. Телевидение үлкен қозғалыста жүретiн процесс екенi белгiлi. Осындай үздiксiз процесс сiздiң жеке шығармашылығыңыздан қол үзiп қалған жоқсыз ба? Неге жазбай кеттiңiз? – Менiң түсiнгенiм, телерадиокорпорацияның басшылығында iстеген адамның артық уақыты, өзге шаруаға арнайтын артық қажыры қалмайды екен. Әйтеуiр мен үшiн солай болды. Бiрдеңе жазбақ тұрмақ, ән сұраған әншi iнi-қарындастарымның көбiне дайын тұрған дүниелердiң өзiнен iрiктеп, таңдап беруге уақыт таба алмадым. Алла қаласа, соның есесi ендi қайтатын сияқты. Әндерiмдi «бұрқыратып» таратып жатырмын. Жазу да, сәтiн салса, жылжитын болар. Абай туралы эсселер кiтабын жалғастырамын, жазылуын күтiп жатқан әдеби зерттеу, көркем дүниелер бар. Басқа да ой-жоспарлар жеткiлiктi. – Сiздi соңғы уақытта тамаша сазгер ретiнде де тани бастадық. Сiздiң әндерiңiзден көбiне дәстүрлi әндердiң сарыны байқалады. – Әндерiмнiң стилiндегi дәстүрлi сипаттар туралы айтылып жүр. Адам бойындағы қабiлеттi ғана «туа бiттi» деп айтуға болатын шығар. Ал әндердiң қай сипатта шығуы музыкалық қана емес, жалпы эстетикалық таным, тәрбиеңе байланысты болу керек. Менде әр түрлi стилде шыққан дүниелер көп. – Жуырда сiздiң жеке шығармашылық концертiңiздi өткiзгелi жатыр деп естiдiк. Оқырманға әдебиетшi Тұрсынжан Шапайдың ұсынған дүниелерi белгiлi, ендi сазгер Тұрсынжан Шапай көрерменiне не сый әзiрлеп отыр? – Жақын арада болатын авторлық ән кешiмде сол әр түрлi үлгiдегi бiраз әндер қамтылмақшы. Көпшiлiгi тұңғыш рет орындалғалы тұр. Тыңдаушы-көрерменге ұсынар ең басты сыйым – осы. Кеште тағы қандай «сыйлар» болатындай бiраз нәрселер жасайтын сияқты. Бұйырса, бар қызықты сол күнi, сол кеште бiрге көрермiз. Әзiрге бар бiлетiнiм – әндерiмдi бұрыннан орындап жүрген Рамазан Стамғазиев, Нұрлан Өнербаев, «Серпер», «Аршын» топтарымен қатар, бұл кеште Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Ақбота Керiмбекова, Алтынай Жорабаева, Тоқтар Серiков пен Бейбiт Сейдуалиева, Жазира мен Жанболат, «Жiгiттер» тобы, сондай-ақ, Асқар Жүнiсбеков, Таңат Мамырханұлы сияқты қазақ эстрадасының жас буын әншiлерi жаңа әндерiмдi орындамақшы. Тағы бiр-екеуiн айтпай тұра тұрайын… Бәрiн айтсам, қызық болмайды. Менiң бiраз танымал әндердiң авторы ретiндегi дабырам шынында да, бiраз жерге барып қалған сияқты. Байқасам, әндерiмнiң басын қосып, бiр кеш жасайтын уақыт баяғыда-ақ келген екен. Бұрын да ой салған, үгiттеген жанашырлар болған. Мән бергем жоқ, уақыт та жетпейтiн едi, әлi ертерек деп те ойладым. Ендi қарасам, тiптi жалғыз Рамазанның орындауындағы әндерiмнiң өзiмен-ақ тұтас бiр кеш жасауға болғандай екен! Ақыры, достарымның ұсынысымен, көп тыңдаушыларымның тiлегiмен кеш өткiзуге бел будық. Алла сәтiн салғай. – Телеарнадан кейiн сiздi ешқандай қызметке шақырған жоқ па? – Қоярда қоймай қызметке шақырған ешкiм болған жоқ. Шақырған, я мезiрет бiлдiрген бiрдi-екiлi жерлерге әртүрлi себептермен бара алмайтынымды айттым.
Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА
P.S.Тұрсынжан аға менiң кейбiр сұрақтарыма жауап бергiсi келмегендей ыңғай бiлдiрдi. Бүгiнгi әдеби процесс туралы да, «Қазақстан» телеарнасындағы жайттарға да қайта-қайта әңгiме қозғап жатқысы келмейтiнiн ескерттi. Оның үстiне үйде ұзағырақ отырып, көп нәрседен хабарсыз қалғандығын алға тартқан соң, ағаны бiз де мазалағымыз келмедi.