ҚАРАЖАМБАС ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН ДУМАН

ҚАРАЖАМБАС ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН ДУМАН

ҚАРАЖАМБАС ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН ДУМАН
ашық дереккөзі
427

Наурыз жыл басы ғана емес, береке-бiрлiктiң, қайырымдылық пен iзгiлiктiң мерекесi ретiнде де кеңiнен тойланып келедi. Көктеммен сағыныса көрiскен адамдар бiр-бiрiне “Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!” деген сияқты iзгi тiлектер айту арқылы алдан тек жақсылық, құт-ырыс күткен. Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағында мал төлдеп, ауыз аққа тиiп қыстан жадап-жүдеп шыққан жұрттың бiр тоғайып қалатын кезi. Сол себептi Ұлыстың ұлы күнi қазан толтыра ас әзiрлеп, адамдар бiр-бiрiмен төс қағыстырып, арқа-жарқа болып, ақ мол болсын деп ырымдаған. Қазiр де бұл дәстүр үзiлген жоқ. Бүкiлхалықтық мереке ретiнде аталып отырған Наурыз тойы биыл да республика бойынша кiндiк қазығы қадалған Қазығұрт тауында басталып, өзгеше салтанатымен есте қалды. Айтып өтетiн нәрсе, соңғы жылдарда Оңтүстiк Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының басшылығы “Наурыз Қазығұрттан басталған” атты мерекелiк iс-шара өткiзудi қолға ала бастады. Бiлуiмiзше оған өткен ғасырдың 70-жылдары Мәскеудегi В.И.Ленин атындағы кiтапханада сақтаулы тұрған ұлтымыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының “Наурыз” атты қолжазбасы себеп болыпты. Оның мазмұнына назар аударсақ, Топансудан аман қалған Нұх пайғамбардың кемесi Қазығұртқа келiп тоқтаған мезгiл күн мен түннiң теңесетiн сәтiне дәл келгенi сөз болады екен. Содан берi Топаннан аман қалғандар осы күндi Ұлыстың ұлы күнi деп ұлықтап ұлан-асыр той жасап, төс қағыстырып көрiсудi дәстүрге айналдырыпты. Оларға Тәңiр ием мол ырыс шашқан. Сөйтiп бұл күн жаңа күннiң, жаңа жылдың, жаңа бастаулардың басы ретiнде мирас болып жеткен делiнедi жырда. Мұның астарында бiр ақиқаттың жатқаны әбден мүмкiн. Өйткенi соңғы зерттеулер осыдан 127 ғасырдай уақыт бұрын Орта Азия өңiрiнде де, Қазығұрт тауында да Топансудың iздерiн тауып отыр.

Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған қонақтарды аудан жұртшылығы Қазығұрт асуында қарсы алып, “Нұх пайғамбар кемесi” кешендi-монументiне алып барды. Ұлан-асыр мерекенi Парламент сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев, Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Дархан Мыңбай ашып, Қазығұрт ауданының әкiмi Нұржан Әжiметов қонақтарды киелi таудың атымен аталатын ауданның тыныс-тiршiлiгiмен таныстырған мазмұнды баяндама жасады. “Табиғат — ананың мейiрiмiнде шек жоқ. Табиғатпен бiрге бiздiң қоғамымыз да қайта жасарып, жаңарып жатыр. Бүгiн бiз, қазығұрттықтар, соның тұсаукесер тойын тойлаудамыз. Бiздiң үлгi-өнегесi көп талай салт-дәстүрлерiмiз бар. Бүгiн сол дәстүрдiң алтын қазығын қайта жаңғыртып жатырмыз. Ал аудан халқы күнi кеше жарияланған Елбасының кезектi Жолдауынан үлкен жақсылық күтетiнiн айта кеткiм келедi” — дедi ол сөзiнде. Содан кейiн басталған шат-шадыман мереке өте жоғары деңгейде өттi. Танымал режиссер Ә.Құлданұлының басшылығымен қойылған “Наурыз Қазығұрттан басталған” атты театрландырылған көрiнiс ерекше айшықтылығымен, бояуларының қанықтылығымен ғана емес, тарихтан сыр тартқан сырбаз ойлылығымен де ерекше есте қалды. Бұл қойылым батыл iзденiстiң, терең бiлiмдiлiктiң нәтижесiн ұқтырғандай. Айта кететiнi мұнда тек театрландырылған қойылымдар көрсетiлген жоқ, Қазығұрт асуының дәл қолтығында жатқан алаңда жиырмаға тарта ақшаңқан киiз үй тiгiлiп, ұлттық дәстүрдiң әртүрлi көрiнiстерi ұйымдастырылды. Қазақша күрес, шағын футбол, бокс секiлдi спорт ойындарынан да мерекенi тамашалаушылар құр қалған жоқ. Ал ақшаңқан ауылдың iшiнде жұртшылық ән мен биге, өлең мен жырға , қалжың мен күлкiге сусынын қандырып жатқан сәтте ауыл сыртына шығып бәсекеге түскен құсбегiлердiң сайысы да өзiн қазақпын деп есептейтiн жанның қанын қыздыратын қызықты көрiнiс болды. Сөз жоқ, аудан әкiмiнiң жүлдесi үшiн өткен көкпар тарту бәсекесi оңтүстiк өңiрiнде осынау ойынға деген халықтың ерекше ынта-ықыласын ғана емес, қазақтың ұлттық рухының мызғымастығын, салт-дәстүрлердiң қастерлi бiр көрiнiсi ретiнде ұқтыра түстi. Бiр айта кетерi бiр күн бұрын ғана аспан ашық жылы болып тұрған ауа райы Ұлыстың ұлы күнiн тойлаған күнi күрт мiнезiн өзгертiп, таңертеңнен бастап көктемнiң алғашқы жауыны себелеп тұрды. “Жаңа күн туды, ақжарылқап жұртымызды жарылқай гөр!” деп наурыз батасын берiп жатқан қариялар қаражамбас Қазығұрттағы тап Наурыз мерекесiнде ақ жауынның себелеуiн ризықтың басы, Алланың нұры жауғанға жорыды.
Болат ШАРАХЫМБАЙ  

Серіктес жаңалықтары