САЯСАТТЫҢ КӨЛЕҢКЕСI МЕН КҮНГЕЙI
САЯСАТТЫҢ КӨЛЕҢКЕСI МЕН КҮНГЕЙI
Қазiргi қоғамдық өмiрдiң ерекше сипаты шығар, әйтеуiр соңғы жылдары бәзбiреулер билiк сатыларындағы кадрлық ауыс-түйiс пен өзгерiстердi үнемi тосу және оған болжау жасауды хоббиi етiп алғаны аян. Қазақстан саясатының Кассандрасы болғысы келетiн бiрқатар ханымдар мен кейбiр көрiпкелсымақтар ақпарат құралдары арқылы түрлi тұлғалар туралы сан-саққа жүгiртудi күнделiктi мiндетi сынды өз ерiктерiмен мойындарына жүктеген. Әсiресе, атқарушы билiктi жiлiктеп шағады-ау шiркiндер. Бiр ғажабы, бұндай бал ашу мен түрлi болжамдар көктем мен қоңыр күзде үдей түседi. Сiрә, жыл құстарының келуi мен қайтуына орай әлгi көрiпкелдiктiң де белсендiлiгi артатын секiлдi.
Бiрақ Астана биыл ойда жоқта қам жасап, бейресми көрiпкелдердi беймезгiл уақта шоңқайтып үлгерсiн. Жаңа жыл есiктен аттағаны сол-ақ, Үкiметте кадрлық ауыс-түйiстер жүзеге асырылып, осыған дейiн жасалып келген көптеген болжаулар мен негiзсiз түйiндер қиыс кетiп, саясат сахнасына айтарлықтай жаңа тұлғалар шықты. Олардың оппоненттерi мұндай ауыс-түйiске дайын болмай, қапы қалсын. Сiрә, үздiк шахматшылар өзiнiң жеңiстерiн осындай тосын әрi ерекше шешiмдерi арқылы қамтамасыз ететiн болса керек.
Қоғамдық топтарды айран-асыр еткен тосын тағайындаудың бiрi – бұған дейiн көлеңкеде жүретiн саясаткер Марат Тажиннiң Сыртқы Iстер министрi болып бекiтiлуi болатын. Тiптi, сол шақта елге танымал ағалардың бiрi:«Бұл азамат күрделi тұлға секiлдi өзi. Билiктiң маңында жүргенiне талай жыл, бiрақ ешкiмге сырын алдырған жоқ. Газет-журналдарыңның өзi оны бiрде Тажин деп жазса, бiрде Тәжин деп жұмсартады», – деп таңданғаны бар-ды.
Иә, Тажин туралы әркiмде әрқилы пiкiр бар, дегенмен басым бөлiгiнiң бiр түйiнге ойысар тұсы – ол соңғы жылдары Қазақстанда жүзеге асырылған өзгерiстердiң негiзгi авторларының бiрi. Сондай-ақ аса құпия, бiр сөзбен сипаттауға болмайтын мейлiнше терең әрi жұмбағы мол тұлға. Өзi саяси аренаға шыққан 1992 жылдан, яғни он бес жылдан берi оның бiлiктi әрi сарабдал стратег екенi айқындалды. Шынайы идеолог. Мұны қарсыластары да ешқашан жоққа шығарған емес.
Ал биыл ғана саясаттың күнгейiне шыққан Марат Тажинге баға берушiлер, оның ұстанымдары мен тұғырнамасын түсiнуге талпынғандар ешқашан аз болмапты.
Қырық жетi жасар Марат Тажин жинақтаған бiлiмнiң өзi қолданбалы және гуманитарлық ғылымдардың синтезiнен қалыптасқан. Негiзгi мамандығы – экономист, бiрақ небары жиырма бес жасында, яки 1985 жылы ол философиядан кандидаттық қорғап, ал 1990 жылы Ресейде әлеуметтанудан докторлықты табысты қорғаған. Тiптi, 1992 жылға дейiн ҚазМҰУ-да қатардағы оқытушы болды. Өзiнiң оқыған-тоқығанын мемлекеттiк қызметте қолдана алуға қабiлеттi, қарапайым адамдардан алшақ кетпеген, қоғамда болып жатқан процестердi терең талдап, ой қорыта алатын тiсқаққан, ғылыми тұрғыдан сараптай бiлетiн аналитик.
Қалыптасқан, тұрақты мемлекетте iшкi және сыртқы саясат ешқашан бiр пәсте, табан асты жасалмайтыны мәлiм. Оларды қалыптастыратын көптеген құрамдас бөлiмдер, сырт көзге аңғарыла бермейтiн ағындармен қатар байсалды саясаткерге қажеттi аса маңызды қасиеттердiң бiрi – ұстамдылық, байыптылық. Үстiрт ой түю мен шамшыл әрекет етуден аулақ болу. Марат Тажин елiмiздiң iшкi саясатын қалыптастырған тұлғалардың бiрi екенi айқын десек дамыған батыс елдерi мен түрлi халықаралық беделдi ұйымдар қазiргi Қазақстанның қоғамдық, саяси құрылымын жоғары бағалап, үлгi тұтатыны мәлiм. Елiмiздегi ұлтаралық татулық, ынтымақ шет мемлекеттердегi байыпты саясаткерлердiң тарапынан да қолдау табуда. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен бейбiтшiлiктiң кепiлi ретiнде Қазақстанның халықаралық деңгейде күн сайын беделi биiктей түсуде. Бұған елiмiздегi iшкi саясаттың негiзiн қалаушы әрi атқарушы болған Марат Тажиннiң де қатыстылығын жоққа шығармауымыз керек.
Осыдан тура он жыл бұрын «Қазақстан – 2030» стратегиялық жобасын жасауға ықпал еткендердiң бiрi ретiнде Марат Тажиннiң де аты аталып қалатыны бар. Тiптi, дамыған мемлекеттер тәжiрибесiмен танысып, үйрену, сарапқа салу үшiн бiрқатар шет елдерге барғаны туралы да айтылады. Солай болуы да мүмкiн. Өйткенi, оның базалық бiлiмi мен жинақтаған тәжiрибесi, энциклопедиялық бiлiмi әлгiндей тұспалдардың негiзсiз емес екенiне де айғақ, яки «Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды». Дегенмен, соңғы уақта Қазақстан сыртқы саясатының тұтқасын ұстап, ылғи тасада қалып келу кезеңiнен күнгейге ендi шыққан ол ешқашан асып-тасып көрген жоқ. Сол тұйық, қарапайым қалпында әрқашан.
Жекелеген адамдарды кiм бiлсiн, ал жалпы қоғам солай деп қабылдайды.
Әлемдiк жетекшi елдерде Сыртқы iстер министрi аса ықпалды, беделдi, мемлекеттегi басты маңызды қызмет деп саналады. Әсiресе, қазiргi жаһандану жағдайында. Тiптi, мұндай министр мемлекеттегi төртiншi-бесiншi тұлға ретiнде құрметтелетiнi қалыпты жағдай.
Ал осыған дейiн Президент кеңесшiсi – Қауiпсiздiк Кеңесшiсi хатшылығы мiндетiн атқарған Марат Тажиннiң – көп жылдар бойы көлеңкеден шықпаған саясаткердiң – күтпеген жерден Қазақстанның сыртқы саясаттағы өкiлiне айналуы өз елiмiздегi талайларды ғана емес, шет елдiк байыпты мамандар мен сарапшыларды да тұйыққа тiреп тастағандай. Несi бар, Қауiпсiздiк Кеңесiнде бiрнеше рет: 1999-2001, 2002 және 2006 жылдары қызмет атқарған жұмбақ жан бұдан былай қуатты державалар мен халықаралық беделдi ұйымдардың басшыларымен қоян-қолтық қарым-қатынас жасауға мүмкiндiк алады. Халықаралық аренада Қазақстанның сөзiн сөйлеп, мүдделерiн қорғауы тиiс. Мұндай жағдайда саяси қайраткерге табандылық пен өз iсiне сенiмдiлiк, азаматтық позициясы мен адамгершiлiгi, сөзге адалдығы қажет етiлетiнi мәлiм. Ал 2006 жылға дейiн төрт жыл бойы Президент әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң бiрiншi орынбасары қызметiн атқарған Марат Тажин осындай қасиетiмен де ерекшеленген.
Айтпай кетуге болмайтын бiр жайт бар. 1992 жылы iшкi саясатқа марқұм Алтынбек Сәрсенбаевпен қатар келген М.Тажин былтыр Алтынбек Сәрсенбаев қаза тапқанда оның жаназасына қатысқан санаулы шенеунiктердiң бiрi болған-ды. Баспасөзде естелiк жазған бiрден-бiр шенеунiк те – сол.
Марат Тажиндi саясат сахнасында жүрген талайлардан ерекшелейтiн басты негiзгi жайт бар ма? Болса, қандай? Оның тұғырнамасының өзгешелiгi неде?
Бiздiңше, Марат Тажиннiң басты әрi өмiрлiк тұғырнамасы – мемлекетшiлдiгi! Сыртқы саясат тiзгiнi қолына тиiсiмен шет елдермен өзара байланыс, қарым-қатынас жасайтын мемлекеттiк мекемелер қызметiн бұдан былай Сыртқы iстер министрлiгi реттеп отыратындығына қол жеткiзуге күш салуда. Мұның өзi сыртқы саясатымызда түрлi қисынсыздықтарға жол бермеуге тиiс. Оның үстiне, шетелдiк мамандар мен сарапшылар Қазақстан дипломатиясы соңғы айларда халықаралық деңгейде, жекелеген мемлекеттерде өз белсендiлiгiн арттыра түскенiн байқаған көрiнедi. Әрине, мұның себептерi де жетерлiк.
Қазақстан 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету үмiтiнен бас тарта қойған жоқ. Аталмыш беделдi ұйымның Қазақстандағы өкiлдiгi тарапынан бұл бастама қолдау тапқанымен, Қазақстан үшiн төрағалық орынтақ дайын деуге әлi ерте. Қалай десек те, егер елiмiздiң осы ұмтылысы жүзеге аспаған жағдайда бұл Қазақстанның сыртты саясаттағы ең үлкен сәтсiздiгi ретiнде бағаланғалы отыр. Әсiресе, көршi мемлекеттер тарапынан. Осыған жол бермеу үшiн сыртқы саясат тiзгiнi Марат Тажинге тапсырылған болуы мүмкiн.
Қалай болғанда да, Қазақстан өзiнiң сыртқы саясаттағы белсендiлiгiн арттырғаны сөзсiз. Жыл басынан берi ғана ел Президентi Н.Назарбаев Еуропа елдерiне, ең бастысы Германияға ресми сапармен барды. Ал соңғы жылдары әлем жұртшылығы баса назар аударып отырған Кавказда да елiмiздiң беделi арта түсiп, ықпалы күшеюде. Грузия президентi Михаил Саакашвилидiң Астанаға екi күндiк ресми сапары осыны аңғартады. Ал Таяу Шығыс тарапы да жiтi назарда ұсталатын сияқты. Н.Назарбаевтың Катарға, Египетке ресми сапары соның басты белгiлерi. Катарда Қазақстан елшiлiгiнiң ашылуы, бiздiң елде Катар елшiлiгi өз жұмысын жолға қоюы соның айғағы.
Елiмiздiң көп векторлы сыртқы саясаты одан әрi жалғасын таба беретiнi күмәнсiз.
Шеллингтiң: «Адамзаттың ең үлкен қателiгi – адамгершiлiк пен саясаткерлердiң бөлiнiп кеткенi» – деген өкiнiшке толы пiкiрi бар. Солай да шығар. Бұл тұрғыдан алсақ, бiз айтып отырған Марат Тажин елiмiздiң iшкi, сыртқы саясатында саясат пен адамгершiлiктi қатар алып жүруге тырысуда.
Жаңабек ШАҒАТАЙ