43-ТIҢ МҰҢЫН МҰҢДАЙТЫН ЖАН ТАБЫЛМАЙ ТҰР-АУ...

43-ТIҢ МҰҢЫН МҰҢДАЙТЫН ЖАН ТАБЫЛМАЙ ТҰР-АУ...

43-ТIҢ МҰҢЫН  МҰҢДАЙТЫН  ЖАН ТАБЫЛМАЙ ТҰР-АУ...
ашық дереккөзі
228

Ол кiсiлермен қас қарайған шақта, кешкi шапақпен таласқан беймезгiл уақытта жолықтым. Жатақхананың кiре берiс есiгiнен бастап-ақ, аңғал-саңғалы шыққан. Кiре берiс есiктiң алдында қаз-қатар қойылған қоңыр керуеттер бос жатыр екен. Керуетке көзiм түскенде, ауыздарына ақ орамалды ораған келiншектер аштан аш, осы керуеттерде жатты-ау деген ой келдi маған. Керуеттердiң жанында бiрнеше ескi орындықтар да қойылған. Жарық жоқ болған соң ба, бөлме iшi қара көлеңке… Жым-жырт. Ешнәрсе де, ештеңе де болмағандай, тым-тырыс.

Вахтадан кiрiп келе жатқан ересек кiсiден, «жатақхананың мәселесi, тұрғындардың наразылығы немен бiттi?» деп сұрай бастағаным сол едi, сөзiмдi аяғына дейiн тыңдамастан, «қазiр-қазiр» деп жоғарыға қарай жүгiре жөнелдi. Дап-дардай адамның балаша жүгiргенiне таңданып, мен төменде қалып қойдым. Бес минут өтпей-ақ, айналама бүкiл жатақхананың тұрғындары жиналды десем де болады. Бiреулерi сәбилерiн кеудесiне көтерiп, бiреулерi сәбиiн қолына жетектеп, жанымда шүпiрлеп жүр. Бiр-бiрiне сөзге құлақ бермей шуылдайды.

Не туралы айтып жатыр деп таң қалып отырған шығарсыздар? Бұл жатақханадан айырылғысы келмей, қарсылық бiлдiрiп жатқан 43 отбасының тағдыры. Қазақ мемлекеттiк сәулет-құрылыс академиясына тиесiлi жатақханадан шыққан даудың басталғанына да көп болды. Алды 2005 жылдан, соңы осыдан екi-үш ай бұрын, соттан-сотқа жүгiрген аналардың бiтпейтiн баспанасының жыры. Жатақхананы босатуды талап еткен академия басшылығының бұйрығына келiспеген 43 отбасы аштық жариялап та жiберiптi. Жұмыстан да қысқарып, сот шешiмiне сай жатақханадан да қуылып жатқан келiншектердiң талап-тiлегiн орындайтын ешкiм болып жатқан жоқ. Аштан-аш бұралып жатқан он күннiң iшiнде, келiншектердiң халiн бiлуге ешкiм де келмеген. Тiптi, олардың арасында жағдайлары нашарлап, ауруханаға түсiп шыққандары да бар. «Жедел жәрдем« машиналары келiп, жәрдем жасап жатқанда, ешкiм де көмек қолын созбағанын айтып, тұрғындар күйiнедi? Адам тағдырының осыншама ойыншыққа айналғанына қиналады? Қалай дегенде де, 43 отбасында сексен-тоқсан адамның тағдыры жатқан жоқ па? Анасының күйзелiп, аш-жалаңаш күйде қоғамға қарсылығын бiлдiрiп жатқанда сәбилерi қалай қабылдады екен?!

Фрунзе көшесiмен Сайын көшесiнiң қиылысында орналасқан қазақтың бас сәулет-құрылыс академиясының жатақханасына келе жатып, жатақхананың жекеменшiкке берiлгендiгi туралы ақпараттарды естiп қалдық. Ол ақпараттың қаншалықты рас-өтiрiгiн кiм бiлсiн, жатақхана ауласында жолыққан тұрғындардың бiрiнiң аузынан естiдiк. Ал, 5-жатақхананың тұрғындары жекешеленiп кеткенiнiң растығын анықтайды. Олардың ойынша, академия бұл жатақхананы тiптi ертеректе жекешелендiруге жiберген көрiнедi. «Жалғыз бұл жатақхана ғана емес, қалған жатақхананың бәрiн заңсыз жолмен жекешелендiрiп алғанын дәлелдеймiз. Олар оның бәрiн мемлекетке өткiзсiн»,– дейдi. Өзге жатақхана тұрғындарын қайдам, бұл жатақханадағылар ай сайын 27 мың теңгенi тұрып жатқандары үшiн төлеп келiптi. «Бiз ол ақшаның қайда кетiп жатқанын да бiлмеймiз. Алдымыздың жатақханада тұрып жатқанына он сегiз жыл болыпты. Сол он сегiз жыл бойы төленген ақшаны есептеп көрсеңiз, оның бiр бөлменi алуға құқығы жоқ па?» –дейдi ашынған аналардың бiрi. Тiптi, академия басшылығы, жатақхана тұрғындарына: «не баспананы, не жұмысты таңдаңдар» деп талап қойыпты. «Бiз жатақханадан шықсақ, қайда барамыз. Сосын, амал-жоқ, жұмыстан шығуымызға тура келдi. Бәрiмiз баспана үшiн қалдық. Жұмысты қалап, жатақханадан кеткендердi де, бәрiбiр үш-төрт айдан кейiн шығарып жiбердi», – дейдi олар. Сонда академия басшылығының көздегенi не? Наразы топтың пiкiрiнше, оларға академия басшылығы, студенттерге жатақхананың жетiспегендiгiн айтып отырған көрiнедi. «Шын мәнiнде, студенттерге жатақхана жетпей жатса, түсiнер едiк. Мұнда бiр емес, екi жатақхана бос тұр. Бiрiн қонақ үйге айналдырып жiберген. Ал, тоғыз қабатты бiр жатақхананың жөндеуден өтiп, қаңырап, бос тұрғаны тағы бар. Студенттердi неге сонда орналастырмайды? Бiзге сенбесеңiз, өзiңiз де барып көрiңiз», – дейдi тұрғынның бiрi. «2006 жылдың сәуiр айынан бастап, соттасып жатырмыз. Алты жатақхананың бәрiн аралап шыққанбыз. Тоғыз қабатты жатақханадан шығарды, одан кейiн 3-жатақханаға ауыстырды. Соңында бiздi осы жерге ауыстырған кезде, «Ендi осында тұра берiңдер. Құдай қаласа, осы жатақхананы сендерге жекешелендiрiп беремiз» деген. Тоғыз қабатты жатақхананы пәтер есебiнде жасады, бiр шаршы метрi 800-850 доллардан бердi. Ол жерге таныс, дос-жолдастары орналастырылды. Бiз соттасып жүргенде бiзге айтқаны, бұл жатақханалардың бәрi «коечного типа» екен де, ал ондай жатақханалар сатылмайды екен. Бәрiмiз, осы жерде, яғни сәулет-құрылыс академиясына жұмыс iстеп келдiк қой. Бiз сотқа шақырған жандардың барлығы да сотқа келiп жауап бермейдi. Сонда бiз кiммен соттасып жатырмыз. Егер бiз сотқа бармай қалсақ, онда сот олардың есебiне шеше салар едi. Ал олар келмесе де, әлi шешiм шығарылмай, күтiп жүрмiз»,– дейдi Эльмира Иманова. Аштық жариялағаннан ешнәрсе шықпаған соң, келiншектер қалалық прокуратураға да барып шағым түсiрiптi. Прокуратура бәрiн тексеремiз деген үмiтпен шығарып салғанға ұқсайды. Әзiр үмiттерiн сол прокуратураға артып отырған тұрғындар, «Егер шешiлмесе, рұхсат бермесе де, Еуразиялық медиафорумға барып, пикет ұйымдастырамыз. Бiздiң Президентпен жолығуымыз керек»,– дейдi. Бiр қызығы, шуылдасып жүрген келiншектердiң арасынан ер-азаматтарды байқай алмадық. Олар бар сенiмдi әйелдерiнiң қолына ұстатқан ба, әлде…

Әзiрге академия бәрiн iштей бағамдап отырған сияқты. Телеарналардың бiрiнен бiрнеше рет көрсетiлiп жүрсе де, бұл оқиғаға селт ете қойған жоқ. Қазақтың бас-сәулет құрылыс академиясының осындай дау-жанжал болып жатқанда үнсiздiк танытып жатқанына бiз де таң қалдық.

Наразы топтың пiкiрiнше, жекеменшiкке алған да, жекеменшiктi пайдаланып отырған да белгiсiз топтар дейдi. Сонда қалай болғаны? Ол белгiсiз топ кiм? Және олар сотқа келiп, жауап беруден неге қашады? Оның үстiне, олар Қазақ мемлекеттiк сәулет-құрылыс академиясына тиесiлi жатақхананы қалай жекешелендiрiп алады?! Әрi оның жарты пайызы үкiметке тиесiлi болса… Мұның астарында жұмбақ көп.. Барар жерi, басар тауы жоқ келiншектердi де аяйсың, бiрақ, заңның аты заң. Бiрақ студенттерге тиесiлi жатақханада тұрғындардың тұруына рұхсат жоқтығын кез келген жоғары оқу орнының басшылығы дәлелдеп беретiнi тағы рас. Шындығында, қазiр Алматыда пәтер жалдап тұратындар аз емес. Ал, пәтерақының құнының өскендiгi тағы жасырын емес. Сондықтан, 27 мың теңгенi кез-келген пәтерге де төлейтiнiңiз белгiлi. Егер тұрғындар айтқандай, жатақхана жекешелендiрiлiп кететiн болса, онда ешнәрсе жасау мүмкiн емес. Өйткенi, жатақхананы жалға бере ме, жоқ әлде тартып ала ма, ол қожайынның еркiнде. Сондықтан, академия басшылығының үнсiздiк танытуының да себебi осы болуы мүмкiн. Қалай айтқан күнде де, бүгiнгiдей нарық заманында барлығын қаржы шешедi. Қалтасында қаржысы бардың бiр жатақхана түгiлi, бiрнеше жатақхананы да жекешелендiрiп алуына шамасы келедi. Онда он жерден ойбайлап, айғайласаңыз да, қолдан келер қайран жоқ. Өйткенi, бүгiнгiдей капиталистiк бағытта дамып келе жатқан қоғамға сiздiң аштан өлiп, көштен қалып жатқаныңыздың құны бес тиын.

Бұл мәселеге академия басшылығы не дейдi екен? Осы орайда, басшылыққа телефон шалғанбыз. Телефонды алған бойжеткен бұл мәселемен заңгерлердiң айналысатынын және оларға алдын-ала хат жiберу керектiгiн айтты. Ал, заңгерлерге телефон шалып көрiп едiк, орнынан таба алмадық. Телефон тұтқасын көтерген кiсi бас заңгердiң жұмыс орнында жоқ екендiгiн айтып, кейiнiрек хабарласуымызды өтiндi.

Сонымен, әзiрге бiр жақтың ғана пiкiрiн естiп-бiлiп қайттық. Тек, түсiнбегенiмiз, академия басшылығы, барлық заңдық құқығы бола тұра, үн-түнсiз жатқаны. Егер олар келiншектер айыптағандай кiнәлi болса, өздерiн неге ақтауға тырыспайды. Әлде өздерiнiкi дұрыс болған соң, соңын бағып отыр ма? Әйтеуiр, 43 отбасының мұңын тыңдайтын жандар табылмай тұр. Олар бар үмiттерiн қалалық прокуратураға артып отыр. «Өлiспей берiспеймiз» дегенге барып отырған келiншектердiң наразылық шеруiнiң түбi қайда апарып соғарын кiм бiлсiн?! Қай кезде де, баспанадан айрылып жүрген қазақтың тағы бiр көз жасы текке шығын болмаса нетсiн?!

P.S. Ендiгi үмiт академия басшылығының «өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмайтындай» етiп шешiм шығаруында. Академия өздерiн ақтап, жауап қайтарып жатса оны жариялаудан қашпас едiк.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары