ЖЕТIНШI «ТАРЛАН» КIМДЕРГЕ БҰЙЫРДЫ?!

ЖЕТIНШI «ТАРЛАН» КIМДЕРГЕ БҰЙЫРДЫ?!

ЖЕТIНШI «ТАРЛАН» КIМДЕРГЕ БҰЙЫРДЫ?!
ашық дереккөзі

Ақша мен атақтың адамға аздық етпейтiнiн кез келгеннен сұрасаңыз, өздерi-ақ мойындайды. Әсiресе, бүгiнгiдей нарық заманында, әлгi атақтың атынан гөрi, ақшасының қызықтыратынын да несiне жасырамыз?! Әрине, ол атаққа лайықты болсақ?!

Өткен сенбi күнi қазақтың меценаттары бiрiгiп, ұйымдастырып жүрген тәуелсiз «Тарлан» сыйлығының иегерлерi анықталды. Тәуелсiз сыйлық биыл жетiншi рет берiлiп отыр екен. Әрi Меценаттар клубының мүшесi де жетеу. Жетi санының қазақ үшiн ерекше екендiгi тағы белгiлi. Сондықтан жетi санымен сәйкес келген тәуелсiз сыйлықтың да қазақ үшiн орны ерекше.

Сонымен, биылғы «Тарлан» сыйлығының иегерi кiмдер? Жетi номинация бойынша берiлген жетiншi сыйлықты иемденушiлердiң де есiмi елдiң аузында жүрген тұлғалар. Оның басында әдебиет бойынша платиналы «Тарлан» сыйлығын иемденген көрнектi жазушы, дарынды драматург ағамыз Дулат Исабеков тұр. Ойындағысын бүкпей қай жерде ашық айта алатын, қазақ мәдениетi десе, iшкен асын жерге қоятын Дулат аға бұл сыйлыққа әбден лайық. Рас, Дулат аға көп жерлерде ойындағысын ашық айтады, қоғамдағы кейбiр келеңсiздiктерге де жүрегi жиi ауырады, солар туралы да терең сөз қозғайды. «Тәуелсiз» әрi «жалпыұлттық» сыйлықтың иесiн адаспай табуы да, сондықтан болар. Әдебиет номинациясы бойынша – «Тарланның» келесi сыйлығы жазушы Роллан Сейсенбаев пен Дидар Амантайға бұйырды. Бiрi – «Қосқан үлесi үшiн» болса, екiншiсi – «Жаңа есiм –Үмiт» сыйлығы. Тек Дидар Амантайдың есiмi жаңа есiм бола қояр ма екен?!

Ғылым саласы бойынша Қабиболла Оспановқа (платиналы «Тарлан»), Салық Зимановқа («Қосқан үлесi үшiн»), Еркеш Батырбековке («Жаңа есiм — Үмiт») бұйырды.

Музыка саласы бойынша «А-Студио» тобына (платиналы «Тарлан»), Дүйсен Қасейiновке («Қосқан үлесi үшiн»), эстрада әншiсi Мақпал Исабековаға («Жаңа есiм – Үмiт») берiлдi.

Театр саласы бойынша Лермонтов атындағы орыс драма театрының әртiсi Владимир Толоконниковке (платиналы «Тарлан»), Абай атындағы опера және балет театрының әртiсi Людмила Рудниковаға («Қосқан үлесi үшiн»), павлодарлық жас әншi Мария Мудрякқа («Жаңа есiм – Үмiт») берiлдi. Иесiн адаспай тапқан сыйлықтың бiрi осы. Он үш жасар қыздың талантына сүйсiнбеген жан қалмады. Оның он бiр жасында-ақ Ла-Скалада дарынын мойындатқанын бәрi бiледi.

Бейнелеу өнерi бойынша Үкi Әжиевке (платиналы «Тарлан»), Хакiмжан Наурызбаевқа («Қосқан үлесi үшiн»), Марат Бекеевке («Жаңа есiм – Үмiт») берiлдi.

Кино өнерi бойынша платиналы «Тарлан» сыйлығын белгiлi актер Досхан Жолжақсынов иемдендi. «Қосқан үлесi үшiн» сыйлығы Владимир Тотенкоға, «Жаңа есiм – Үмiт» Қайырғали Қасымовқа берiлдi. Қайырғали қазiргi кезде мультфильм түсiрумен айналысып жүр. Әмен Қайдаровтан кейiн осы бiр қиын жанрға барып жүргендердiң қатары санаулы ғана. Сол санаулының қатарында ендi-ендi ғана көрiнiп жүрген осындай жас дарындарға бүгiнгi таңда қолдау қажет-ақ.

Оқу-ағарту саласы бойынша платиналы «Тарлан» сыйлығын Сайраш Әбiшқызы иемдендi. Сайраш апай сыйлықты алып тұрып: «Бұл сыйлық маған емес, «Қазақстан мектебiне» берiлген сый-құрмет деп қабылдаймын» дедi. Ал «Қосқан үлесi үшiн» – Сағадат Нұрмағамбетовке берiлсе, «Жаңа есiм – Үмiттi» Бақытгүл Иманбекова иемдендi.

Биылғы «Тарлан» тағы да өз иелерiн тапты. Тапқан ақшасын қалтасына басып жатпай, атымтайлық көрсетiп жүрген жетi жiгiтке риза болмаған жан жоқ шығар. Бәрi де өздерiнiң алғысын айтты, ризашылығын бiлдiрдi. Тек, бiр әттеген-айы, кештiң қазақшасынан гөрi орысшасының басымырақ болғаны. Тағы бiр әттеген-айы, қазақтан жүргiзушi табылмай, Ресейден ат арылтып, Екатерина Стриженеваның келуi. Қазақ қонақжай, жомарт халық қой. Ресейден жүргiзушi алдыру арқылы, өздерiнiң жомарттығын тағы бiр рет көрсеттi. Ресейдiң жүргiзушiсiн он орап алатын мықтылардың өз елiмiзде бар екендiгiн көре тұра көрмегенсiгенi жанымызды ауыртады.

Гүлзина Бектасова