БIЗДЕ БӘРI ОСЫЛАЙ...
БIЗДЕ БӘРI ОСЫЛАЙ...
Қазiр қазақ қоғамында өмiр сүрiп жатқандардың ешқайсысы ештеңеге таңғалмайтын болған. Қасты бiр керiп қойып, таңдайды тақ еткiзедi де, жайларына жүре бередi. Себебi, бiзде бәрi осылай…
Теледидарды қосып қалсам, кезiнде депутат болған бiр апам көсiле сөйлеп отыр екен. Құрдымға қарай құлдыраған адами құндылықтар, өз жерi өгейсiткен туған тiл, кеңестiк кезеңнен қалған құлдық сана, қандастардың бойындағы кертартпалық пен бақталастық… Қысқасы, әңгiмесiнiң тiгiсi жатық, сөздерi мiрдiң оғындай. Қанша дегенмен, ақын ғой, апамның мысы басты ма, жүргiзушi жiгiт те оған қатысты көптiң көңiлiн күптi еткен өткiр сұрақтарды қоюдың орнына әлгi кiсiнiң алдына түсiп алып, жортақтатты да отырды. Есесiне, "Апа-ау, сiз депутат болған кезде туған жердiң тағдыры тәлкекке түскен. "Жоғарғы жақтың" қабағына тәуелдi кейбiр әрiптестерiңiз секiлдi сiз де "жер сатылсын" деп қол көтердiңiз. Неге?", "Отарлық Қазақстан кезiндегi Туған тiл тәуелсiз Қазақстанда да туғандарынан теперiш көрiп келедi. Депутат болған кезiңiзде Тiл туралы айтқан сiздiң өткiр ойларыңызды көпшiлiк неге естiмедi?", "Табиғат берген талантыңызға шүбәмыз жоқ. Бiрақ Парламент қабырғасында жүргенде том-томдап кiтап шығардыңыз. Бiрнеше рет шығармашылық кешiңiз өттi. Ұпайыңыз түгел болғандықтан үнiңiз шықпады ма әлде?" деген сауалдарды бiз экранның бергi жағында отырып алып қойдық. Сонша күйгелектенгенiмiзден апам, әрине, бейхабар. Шыж-быж болған маған басу айтқан әкем ғана: "Ол байғұстың қолынан не келедi?". "Қолынан ештеңе келмейдi екен, ендеше халықтың мұңын мұңдағансып, көлгiрсiп, көсемсiмей-ақ қойсын!"…
Негiзi бiзде бәрi осылай. Қолымызда билiк барда, сөзiмiздi жеткiзетiн биiк мiнбер барда — "сен тимесең, мен тимен бадырақ көзбiз". Ал тақтан тайған сәттен бастап, бәрiмiз шетiмiзден батырмыз, "елдiң ғана қамын ойлайтын жанбыз". Шын мәнiсiнде қалың қарашаның бүгiнгi ахуалына бас ауыртатындар кемде кем. Әрине, "депутат боп тұрғанда мен өйтiп едiм, бүйтiп едiм, отқа басын үйiтiп едiм" деп сайраған әлгi апам сияқтылар көп арамызда. Кейiн том-томдап мемуар жазуға дайындық үстiнде жүрген талай шенеунiк пен шендi қазақтың тiл, дiл, дiн, әлеуметтiк және демографиялық ахуалы сияқты күн тәртiбiнен түспеуге тиiс бүгiнгi проблемасымен бас ауыртқысы келмейдi. "Аш құлақтан тиыш құлақ"… Ұлттық, рухани құндылықтардың тым жұтаңданып бара жатқанына зиялы қауым өкiлдерi алаңдағанмен, араша түсуге, билiктен сауға сұрауға дәрменсiз не батпайды. Сананы тұмшалап алған құлдық сана баяғы. Тұтас бiр ұлттың мүддесiнен гөрi қара басының қамын күйттеген пендешiлiктерi де жоқ емес.
Бiзде бәрi осылай… Кеше Әйелдер күнi қарсаңында Президент республиканың түкпiр-түкпiрiнен қыз-келiншек, апаларды жинады. Жақсы дәстүр. "Жұмақ — Ананың аяғының астында" деген. Жауқазын — қыз күнi ертең ақ босағаны аттап, ана атанады, күнi кешегi жас келiндер — бүгiнде "қайнылардың үйiндегi "шөпшелкелердi" сапқа тұрғызған" адуынды абысындар, кешегi абысындар — бүгiнгi келiн-кепшектi қабағымен ықтыратын "генерал" енелер. Ғасырдан ғасырға жалғасқан қазақы үрдiс, дәстүрдiң желiсiн үзбейтiн де — осылар. Сондықтан олардың Елбасы назарынан тыс қалмауы — заңдылық. Бiрақ, өкiнiшке қарай, Президентпен кездескендердiң ешқайсысы да бүгiнгi қазақ әйелiнiң проблемасын көтерген жоқ. Әрине, олардың мерекелiк көңiл-күйдi бұзбағаны бiр жағынан дұрыс та шығар. Бiрақ жиылғандардың көпшiлiгi сол "баяғы" "достығы мен татулығы жарасқан қазақстандықтарды", "сан ұлтты, салиқалы саясаты бар гүлденген Қазақстанды", "елдi осындай зор табыстарға жеткiзген Президенттiң ерен еңбегiн" ғана "жырлады". Айтпақшы, 12 бала тапқан бiр апам Назарбаевтың бетiнен сүйiп тұрып, "кейде өзiнiң де туғысы кеп кететiнiн", "шашын қиып, ернiне далап жақса, жап-жас келiншекке ұқсап кететiнiн", "келiндерiне 1-2 баламен шектелiп қалмай, көптеп туыңдар деп жиi ұрысатынын" жеткiздi. Шынында да, аналардың көпшiлiгi кешегi Жолдаудан кейiн жөргекпұл мен жәрдемақы көлемiнiң сәл де болса өскенiне қуанышты. Елбасына қайта-қайта алғысын айтқан апама қарап отырып, экранның бергi жағынан мен тағы да шыж-быж болам: "Апа-ау, өзiң сайлаған Президентiң ғой. "Келiн байғұстар туғысы келедi-ақ, Нұрсұлтан қарағым, Ресейдегi секiлдi әрбiр екiншi балаға 10 мың доллар сұрамаймыз, бiрақ мемлекет тарапынан көрсетiлетiн жәрдемақылар мен жеңiлдiктер мандымай тұр. Бала тууға қабiлеттi келiншектердiң арасында түрлi ауру дендеген. Бедеулiк белең алып барады. Сен жылда "ақша өседi" деп аузыңды жиып үлгергенше, азық-түлiк пен тауардың бағасы тым шарықтап кетедi. Отбасын асырау қиынға соғып тұр" деп бiр ауыз сөз айта салсаң нең кетедi?!".
…Бiзде бәрi осылай. Асарлатып салған үйлерi қиратылып, бастары мен жерлерi дауға қалған қазақтарға араша түскендер де кемде кем. Дәлiрегiнде, билiк тарапынан келгендер. "Шаңырақ", "Думан", "Қалқаман", "Бақайға" барған шенеунiк жоқ. Әншейiнде құқығы аяққа тапталғандарға жанашырлық таныта қалатын құқық қорғаушылар да жақ ашпады. "Жергiлiктi билiк кришнаиттердiң жерлерiн заңсыз тартып алды" деп аттандаған Жовтис те "Бақай", "Шаңыраққа" ат iзiн салмады. Депутаттардың iшiнен көңiлi құлазыған халықты қолдаған Амалбек Тшанов қана. Былтыр бiрнеше адам аштық жариялап жатқанда халық қалаулысына бiз телефон шалып, құлыққағыс еткенбiз. Обалы не керек, хабарды ести салысымен, Тшанов "Бақайға" барып қайтты. Оның әрiптесi Уәлихан Қалижан "шаш ал десе бас алатын" ұр да жық омондар мен полицейлердiң кесiрiнен басы жарылып, қолы сынған "бақайлықтардың" дәрiгерлiк анықтамалары қолына тисе, тиiстi органдарға депутаттық сауал жолдайтынын айтты. Халық сайлаған қалғандары ләм-мим… Бұл мәселе Парламентте бiр-екi рет көтерiлдi де, басылып қалды. Кейбiр депутаттардың Алматыда туындаған жер дауы республиканың барлық аймағына тән екендiгiн, сондықтан кiнәлi шенеунiктердi заң жүзiнде қатаң жазалап, қалтасы қағылған халыққа мемлекет тарапынан өтемақы не жәрдемақы төлеуге, немесе баспанамен қамтамасыз етуге, ол үшiн депутаттар арасынан арнайы комиссия құруға ұсыныс айтқан. Халық сайлаған қалаулылардың кейбiр "әншейiнде ауыз жаппайтын, айт дегенде өлең таппайтындары" үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытты.
"Бақайға" бара қалсаңыз, құрылысы бiтпеген жарты үйiнiң алдында жүрген көңiлi жарым қазақтарды көресiз. Олардың көпшiлiгi кем дегенде 4-5, 7-8 баласы бар көпбалалы отбасылар. Ақсап қалған демографиялық ахуалды жолға қоюға билiк шын мәнiсiнде мүдделi болса, жарты үйдiң алдындағы жарым көңiл қазақтарға жағдай жасар едi. Бiзде бәрi осылай…
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ